• Руханият
  • 26 Қаңтар, 2023

ҚАРАМОЛА ЕРЕЖЕСІ

Жуырда қолыма «Абайдың құқықтық көзқарастары және «Қарамола ережесі» атты кітап түсті. Монография авторы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры, философия ғылымының докторы, профессор Мұхтар Төлеген.

Қай заманда да, қоғамда асылымен қатар жасығы, балдыры мен балшығы, алтыны мен алқымы, телісі мен тентегі болары заңдылық. Осыған орай тұтастықтың туындай, бекемдіктің белгісіндей әр заманның, қоғамның өз заңы, үрдісі, салт-дәстүрі болды. Біз мұны «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Әз Тәукенің Жеті жарғысы» атты заңдардан жақсы білеміз. Бұл заңдар қазақ қоғамының қалыптасуына айтарлықтай үлес қосты, елді ынтымақ-бірлікке, тәртіпке шақырды.

Тарихымызға үңілсек, қашан да аламан тартысты дау-шары бітпеген, тентегі мен даукесі көп болған даламыздың заңдарына Түркі қағанаты (ҮІ ғ), Шыңғыс хан бекіткен (1206 ж) әдеп, құқық, әскери тәртіп жүйелері, Әмір Темірдің құқықтық, дәстүр, әскери тәртіп жүйелері, құқықтық, ғұрып негіздерінде жазған (Түзік) заңдары жатады. Осылардан арна тартып жататын Қазақ Ордасының төл Заңы –«Жеті Жарғы». Бұл заң көп жыл қолданыста болды. Одан беріде «Сібір қазақтарын басқару ережесі» (1822 ж), және «Орынбор қазақтарын басқару ережесі» (1824 ж) шықты.

Автор осы елеулі оқиғаларды айта келіп, 1885 жылғы мамыр айында Қарамола жерінде «Абай ережесі» шыққанына тоқталады. Ереже орта жүз рулары, олардың билеушілері бас қосқан жиында, жинақталып, жазылады. Оған жүзден астам би, бес дуанның болысы қатысқан. Осы жиында 73 баптан тұратын «Ереже» қабылданады. Кітап авторының айтуынша, Ережені Абай үш-төрт күн отырып жазып шығады. Қазақ даласында Ресей патшасының тапсырмасымен 1822 жылы құрастырылған «Сібір заңдарының жинағы», 1854 жылы тағы бір заң, 1854 жылы шыққан «Сібір қазақтарының қылмыстық ісі» деп аталған заң қолданыста болған.

1885 жылы Қарамола сьезінде Абай жазған жаңа Ереже қазақ хал­қының тұрмыс-салтына, әдеп-ғұр­пына, күнделікті тіршілігіне, халық мойындаған құндылықтарына өте дөп келді. Абайдың жазған заңы қазақ топырағында сол кездегі Семей, Өскемен өңіріне, одан кейін Жетісуға, Қытай жеріне тараған. Ереже Шар бойында жазылғандықтан «Шар ережесі» деп те аталған. Шар Семейден 70 шақырымдай жерге орналасқан ауыл. Шар өзенінің бойында өткен құрылтайға генерал-губернатор Цеклинский қатысқан. Ол Абаймен кездесіп, жаңа заңды не үшін қабылдап жатырсыңдар дегендей қарсылық білдіреді. Сол кезде Абай оған қазақ даласын орыс заңдарымен басқаруға болмайтынын, бұл елдің өз ерекшеліктерінің бар екенін, бабалардан кейінгі ұрпақтарға мирас болып келе жатқан әдеп-ғұрып негізінде жазылған заң қажет екенін атап көрсетеді. Генерал-губернатор бұған қарсы дау айта алмаса керек. Осыдан соң заң баспадан көп таралыммен шығып, би-болыстарға таратылған. Бұл тыныштық пен тәртіпті сақтайтын заң жиынтығы еді. Өз заманында бұл заңды осы аймақ берік ұстанған.

1944 жылы Мұхтар Әуезов «Абай өмірінің үшінші нұсқасы» деген зерттеу мақаласын жазады. Осы мақалада Абайдың құқықтанушы әрі әділ би болғанын нақтылайды. «Абаймен бірге Қарамолада болған Мүсірәлі ақсақалдың куәлігі бойынша, бұл жолы Абай тізген ереже бабы жүзден аса еді дейді. Сол Мүсірәлінің есінде қалған екі бабы анық Абайдың өзі қолданған, өзі қостырған тың жаңа жолға ұқсайды. Сол күннің жағдайында шамасы келгенінше әр жанға әділет іздеген Абай ұрлық, қылмыс пен әйел мәселесіне арнап екі жаңа ереже айтады» делінеді мақалада. Жазушы бұл жолы 1886 жылы Қазан қаласында басылған «Ережені» айтып отырған болуы мүмкін. Осы жылы Семей әскери губернаторының бұйрығы бойынша Императорлық Қазан университетінің баспаханасында араб жазуымен «Ереже» шыққан екен. Ереже Қазақстан Республикалық Орталық архивінің қызметкерлері Б.Байғалиев пен Ж. Ахмадиевтің орыс тілінен қазақтың әдеби тіліне икемделе аударылады. «Абай» журналының 1992 жылғы №3 номеріне жарияланған. ХІХ ғасырдың екінші жартысында ұлтымыздың әдеп-ғұрпы, салт-дәстүрі негізінде дайындалған Абайдың «Қарамола Ережесін» ғалымдар қазақ даласында түңғыш жарық көрген заң деп те тұжырым жасайды.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

718 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы