• Тарих
  • 26 Қаңтар, 2023

ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛҒАН ЕРЛІК ИЕЛЕРІ

Ел тарихында елеулі орын алатын тұлғалардың құжаттары, суреттері, жеке тектік қорлары әртүрлі архивтерде орналасқан. Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қор құрамында 1941–1945 жылдары Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангерлердің де құжаттары сақтаулы. Солардың қатарында Қазақ КСР кезеңіне қатысты көтерілмеген архивтік құжаттардың бірі ағайынды Айтхожиндер туралы құжаттар бар.
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің 708 қорында Айтқожин Қамидің жеке басына қатысты құжаттары сақталған. Онда Қамидың өз қолымен жазған өмірбаяны мен әскери қолбасшылықтың және кадр бөлімдерінің мінездемелері мен анықтамалары бар. Міне, сол құжаттар бойынша тоқталсақ, Айтхожин Қами 1915 жылы қазіргі Атырау облысы Махамбет ауданында (Гурьев облысы, Құрлыс ауылында) Айтхожа Сейітқазыұлының отбасында дүниеге келген. 

Архивтегі құжаттардың бірі – оның өз қолымен жазған өмірбаянында айтылғандай әкесі Айтқожа Сейіт­қазыұлы мал шаруа­шылығымен айналысқан. Әкесінің әкесі Сейітқазы Жалбыров бай болғанын айтады. Қамидың атасының 250 қой-ешкісі, 4 сиыр, 6 түйе, 6-7 жылқысы болған екен. Сол замандағы Голощекиннің ұсынған «Кіші Қазан» тұжырымдамасындағы қазақ ауылдарын кеңестендіру мақсатын жүзеге асыру үшін 1926 жылы 26-мамырда «Жерге орналаспай жер пайдаланатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың шабындық және егістік жерлерін уақытша қайта бөлу туралы» Заңы қабылданып, қазақ халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын реттеп отырған бай-манаптардың дәулеті талан-таражға түскен болатын. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранның құрығы осы Сейітқазы Жалбыровқа да жетіп, 1929 жылы оның мал-мүлкі зорлықпен тәркіленген екен. Сейітқазыдан Айтқожа, Тоққожа атты екі ұл дүниеге келген. Айтқожа мен оның алған әйелі Мінәштан – Қами, Қалбай, Кенжебай, Қалидолла, Спадолла, Мендеш деген алты ұл мен Әлима, Қалима деген қыздар туылған. Бұлар байдың тұқымы деген солақай саясаттың құрбаны болған. Сол себепті ұл-қыздары қанша алғыр болса да қоғамда белсенділік танытуға кедергілер көп болып, партия қатарына да қабылданбаған.

Айтқожаның ұлдарының үлкені Қами жастайынан қағілез болып, қай саланы болсын игеріп әкететін оның ерекше қабілеті тағдырына тікелей әсер етеді. Ол 1930–1932 жж. Гурьевте мұнай өнеркәсібі (ФЗУ) мектебінде, 1932–1934 жж. Орал қаласында халықтық білім беру жүйесін құру жөніндегі Жұмыс факультетінде оқып, 1935–1939 жж. Ташкент қаласында қаржы-экономикалық институтын үздік бітіріп, жоғарғы білімін алады.

Айтқожин Қами Айтқожаұлы 1939 жылдың қарашасында Қызыл армияның қатарына шақырылып, 1941 жылдың ақпанына дейін Волга әскери округінің 117 атқыштар дивизиясының 275 атқыштар полкінде қызыл әскер жауынгері болады. 1941 жылдың ақпаны мен қыркүйегі аралығында Волга әскери округінің кіші саяси жетекшілерді даярлау курсының курсанты болады. Әскерден қайтуына бірнеше ай қалғанда 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, Отан алдындағы әскери борышын өтеуге соғысқа аттанады.

Екінші дүниежүзілік соғысқа елімізден 1 миллион 200 мыңнан астам жерлесіміз аттанып, олардың әрбір екіншісі қаза тауып, жартысына жуығы туған топырағына қайтып оралмады. Қазақ жерінен барған жауынгерлер барлық шайқасқа қатысты. Қазақстанның 500-ден астам жауынгері Кеңес Одағының Батыры атағына ие болып, жүз мыңнан астамы КСРО-ның жауынгерлік ордендері мен медальдарымен марапатталды. Солардың қатарында ағайынды Айтқожиндер Қами мен Қалбай да бар.

1941 жылдың қыркүйегінен 1942 жылдың шілдесіне дейін Калинин фронтының шайқастарына 358 атқыш­тар дивизиясының 807 жеке байланыс батальонының БЛКЖО (ВЛКСМ) бюро­сының жауапты хатшысы және 1942 жылдың шілде айы мен 1943 жылдың қаңтар айы аралығында Калинин Фронтының 41 Армиясының 17 гвардиялық атқыштар дивизиясының 45 гвардиялық атқыштар полкінде әскери насихатшы (агитатор) болып Смоленск облысының Белый қаласының солтүстігінде қанкешті майдандарға қатысады. «Байдың баласы» деп партия қатарына қабылдамай жүрген Айтхожин Қамиді жаумен жағаласып, жауынгер болып жүрген шағында әскер қолбасшылығының нұсқаулығымен еріксіз 1942 жылдың тамызында БКП /б/ мүшелігіне қабылдайды. Оның партиялық қатардағы жолы мінсіз болған. 1943 жылдың маусым айы мен 1944 жылдың қыркүйек айына дейін Полтавский танк училищесінің курсанты болады. 1942 жылдың 8 қазанында Полтавский танк училищесі Түркіменстанның Мара қаласына көшірілген болатын.

Айтқожин Қами 1944 жылдың қыркүйегінде курсанттар тобының құрамында Горький қаласындағы офицерлік ауыр танк полкіне оқуға ауыс-тырылып, онда ол 1945 жылдың мамырына дейін оқиды. 1945 жылдың мамыр мен тамыз айлары аралығында соғысқа аттанған полктің құрамында Челябинск қаласынан дайын офицер ретінде өздігінен жүретін ауыр танктердің бірін басқарып, ауыр танк взводының командирі болып соғысқа аттанып, 1945 жылдың қыркүйек айында Австрияға шығады. 1945 жылы желтоқсанда 21 атқыштар полкіне аусытырылып, 1946 жылдың ақпанына дейін ИСУ-122 ауыр танк взводының командирі болып қызмет еткен.

Айтқожин Қами Гвардия аға лейтенанты, танк полкінің командирі, саяси жетекші шендерінде соғысқа қатысып, «За победу над Германией в Великой Отечественной войне» медалімен марапатталған.

Ал оның туған бауыры Айтқожин Қалбай дәл осы Қамидың тағдырының шекпенін киіп, байдың тұқымы деген кедергі қамытпен жүріп, 1941 жылы әскерге шақырылады. Қалбай Ұлы Отан соғысында қатардағы жауынгерден әуе армиясының старшинасы атағына дейін қызмет атқарып, барлық майданға қатысқан. Оның жауынгерлік жолы Воронеж мен Белгородтың, Харьков пен Киевтің, Львов пен Честоховтың, Краков пен Катовицаның астында кескілескен шайқасқа қатысып, Одер, Шпре және Эльбадағы жау әскерлерін жоюмен және Праганы босатумен, Берлин мен Дрезденді басып алумен аяқталды. Сұрапыл соғыс жылдарында әр ұрыста дұғасын оқып, әрқашан құдайын аузынан тастамаған Қалбай Ұлы Отан соғысынан дін аман шыққан.

Айтқожин Қалбайға КССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен «За победу над Германией в Великой Отечественной войне» 28.09.1945 ж, «За взятие Берлина» 18.10.1945 ж, «За оборону Кавказа» 27.04.1945 ж, «За освобождение Праги» 15.11.1945 ж, «За оборону Сталинграда» 03.04.1944 ж, медальдарымен және бірінші Украина майданы әскерлерінің қолбасшысы Кеңес Одағының Маршалы И.Коневтың атынан Алғыс хатпен және т.б. әскер қолбасшыларының атынан бірнеше рет алғыстармен марапатталған.

 

ТУҒАН БАУЫРЛАРДЫҢ 1945 ЖЫЛЫ МАЙДАНДАҒЫ КЕЗДЕЙСОҚ КЕЗДЕСУІ

Айтқожин Қамидың естеліктері бойынша туған бауырлар әртүрлі майдан шебінде бөлек-бөлек ұрысқа қатысып жүрген. Қолы босап қалғанда тек елге ғана хат жазып қоймай бір-бірінің амандығын біліп, үнемі хат алмасып отырған.

1945 жылы фашистік-неміс басқын­шылары әр соғыста ойсырай жеңіліп, бір ерлігі бір ерлігін жаңартып жүрген Қызыл армия жауынгерлерінің қатарындағы Қами және Қалбай Айтхожиндердің хат жазуға да уақыттары болмайды. Сөйтіп жүргенде Австрия мемлекетін азат ету соғысы да бас­талып кетеді. Бұлар әскери борышын өтеп жүрген 3-ші Украин фронтының әскерлері мен 2-ші Украин фронтының әскерлері, Армияның Орталық тобының демеуімен бірлесе соғыс қимылдарын жүргізеді. Бұл ұрысқа екі жақтан шабуылдаған майдан шебінде туған бауырлар екі тараптан келіп қатысып жатқан. Олар бір-бірінің дәл осы соғысқа қатысып жатқанын білмейді. Көз алдында қарулас жолдастарының жан тапсырып жатқанын көрген Айтхожиндер, осы ұрыста «Ее құдай, қанша жылдық соғыста аман қалып жүрген бауырым, сені тірі көруді нәсіп ет» деп бір-бірінің құдайдан тек аман қалуларын тілеп соғысып жүрген екен. Бір айға жуық Венаның көшелерінде қан кеше жүргізілген үлкен соғыстардан кейін 13 сәуірде Австрияның астанасы Вена азат етіледі. Екі жақтың марқұм болған жауынгерлерін түгендеп, қаңтарылып қирап қалған немістің атақты СС 6-шы танк дивизиясының танкілері мен жойқын зеңбіректерін жойып, қолға түскен көп сан тұтқындарды қамау рәсімі аяқталады. Басқа арнайы тапсырылған орынға ИСУ-122 ауыр танк взводын жеткізу үшін оны бастап келе жатқан командир Айтқожин Қами взводына 5-10 минут тоқтап тынығуды бұйырып, танкасінің люгін ашып таза ауамен кеудесін кере демалып тұрса, оң қапталында саппен қадамдап келе жатқан Қызыл әскер жауынгерлерінің ішінен туған бауыры Қалбайды көріп қалады. Қами әскерге кеткендегі бала Қалбай емес, жаужүрек жауынгер Қалбай болған. Өз көзіне өзі сенбей балаша қуанған Қами «Старшина Айтқожин» деп бар дауысымен айқайлап қалады. Батыр бауырлар бір-бірін бас салып, он екі мүшесі сау, тірі екендеріне қатты қуанып, көрген білгенін, алыстағы елдің жағдайын, алмасқан хаттары туралы, қай бағыттарда қалай баратындары жобаларын айтып, аз-маз сөйлесіп үлгереді. Екеуі арнайы фотоға түсіп, жақында жазатын хатымен ауылға фото жіберетіндерін айтып, сағыныш мауқын басып, амандықпен елде кездесеміз деп серттесіп одан ары Чехословакия елін азат етуге соғысқа аттанған екен. Айтқожин Қами мен Айтқожин Қалбай Ұлы Отан соғысы толық аяқталып, Қызыл әскер бөілмшелері қалыпты жағдайдағы қызметіне көшкеннен кейін барып 1946 жылы елге оралады.

 

БЕЙБІТ ӨМІРДЕГІ БЕДЕЛДІ ҚЫЗМЕТ, БЕРЕКЕЛІ ОТБАСЫ

Қанды қырғынды, зұлымдықтың зардабын көзімен көріп қайтқан ардагерлер соғыстан кейінгі бейбіт өмірде Отан қорғау, Бостандық туы сияқты құндылықтарға деген ерекше патриоттық рухта отандастарын тәрбиелеп, елдің ертеңі үшін аянбай еңбек етуде ешқашан шаршамаған.

Айтқожин Қами Қызыл армиясы қата­рынан демобилизациядан кейін 1946 жылдың маусымынан бастап қаржы жүйе­сінде жұмыс істейді. 1946 жылдың маусымынан 1947 жылдың сәуіріне дейін Гурьев облысы Испуль ауданының аудандық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет атқарады. 1947 жылғы сәуірден 1948 жылғы қаңтарға дейін облыстық қаржы бөлімінің штаттық бөлімінің бастығы, 1948 жылғы қаңтардан бастап облыстық қаржы бөлімі меңгеру­шісінің орынбасары болып жұмыс істеді.

ҚК/б/К обком бюросының 1949 жылғы 8 маусымдағы №17/2 шешімімен облыстық қаржы бөлімінің және ҚК/б/К обкомының жоспарлау-қаржы-сауда бөлімінің ұсынысы бойынша облыстық Мемлекеттік Сақтандыру басқармасының бастығы болып бекітіліп, ұзақ жылдар қызмет еткен.

Мемлекеттік мүлікке және халықтың еншісіне өте ұқыпты қарап, әріптестерінің алдында тәртіптің хас үлгісіне айналған Айтхожин Қами  қаржылық жұмысты жақсы меңгеріп, ІІ дәрежелі Қаржы қызметінің аға кеңесшісі дербес атағына ие болған. Ол сонау жас кезінен-ақ, әскер қатарында саяси насихатшы қызметінің жоғарғы мектептерінен өткен. Бейбіт өмірде де әрқашан саяси тұрғыдан сауат-ты болған. Өмірінің соңына дейін өзінің өршіл мінезімен, идеологиялық деңгейін шыңдаумен айналысып өткен батыр атамыз ұрпағының мақтанышы болып, халықтың жадында мың жасайды деген сенімдемін.

Айтқожин Қами Айтқожаұлы елге оралғаннан кейін көп ұзамай Саташ есімді болашақ жарымен отбасын құрады. Олардан – Қазихан, Әлихан, Қуаныш, Зина, Дина, Гүлсара, Исатай есімді ұл-қыздары дүниеге келген.

Қамидың естелігін жазып алып, әрқашан Архивтегі құжаттарына жанашырлық танытып жүрген оның екінші ұлы Айтқожин Әлихан Қамиұлы бүгінде үлкен өнегелі әулеттің атасы. Тегі тәуекелшіл тұлғаның тұқымы да тыныш жатпасы анық. Ол өз кезегінде Алматының құрылысында еңбек еткен. Тоқсаныншы жылдардың басында елімізге келген шетелдік инвестор компаниялардың Түркияның «Ай-сель» құрылыс фирмасының Алматыда салған «Анкара» қонақ үйінің құрылысына түріктермен бірге басшылық жүргізген прораб қазақтың бірі – осы Әлихан Қамиұлы еді. Тарихымызда тағдыры үлгі боларлық батырларымыз архивтік құжаттарда тұнып жатыр. Ағайынды Айтқожиндердің болмысы мен батырлығы бүгінгі буынды патриоттық бағытқа бастар өнегелі жол болып қала бермек.

Әйгерім БАҚТЫБАЕВА,

Нұрлан ТОҚСАБАЕВ,

ҚР Президенті Архивінің

аға сарапшылары

1024 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы