• Қоғам
  • 26 Қаңтар, 2023

АҢСАДЫҚ БІЗ АЛТЫНДЫ...

САРЫ ТҮСТІ АСЫЛ МЕТАЛЛ ТУРАЛЫ МӘДЕНИ-ТАНЫМДЫҚ ЗЕРТТЕУ

Ральф Дутли – швейцариялық филолог, ақын, жазушы-эссеист, аудармашы (неміс, француз тілдеріне аударма жасайды). Орыс ақындары О.Мандельштам, М.Цветаева және И.Бродскийдің шығармаларын тәржімалаған. Мәдени-танымдық жанрдағы бірнеше зерттеу кітаптың авторы: зәйтүн ағашы, бал аралары және алтынның адамзат (негізінен, Батыс елдері) тарихы мен мәдениетіндегі алатын орны туралы трилогиясы жарық көрген. Ральф Дутлидің «Золото грёз: культурологическое исследование благословенного и проклятого металла» (Неміс тілінен аударған С.Городецкий. – СПб.: Издательство Ивана Лимбаха, 2022. Түпнұсқа: Ralph Dutli. Das Gold der Träume: Kulturgeschichte eines göttlichen und verteufelten Metalls. Wallstein Verlag, Göttingen, 2020) кітабынан қызғылықты деректерді ықшамдап ұсынамыз. 

ҒАРЫШТАН ТҮСКЕН БАЙЛЫҚ

Жер қойнауындағы алтын о баста жерде түзілген химиялық элемент емес, алтын мен басқа да бағалы металдар қоры Жерге ғарыштан түскен деген болжам бар. Ғалымдардың пайымдауынша, алтын шамамен 4,5 млрд жыл бұрын Жерге түскен метеориттердің құрамында болған. Жойқын соқтығыстардан кейін алтынның бір бөлігі тау жыныстарының арасында қалған, басқасы өзендерге түскен.

Жер қыртысындағы алтынның үлес мөлшері – мың тонна таста небары төрт грамм. Сондықтан оны өндіру үшін орасан көп еңбек пен қаржы керек. Бұған қоса, қазу және өңдеу жұмыстары салдарынан экожүйеге үлкен нұқсан тиеді. Бір унция алтын (31,1 г) алу үшін 20 мың тонна кен өңдеу керек. Оңтүстік Африкадағы алтын кеніштердің тереңдігі 4000 метрге жетеді. Жер бетін тіліп, ойып, бедерін танымастай өзгертетін бірден-бір қызмет саласы – алтын өндірісі. Бір килограмм алтын өндіру нәтижесінде атмосфераға 10-20 тонна көмірқышқыл газы бөлінеді. Өндіріс процесінде улы цианидтерді де пайдаланады. Күннің ыстық-суығына, улы заттардың әсеріне төзіп, өмірін қауіпке тігіп, ертедегідей жұпыны құралдар көмегімен алтын іздеп жүргендер ешқайда жоғалған жоқ, дамушы елдерде әлі де бар.

Алтын өндіру қоршаған ортаға зор нұқсан келтіргенімен, бұл бағалы металдан бас тартқандар кемде-кем. Алтын электр тогын жақсы өткізеді, ол электроника мен компьютерлік техника жасауға аса қажет металл. Алтын иілгіш, жұмсақ, химиялық реакцияға түспейді: тотықпайды, бұзылмайды, оны тот баспайды. Адам алтынды осы қасиетіне қарап мәңгілік символы деп біледі. Қазіргі қаржы саласындағы алтынның рөлі төңірегінде пікірталас толастамады. Алайда мына бір жайтқа ешкім күмән келтірмес: геосаяси қақтығыстар, экономикалық дағдарыстар кезінде алтынға сұраныс артады. Жеке тұлғалар ғана емес, үкіметтер де алтын қорын молайтуға тырысады. Өйткені алтын – инфляциядан қорғайтын, ақшаның күрт құнсыздануына жол бермейтін бірден-бір құрал.

Алтынды «таза, саф, қоспасы жоқ» (≈ жақсы) және «сапасы төмен, қоспасы бар» (≈ жаман) деп сипаттау үйреншікті жайт. Сол сияқты, осы асыл металдың адам өмірінде алатын орнын мәдени құбылыс тұрғысынан қарастырғандағы тарихын да «жақсылық пен жамандық арасындағы күрес» деп сипаттасақ болады. Алтынның ілкіден адам тану, адам сынау (кімнің кім екенін білу) құралы болғаны да бекер емес. Ежелгі грек ақыны Пиндар (б.з.д. V–VI ғғ.): «Алтын – Зевстің перзенті: күйе де, құрт та жемейді, төзімді; буына оның масайған талай адамды көз көрді», – деп алтынды – тәңірдің сыйы, десе де зардап шектірер жойқын күш көзіне барабар санаған.

«Алтын біреудің бағы, біреудің соры» деген нақылдың өміршең екенін ХІХ ғасырдың екінші жартысында Калифорнияда белең алған «алтын дүрбелеңі» аңғартты. Алтын табамын, байимын деп арман қуған мыңдаған адам АҚШ-тың батыс жағалауына қоныс тепті. Сол кезде Калифорния ел арасында «Алтын штат» (ағыл. Golden State) деген атқа ие болған. Осы құтты мекенге алтын іздеп келгендердің көбі жоқшылыққа душар болды, бағы жанғандары бірен-саран. Алтын дүрбелеңі – адамның ашкөздігі, дүниеқұмарлығы барынша көрініс тапқан әлеуметтік құбылыс. Жарқыраған алтын адам болмысының әдетте жасырын қалатын жағымсыз, ұсқынсыз тұстарына жарық түсіргендей болды. Алтынның қасында байлық пен жоқшылық, жақсылық пен жамандық қатар жүреді.

«Алтын» сөзі адам үшін аса бағалы ресурстарды білдіретін метафораларда жиі қолданылады: «қара алтын» (мұнай, уылдырық т.б.), «ақ алтын» (тұз, фарфор т.б.), «қызыл алтын» (запырангүл), «көк алтын» (зәйтүн майы). Қазір талай адам қызыққан криптовалютаны «цифрлық алтын» деп жүргендер де бар. Көпке таңсық жаңа төлем құралының етек жаюын цифрлық дәуірдің «алтын дүрбелеңі» десек те болатын шығар. Криптовалюта саласындағы түрлі айла-шарғылардың құрбаны болған, алаяқтарға алданған адам қаншама? Осы жайттарды ескере келе, америкалық банкир Джон Пирпонт Морганның сонау 1912 жылы «Ақша дегеніміз – алтын. Қалғаны – кредит!» – деген сөзін қалай құптамайсың...

Алдаймын деген амал табады: жез, мыс және вольфрамға алтын жалатып, «мынау сом алтын, сары алтын» деп, қымбатқа өткізіп жіберуге болады. Біздің тіл де сондай: алтын жоқ жерде алтын бар деп «алдауға» бейім; «алтын» сөзі бар теңеу сипатындағы жалқы есімдерге бай – жан-жануар,  өсімдік пен жеміс-жидек т.б. атаулары жетіп артылады (мысалы, алтынжон татрең құсы, алтын макрель балығы, алтынтүсті қолақоңыз, алтын ранет алмасы т.с.с.). Жоюға көп антибиотиктердің күші жетпейтін дүниедегі ең қауіпті бактериялардың бірі –  «алтын стафилококк» (лат. Staphylococcus aureus – сөзбе-с. алтын жүзім). Асыл металға түк қатысы жоқ бұл бактерия талай адамның өмірін қиған. Неткен алдамшы образ дейсіз!

Алтын жердегі ең сирек әрі ең қымбат металл емес. Мәселен, қазір автокөлік жасау саласында родий мен палладий сынды асыл металдарға сұраныс өсіп келе жатыр. Родийді асыл металдардың төресі деп те атайды: бір унциясы алтын унциясынан он есе қымбат. Десек те, адамзат игерген металдардың төңірегінде қалыптасқан мәдени-тарихи контекст, көркем сюжеттер мен мифтер тұрғысынан алып қарайтын болсақ, алтынға тең келер асыл металл жоқтың қасы. Адам баласына ежелден белгілі бұл металға қол жеткізуге ұмтылу – антропологиялық константа. Біздің өмір қамшының сабындай қысқа әрі қауіпке толы, ал алтын асыл қасиетін мәңгі жоғалтпайды. Бұл металдың байлық, күш-қуат, бақ-дәулет символына айналғаны да осыдан.

Алтынның көз тартарлық жар­қыраған, кейде алдамшы бейнесі көптеген аңыз-ертегі, мифтер мен мақал-мәтелдерден табылады. Жасы жеткендердің ың­ғайда: «Қайран жастық шақ алтын уақыт!», сөзуарлыққа салынғанды жақтырмайтындардың: «Көп сөз көмір, аз сөз – алтын» деп айтатыны бар. Бұлар «алтын» сөзі ұшырасатын, құлақ үйренген көп нақылдың қатарынан. Көп жағдайда, мақалдарда сөз болатын жақсылық атаулыны, адам бойындағы игі қасиеттерді алтынға балайды. Молшылық пен жоқшылық арасындағы орта жолды ұстану, кері кетпеу, шектен тыс шықпау, шамасын білу қажет деген кезде де өлшем шамасын алтынға теңейді (лат. aurea mediocritas – қақ ортасы, асып-таспау; біреуден ілгері, біреуден кейін; ағыл. Golden Mean, орыс. золотая середина). Уақытқа қатысты метафораларда («алтын ғасыр», «алтын дәуір») алтын – адам ел аман, жұрт тынышта алаңсыз күн кешкен, молшылық болған, дамыған, гүлденген кезеңнің нышаны.

Ежелгі Мысырда алтынды тіршілік көзі – Күнге теңеген, оны құдайлар жаратқан, ол о дүниеде де жарқырап тұрады деп сенген, алтынға осы дүние мен құдайлар әлемін байланыстыратын көпір, иесін о дүниеде қорғайтын тұмар деп қараған. Патшалар мен перғауындар таққан әшекейлер мен айырым белгілері (тәж, білезік, алқа, жүзік т.б.), ел билеген тұлғалар мен ел табынған құдайлардың мүсіндері алтыннан құйылып жасалатын. Ерте заманда алтын – өлілер культінің басты элементі болған. Шумер, Вавилон патшалары, Мысыр перғауындары жатқан мазарлардан, одан бертін сақ (скиф) көсемдері жерленген қорғандардан алтыннан жасалған бұйымдардың көптеп табылғаны да содан.

Ежелгі грек мифологиясынан Ясон бастаған батырлар «Арго» кемесіне мініп, алтын жабағыны іздеп табу үшін Колхидаға аттанғанын білеміз. Содан бері тілімізге «алтын жабағы» – бақыт-байлық, асқақ арман символы мағынасында жұмсалатын тұрақты тіркес болып енген. Жалпы ежелде алтын іздеушілер тау суларында, өзендерде бар алтынды шайып алу үшін қойдың жүні түспеген терісін суға тастап, бастырып кететін. Қой жүні ағын судағы алтынды сүзіп қалатын. Грек мифіндегі жарқыраған алтын жабағы образы алтын сүзудің осы бір көне тәсіліне байланысты туындаған.

Сұлулық пен үйлесім сөз болғанда да алтынды еске алады. Табиғатта көздің жауын алатын көріністер, әсем пропорция­лар бар. Суретшілер мен сәулетшілердің назарынан тыс қалмаған әдемі де үйлесімді көріністерді киелі, қасиетті деп те сипаттайды. Қазір біз «алтын пропорция» («алтын қима») деп жүрген теорияны ұсынған итальян ғалымы Лука Пачоли – Қайта өрлеу дәуірінің өкілі еді. Ол аталмыш пропорцияны «алтын» емес, «құдай жаратқан, құдай берген пропорция» деп атаған. Діни, әдеби сюжеттер мен өнер туындыларында көптеп көрініс тапқан алтын бейнесі қол жетпес арман, баға жетпес байлық, адам ырқына бағынбайтын тылсым күштер ұғымын қамтиды. Византия өнерін алтын жалатылған иконалар мен мозаикаларсыз көзге елестету мүмкін емес. Адам және басқа да тіршілік иелерінің бейнесін жасауға тыйым салған исламда да алтынды көркемдеу құралы ретінде пайдаланады (Құран сүрелерін алтын сиямен өрнектейді).

Алтын – тәңірдің сыйы, құдай жаратқан қасиет­ті металл мәртебесіне ие болып тұрған заманда оған адамгершілік қағидалары мен мораль тұрғысынан ешкім баға бермеген. Алтынның рөлін мораль тұрғысынан саралау үрдісі бұл металл киелі сипатын жоғалтып, күнделікті материалдық игілік, қолдан қолға өтетін дүнияуи затқа, яғни төлем құралына айналғанда, мемлекеттер алтыннан теңге соғып, оны айналымға енгізген кезде іске қосылған.

Алтынның қарама-қайшы табиғатын аңғартатын әсерлі де жарқын мысалдардың бірі – Мидас патша туралы миф. Алтынға әбден құныққан, байлық үстіне байлық қосуды армандаған патшаның бір күні «қолым тиген нәрсенің бәрі алтынға айналса екен» деген тілегі қабыл болды. Мидастың қолы тиген жанды-жансыз заттардың бәрі әп-сәтте алтынға айналып кетті; тіпті ішем деген ас-суы да алтынға айналып қатып қалады. Әкесін жұбатуға келген сүйікті қызын құшағына алған бойда баласы алтын мүсінге айналып кетеді. Алтынға алтын қоспақшы болған патша осылайша күтпеген жерден үлкен қасіретке душар болған.

Алтын адамды ашкөздікке, қанағат­сыздыққа ұрындырады деген пайымға бекіген ежелгі Рим ақыны Гораций (б.з.б. 65-66 жж.) кезінде «бәледен аулақ, алтын жер астында жата берсін, оны қазып алуға тыйым салайық» деген ұсыныс айтқан-ды.

Зигмунд Фрейд көне мәдениеттер, мифтер, ертегілер мен наным-ырымдар, бейсаналы образдарда көрініс табатын архаикалық ойлау мәнерінде алтын, ақша және дәрет (нәжіс) ұғымдарының тығыз байланысты екенін жазған. Фрейд ашкөздікті, дүние­құмарлықты адамның психо­сексуалдық дамуының екінші кезеңімен, яғни баланың дәретке отырып үйренуі кезімен байланыстырған. Көне ацтек және инка мифтерінде алтынды – құдайлардың ағзасынан бөлініп шығатын сұйық зат (тер) немесе нәжіс деп айтатын. Бұл ретте тілде «дүние боқ», «алтын жылтыраған боқ», «ақша қолдың кірі» деген теңеулердің бар екенін еске сала кетсек жеткілікті шығар.

Библия мәтінінде «алтын» сөзі үш жүзден астам рет ұшырасады (ең құнды дүние мағынасында, байлық пен билікті сипаттайтын, жұмақты суреттейтін сюжеттерде). Бізге Көне Өсиеттен жеткен тәмсілдердің бірінде Һаронның әйелдер мен ұл-қыздардың құлағындағы алтын сырғаларды алып, балқытып, жас бұқа мүсінін жасағаны айтылады. Халық алтыннан құйылған сол тәңір бейнесіне, яғни пұтқа құрбандық шалып, табынған, мүсін маңында ішіп-жеп, жүгенсіз сауық-сайран құрған. Содан бері «алтын торпақ» – тура жолдан таю, ақшаға табыну, азғындыққа салынудың символына айналған.

Антика заманында және Библия ық­палымен «алтын – қауіп көзі, жаман­дық­тың басы» деген пайымды Орта ғасыр­лардың ойшылдары да өрбіткен. Неміс ғалымы Конрад Мегенберг  (XIV ғ.) «Табиғат кітабында» алтын жер қой­науындағы қазба байлықтарының бәрінен тереңде, яғни жаһаннамға жақын жатады деген тұжырымды алға тартқан. «Алтын бар жерде шайтан жүреді» деген бекер емес қой. Сол кезде халық арасында әзәзіл өзімен мәміле жасасқан адамға сыйға алтын береді, таң атқанда сол алтын балшыққа не боққа айналады екен деген наным тараған. Әзәзіл адамды алтынмен арбап алады, алтынға қызыққан адам жанын дерт шалады деген мотив Гётенің «Фауст» (1808) трагедиясында да бар.

Алайда бәрін шайтанға жаба салға­нымыз жөн емес. Басына түскен бәлеге адамның өзі кінәлі ғой. Тарихта алтынға бола соғыс ашылған, адам құқықтары тапталған жайттар да бар. XVI ғасырда конкистадорлардың Оңтүстік және Орталық Америкадағы басқыншылығына сол өңір – сары түсті асыл металдың мол қоры бар ел (Эльдорадо) деген миф түрткі болған.

Алтынның жарқыраған алдамшы кейпін Шекспирдің көптеген пьесаларынан кездестіреміз. «Венеция көпесіндегі» All that glisters is not gold, яғни «жылтырағанның бәрі алтын емес» деген сөз ел аузындағы танымал мәтелге айналған. Алтын азабы дегенде, Ромеоның дәрмекшіден у ұнтағын сатып алғандағы мына сөзі еске оралады: «Міне, алтын, удың нағыз көкесі, жер бетінде зұлымдық пен қылмыстың төркіні осы, сен берген мына у емес. Сондықтан да сен емес, мен беріп тұрмын шын уды» (Ауд. Ә. Кекілбаев).

Алтынның тарихын тек Батыс мәдениеті (Еуропа) контекстінде ғана қарастырған ағаттық болар. Алтын Азия елдерінде де ерекше рөлге ие. Шығыс билеушілері Еуропадағыдай алтыннан көптеп шақа (тиын ақша) соқпаған. Азияға келген Еуропа көпестері XVI-XVII ғғ. Оңтүстік Америкадан тапқан алтынды шайға, жібекке, фарфорға т.б. құнды тауарларға айырбастаған.

Индуизм мен буддизм кең тараған патша­лықтарда алтынды тектілік, бек­заттық, сұлулық символы деп білген. Ел билегендердің киімі алтынмен әше­кейленген, қолындағы жүзіктері, басын­дағы тәжі алтыннан соғылған. Үндістан қазір сары металды ең көп импорттайтын елдің бірі. Бұрыннан солай. Үнділер үшін алтын – ең сүйікті жылжымалы мүлік түрі! Діни мәтіндер топтастырылған «Ригведа» атты көне жинақта үнді құдайларының сипаты сөз болғанда, алтын атрибуттар көптеп ұшырасады: алтын арба, алтын ваджра; қолы, тілі, көзі алтын т.с.с. Дүниенің жаратылуы туралы мифте де алтын бар: әлем Күндей жарқыраған алтын жұмыртқадан жаратылған. Жұмыртқа ішінде жатқан Брахма құдайы бір кезде оның қабығын жарып шығады да, үстіңгі жағынан көкті, астыңғы жағынан жерді жасады.

Лаос, Таиланд, Вьетнам, Камбоджа және Мьянма сынды елдерді аралаған адамның мына бір жайтқа көз салары анық: ең кедей деген аудандарда тұрған ғибадатханалар, пагодалар, күмбездер (ступа) мен Будда мүсіндері алтынмен апталған. Тапқан-таянғаны қара басынан артылмайтын пақырлар да барын беріп, жұқа жапырақша алтынның шағын ғана кесіндісін сатып алып, Будда мүсінін безендіру үшін жақын жердегі ғибадатханаға тарту етеді. Осы әрекеті кармасына жақсы әсер етеді деп сенеді. Буддизмде алтын – рухани өмір, дінге адалдық пен қайғы-қасіреттен арылудың, кемелденудің символы. Ешкім алтын жинап сақтауға ұмтылмайды. Керісінше, оны Буддаға тарту етуді өзіне парыз санайды. Осылайша, кедейлікте өткен өмірінің ең биік мұратына жетеді: сауапты іске берген алтынның ғана мәнісі бар. Оны ғибадатханаға тапсырған бойда «ауыр жүктен» айырылғандай күй кешеді.

Алхимиктер ертеде материя трансмутациясы, яғни химиялық амалдар арқылы қорғасын, сынап секілді қарапайым металдарды асыл металл алтынға айналдыруға тырысып баққаны, бірақ бұдан ақыры түк шықпағаны аян. ХХ ғасырда ашылған ядролық реакция арқасында, теория жүзінде, алтынды қазіргі заманда алхимиктерге ұқсап қолдан жасауға болады: мәселен, электр зарядталған атомдарды, айталық, қалайы (Менделеев кестесіндегі реттік нөмірі 50) атомдары мен мыс (реттік нөмірі 29) атомдарын жарық жылдамдығының 1/10 шамасына тең күшпен жақындатқандағы ядролық реакция нәтижесінде 79 протоннан құралған ядро, яғни алтын пайда болады (химиялық элементтердің периодтық жүйесіндегі алтынның реттік нөмірі 79). Демек, алтынды қазіргі заманғы ядролық физика көмегімен өндіруге болар еді. Алайда бұған орасан көп энергия керек, сол себепті экономикалық тиімділігі мардымсыз бұл әдіске жүгінуге ешкім асығып отырған жоқ. Өкінішті-ақ, алтынды бұрынғыдай жерден қазып не өзеннен шайып алуға мәжбүрміз...

Адам бойындағы жақсы-жаман қасиет­тер­мен сабақтасқан алтын бейнесі, асыл металдың адам өміріндегі орны, пайдасы мен зияны туралы өсиет-нақылдардың ең әсерлі, есте қаларлық дегендерінің көбісін біз ертегілер арқылы меңгердік. Автор кі­таптың бір тарауын Эзоп, Лафонтен мы­сал­дарын, ағайынды Гриммдер, Гёте, Гофман т.б. жазған ертегілерді талдауға арнаған.

Ағайынды Гриммдердің «Бақытты Ганс» атты ертегісінің бас кейіпкері жеті жылдық адал еңбегі үшін сыйға ат басындай алтын алады. Реті келгенде сол кесек алтынды жылқыға, жылқыны – сиырға, сиырды – шошқаға, шошқаны – қазға, оны – қайрақ тасқа айырбастайды. Сол тасты да көп ұстамайды: құдыққа түсіріп жоғалтып алады. Ертегі соңында үйге құр қол қайтып келе жатқан Ганс анасына қарап: «Бұл жалғанда менен бақытты адам жоқ шығар!» – деп жар салады. Бұл ертегіде талай жанның арманы болған металдан құтылған адам – ең бақытты адам. Нағыз бақыт – асыл мүлік алтынға тәуелділіктен арылуда. Бақыт – мүлікте емес, жүректе! Бұл нақылға жоғарыдағы бір мысал – бар тапқанына жапырақша алтын сатып алып, оны Буддаға тарту еткен пақырлардың жайымен үндесіп тұр емес пе?!

Мазмұндаманы дайындаған

Ерлан ЫСҚАҚОВ

612 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы