• Руханият
  • 26 Қаңтар, 2023

САҒЫНДЫРҒАН САҒЫНТАЙ САРЫНЫ

1969 жылы Алматыдағы ҚазҰУ-ды бітіргеннен кейін, өзім туған Жайылма ауылындағы орта мектепке мұғалім болып орналастым. Жастық жігердің күш-қуатын оқу-ағарту саласына жұмсадық. Уақыт өте келе көз көрген, аға тұтып, ата тұтқан ақсақалдардың алды бақилық сапарға аттанып жатты. Кезінде облыс, республикаға қобыз күйінің хас шебері болып танылған, мен мектептің жоғары класында оқып жүргенімде, ол кісінің үйіне талай қона жатып, Сағынтай атаның жүрек қылын тербер қобыз күйлерін беріле тыңдап өскен жанның бірі едім. Оның менің өкшемді басып, өсіп келе жатқан баласы Сейділданың да домбырамен тартқан күйін сүйсініп тыңдайтынмын. Сағынтай атамыз менің әкемнен 6-7 жастай кіші болатын. Сондықтан оның әйелі Әтима мені қайны тұтып, көп еркелететін. Мінезі ашық, ойыншыл, ақжарқын, дарқан мінезді аяулы жанның ағайынға қамқорлығы мол, дастарқаны кең еді. Әке-шеше малда болып, он жыл бойы жақын туыстар мен немере ағамның қолында жатып оқыдым. Мектеп жанындағы интернатта аспаз болып істейтін Әтима жеңгем кейде мектептен қайтып бара жатқанда, көптен бөліп алып, шақырып, сол интернаттан тамақ ішкізетіні бар-ды. Сондай дәмді, хош иісі танауды қытықтайтын тамақ еріксіз тәбетіңді оятатыны осы күнге дейін естен кетпейді. Ал олардың жалғыз ұлы жас­тайынан маған бауыр басып, еркелеп өскен Сейділдасы кей тұстарда мені үйіне еріксіз апарып қондыратын. Сағынтай ата мен Әтима жеңгем, мені қай уақытта болмасын, қошуақ көңілмен құшақ жая қарсы алады. Менің күй тыңдауға құмарлығымды, беріле тыңдайтын ынтызарлығымды Сағынтай ата да шынайы бағалай білетін. Сол кездің өзінде мені баласынбай, қойған сұрақтарыма тұшымды жауап беріп отырушы еді. «Аққу», «Ерден-Дүзен», «Айрауықтың ащы күйі», «Қазан», «Қоңыр», т.б. күйлердің аңыздық тарихтарын сол кісіден естіп, құлағыма құйғанмын.

1960 жылы қазан айында республика­мыз­дағы бүкіл басылымдарда Қазақ КСР-ының құрылғанының 40 жылдығына байланысты мақалалар жиі жарияланып жатты. Жер-жерде мерекелік шаралар өткізілді. Сол мерейтойлық мерекеге орай мектептерде, ауыл, аудандарда, облыстарда көркем өнерпаздарының байқаулары болып жатты. Әлгіндей дүбірлі додада Сағынтай атамыз оза шауып, республикалық бәйгеге қатысады. Алғашта жасым келіп қалды деп бой тартқанда, аудан басшылары араласып, қарияны әрең деп көндіріп, Алматыға алып барған болатын. Сөйтіп, бәйгеге қатысып, ақшалай сыйлықпен, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің IІ дәрежелі дипломымен марапатталды.

Сол кезде ауылдағы клубта жиі болатын әр көркем фильмнің алдында міндетті түрде «Новости СССР», «Советтік Қазақстан» дейтін киножурналдар көрсетілетін. Сол жыл­дың, ұмытпасам, қарашасында ауыл­дағы клубта көрсетілген «Советтік Қазақ­станда» Сағынтай қарияның үлкен сахна төрінде «Қоңырды» орындаған үзіндісін үлкен экраннан көрсеткен сәттегі ауыл адам­да­рының қуанышты сезім күйлерін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Сол бір ерек сәт менің көз алдымда әлі күнге дейін сақталыпты.

Міне, сол кісінің 1975 жылдың басында әлгі «аты жаман» аурумен ауыра бастапты дегенді естігенде, көңіліме мазасыздық ене бастады. Қай уақта да оңтайлы сәттің орайын уыстан шығарып алып жүретін, қолды кеш сермейтін мінез қалпымыздың тұтқынынан босанып, бір күн уақытымды қариямен әңгімелесуге арнадым. Иығыма шағын «Комета» магнитофонын алып, қария­ның үйіне тарттым. Босағадан кінәлі жандай имене аттап, сәлем бердім. Қашан да сабырлы қалпын жоғалтпайтын дегдар мінезді қария әке-шешемді, хал-жағдайым­ды сұрап жатыр.

Сол жолы сонау 15-16 жыл бұрынғы есте­лік әңгімелердің сорабын қайта жаңғыр­тып, біршама жайларды пысықтауға тура келді.

– Ол кездегі балалардың, ауыл жаста­рының бас қосуы, негізінен, жаз жайлауға шыққанда жиі болады ғой. Кеш батып, көз байланған соң алтыбақан, ақсүйек, айтабақ, қарақұлақ ойнаймыз. Біздің ел Шуды қыстайды да, көктем бола, қақ суын қуалай Арқаға, Көктас, Сарысу бойына көшеді. Міне, осы жазғытұры шақта Шудағы ел мен Арқа елі қоян-қолтық араласып, қалың жұрт мәре-сәре болатын. Біздің Жақсылық алшын әулетінің беткеұстар, бес мың жылқы біткен атақты байы Отыншы еді ғой. Соның туған інісі Өлке Сарыарқа алабына дарқандығымен, дастарқаны дала қазағынан бөлекше бітімді, сән-салтанатымен даңқы жайылған, аты аңызға айналған жан болған. Сол Өлке жомарттікіне де келімді-кетімді кісілер мол болушы еді.

Сондай бір жылы, ұмытпасам, 11-12 жасымда, сәске түс әлетінде, сол Өлке ауыл­ына үш-төрт кісі келді. Біз, балалар, Көктас өзені бойындағы еңсесі биік Өлкенің ағаш үйінің жанындағы қақ суының табаны болған айтақырда асық ойнап жатқанбыз. Екі жігіт бір кісіні сүйемелдеп, аттан түсірді. Алдынан Өлкенің өзі құрақ ұшып, қарсы алды. Қанжығадан шешіліп алынған ала қоржынынан ақсаң матаға ораған әлдененің басы қылтиып көрінді. Бұл көрініске аз мезет назар аударып, көз тастаған біздер алтыатар асық ойынымызды әрі жалғадық.

Бала деген ойынға тойған ба, түс ауғанша асықтың қызығынан ажырай қойған жоқпыз. Кенет, әлден уақытта, Өлкенің ағаш үйінің алдына тігілген сегіз қанат ақшаңқан киіз үйінен құлағыма мүлдем бейтаныс, бөлекше әуезді үн жетті. Балалардың барлығы қалт етпей тосын, әуезді үнге құлақ түріп, тұрып қалды. Әлгі үн менің жаныма жағып бара жатыр. Асығымның біразын ышқырыма тығып, қалғанын уысыма қысқан күйі Өлке атамның үйіне қарай жүгіре жөнелдім. Балалар да менің соңыма ілесті. Ашық, оймышты, сырлы есіктің жақтауынан ішке көз салдым. Төрде отырған кісі қобыз тартып отыр екен. Үні тал бойымды шымырлатып бара жатты. Өлкенің үлкен әйелі Зейнеп апам менің елітіп, еміне тыңдап тұрған түрімді байқады да, ішке кір дегендей ым қақты. Лып етіп кіріп, босаға тұстағы бос орынға жүрелеп отыра кеттім. Селдір бұйра сақалды кісі қобызының басын самайына тіреп, беріле тартып отырды. Екі көзін тарс жұмып алған. Зарлы, мұңды әуен сазымен екі жағына ырғала тербеліп отыр. Бір кезде қобыз сарыны аяқталғанда, отырғандар уһ деп жеңіл күрсініп, еңселерін тіктеп алды. Сол кезде Өлке әкеміз:

– Қадірменді Көзбенбет аға, айызымыз қанбай қалды. Тағы да тарта түскейсіз, – деп қобызшы қартқа күлімсірей қарады. Мен сол кезде төрдегі қобызшыға назар аудардым. Ол кісі бойын тіктеп, есік тұсқа зер сала қарады. Әлгі кісінің көздері әдеттегідей емес, ақайран, бозаң түсті көрінді.

– Қарағым, Өлке! Ықылас-ниетіңе дән ризамын. Алты-жеті жылдың жүзі болды. Мынау қос жанарымды тұмша басып, басыр болып қалдым. Жарық дүниені көре алмау да бір қасірет екен.Содан бері бала шағымнан жаныма серік болған қылқобызыма да ықылас-ниетім шау тартып қалды. Арнайы адам жіберіп, алдыртқаныңа шын ризамын, қарағым. Сырт атағыңа әбден қанықпын. Ықылас қойып, ынтық болған ниетіңе құмбылмын. Қобыз жарықтықтың үні көңілі соқыр, сезімі өлі жаннан басқаның барлығын оятпай қоймайды емес пе, – деп көзін есік тұсқа қадай, күлімсіреп отырып қалды.

Отырғандар: «Дұрыс айтасыз, дұрыс айтасыз!»  деп қауқылдаса қоштап жатты. Сол кезде Өлке маған еңсеріле бұрылып:

– Мына Елепан ағаның баласының екі көзі шырадай жануын қарашы, – деді де: «Әй, сен осы домбыра тартатын сияқты едің ғой. Байқаймын, қазір бар ықыласың қобызға ауып тұр ау», – деп шырайлы жүзімен маған күлімсірей қарады. Мен еріксіз бас изедім, – деп, Сағынтай қария өткен күндерді елжірей еске алып, терезеден алысқа көз тіге қарап қалды.

Ол сол «Жомарт» атанған Өлкенің бір ауыз жылы, шапағатты сөзінен соң-ақ сол үйге түней жатып, Көзбенбет атаның қасында болып, қасынан шықпаған. Ойын, асықты жайына қалдырады. Дәретке ертіп шығып, жылы суын дайындап, сенімді көмекшісіне айналған. Сол 11 жасының өзінде-ақ Көз­бенбеттің тартқан күйлерінің көбін құлағына құйып, бойына сіңірген. Оның қобызының үні мүлдем ерекше екендігі есінде қалыпты. Сол күйші қария Өлке ауылында ай бойы жатып, аттанарында талапшыл бала Сағынтайдың маңдайынан сүйіп, ақ батасын беріпті.

Бұрын қолтоқпақтай қара домбырасын серік еткен Сағынтайдың енді бар ықыласы қобызға ауады. Өзінен 6-7 жас үлкен немере ағасы Сәбденбекке жата келіп жабысады. Темірден түйін түйген, хас ұсталығымен ауыл-аймаққа аты шыққан Сәбденбек Есболұлы інісіне Нұра бойынан алдырған сом тұлғалы сәмбі талдың жуан діңінен әдемі қобыз шауып береді. Міне, содан бастап Сағынтай атамыздың барлық ықылас-ниеті қобызға ауады. Ауылдағы ойын-тойдың еркесі болады. Күйден бөлек ауызекі әндерді де қобызда құлпырта ойнап, «Қобызшы бала» атанады.

Әңгімеге серпін болсын, мына бір дерек мені соншалықты қанаттандырды.

Жуырда танымал қаламгер, қазақ жур­налистикасының көрнекті өкілі, жазушы, эстет Қали Сәрсенбайдың «Президент сыйлығының лауреаттары» сериясымен шыққан «Өнер – өмір» атты үлкен жинағына қайта айналып соғып, оқып отырған болатынмын. Сол тұста оның «Қасиетті қара шал» деген үлкен материалы көзіме оттай басылды. Бұл ұлы сазгер, қобыз абызы Ықылас туралы жазылған үлкен пайымды зерттеуі көптен көңілде жүрген көмескі ойларымды сілкінтіп өткендей болды. Сонда ол былай деп ой тербеген екен: «Сол Ықылас аузына түкірген қобызшының бірі Сағынтай Елепанов еді. Сағынтай он алты жасында Шу бойында күздің бір қара суығында ұлы қобызшымен кездеседі. Оның өз орындауында «Жезкиік», «Қазанды» үйренеді.

Сәбденбек деген әрі домбырашы, әрі ұстаның Сағынтайға шауып берген қобызы әлі сақтаулы. Қазір жазушы Пернебай Дүйсенбиннің жеке архивінде қобызшы туралы деректер баршылық. Ол кісінің орындауында Ықыластың бірнеше күйлерін жазып алған. Оның тарту мәнерінде ешкімге ұқсамайтын көп ерекшеліктер болған. Бұл жолда мұқият зерде қойған жан көп олжаға кенелері хақ.

Жаппас ұстаз санап, Дәулет «өкіл әке» деп мақтан тұтатын қобызшы есімі қазір ауызға алына бермейді».

Қ

алидың бұл жазғаны – айна-қатесіз шындық. Әлгі ақындар айтқандай, уағында ел елеп, ескермесе, небір майталман жандар­дың жарқын бейнелері көмескілене беретін­дігі ақиқат қой. Кезінде аты дүркіреп шыққан осы қобызшы, күйші туралы мерзімдік басылымдарда да, кітаптарда да мәліметтер, суреттеме мақалалар біршама жарияланыпты. Осыдан тура 62 жыл бұрын Сарысу аудандық «Социалистік шаруа» газетінде менің «Қобызшы қарт» деген мақалам, облыстық «Еңбек туы» газетінде «Қобызшы» деген суреттеме дүнием жарық көріпті. Бірінде қобыз тартып отырған бейнесі, екіншісінде ол кісінің өзім қолдан салған портреті жарияланыпты. Ол кісінің өмірбаяны, тартқан күйлері 1990 жылы «Өнер» баспасынан шыққан үлкен энциклопедиялық жинаққа енгізілген. Сондай-ақ аса көрнекті ғалым, зерттеуші, филология ғылымының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» атты монографиялық еңбегіне де тартқан күйлерінің ноталары жарияланған. Сол көзден таса болған соң көңілден ұзай бастаған дүлдүл күйші туралы атақты күйші, өнер зерттеушісі, ұстаз, Астанадағы қазақ ұлттық университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбаев Сарысудан шыққан дүлдүл күйші Мәді Шәдиевке арнаған үлкен талдау мақаласында былай деп жазады: «Мәді шығармашылығындағы қобыз сарыны Ықыластан бәсіре болғанын айттық. Сонымен қатар өзімен заманы бір Сағынтай Елепанұлынан жұғысты болғанын ескеру парыз. Сағынтай Елепанұлы Сарысу өңіріндегі ең даңқты қобызшылардың бірегейі еді. Ықыластың күйлерін тартуға келгенде алдына жан салмайтын шеберлігі бір бөлек, өзі де тамаша туындыларымен елге танылған қобызшы болды. Оның күйлері, сарындары Абдулхамит Райымбергеновтің нотаға түсіруімен жинақтарға енген болатын. («Күй қайнары»). Әрине, Мәдінің айналасында Сағынтайдан да басқа Ықыластың даңқты шәкірттері, қобыз ұстаған жыршы-күйші қауымы мол болды. Дегенмен солардың арасында «Сағынтайдың жыры бәрінен басым болғаны» туралы жазылған естеліктер бар». 7.05.2018. («Ақ жол») газеті.

Ал «Күй қайнары» жинағында: «Ел ішінде Сағынтайдың өнерін аса жоғары бағалап, көптеген күйшілер оның алдынан өтіп, батасын алған. Солардың ішінде атақты күйшілер Дәулет Мықтыбаев, Жаппас Қаламбаевтар да бар», – деп жазылған.

С

ағынтай өміріндегі ең естен кетпес шақтың оңтайы тағы да сол Өлке ауылында оңынан оралады. 1913 жылы сол Өлке ауылына келіп, өзінің бір топ серіктерімен қонақ болып жатқан абыз қобызшы Ықыласқа ізгі ниетпен келіп, зор ілтипатпен сәлем береді. Сол жолы ол ұлы қобыз абызының алдында күй тартады. 19 жастағы бозбаланың тартқан күйлеріне аса риза болған Ықылас оған өзінің бірталай күйлерін үйретеді. Сабырлы, үлкен пайымды бозбаланың қағыпалғыш құймақұлақтығына, алғырлығына, зерек­тігіне Ықылас шынайы риза болып, жас шәкіртке ақ жол тілеп, батасын берген екен.

Қобыз күйіне құлай берілген Сағынтай Елапанұлы келер жылы Нұра бойын қоныс еткен, Ықыластың сүйікті шәкірттерінің бірі болған Әбікей Тоқтамысұлын іздеп барып, содан да біраз күйлер үйренеді. Ол Әбікейдің қобызды бар жан-тәнімен беріле тартып, күйлердің ішкі иірімдерін құлпырта ойнайтындығына тәнті болған. Сағынтай сүлей қобызшының осы қасиетін бойына барынша сіңіруге құлшынады. Үлкен талабы орындалып, Көктас өзені бойындағы ауылына рухани есейіп, шыңдалып қайтады.

Қобыз күйін ойнаудың айтулы шебері болған, атақты қобызшы атанған марқұм Дәулет Мықтыбаевтың Жамбыл өңірін аралап, концерт қойып шыққан сайын міндетті түрде Шабақты өзені жағасындағы ескі қыстауда отыратын Сағынтай атаға соғып, жата-жастана әңгіме құратындығы да біздің есімізде. Бір жағынан, біздің жаңа құрылған Калинин атындағы совхозда ол кісінің жақын қарындасы, Сағынтай атамыздың жақын туысқаны Белгібайдың әйелі Арғынның Темеш әулетінің қызы Нағым апаға соқпай кетпейтін. Сол Дәулет Сағынтайды өзінің ұстазы санап, өле-өлгенше қадір тұтып кетті. Ал атақты композитор, бүкіл шығармасынан тұмса қазақы рухының лебі есіп тұратын Кенжебек Күмісбеков те осы Нағым апаның немере інісі еді. Бірде Дәулетпен қалай танысқаны жөнінде сұрағанымда, оның сол ойын баласы шағында-ақ Нұра бойында, Әбікейдің үйінде, қобыз үйреніп жүрген шағында жолықтырған екен. Жас шамалары 9-10 жас айырмашылықтары болса да, екеуі ағалы-інілі болып кеткен. Ол сол жолы Сағынтайдан өзі жетік білмейтін күйлердің біразын, шеберлік тәсілдерін ерінбей-жалықпай үйренген екен.

Сол Сағынтай атамыз 1934 жылы Алматыда өткен халық өнерпаздарының Бүкілқазақстандық 1-слетіне қатысады. Сонда атақты Сүгірдің жақын туысы Жаппас Қаламбаевпен жақын танысып, біраз уақыт байланыста болған. 1959 жылы Жаппас Қаламбаев Сарысу ауданына концерт қоюға келгенде, ең алдымен іздегені Сағынтай Елепанов болды. Сол отыз төртінші жылы дәмдес, тұздас болған шақта Дәулет те, Жаппас та өз әңгімелерінде Сағынтайдың шеберлігіне тәнті болғандарын тілге тиек еткендігіне бүгінгі көзі тірі – біз куәгерміз. Қазақтың туыстық, ағайындық ілік-шатысы осы әңгімелер тұсында да қылаң беріп қалады. Ақырын, сабырмен сөйлейтін Жаппас ағай Сағынтай атаға сөз арасында: «Сіз менің үлгі тұтар ұстазым ғана емес, жақын құда екеніңізді де естен шығармағайсыз», – деп жұмсақ әзілдейтін. Себебі Жақсылық алшын әулетінен шыққан айтулы күйші, Шымкент қаласы орталығындағы Шәмші Қалдаяқов аллеясының қос қанатын ала орналасқан, Оңтүстік өңірден шыққан әр дүлдүл өнерпазға арнайы қойылған тақта таста есімі алтындалып, оймышталып жазылған Генерал Асқаров Әліп таманың Бұзау тармағынан шыққан Жаппастың қызы Жаңылдың құдай қосқан қосағы еді.

Сол слетте Сағынтай қобызшылар арасынан оза шауып, бірінші орынды иеленген. Қазылар алқасын басқарған Қазақ АКСР Халық ағарту комиссары, өнер десе ішкен асын жерге қоятын абзал азамат Темірбек Жүргенов Елепанов Сағынтайды, онымен бірге барған бір топ өнерпаздар қатарындағы сарысулық Жәкім Мырқы келінін Алматыда қалып, жаңадан ұйымдасқан өнер ұжымында еңбек етуге үгіттейді. Себебі сахна төрінде ол да халық әндері «Ахау керімді», «Гүлдерайымды» шырқата айтады. Сарысу ауданының Чапаев атындағы колхозынан барған Жәкімнің жезтаңдай әншілігі қазылар алқасынан жоғары бағаға ие болып, ол да жүлдегерлер сапынан көрінеді.

Алайда Жәкім Алматыда қала алмайды. Ал Сағынтай Елепанов жаңа құрылған ұлт аспаптары оркестрінде жарты жылға жетер-жетпес уақыттай қызмет етеді. Бірақ тұрмыстық жағдай себептерімен әрі қала өміріне қалыптаспаған қалпымен елге амалсыз оралады. Алайда өнер парқын бағалай білетін атақты қобызшылар Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаевтар Сағынтай қобызының өзгеше ерен сарынмен тартатын шеберлігіне тәнті болып, естерінен еш шығарған емес.

1959 жылы Совет Ақжігітов басқарған, құрамында белгілі зерттеуші, қазақтың музыка аспаптарын тірілтіп, сапқа қосқан Болат Сарыбаев бар, халықтың музыка қорын жинақтаушы экспедиция Шабақты өзенінің жағасында қоныстанып отырған ескі қыстауға келіп, Сағынтайдың бүкіл музыкалық мұрасын арнайы жазып әкеткен еді. Сол экспедицияны Сағынтай Еле­панов­қа көздестіруші болған әрі інісі есебінде сыйласып жүрген Жаппас Қаламбаев еді.

А

рқа дәстүрі мен Сарысу күй мекте­бінің нәрін тал бойына бірдей сіңірген Сағынтай орын­дауындағы Ықы­ластың атақты «Жезкиігі» ерекше әуез­ділігімен есте қалады. Сол күйді тыңдағанда менің бала кезімде көлдері шалқып, көз қуантып жататын ну жынысты Шешенбайда қарақұйрық, киіктердің мамыражай табиғат аясында еркін жайылып жүретін суреттері есіме қайта оралатын. Дүре тимеген табиғат, мылтық үні жат өлкенің көркі ғана еді-ау, шіркін. Әлдеқалай себептермен үріккенде, көлденең жыралардан бауы­рын биіктете жазып әуелей секіргенде, күнге жарқ-жұрқ ете шағылған жонарқаларының алтын түстес суреттері әлі күнге көз алдымнан кетпейді.

Киік халық аңызында, қару кезенген қаскөй жандардың көзін қарықтырып, оқ дарыт­пайтын киелі аң деп есептеледі. Міне, Сағынтай атамның орындауындағы «Жез­киік» күйі құлпыра құбылған осындай сурет­терді сана төрінде сан құбылта ойнататын еді.

Шынында да «Жезкиік» күйі Ықылас бабамыздың шығармаларының ішіндегі ерекше болмысты, сыры терең, сезім пернелерінің нәзік иірімдерін еріксіз иітетін шығарма ғой. Жоғарыда профессор Жанғали Жүзбаев жазғандай, Сағынтайдың жыры бәрінен басым болғаны» туралы тебіреністі толғанысы тектен-тек емес еді.

Сағынтай атамыздың орындауындағы «Жезкиік», «Қазан», «Ерден», т.б. күйлердің музыкалық басылымдарға енгізіліп, оқу орындарында оқытылуы да көп нәрсені аңғартса керек.

Дәулескер күйші, қобызшының орын­дауын­дағы «Ерден» күйі де өзгеше, әсерлі, сырлы, сазды еді. Асылынан осы тұста айы-рылып, жан жүрегін жаншыған қайғының қара бұлтын жамылған жанның азасын күй тілімен сөйлеткен Ықыластың ұлылығына еріксіз бас иесіз. Осы күй-жоқтау, күй-реквием, күй-аза бір ғана жан қасіретіне ар­налған ғой деп ойласақ та, оның қамтыр ауқымы одан да кеңірек. Көптеген киноларда, деректі фильмдерде, сахналық қойылымдарда оқиға орайына қарай, көбіне осы күйдің әуені музыкалық фон етілетіні тек емес.

Б

ұл күйді Сағынтай ата «Ерден-Дүзен» деп тартатын еді. Неге олай деп сұрағанымда, Ерден деген Найманның Бағаналы руының дуанбасы болған, ал Дүзен де беделді, елге сөзін өткізе білген, беделі жоғары бір туған бауыры екен. Ерденнің аяулы ұлы Әйменде қаза болғанда, ол да Ерденнен кем қайғырмаған. Сонда қалың елдің небір бетке ұстарлары келіп көңіл айтқанда, қайғыдан қан жұтқан Ерден теріс қарап, басын еш көтермейді. Атақты ақын Орынбай да, Арғынның айтулы шешені Шоқай да, таманың Ерубай биі, Тіленші, Құлтас секілді небір ділмар шешендері жұбату сөздерін төкпелеп, төгілдіреді. Сондай бір сәтте, Ерден тысқа шығып кеткенде, бозбала Ықылас Ерденнің қобызын алып, табанасты зарлы күйді сарнатады. Сонда Ерден өңі алабұртып, бетін жас жуып кеткен күйі ішке енеді. Қобыздың іш тарта, азалы, күңіренген ішегінен зарлы сарынның астарынан: «Беу-беу, жалғызым-ай, қарағым-ай, асыл да туған боздағым-ай, қайтейін-ай! Қасірет күн орнады-ау, шаңырағым-ай! Беу-беу! Жалғызым-ай, жұпар иісің аңқыған, жалғызым-ай! Қатыгез ең қу тағдыр қандай ғана, жер таянтып қалдың-ай!»  дегендей сарын үнін естігендей болады. Қобызды тартқан Ықылас екенін біледі. Жүзінен нұр төгіліп, ұяң тартып, төмен қараған жап-жас жігітке ықыластана, жылушырай қарайды.

Сол жолы Таманың жақсылары Ерден аулына қолды болған жылқыларын даулай келген ғой. Бірақ қайғылы оқиғаның үс­тінен түскен. Сөйтіп, олар дау-дамайлы істі кері ысырып, ішке бүгіп қалады. Сөйтіп, іргелес жатқан ағайынның ауыр қазасына ортақтасады.

Атақты күйші Дәулет Мықтыбаев осы күйдің иірімдерін Сағынтайдан жата-жастана жатып үйренгенін айтқан еді. Өкінішке орай, осындай аяулы күйші, қазақ КСР-ның еңбек сіңірген әртісі Дәулет Мықтыбаевтың «Қазақ мәдениеті» энциклопедиясына енбей қалуы көңілді қынжылтады. Жаңа заманда қобыз күйінің бастауында тұрған саусақпен са­­нарлықтай Жаппас Қаламбаевпен қатар тұрған өнер қайраткерін ұмытуға болмайды ғой.

Сағынтай ата «Қазан» күйін тартқанда да, ескі әңгіменің тиегін ағызған. Сол кезінде екі жар боп айырылған Қазан қаласы үшін шайқасқа Тама Нәріктің ұлы Шора өзінің екі бауырымен анасының ескертуіне құлақ аспай жорыққа аттанады. Осы Қазан үшін шайқаста үшеуі де мерт болады.

Міне, осы қайғылы оқиға жайлы баян еткен күй Сағынтай ата орындауында ерекше әсерлі, драмалық тартысты, мұңлы әуен, сазбен өріліп берілген. Бүгінгі музыкалық оқу орындарында да осы күні Сағынтайдың орындауында оқытылып жүр.

Сол кісінің орындауындағы «Ғазиздің әні», «Ғайни», «Гәкку», «Ақ Дариға», «Гүлдерайым», т.б. қазақ әндерін қобызда орындағанда күйге айналдырып, құлпыртып жіберетіндігі таңдандыратын.

Бір мәліметтерде Сағынтай қарияның туған жылы 1897 жыл деп жүр. Бұл қате. Ол кісі 1960 жылы мен үйінде қона жатып, «Қобызшы қарт», «Қобызшы» деген мақалалар жазғанымда жасы 66-да болатын. Жасым жылқы деп отырды. Яғни ол кісінің туған жылы 1894 жыл.

Мен сол 1975 жылы күзде өзімнің шағын «Комета» магнитофоныммен қобызшы қарияның біраз күйлерін жазып алдым. Осы жай туралы Ықылас Дүкенұлының 150 жылдығы қарсаңында белгілі журналист-жазушы Қали Сәрсенбаев біраз мақалалар жазды. Сол көне тартқан, жазуы көмескілене бастаған Сағынтай атаның тартқан күйлерін белгілі өнертанушы, домбырашы, қобызшы, бүгінгі күні Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда ұстаздық етіп жүрген Саян Ақмолда 2006 жылы біздің үйге келіп, ескі магнитофонды қойып тыңдағанда, көзінен жас парлай ағып, тебіренгені есімде мәңгі қалып қойды. Былайғы жұрт тыңдаса парқына, құнына жетпей, құр әуен ғой деп қабылдап қана қояр ма еді?! Ал сол көне, көмескі әуен астарынан, Сағынтай ата тартқан күйдің бойынан жүрек қылын шертетін, жан дүниені астан-кестен қылатын сырлы саздың тілін, рухын ұғына білу де екінің бірінің маңдайына жазылмаған қасиет қой.

С

ол қоңыр күзде төрт сағатқа созыл­ған әңгіме-дүкен, күй ойналған сәттер аяқтал­ғанда, Сағынтай ата біраз шаршап қалды. «Тағы да бірде келерсің. Әлі де біраз айтылар жайлар бар ғой», – деді әлсіздеу үнмен. Сонда да болса сабырлы қалпын сақтап, езуіне үйірілген күлкі шуағын сөндірмей менімен жылы қоштасты. Өкінішке орай, мен қайта соға алмадым.

Қобызшы қария 1975 жылы мен жо­лыққан соң екі айдан кейін дүние салды. Көз алдымда ол кісінің қобыз шегінде құлшына ойнаған еті арыған саусақтары, бидай өңді ақсары жүзінде ұялаған жылы күлкісі мәңгі қалып қойды. Қабырына бір уыс топырақ салып тұрып, қобыз күйінің кеніші болған жүрегінде қаншама сырлар жұмбақ күйінде кеткеніне, өзімнің кеш қимылдағаныма өкіндім. Біз үнемі «жау кеткен соң қылышты тасқа шабатын» халықпыз ғой. Соның бірі өзім екендігін мойындаудан басқа еш амал қалмағандай. Көзі тірісінде көкіректеріне небір қазыналы сыр ұялатқан қарияларымыздың сыр сандықтарының кілтін ашуға ықылас қоя қоймайтын жастығымыздың буы-на, зерде дүниеміздің кембағалдығына, алашапқын тірліктің шытырман торынан босанып, олардың айтқан сөздерін, өсиеттерін құлық қойып тыңдай қоймайтын ықылассыздығымызға, тоңмойындығымызға, «урашыл» саясаттың құлақкесті құлы болған мүскіндігімізге, рухсыздық дертіне шалдыққан санамызға, алды-артымызға қарап, есеп бермейтін елермелігімізге лағнет айтудан басқа қалған амал бар ма?! Мен сол тұста сондай бір шытырманды ойларға беріліп, өзімді-өзім түсініп болмастай күй кешкенім есімде. «Әй, ұғып ал, жазып ал, ертең керек болады» деген есті қариялардың ескертпелерін елең қылмаған қылығымызға қандай баға берерімізді білмедік. Әйтпесе атақты ұста Сәбденбек атамыздың шомбал бітімді қолының жуан саусақтары қолдан жонған қара домбырасының ақжем болған шанағынан небір тал бойыңды шымырлатар шертпе күйлерді төгілткенде, таңданбайтын жан болмайтын. Жарықтықтың маңдайы, бас пішімі ежелгі дүние тарихындағы данагөй, данышпан Платонның тас мүсінінен еш аумайтын. Көп сөйлемейтін. Аз сөйлесе де, нәш сөйлейтін. Төкпе күйлерді еш қабылдамай, өмірден өтті. «Домбыраны итше тепкілейтіні несі екен?!» – деп мысқылдайтын. Сол кісінің тартқан жорға, шертпе, «сөйлейтін» күйлерін жазып алу да ойда болсайшы!?

Өкінішке орай, күйші әкесінің ізгі дәстүрін ұлы Сейділда, бойында мол қабілеті бола тұра, сәтті жалғастыра алмады. Кезінде Сарысу ауданының даңқын асқақтатқан «Са­рыарқа» ансамблінің құрамында қобы­зымен де, домбырасымен де елді сүйсінткені есте.

Жалпы осы Сағынтай, Сәбденбек атаның әулеттеріне өнер қонған, күй дарыған. Сағынтайдың туған бауыры Божбанның ұлы Серікбек әнші болды. Жаяу Мұсаның «Құлбай бай» әнін шырқатқанда, арқаланып кететін. Оның жұбайы Анюша Сатқынова айтулы әнші Сәуле Жанпейісованың тікелей ұстазы. Шөбере болып келетін Ерғараев Қозыкен әрі әнші, әрі теріс бұраулы күйді де шебер орындайды. Баян, домбырада қатар ойнайды. Серікбек те, Қозыкен де ауылдағы өнер мектебінің басшылары болып, абыройлы еңбек етті. Сәбденбектің туған інісі, диірменші Ерден ағамыз да сонау елуінші жылдары он екі тілді қарапайым сырнайымен Жон өлкесіне жайлауға қоныстанған елді думанға бөлейтінін көзіміз көрді.

Ал тоғыз пернелі қоңыр домбырасынан небір күйлерді құйқылжыта тартатын туған нағашы ағам Шәріп Нұрпейісұлының жан жүрегіңді қопара тартатын шертпе күйлерін жазып алмағанымыз қандай өкінішті!? Бұл орайда, «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай!» деп таңданатын еуропалықтардың ерен сүйсінісінің астарына да бәлендей үңіле қоймағанымыз өкінішті-ақ қой.

Десек те көне өнердің кәусарына жоқшы болып жүрген рухтас інім Саян Ақмолда менің қолымдағы ескі кассетаға жазылған Сағынтай атаның күйлерін компьютерлік өңдеуден өткізіп, оларды «Қазақтың 1000 күйі» антологиясына енгізгені дәтке қуат.

Саян үлкен азаматтық жасап, қарияның әлдеқалай себептермен қолды болып кеткен қобызын қайтарту үшін көп күш жұмсады. Осы жолдардың авторы да бұл шетін мәселеге еріксіз араласуға мәжбүр болды. Саян Ақмолда ол қобызды аспап мамандарына жөндетіп, табиғи үнін келтіріп, қалпына келтірді. Сағынтай ата туралы тірнектеп жиған материалдарының басын қосты. «Сағынтай сарыны» деп аталатын күйлерінің барлығын нотаға түсіріп, кітапқа енгізіп отыр. Ол жинақ жуық арада баспадан жарық көрмек. Қысқа жіп күрмеуге келмей, қаржылық тапшылықтың да зардабын Саян аз көрген жоқ. Оның бәрін табандылықпен жеңіп, тасқа басылған Сағынтай ата мұрасының жеке кітап күйінде рухани айналысқа түсетін күні де алыс емес. Оған қамқоршы болып отырған Құрманғазы атындағы консервоторияның дәстүрлі халық музыкасы кафедрасының ұжымына мың алғыс айтамыз.

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,

жазушы

Жаңатас қаласы

 

976 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы