• Тарих
  • 26 Қаңтар, 2023

АТТИЛАНЫҢ ҮШІНШІ БЕЙНЕСІН ТАПҚАН ҒАЛЫМ

Қазақ тарихы  әлемдік деңгейдегі ғалымдарға кенде емес. Солардың бірі - ХХ ғасырдағы қазақтың көрнекті танымал тарихшысы, ғалым, дүниежүзі тарихы және отан тарихы саласы бойынша білікті маман, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі, Геттинген университетінің (Германия) құрметті профессоры Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұлов.
Қ. Т. Жұмағұлов алғаш рет қазақстандық тарих ғылымында әлемдік мәнге ие, ортағасырлық Германия мен Еуропа тарихының мәселелерін зерттеу­мен айналысты. Профессор Қ.Т.Жұмағұлов көтерген Орталық Азия мен Қазақстандағы түркі халықтарының тарихына тікелей қатысы бар ғұндардың, аварлардың Еуразия мен Еуропадағы тарихының мәселелері ерекше маңызды. Бірқатар монографиялардың, оқулық, оқу, оқу-әдістемелік құралдардың, дүниежүзі тарихы, Еуразия, Батыс және Шығыс тарихы бойынша қазақ, орыс және шет тілдерінде ғылыми мақалалардың авторы.

1972 жылы 6-жылдық арнайы бөлімді озат бітіргеннен кейін Қ.Т.Жұмағұлов жалпы тарих кафедрасына оқытушылық қызметке қалдырылды. Кандидаттық диссертациясын 1983 жылы Мәскеуде КСРО-ның Ғылым академиясында қорғады. 1997 жылдан бері әлем тарихы бойынша – тарих ғылымының докторы, профессор. М.В.Ломоносов атындағы ММУ-де (1978,1979) КСРО-ның ҒА-ның Жалпы тарих институтында (Мәскеу, 1982), Герман Археологиялық институтында (Франкфурт-на-Майне, 1995) тағы басқа шетелдік мекемелерде ғылыми-еңбек тәжірибесін жетілдірді.

Содан бері, міне қазір 51 жыл ол туған университеті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де қызмет істеп келеді.1972 жылдан бері қазіргіе дейін – ассистент, аға оқытушы, доцент, деканның орынбасары, тарих факультетінің деканы, профессор, ерте дүние және ортағасырлар тарихы кафедрасының негізін салушы және алғашқы кафедра меңгерушісі (1991–2007 жж). 2007–2011 жж дүниежүзі тарихы кафедрасының меңгерушісі; 2011–2016 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі болып бірқатар қызмет атқарды. Кафедра меңгерушісі қызметінде 25 жыл бойы үздіксіз атқарған еңбегі үшін, қомақты табыстары үшін, ғылыми кеңес шешімімен профессор Қ.Т.Жұмағұловқа «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Құрметті кафедра меңгерушісі» деген атақ берілді. ҚР ӘҒА академигі (2000 ж.), ҚР ГҒА академигі (2008 ж.), ҚР ҰҒА Құрметті академигі (2013 ж.), Геттинген университетінің құрметті профессоры (Германия, 1999 жыл), Франция тарихшыларының аймақтық Ассоциациасының мүшесі (2012 ж.) және де бірқатар отандық университеттерінің құрметті профессоры.

Профессор Қ.Т.Жұмағұлов – ең алғашқы қазақ тарихшы-медиевист, 500-ге тарта еңбектердің авторы. Солардың ішінде монографиялар, оқулықтар, көптеген оқу, оқу-әдістемелік құралдары, ғылыми мақалалар мен баяндамалары бар.

Қазіргі таңда ол аталған кафе­драның профессоры, дүние жүзі тарихын зерттеу бойынша РҒЗО директоры. Профессор Қ.Т. Жұмағұловтың ғылыми жетістіктері бірнеше дүркін Халықаралық ғылыми гранттармен атап өтілді. Ол Қазақстанда Халықаралық ДААД грантының (Германия) жалғыз алты мәрте иегері: 1995, 1997, 1999, 2003, 2007, 2011 жж.

Тәуелсіздік алғаннан кейін БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдарға кірген тәуелсіз Қазақстан Республикасына тарих ғылымы мен тарихи білім берудің негізгі бағыттарының бірі – әлемдік тарих бойынша өзінің ғылыми-педагогикалық кадр-ларын дайындау қажеттігі тұрды. Декандық қызметпен қатар, кафедра меңгерушісінің қызметін атқара келе, бұдан кейінгі уақытта Қ.Т.Жұмағұлов жаңа, маман дайындау-шы кафедраның жұмыстарымен толықтай шұғылдануға ойысып кетті. Кафедра бүгінгі келбетіне ие болып, танымал болғанға дейін оған көптеген, күрделі жұмыстарды атқаруға тура келді.

Ғылыми зерттеулерді ұйымдас­­тырушы ретінде кафедра меңгерушісі Қ.Т.Жұмағұлов «Еуразия­шылдық­тың тарихи тамырлары, оның әлемдік тарихтағы рөлі» атты тақырыпта жетекшілік етті, бұл тақырып шеңберінде зерттеудің бас­ты объектісі Орталық Азияның, түркі әлемінің және Қазақстанның жаһандық әлемдік-тарихи процестегі орнын анықтау болды. Оның бастамасымен 1997 жылы Германиядағы Геттинген университетінің Түріктану және Орталық Азия елдері институтымен ғылыми ынтымақтастық бағдарламасы жасалды. Бұл жерде ол алғаш рет ғылыми айналымға латын, грек, көне герман тілдеріндегі жазба және жаңа археологиялық, лин­гвистикалық деректерді енгізе отырып, Еуразиядағы Ұлы қоныс аудару кезеңінде, жаңа дәуірге өтуде өзінің тарихи рөлін атқарған Батыстағы Ғұн державасының тарихын қайта қалпына келтірумен айналысты. 

Қазақстан көлемінде дүние жүзі тарихы бойынша өзекті мәселелерді зерттеуде ҚР БҒМ тарапынан конкурстық гранттық жобалардың үлесі өте үлкен болды. Профессор Қ.Т.Жұмағұлов жетекшілігімен әр жылдары бірқатар жобалар жоғары деңгейде зерттелді.

Кафедра біраз жылдар бойы Болондық жүйедегі елдермен белсенді жұмыстар атқарды. Профессор Қ.Т.Жұмағұлов университетте алғашқылардың бірі болып, Германия, Италия және т.б. елдермен ынтымақтаса отырып PhD докторларын дайындауды бастаған.

Университет имиджын көтеру және білім беруді интернационалдандыру  мақсатында, кадрларды дайындау және қос диплом бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және әлемдегі белгілі университеттердің бірі  Италиядағы Sapienza Universita di Roma арасындағы Меморандумға қол қойылды. Бұл мақсатқа жету үшін профессор Қ.Т.Жұмағұлов үлкен жұмыстар атқарды.

Еуропа, АҚШ және Монғолия университеттерінің шақыруымен профессор Қ.Т.Жұмағұлов шет тілінде, ғұндар тарихы, Орталық Азиядағы түркі әлемі, Еуразия және Қазақстан тарихын қоса отырып, «Әлем тарихындағы Батыс пен Шығыс» тақырыбында дәрістер оқыды, баяндамалар жасады.

2013 жылдан бастап Қ.Т.Жұмағұлов Дүние жүзі тарихын зерттеу бойынша Республикалық ғылыми-зерттеу орталығының (РҒЗО) директоры.«Халық тарих толқынында» және «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» атты мемлекеттік бағдарламалары бойынша 2014–2015 және 2018–2019 жылдар аралығында Римге Ватиканның Апостол кітапханасының қорлары мен бөлімдерінде және Ла-Сапиенза, Мюнстердегі Вестфаль-Вильгельм (Германия)  университеттерінің кітапханаларында ғылыми іс-сапарда болған профессор Қ.Т.Жұмағұлов, Батыс және Шығыс, Ұлы Жібек жолы, Алтын Орда және Қазақ хандығының тарихына қатысты латын тілінде жаңа деректік мәліметтер анықтаған және аударған.

Тәуелсіздік жылдарындағы профессор Қ.Т.Жұмағұловтың көтерген Еуразия мен Еуропадағы ғұн тарихының мәселелері  аса маңызды және түрік халықтары мен Қазақстан тарихына тікелей қатысты. Бұл жерде автор алғаш рет ғылыми айналымға латын, көне герман, грек тілдеріндегі жазба және археологиялық, лингвистикалық деректерді енгізе отырып, Батыстағы Рим империясының құлауына, жаңа ортағасырлар дәуіріне өтуде өз рөлін атқарған Ғұн державасының тарихын қайта қалпына келтірді.

Бұл жерде профессор Қ.Т.Жұма­ғұловтың пікірі бойынша азиялық хундар (ғұндар) ғылымда біршама зерттелсе, еуропалық ғұндар мүлдем зерттелмеген деуге де болады. «Ғұн тақырыбы ғылыми ізденістерде өзінің заңды орнын алуы керек» деп профессор өз мақалаларында, баяндамаларында негіздеді. Дегенмен автордың көрсетуіне қарағанда, орыс тілді әдебиеттерде, кеңес медиевистикасында Еуразия мен Еуропадағы ғұн тарихы жекелеген қысқа шолуларды есептемегенде, тіптен ашылмаған. Бұл жерде біршама Батыс еуропалық авторлар қатарының ғұндар миграция-сын Еуропа мәдениетіне «кері әсер берген», «азиаттардың» қозғалысы ретінде сипаттауы да әсер еткен болар. Себебі ғалымдар өз мәліметтерін кейбір кейінгі антикалық және ерте орта ғасырлық хронистерден жинақтаған және мәліметтерді сын көзбен өткізбей, өзге мәліметтермен салыстырмай пайдаланған.

IV-V ғғ Еуропадағы ғұндар тарихынан Еуразия тарихы басталады. Шығыс пен Батыстың көп қырлы өзара байланысының дәстүрлері мен мәдениетінің синтезі өз кезегінде жаңа өркениеттің және қоғамдық қатынастардың сапалы қалыптасуына әсер етті. Ұлы дала атақты тұлғаларды дүниеге әкелгені баршаға мәлім. Бұл жерде Ғұн империясының ұлы қолбасшысы және билеушісі Аттилада (395–453 жж) лайықты орын алады, – дейді профессор Қ.Т.Жұмағұлов. Қаған Аттиланы ол тек түркі әлемінің ғана емес, бүкіл әлем тарихының ең көрнекті тұлғаларының бірі деп есептейді.

Ғұн жерлері шығыстан батысқа қарай – Алтай, Орта Азия және Кавказдан Дунай мен Рейнге дейінгі территорияларға созылған. Орталық Азиядағы ғұн одағы қазақ этносының – Ұлы даланың ежелгі этносының қалыптасуына өз үлесін қосты.

Профессор Қ.Т.Жұмағұлов 2020 жылы жарық көрген монографиясында алғаш рет Аттиланың кейбір шіркеу аңыздарында «flagellum dei» («Бич Божий») деп айтылатын лақап атының шығу тегін, шын мәнін көрсететін уақыттың ғылымға келгендігін атап өтеді. Әртүрлі сирек кездесетін жазба деректер негізінде мәселені кәсіби тұрғыдан мұқият қарау керектігін, бұл анықтама бірінші кезекте христиан дінінің пұтқа табынушылықпен, яғни ғұндардың тәңіршілдігімен, діни қарсыласуымен байланысты деген логикалық тұжырымын ұсынады. Дәл сол кездері христиандық идеология тұрғысынан көрсетілген «Құдайдың соққысы», «Құдайсыз Аттила», «Антихрист» портреттері бейнеленген болатын. Осыған байланысты тағы бір айта кететін жайт, ол наным-сенімнен де туады, – дейді профессор Қ.Т.Жұмағұлов. Ғұндардың діні – тәңіршілдік. Ал Солтүстік, Орталық және Шығыс Еуропаны мекендеген халықтар мен тайпа ұйымдарында бұл кезде христиан діні әлі тараған жоқ, олар көп құдайға табынды. Сондықтан да ғалымның ойынша осы халықтар  күшейіп келе жатқан Ғұн державасын өздерін христиандық Рим империясынан қорғаушы күш ретінде сезінген.

Аттила атақты Каталаун даласын­дағы (451 ж.) Рим империясы, Вестгот корольдігі және олардың басқа да одақтастары бірлескен әскерімен шайқастан кейін аз уақыттың ішінде 452 жылдың көктемінде Италияға жорық ұйымдастырды. Бүкіл Солтүстік Италия ғұндардың қолына өткеннен кейін, олардың Римге жолы жақын еді. Егер Аттила Рим қабырғасының түбінде тұрған Рим папасы Лев І –нің сөзіне тоқтап, мағынасыз қиратулар мен қырып-жоюдан бас тартса,– дейді профессор Қ. Т. Жұмағұлов.  Ал сол кезеңнің тағы бір билеушісі –германдықтардың вандал тайпасының королі Гейзерих туралы бұны айта алмаймыз. 3 жылдан кейін 455 жылы вандалдар Римді тас-талқан етіп, халқын тонауға ұшыратты. Осыдан «вандализм» түсінігі күні бүгінге дейін мәдени, материалдық құндылықтарды жаппай құрту және хайуандық пен мағынасыз қатыгездігінің баламасы ретінде қолданылады, – деп профессор қорытындылайды.

«Аты аңызға айналған билеуші Аттила, Еділ батыр және оның дәуірі Еуразия тарихында өшпес із қалдырды, ол тек тарихи шығармалар, хроникалар мен этникалық ескерткіштерде ғана сақталып қалған жоқ» деп жазады ғалым.

Осыған байланысты, Ватиканда – Қасиетті Петр Соборында Аттилаға қатысты екі ескерткіш бар. Бірі – XVII ғасырдың скульпторы А. Альгардидің берельефі, екіншісі – Рафаэльдің фрескасы. Профессор Қ.Т.Жұмағұловтың ізденісінің нәтижесінде, Ватиканда Аттиланың үшінші бейнесі табылған. Ол осы уақытқа дейін бірде-бір Ғұн империя-сы мен Римге қатысты басылымда кездеспегенін баса көрсетуге болады. Фреска XVI ғасырда Рафаэльдің жақын шәкірттерімен жасалған. Төмен жағында «S. Leo Pont. Max. Attila. Furentem.Reprimit», латын тілінен аударғанда: «Папа Ұлы Лев қатыгез Аттиланы тоқтатуда» деген жазу бар.

Профессор Қ.Т.Жұмағұлов Ватикандағы ізденістерінде Алтын Орда тарихына байланысты беймәлім мәліметтерді саралады. Biblioteca Apostolica Vaticana архивтеріндегі бірегей дереккөздерді – латын тіліндегі манускриптілерді, оның ішінде Рим папаларының, Алтын Орда хандарына, Моңғолдардың Ұлы хандарына, Парсы жерлеріндегі ильхандарына жазған хаттарын саралайды.

Университет қабырғасында ғылыми-педагогикалық қызметпен айналыса отырып, әлемдік тарихтың ғаламдық мәселелерін зерттей жүріп, профессор Қ.Т. Жұмағұлов Еуропа мен Еуразия және Орталық Азия тарихы бойынша тарих ғылымының дамуына орасан зор үлес қосты. Ол қазақ, орыс, және шет тілдерінде 500-ге тарта еңбектер жариялады.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан, егемен ел бола тұрып өзі дүние жүзі тарихы бойынша жоғары дәрежелі мамандар дайындай бастады. Профессор Қ.Т.Жұмағұлов әлемдік тарихтың қазақстандық мектебін қалыптастырды. Оның жетекшілік етуімен 3 докторлық, 16 кандидаттық диссертация, 8 докторлық диссертация (PhD), сондай-ақ көптеген магистрлік диссертациялар қорғалды. 

Президент Жарлығымен Қ.Т.Жұмағұлов «Құрмет» орденімен (2006 ж), «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «Ы. Алтынсарин», «А. Байтұрсынов» медаль­дарымен, «әл-Фараби» Үлкен Алтын және Күміс медалімен, ҚазҰУ-дің 80, 85 жылдық мерейтойларына  арналған медальдармен марапатталды. «ЖОО үздік оқытушысы» рес­публикалық грантының иегері, Алматы облысының Құрметті азаматы.

Ұстаздығы үздік, үлгілі қасиеттері мол, еркін ой, еркін қимыл иесі, Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұловтың ұстаханасынан шыққан шәкірттері қазіргі таңда республикамыз бен әлемнің түкпір-түкпірлерінде қызмет етуде.

Пірімбек СУЛЕЙМЕНОВ,

Әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-дың саяси ғылымының кандидаты, доцент

 

989 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы