• Тіл
  • 26 Қаңтар, 2023

ТІЛДІҢ ИЕСІ – ХАЛЫҚ

Тілдік ортаны түрлі әдебиеттерде бірауыздан көбіне шет тілін үйрететін кеңістік деп таниды, оның екі түрі болады: елдегі немесе қоғамдағы табиғи тілдік орта; екіншісі, оқу барысында қолданылатын жасанды тілдік орта. 
Тілдік орта әлеуметтік лингвистика пәнінің де зерттеу нысаны. Мұнда ол сөйлеу мәдениетінің бұзылуы сияқты лингвоэкология шеңберінде ғана қарастырылып келеді. Тілдік орта ұғымы әлеуметтік лингвистикалық зерттеулердің басты категорияларының бірі болуы керек. Яғни тілдік орта тіл үйренушіге ғана керек кеңістік емес, тілдің өзінің өмір сүруінің, дамуының да алғышарты. 

Кеңес үкіметі орнағалы бір ғасыр бойы қазақ еліндегі қазақы тілдік орта тек сетінеумен келді. Біздегі ең күшті де таза тілдік орта отбасы ошақ қасы ғана еді. Қазақы отбасынан қазақы ұрпақ өсетін. Қазақы отбасына келген орыстілді келін де бірте-бірте тіл үйреніп шығатын. Отбасындағы тілдік ортаның өзіне тиесілі ғана шағын шектеулі кеңістігі бар. Бұрынырақта ол кеңістікке орыстілді теледидар келді, ортаны бұза алмады, қаупі шамалы болды. Енді міне, сол ортаға гаджет кірді. Орта бұзылды, отбасы өзінің соңғы таза тілдік кеңістігінен айырылды. Отбасы таза тілдік орта болудан қалды, өзге тілді гаджет оны талқан етті. Отбасы қазақы бала тәрбиелеуден қалды. Үйдегі жинаған қазақша кітаптан, теледидардағы «Балапан» арнасынан және үлкендердің әңгімесінен балаға бүгін гаджеттің қызығы артық болып тұр. Жан-жағымен әңгіме азайған соң, баланың тілі кеш шығатын болды. Тіпті кей қазақы отбасында орысша шығатын болды. Тілдің тіршілік ететін жері тек тілдік орта екендігі белгілі. Гаджет қазақ отбасындағы тілдің ең соңғы өмір сүру ортасына басып кірді. Күні кешеге дейін қазақ руханиятының барлық мамандарын тәрбиелеп шыққан таза тілдік орта ауыл, отбасы енді құритын болды, қоғамның қалған жеріндегі кеңістік орыс тілінің экспанциясында. Бұндай мемлекеттік маңызы бар іске бірінші кезекте өз үкіметіміз бас қатыруы тиіс, олай етпесе ертең жұртым дейтін бала таппай қаламыз. Қазақ тілінің соңғы тіршілік алаңына да міне, қауіп келді. Не істеу керек? Гаджетті шектеп ұстауға болады, бірақ көзін құрта алмайсың. Ең дұрысы–  ішін қазақыландыру, жәй қазақыландыру емес, қызықты етіп қазақыландыру. Шұғыл, әсіресе, бір жастан үш жасқа дейінгі, үш жастан мектепке дейінгі балаларға арналған мазмұн жасау. Бұл өзі көп қаржыны талап етпейтін жұмыс. Тіл комитеті, жер жердегі Тіл басқармалары өзара келісіп, шұғыл түрде балаларға арналған бейне өнімдерінің техталаптарын жасап, өздері білмесе мамандарды тартып жасатып, байқау жариялап, youtube-те тиісті қаралым жинағандарды жаппай марапаттаса, бұл мәселе оп-оңай оң сипат алар еді.

Ең алдымен, 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларға арнап айналадағы заттардың атын танытатын, түстерді, сандарды үйрететін техникалық талаптар жасауымыз керек. Қолдағы бар құралмен-ақ (телефон, әуесқой камера) баланы жалықтырмайтын қысқа-қысқа бейнероликтер түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп, тиісті қаралым жинағандарға ақшалай сыйлық берілетінін айтып, оны жасаушыларды қызықтыру керек. Ғаламторды қазақы контентке толтыру үшін Тіл комитеті мен Тіл басқармалары пайдасы жоқ шаралар мен өнімдерді шығаруды тоқтатып, жаппай осындай мемлекеттік сатып алу жариялауы керек. Биыл, шұғыл!

Иә, тіл саясатын жүргізуге үкіметтен қаржы бөлінеді. Бірақ жүйесіз, тиімсіз жұмсалады. Тіл комитеті мен Тіл басқар­малары арасында үйлесім жоқ. Дәл осы тілге бөлінген қаржыны жұмсауға келгенде жергілікті мәслихаттан өткізіп алған бюджетін әркім өзі білгенге салады. Қаржы басқарма басшысының тіл саясаты туралы түсінігі деңгейінде жұмсалады. Тіл комитетімен келісілген, бәріне ортақ, өзекті іс-шаралар жоспары жоқ. Мұндағы оқытуға бөлінген қаржы мен нәтижесіз тірлік жөнінде әңгіме тіпті бөлек. Бір шетін ғана айтайын, мемлекеттік қызметшілердің саны белгілі. Өздерінің құрамы да өзгермейді. Соларды отыз жыл бойы бюджеттен қаржы бөліп оқытып келеміз. Не тіл үйренген шенді жоқ, не бұл босқа кетіп жатыр екен деп тоқтаған қаржы жоқ. Жылда еселене бөлінеді.

Қай деңгейдегі (бастауыш, жалғас­тырушы, тереңдетілген) оқу болсын тіл үйретудегі ең маңызды әдіс – тілдік орта тудыру. Тілдік ортаның табиғи және жасанды түрлері болатынын айттық. Қазақстан Республикасы аумағы қазақ тілінің мемлекеттік тілі ретіндегі ресми заңды кеңістігі, өмір сүру ортасы. Үкімет осы кеңістіктің, ең болмағанда қоғамдық органдарына қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде орнықтыра алмай отыр. Бұл біздегі жүргізіліп отырған тіл саясатының босаңдығын, нәтижесіздігін көрсетеді.

Жасанды тілдік орта тудыру қазақ тілін оқытуға байланысты. Бұл жерде балабақшадан бастап, қазақ тілін оқытудың жүйесін қайта қарау керек. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде балабақшада, бастауыш, орта және жоғарғы мектепте оқытудың біртұтас жүйесі жасалуы керек. Мақсаты белгіленіп, деңгейлік бағдарламасы әзірленуі тиіс, құқықтық талаптары белгіленуі керек. Бұл оқыту мәселесі бір ұзақ әңгіме. Сондықтан тілдік ортаға қатысты ең басты орын алып жатқан мына бір жайтты ғана айтайын. Орыс тілділерге арнап сабақ беретіндер, оқу құралдарын жазатындар түсіндіру барысында орыс тілділерге түсінікті болсын деп орысша көсіледі. Бұл – түбегейлі қате қадам. Тіл үйренудің басты ұстанымы – жасанды тілдік орта тудыра білу. Оған әлеуетің жетпесе, онда курсқа сабақ жүргізуді қоюың керек. Ал орыстарға қазақ тілін үйрететін орысша кітап жазып жүргендердікі мүлдем қате тірлік. Ең басты негізгі әдіс – тілдік орта тудыра алмаған соң, бос әурешілдік.

Жалпы алғанда тіл саясаты екі бағытта жүргізіледі: бірі белгілі бір тілдің (мәселен, мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілінің) сол қоғамда дамуына жол ашу. Сондай-ақ сол қоғамның кеңістігінде оған кедергі келтіріп, қосанжараласып отырған тілдің (айталық, орыс тілінің) қолданысын тежеу.

 Өзіне тиесілі кеңістікке мемлекеттік тілдің жайылуына толық жағдай жасай алмасақ, онда біз толық тәуелсіз ел емеспіз. Қазір қоғамда осыны қалың жұртшылық тарапынан талап ету күшеюде. Әлеуметтік желіде: «Мен Қазақстанда – өз жерімде тұрамын!» «Маған қазақша қызмет көрсетіңіз!» деген ұстаным көбейіп келеді. Бұл қайшылық қақтығысқа әкелуі мүмкін. Тілдің иесі – халық. Оның талабын тезірек қанағаттандырмаса болмайды. Енді тіл саясатын да соған қарай өзгерту керек. Мемлекеттік тілдің мемлекеттік шекара, мемлекеттік қауіпсіздік сияқты қорғалуын қамтамасыз ету керек.

Біз ұш тұғырлымыз деп ұрандаттық, қазақ тілінің өзіне тиесілі заңды ортасында сайрандауына кедергі келтіретін өзге тілді тежеу былай тұрсын, мемлекеттік тілді сүмірейтіп соның қатарына қойдық. Қазақстан аумағында тұрған барлық электронды құрылғылардың мониторы (мәселен, банкоматтар) тек мемлекеттік тілде жанып тұруы керек еді. Осы елге келген қонақ, турист, тіл ұқпайтын нақұрыс немесе ойы бұзық басқыншыларға арналған қосымша кіші терезелерде таңдау үшін жанында тізіліп тұруы керек. Мемлекеттік тілдің ортасын кеңейтіп, тынысын ашпай, басқа тілдермен қатар қойып отырмыз.

Ал көшедегі маңдайшалардағы жазулар бұл қазақ тілінің иесі жоқ екендігінің, оған үкіметтің жаны ашымайтындығының, мемлекеттік тілдің бейшара күйде екендігінің нақты көрсеткіші. Алматы қаласының көшесіне шығып айналаға қараңызшы, латын таңбасымен бірі ана әліпбимен, бірі мына бір әліпбимен жазылған бейберекет ақпараттан жерге кіресің, қорланасың. Бұл қазақ тілінің қадірін кетіру ғана емес, мемлекеттің өзінің мемлекеттік тілін қорлауының көрінісі.

Осыдан бір ғасыр бұрынғы Жалау Мыңбаевқа арнап жазған Міржақып Ду­латовтың қазақ тілінің зары мына қорлықтың қасында жолда қап тұр. Иә, мемлекеттік тілдің тағдыры қазір жаны ашымастардың қолында деуге болады. Өз «үйінде» өз мекенінде отырып, зардап шегіп отырған тіл – ол Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Тілді жоюдың да жандандырудың да алаңы осы тілдік орта. Қазақстан аумағында тілдік ортаны қалпына келтіруге баршамыз құмырсқаша жабылуымыз керек. Ортақ жұмысқа әркім өз күші келгенше атсалысу керек. Мемлекеттік тілдің өріс жаю жолындағы шараларын күшейтуін Үкіметтен талап етуіміз керек. Дәл қазір ол отбасындағы кеңістікті қорғауға барынша күш салуы керек. Өйткені қазір отбасының қожасы мен ажасы оны таза ұстай алмайтын күйде.

Бижомарт ҚАПАЛБЕК

 

1562 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы