• Қоғам
  • 26 Қаңтар, 2023

МӘЖІЛІС САЙЛАУЫ: КІМДЕР ДЕПУТАТ БОЛУЫ ҚАЖЕТ?

 Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілісті тарату және мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурызда өтеді. Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланса, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Жалпы Конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді. 

МӘЖІЛІСКЕ ПОПУЛИСТЕР КЕРЕК ЕМЕС

«Партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Бұл да – елімізді демократия­ландыру жолындағы айрықша мәні бар қадам. Сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға басқа да тың өзгерістер енгізілді. Мысалы, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді. Мұның бәрі саяси бәсекені күшейтеді, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ саясаткерлердің жаңа буынының қалыптасуына жол ашады» деді Мемлекет басшысы.  

Президенттің айтуынша, осылайша «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толық іске асады. Ол барлығын азаматтық жауапкершілік танытып, Мәжіліс пен мәслихат сайлауына белсене қатысуға шақырады. Бұған дейін Қазақстан Президенті Мәжіліс депутаттарын тарату жөнінде кеңес өткізген болатын. 

Саясаттанушы Самат Нұртаза бұған дейін өткізілген реформаларды іске асыру үшін, жаңадан ха­лықтың сенімін алу үшін жаңа Мә­жіліс керек болды деп есептейді. Оның ойынша, бұл – заңды құбылыс.

«Осы жолы 30 пайыз жүйемен депутаттар сайланып, ешқандай партияда жоқ адамдар келіп, Мәжілістің беделі өседі деп ойлаймын. Сонымен бірге жаңадан тұрақты, бейбіт өмір сүруге бейімделген, халықтың талабына сай Мәжіліс болады деп сенемін.

Ал кімдер келетінін, біріншіден халық шешеді. Екіншіден, халық көріп отыр, кейбір үнсіз депутаттар бар. Бес жыл бойы сұрау жасамай, үндемей, журналистерден қашып жүрген мандат иелері болды. Ондай адамдар өтпесе екен деп тілеймін. Дегенмен белсенді депутаттар болды. Менің ойымша, олар келесі Мәжіліс буынында керек. Мәжіліске популистер келмеуі керек. Үндемей бес жыл отыратындар бар. Жалпы біздің халық сауаты жоғары қоғам деп есептеймін, олар кімнің кім екенін баяғыдан біледі. Сондықтан дауыс бергенде адал қызмет ететін адамдар келеді деп сенемін» дейді Самат Нұртаза.

Оның пікірінше, бұрынғы депутаттардың 30 пайызы қайтып келгені жөн.  Себебі халықтың арасына барып, халықтың мұң-мұқтажын білетін, халықпен бірге жүрген депутаттар болды. Сонымен қатар әрине, жаңа азаматтар да Мәжіліс төрінде отырғаны қажет.

«Өз басым, бәрін 100 пайыз жаңадан құру дегенге қарсымын. Жақсы азаматтар болды, сондықтан да баланс сақталғаны дұрыс. Ел арасында елім-жерім деген азаматтар бар, олар да Мәжіліске келсін. Әрине, Мәжіліске 7 партияның барлығы да өтпейді. 5 пайыз меже деген де аз емес. «Amanat» партиясының мүшесі болғаннан кейін бұл партияның өткенін қалаймын, өзім соған дауыс беремін. Өткен Мәжілісте 3-ақ партия болды ғой, менің ойымша, осы жолы 4-5 партия өтуі мүмкін. Әрине, ұлтжанды, патриот азаматтар келгенін дұрыс деп есептеймін. Соған сенгім келеді. Ал рушылдыққа, жершілдікке беріліп кетсе, әрине онда популистер келу қаупі бар» дейді саясаттанушы.

 

ОППОЗИЦИЯДАҒЫ АЗАМАТТАР КӨРІНСЕ...

Ал саяси ғылым докторы Сайын Борбасовтың айтуынша, алдымызда бүкіл қоғамды саяси жаңарту мақсаты тұр. Ол қоғамды демократия­ландыру, демократиялық институттарды күшейту, бейбіт тармақтардың бөлігін күшейту, негізгі формада «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» жасау болып тұр.

«Міне, соған байланысты ықпалды Парламент жасау керек. Мемлекеттің, ұлттың, елдің мүддесі маңызды емес азаматтар Мәжілісте не бітіреді? Оларға өз қалтасының мүддесі, кланның мүддесі жоғары. Міне, осындай адамдар Парламентте өте көп. Оны бәрі біліп отыр, сондықтан Парламентті таратып отыр. Бұл Парламенттің ауысуы заңды. Ықпалды Парламент болуы үшін, оған ықпалды адамдар кіруі керек. 28 адам можаритарлық сайлау бойынша ұсынысымен түседі ғой, осының өзі бір қуаныш»,  – дейді Сайын Борбасов.

Саясаттанушы жалпы пар­тия­лық тізім дегенге қарсы екенін жасырмады. Айтуынша, мажоритарлық жүйе Францияда өзін ақтаған жүйе. Бұл бойынша біз өзіміз биліктен көргіміз келген ададарды сайлауға мүмкіндігіміз бар.

Саясаттанушы Нұрлан Сейдін прези­денттік сайлаудан кейінгі өзгерістердің, реформалардың нәтижесі ретінде, Парламенттік сайлауды өткізіп, толық жұмысқа кірісуі керек. Міне, сол себепті Мәжіліс таратылып, жаңа партиялар тіркеліп, жеке тұлғалардың да сайлауға қатыса алуы оған үлкен мүмкіндік беріп отыр.

«Біздегі өзгерістер бір жағынан азаматтарға сайлауға қатысуына мүмкіндік берсе, екіншіден саяси партиялардың және жекелеген азаматтар арасындағы саяси бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді. Осындай қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар мен жеке азаматтар қатысып, соның жүзден жүйрігі халықтың ықыласына бөленіп, үлкен дауыс жинап, Парламентке келіп жатса, бұның өзі бізді елдегі демократиялық институттардың қалыптасуына, саяси бәсекелестіктің артуына, жалпы осындай мәселелер саяси үдерістердің жылдамырақ дамуына мүмкіндік береді. Азаматтық қоғам қалыптасуына біз мүмкіндігінше жылдамырақ жететін боламыз. Кез келген азамат депутаттыққа түсе алады. Оның өз заңдары бойынша мерзімдері мен шектеулері бар. Жалпы Мәжіліске кімдердің келгені дұрыс дегенде, мысалы бұл заң шығарушы орган болғаннан кейін, бұл жерде кәсіби мамандар болғаны дұрыс деп білемін. Қазіргі кезде бізге қарқынды даму үшін осы мәселе жағын реттеуіміз керек.  Парламент заң шығарып қана қоймай, екінші жағынан Үкіметтің жұмысын бақылап, қадағалап, есебін талап етіп, өз жұмысымен айналысса, дайындығы бар, мектептен өткен адамдардың болғаны дұрыс деп білемін» дейді Н.Сейдін.

 

30 ЖЫЛДАН БЕРІ ШЕШІЛМЕГЕН МӘСЕЛЕЛЕР БАР

Саясаттанушының айтуынша, бұ­рынғы депуттардың қанша пайызы келуі мүмкін екенін айту қиын. Дегенмен депутаттық корпустың біраз құрамы ауысады, жаңаланады. Саяси бәсекелестік арқылы қоғамда беделі бар, жалпы қоғамдық мәселелерді көтеріп жүрген, соған бейжай қарамайтын белсенді азаматтар келуі керек. Жасалып жатқан мүмкіндікті саяси партиялар болсын, жекелеген азаматтар болсын дұрыс пайдаланса, басым көпшілігі жаңарады деген үміт бар.

«Қазір Президент бұрынғыдай сая-си партиялардың мүшесі емес, өзінің Президенттік өкілеттігі кезеңінде саяси партиядағы мүшелігін тоқтатқан болатын. Сонымен қатар жергілікті әкімдер де саяси партияларға мүше емес. Өткенде жалпы сая­си партиялардың арасындағы бәсекелестік менің ойымша, бұрын жергілікті ауыл, қала, облыс әкімдері «Nur Otan» партия филиалының жетекшісі ретінде басқарып келген. Ол белгілі бір дәрежеде қолдау көрсететіні, әкімшілік ресурстарды пайдаланатыны жасырын емес. Бүгінгі таңда осындайдан бас тарту үшін Президент былтыр ұсыныс жасап, қазір өзінен бастап, жергілікті әкімдер партияның құрамынан шыққан болатын. Яғни қызметі барысында өзінің партиядағы мүшелігін тоқтата тұрады. Жаңа партиялар тіркеліп жатыр, жеке азаматтар да белсенділік танытуда. Сондықтан менің ойымша, жалпы депутаттық корпустың басым бөлігі ауысады, екіншіден бұрынғыдай үш-ақ партия болмайды. Партиялардың өтетін межесінде бес пайызға төмендетті, менің болжауымша, алдағы Мәжілісте кемінде 5-6 партия болады.

Ұлтжанды депутаттардың келуіне толық мүмкіндік бар. Өйткені біз де жалпы демографиялық тұрғыда өсіп келе жатырмыз. Әсіресе, осы тұрғыда ұлттық мәселелерді көтеріп жүрген азаматтардың, бүгінгі қоғамдағы 30 жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселелер, қазіргі өзгерістерге байланысты туындап жатқан проблемалар бар, соның бәрін көтеру арқылы халықтың ықыласы­на бөленіп, Парламентке келуге толық мүмкіндік бар» дейді саясаттанушы Н.Сейдін.

Сонымен, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау биыл 19 наурызда өтеді. Кандидаттарды ұсыну 20 қаңтарда басталып, 8 ақпанда сағат 18.00-де аяқталады.

Кандидаттар мен саяси партияларды тіркеу 20 қаңтарда басталады және 18 ақпан 18.00-ге дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгіт 18 ақпан 18.01-де басталып, 18 наурыз сағат 00.00-де аяқталады. 18 нау­рыз – тыныштық күні. Сайлаудан кейін Мәжіліс 98 депутаттан тұрады. 69 депутат партиялық тізімдер бойынша, ал 29 депутат бір мандаттық аумақтық округтер бойынша сайланады. Мәжіліс депутаттығына Қазақстан азаматы болуы керек, соңғы он жылда Қазақстан аумағында тұруға тиіс, кем дегенде 25 жаста болуы шарт деген талаптар қойылады.

Ал Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауына түсетін кандидаттар 1 млн теңге сайлау жарнасын төлейді. Ал мәслихат депутаттығына кандидаттар үшін жарна 350 мың теңгені құрайды. Партиялық тізім бойынша сайланатын кандидаттар үшін сайлау жарнасын саяси партиялар төлейді.

 

713 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы