• Руханият
  • 26 Қаңтар, 2023

80 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ «АБАЙ ЖОЛЫ»

Кезінде атасының үйретуімен арабша хат танып,  1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан орыс мектебінің дайындық курсына ауысып, 1910 жылы Семей қалалық бес кластық орыс қазына училищесіне оқуға түсіп, соңғы сыныпта оқып жүргенде «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазған суреткер жазушы – Мұхтар Әуезов.

Бүгінде жарық көргеніне 80 жыл болған атаулы роман-эпопеяның түпнұсқасын көріп, танысқысы келген кез келген жанға ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Кітап музейі, сирек кітаптар қорында 1942 жылы Алматыда жарық көрген, «Абай» атты тақырыптағы кітабы сақталған. Кітап Алматы қаласындағы Қазақтың Біріккен Мемлекеттік Баспасынан 1942 жылы жарық көрген және 399 беттен тұрады. Редакторлары: Сағындықов Құрманбек, Шаңғытбаев Қуандық. 5000 тиражбен оқырманына жол тартқан роман.

Ерекшелігі сонда ұлы жазушының өз қолтаңбасы қалған алғашқы «Абай» (тарихи роман) атты бір нұсқасы.

Жазбасында:

Әдебиет досы

Жолдас Мұхаметжановқа!

Біздің ЦК мен Совнарком 1939 ж. Қаулысында қазақ тілінде проза жанры даму қажет деп еді. Сол қаулыға жауап есебінде жазылған шығармам осы еді.

Оқып, сынап, жолдастық пікір айтуыңызды күтіп

22/VII - 42 ж. – деп көрсетілген латын қарпінде.

Мазмұны – Тайғақта, Әнде, Еңісте, Аңда, Асуда, Тағы да әнде және эпилогтан тұрады.

 

Кітаптағы Басты Қателері

Басылғаны

Дұрысы

Жөнде устаса да бейбіт

Жөнде өкпе уставса да бейнет

«буратана - кімге»

«буратана - кірме»

Сұрастырып

Жәйін сұрастырып

мыс

қыс

улап

урлап

керемет

кермеде

Күйінішпен қойып

Күйінішпен күрсініп қойып

шақырмақ

шаптырмақ

бір

бар

шақырып

Шығарып

бостығы

достығы

боп

топ

тосында

тобында

 

 

Сонымен қатар кітап соңында редакция алқасы:

– Оқушы, Баспа сізден осы кітап туралы өз пікіріңізді жазып жіберуіңізді сұрайды. Жазған хатыңызда жасыңызды, қызметіңізді көрсеткейсіз. Баспаның адресі: Алма-Ата, Дом Наркоматов, КазОГИЗ – деген жазба қалдырған.

Әлемге әйгілі роман-эпопеясы. «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын жоғары деңгейге көтеріп, әлем әдебиетіне биік эстетикалық талғам, көркемдік қуат әкелген үздік туындысы. Әлемнің 116 тіліне аударылып, оқырмандар үшін роман-эпопея 200 томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясында 134-135 том болып, орын алып тұр. Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларының өзінде роман-эпопея жиырмаға жуық қайта басылып шығыпты. Соңғы рет белгілі жазушы, аудармашы Анатолий Кимнің жаңа, тың аудармасымен басылған. Сондай-ақ тәуелсіздік жылдары түрік, иран тілдеріне де аударылған. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі, академик – Қаныш Сәтбаев жарты ғасырлық «қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп бағалаған туынды. Әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов: «Мен мұны қазақ халқының жалпы адамзаттық көркем ой парасатының маржанына қосқан тікелей үлесі деп бағалаймын. «Абай» эпопеясы – бұл біздің көркемдік және әлеуметтік энциклопедиямыз, ол біздің ортақ мандатымыз...», – деп бағасын берген.

Нәубетті жылдар тауқыметі шарпыса жүріп, жазушы өз өмірінің басты кітабы – «Абай жолы» эпопеясына аса тыңғылықты дайындап, ұсынған. Алдымен Абай шығармаларының екі томдық толық жинағын шығарады. Ақын туралы деректерді тынбай жинастырады, оның өмірбаяндық, шығармашылық жолын ғылыми тұрғыдан бір ізге түсіреді. Болашақ эпопеяның алғашқы тарауы «Татьянаның қырдағы әні» деген тақырыппен жарық көреді. Содан кейін ғана қалған барша саналы ғұмыры тек кемеңгер Абай тұлғасын жан-жақты бейнелеуге арнайды. Тарих пен тағдыр берген мүмкіндікті шебер пайдалана отырып, табиғи болмыс-бітіміндегі қаламгерлік қарым-қабілетті, ақыл-зейінді, таным-түйсікті, өмірлік және көркемдік тәжірибенің барлық күш-құдіретін «Абай жолына» сарқа жұмсады. Соның нәтижесінде туған ғажайып роман-эпопея арқылы халқымыздың тарихи зердесін қайта қалыптап, көшпелі жұрттың тіршілігін жаңаша жаңғыртты. Ұлттық дәстүрін барлық қырынан жан-жақты ашып көрсетті. Қазақтың дана ұлы Абай образын, шығармалық және қайраткерлік тұлғасын сөз өнерінде өзгеше даралықпен сомдады. Сондай-ақ жазушы Жүсіпбек Аймауытовпен бірлесіп, Семейде «Абай» ғылыми-көпшілік журналын да шығаруға қатысады.

Ол ғана емес, шетелдік қаламгерлер Луи Арагон, Н.Тихонов, Б.Матип т.б.жоғары бағаларына ие болған тарихи роман қатырнан орын алған.

 Адамдардың тағдыры мен мінезін, түрлі әлеуметтік топтардың тартысын су­реттеу арқылы оқырман таң қалар талай тамаша бейнелер жасап, әлем­дік әдебиеттің небір классикалық шығар­ма­лары жасаған суреттер қатарына қосты.

Абай құдай берген қайталанбас қасиеттерінің, тумысынан қанында бар мінез-құлқының арқасында өмір мәні мен қоғамдық тірлік, замана туралы ойларында өз дәуірінің таланты тұлғаларының ешбірінен кем болмаған. Оны өзі қаршадайынан сезініп, ешкімнен именбей тең сөйлескен. Қаламгер ойшыл Абайды ақын ретінде ғана емес, қоғам қайраткері, ойшыл философ және өз ұстанымдары үшін күрескен Адам ретінде суреттейді. 

Қазақ халқының тағдыры туралы әңгіме, повестерінде жан-жақты суреттеген ойлары адам табиғатының әмбебап мағынадағы мәніне дейін көтеріледі. Оның «Еңлік – Кебектен» бастау алып, іргелі эпопея «Абай жолына» дейінгі барлық шығармаларының алтын арқауы осы десе де болады.

М.Әуезов өз дәуіріндегі Орта Азия көркем ойы мен рухани өмірінің дамуы-на өлшеусіз үлес қосып қана қойған жоқ, ғаламат шығармалары арқылы сол процестің басты көрсеткіші болды. Жазушының тынымсыз еңбегі, терең ізденісі, зор шығармашылық қажыр-қайратының нәтижесінде дүниеге келген төрт томдық эпопея дүние­жүзі әдебиетінің төрінен лайықты орын алып, ұлтымыздың мерейін тасытып, мәртебесін көтерді, мәдениетінің даң­қын аспандатты, төрткүл әлемге қазақ деген халықтың талайлы тарихын, тұр­лаулы тағдырын, қадір-қасиетін паш етті.

Мөлдір ТӨЛЕПБАЙҚЫЗЫ,

ҚР Ұлттық академиялық кітапхана қызметкері

1122 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы