• Мәдениет
  • 26 Қаңтар, 2023

ЖАППАСБАЕВТЫҢ «ЖАСТЫҚ ЖЫРЫ»

Күйші, композитор, дирижер Мәлік Жаппасбаевтың шығармашылығына арналған «Жастық жыры» концерттік кеші өтті. Кешті Н.Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі Құрманғазының күйі «Бозшолақ» шығармасымен бастады. Дирижері – Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе. Концертті Елдар Отарбаев жүргізді.

Айта кетейік, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қауымдастырылған профессор, философия докторы, Т.Әбді­рашев атындағы мемлекеттік академиялық симфония оркестрінің және Н.Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері Мүсілім Әмзенің қазақ оркестрі мен дирижерлік өнерінің дамуына үлес қосқан, майдангер-композитор, дәулескер күйші, дарынды дирижер Мәлік Жаппасбаевтың шығармашылық өмірбаяны туралы тың дерек пен тарихи құжаттарға сүйеніп жазған «Мәлік Жаппасбаевтың музыка мұрасы» зерттеу еңбегі жарыққа шықты. Кеш барысында осы оқу құралының тұсаукесер рәсімі жасалды. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, өнер­тану докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Өтеғалиева, фи­ло­софия докторы, доцент Айжан Бер­ді­бай кітап авторына жүрекжарды тілегін арнады. «Ұлттық музыка өнерінде бұл еңбектің орны ерекше. Сыр бойының атақты күйшісі, дирижері Мәлік Жаппасбаевтың шығармашылығын зерттеу барысында Мүсілім Әмзе архив ақтарып, тірнектеп материал жинап, музыкатанушылардың өзі де біле бермейтін мәліметтерді ғылыми айналымға енгізіп, талантты тұлғаның атын жаңғыртып отыр. М.Жаппасбаевтың ұлттық бояуы басым жеті әнінің табылып, жаңа композиторлық қырының да ашылғанын осы еңбектен біліп отырмыз. Руханиятымызға майдангер композитор өмір сүрген кезеңдегі ұлттық музыканың бедерін байқататын құнды еңбек қосылды деп сеніммен айта аламыз»,  деді Айжан Рахманқұлқызы.

Мәлік Жаппасбаев 1934 жылы Бүкіл­қазақ­стандық халық өнерпаздарының слетінде күйшілік өнерімен айрықша көзге түсіп, алғашқы қазақ оркестрінің құрамына домбырашы болып қабылданады. Көп ұзамай оркестр концертмейстері болып бекітіледі. 1941 жылы Алматыда қызметте жүрген уақытында ағасы Ыбырайыммен бірге шұғыл майданға аттанған. Хaлық мyзы­кacының қaйнap бұлaғынaн мейірі қaнып сусындаған шeбeр күйшi, алғыр oркecтp мyзыкaнты, дoмбыpa тoбының жетекші кoнцepтмeйcтepi, oркecтpдiң диpижep-accиcтeнті қызмeтiн абыройлы aтқapғaн жayынгep-кoмпoзитop, күйші, дирижер Мәлiк Жaппacбaев қысқа ғұмыр кешіп, 1943 жылы 29 жaсындa майдан даласында өмipдeн oзған.

Зерттеуші Мүсілім Әмзе М.Жаппас­баевтың аз ғұмырында соңында қалған мұрасын зерттеп, кітапқа енгізген. Концерт­тік кеште Мәлік Жаппасбаевтың «Сұлу қыз» (сөзін жазған Ғафу Қайырбеков, орындаған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Еркін Шүкіман), «Жастық жыры» (сөзін жазған Шәміл Мұхамеджанов. Өңдеген Латиф Хамиди. Оркестрге түсірген Альберт Әлмағамбетов. Солист – халықаралық конкурстың лауреаты, әнші Бибігүл Тыныштық), «Мойынты – Шу» (cөзін жазған Нығмет Баймұхамедов. Солист – республикалық конкурстың лауреаты, әнші Әміржан Бекниязов), «Отаным – байлығым!» (бұрынғы атауы Көсем үшін – ел үшін; сөзін жаңартқан Асқар Дүйсенбі. Өңдеген Сергей Шабельский. Оркестрге түсірген Рахат Мәдіреев. Солист – халықаралық конкурстың лау­реаты, әнші Тахауи Рахметов. Дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе), «Қарағанды туралы ән» (cөзін жазған Айтбай Хангелдин. Өңдеген Латиф Хамиди. Оркестрге түсірген Арман Аманжол. Солист – халықаралық конкурстың лауреаты, әнші Балуан Беркенов), «Сәлем» (сөзін жаңартқан Серікзат Дүйсенғазин. Оркестрге түсірген Леонид Шаргородский. Редакциялаған Қуаныш Жұмағали. Солист – Фархат Кубиев), «Сұлу қыз» (сөзін жазған Ғафу Қайырбеков. Өңдеген Латиф Хамиди. Оркестрге түсірген Жамағат Темірғалиев. Солист – ҚР мәдениет қайраткері, әнші Есенгелді Ырза. Дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедия­ров), «Абай жыры» (бұрынғы атауы Ленин томы қолымда; сөзін жаңартқан Cәкен Сыбанбай. Өңдеген Латиф Хамиди. Оркестрге түсірген Ермек Өміров. Солист – халықаралық конкурстың лауреаты, әнші Дияр Нұрсұлтан. Дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуов), «Бабалар аманаты» (бұрынғы атауы Партия туралы ән; сөзін жаңартқан Әлібек Шегебай. Өңдеген Латиф Хамиди. Оркестрге түсірген Тасқын Жармұқамет. Солист – халықаралық конкурстың лауреаты, әнші Дияр Нұрсұлтан. Дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедияров), т.б. әндері шырқалды.

Э.ЫБЫРАЙҚЫЗЫ

 

863 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы