• Мәдениет
  • 26 Қаңтар, 2023

ӨҢІРЛІК БАҚ-ҚА ДА ЕРЕКШЕ НАЗАР АУДАРЫЛАДЫ

Астанада Өңірлік баспа басылымдардың жұмыс деңгейін арттыру мәселелері бойынша форум өтіп жатыр. Жиынға Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Асқар Омаров және өңірлерден келген 200-ден аса БАҚ өкілі қатысты. Жиында мерзімді басылымдардың мәселесін талқылады.

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов қазіргі заманда ақпараттың анық-қанығын ажыратып, шынайы мәлі­метті елге жеткізе білу өте маңызды екеніне тоқталды.

«2016 жылы Қазақстанда 2 мыңға жуық БАҚ тіркелген болса, бүгінде оның ұзын-саны 5 мыңнан асты. Оның 70 пайызы баспа мен мерзімді басылымдар. Бұл – медиа саласының қарқынды даму әлеуетінің ұлғайғаны мен оның болшағының зор екенінің дәлелі. Отандық медианың әлеуетін одан әрі дамыту үшін алдымызда ауқымды міндет бар. Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында еліміздегі ақпараттық саясатты, жастар саясатын, азаматтық қоғаммен байланыс құралдарын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар беріп, міндет қойды. Осы орайда, өңірлік БАҚ-тың оқырманының саны мен басылым таралымын қайта көбейту, қаржыландыру және техникалық жаңарту, уақытылы жеткізу мен жергілікті БАҚ-тың ахуалын жақсарту бағытында министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеуі керек. Әр аймақтағы басылымдардың өзіндік өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып, мемлекеттік ақпараттық саясатты тиімді жүргізу форматын қалыптастыру қажет. Сала мамандарын, білікті сарапшыларды ақпараттық түсіндіру жұмыстарына тарту маңызды. Тағы бір мәселе – отандық медиа кеңістіктің қауіпсіздігі. Жалған ақпараттан халқымызды қорғау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуға тиіс», деді Алтай Көлгінов.

Жиында мерзімді басылымдарды тарату, уақытылы жеткізу мәселесі әлі де күн тәртібінен түспей тұрғаны да, журналистердің ресми мәліметтерге қолы жетпейтіні де талқыланды. Бұл мәселеге қатысты министр Дархан Қыдырәлі журналистің сауалын жауапсыз қалдырған мемлекеттік қызметкерлер жауапқа тартылатынын айтып өтті. Алдағы уақытта журналистердің сауалдарына жауап беру мерзімі 3-5 күнге дейін қысқарады. Баспасөздің басты мәселесі талқы­ланған жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі баспасөз саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды.

«Осыған дейін медиа индустрияны дамыту үшін Astana Media Week халықаралық медиа апталығын, Орталық Азия медиа форумын өткіздік. Қазақстанда өткен жиынға шетелден экс-президенттер, Пулитцер сыйлығының иегерлері, медиа саласының майталмандары, бас-аяғы 300-ден аса делегат қатысты. Алқа мәжілісінде БАҚ мәселесін де талқыладық. Енді мерзімді басылымдардың ахуалын талдап, бағыт-бағдарын саралауды қолға алып отырмыз. Мерзімді басылымдар – журналистиканың алғашқы мектебі. Қазақтың көптеген көрнекті тұлғалары тырнақалды туындыларын БАҚ-та жариялап, елге танылды. Баспасөздің қай уақытта да қоғамда алатын орны ерекше», деді министр Дархан Қыдырәлі.

Сала басшысы, сондай-ақ өңірлік БАҚ-қа да ерекше назар аударылатынын атап өтті.

«Аймақтағы басылымдарды қар­жыландыру тетігі мен ережелерін қайта қарастырып жатырмыз. БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдетуге мүдделіміз. Атап айтқанда, жергілікті БАҚ-ты қолдау тарифтері 2019 жылдан бері өзгермегені белгілі. Соған байланысты біз тарифтерді ұлғайтуды жос-парлап отырмыз. Бұл шаралар жобалық тәсілде өңірлік мемлекеттік ақпараттық тапсырысты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті БАҚ-қа жаңа серпін беріп, оң әсер етеді деген үміттеміз»,  деді Дархан Қуандықұлы.

Министр «Масс медиа туралы» ҚР заң жобасы аясында журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жоспарланып отырғанын атап өтті.

«Қазір заң жобасы қаралып жатыр. Онда журналистердің жеңілдікпен пәтер алуы, ауруханаларда жеңілдіктер пайдалануы туралы нормалар бар. Ең қарапайымы – «Pressa» деген жазуы бар көлікті кез-келген жерге қою немесе мекемелерге кіру сияқты көптеген жеңілдіктерді қарастырып отырмыз»,  дейді министр.

Сенат депутаты, қаламгер Нұртөре Жүсіп: «Осыған дейін БАҚ-тың бары мен жоғын талқылаған талай форум өтті. Бүгін бірінші рет өңірлік басылымдар форумы ұйымдастырылып отыр. Аймақтардан шығармашылық ұжымдардың өкілі Астанаға арнайы келді. Бұл өңір жур­налистерінің ақпарат алмасу мен жаңа­шылдыққа қатысты тың тәжірибеге қа­нығатын аймағы болары сөзсіз. 1907 жылы Ахмет Байтұрсынұлы «газетті ел керек қылмаса, миллиондап капитал жұмсалмас еді. Осылардың барлығына газеттің керек екенінің дәлелі» дейді. 1907 жылғы дерек бойынша, Ресейде 2173 газет-журнал шыққан екен. Оның 1396-сы орыс тілінде, 867-сі басқа тілде басылыпты. Сол 867-нің ішінде 30 шақтысы татар қандастардың баспасөзі. Біз де ол кезеңде өз бигімізден көріндік. «Айқап» журналы жарық көрді. «Қазақ» газеті шықты. Адым алға басқан соң, артқа кетуге болмайды. Озғандарға жету керек. Жеткендерден озу керек. Ендеше қазақ баспасөзінің бүгінгі күй-ахуалын да назардан тыс қалдырмаған абзал. Осы орайда газеттің шығармашылық саясатын жасайтын жауапты тұлға Бас редакторлар институтының әлсіремегені абзал» деді. Форум жұмысын ертең де жалғастырады.

Қарагөз СІМӘДІЛ

 

836 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы