• Руханият
  • 26 Қаңтар, 2023

«ҰЛТТЫҢ ЖОҒЫН ҰЙЫҚТАП ЖҮРІП ЕМЕС, ОЯУ ЖҮРІП ІЗДЕУ КЕРЕК»

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

Ағылшынның мемлекет қайраткері Уинстон Черчильдің «Мемлекеттiк қайраткерлердiң саясатшыдан айырмасы: сая­сатшы — келесi сайлаудың, мемлекеттiк қайраткер —болашақ ұрпақтың қамын жейдi» деген қанатты бір сөзі бар.
Ойланатын, ойлантатын-ақ сөз. Ал бізде мемлекеттік қайраткерлер бар ма? Бар, жетерлік. Ақиқаты — адам мем­ле­кеттік қайраткер болып тумайды, қалыптасады. Десек те, абы­рой биігіне жеткен адам қашан да отаншылдығын, мем­лекетшілдігін ұмытпаса дейміз.

Қазақтың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ.Мемлекеттік қыз­меткер, мейлі депутат болсын, ол алдымен Отанын ойлау керек.Мем­лекетшіл Сенатқа жаңа адамдар келді. Ассамблеяның атынан тағайындалғандар да бар. Оның алдында 20 депутат мәслихат арқылы Сенатқа сайланды. Бәрі мемлекетшіл болса екен.

Мәжіліс, Сенат – халықтың көкейкесті сөзін айтатын мінбер. Заң қабылдайтын орын. Алаш көсемі Әлихан айтқандай, «закон – адам пайдасына жазылады, адам закон үшін тумайды ғой». Сон­дықтан Сенатқа келгендерге сенім артамыз. Мәжіліс сайлауында да ұлтжанды, мемлекетшіл азаматтардың жеңімпаз болғанын қалаймыз.

Біз – тарихы тереңге тартатын мемлекет құрушы халықпыз. Түрік қағанатынан бастап, Алтын Орда, Қазақ хандығы және бүгінгі Қазақстанның тәуелсіздігінің баянды болуы бәрімізге де байланысты болып тұр. Тоныкөк ескерткіші жазуында: «Түн ұйықтамадым, Күндіз отырмадым, Қызыл қанымды төктім, Қара терімді ағыздым, – деген антқа пара-пар сөздер бар. Айбынды асыратын сөз. Бірақ өмір бойы өткенге рухтанып, естелікпен өмір сүре беруге болмайды ғой.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттің тірегі – жалғыз Президент емес, бүкіл халық. Сондықтан ел басқаруға жаңа буын өкілдерінің келуі өте маңызды. Біз ұлт мүддесін қорғайтын және халыққа адал қызмет ететін азаматтарға жол ашуымыз керек. Нағыз мемлекетшіл, отаншыл, білікті тұлғалар жұртты жасампаз істерге жұмылдырып, Қазақстанды өркендете алады. Осы ұстаным мызғымас қағидатымыз болуы тиіс» деп атап көрсетті.

Ендеше біз мемлекеттің заңы­на бағынатын, ұлтымыздың ұлы мұрасын ұлықтайтын, ұлттық құн­ды­лықтарымызды бағалайтын, Отанын шын сүйетін, елін-жерін, туған тілін құрметтейтін азаматтарды нағыз мемлекетшіл қайраткер деп бағалаймыз.

Ал мемлекетті ойламаған адам­ның «мені» жоғары болады. Бұл жақсылық емес. Мемлекетшіл адам жауапкершілікті ерекше сезіне білуі керек. Бүгінгі, ертеңгі қоғамның барлық жауапкершілігі «менде» деген сезім болуы қажет.

Дос Көшім айтқандай, «бізге салиқалы ұлтшылдық керек. Сали­қалы ұлтшылдықты салиқалы адамдар ғана жасай алады». Біздің айтарымыз, сол салиқалы ұлт­шылдық пен мемлекетшілдік бәрі астасып, жарасым тауып жатса, даму да сонда болады.

Ал ұлтты, мемлекетті күшейтетін не? Нақты іс, ақыл-ой мен жан-жақты реформаның қоғамда шынайы түрде нәтижелі жүзеге асуы. Бізге «популистік ұлтшылдық­тан» гөрі, ұлтқа ұтымды іс жасайтын, тірлігімен үлгі бола алатын мемлекетшіл қайраткерлер керек. Сонда ғана ел олардан үлгі алады.Дамиды. Бәрі қатарынан қалмай жұмыс істейді.

Бірер айдан соң сайлау. Мә­жіліс мандатына мемлекетшіл қай­раткерлер ие болса дейміз. Өйткені тәуелсіз елге Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлы айтқандай, «ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздейтін» адамдар керек.

1040 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы