• Мәдениет
  • 02 Ақпан, 2023

ҚАЗАҚ ФЕНОМЕНІ: ӘЛЕМДІ ТАҢДАЙ ҚАҚТЫРҒАН ТАЛАНТТЫ ЖАСТАР ТУРАЛЫ СЫР

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Соңғы уақытта әлем назарын аударған талантты қазақ жастарына қатысты «қазақ феномені» деген түсінік қалыптасты. Қай саланы қарасаң да, үздіктердің қатарында қазақ баласы көзге ілінеді. Әсіресе, көпшілік Димаш Құдайбергеннің шығармашылығымен танысқан сәттен бастап, олардың Қазақстанға деген қызығу­шы­лығы арта бастады. 

Сонымен қатар қазір заманауи танымал музыка жанрында да дүниені дүркіретіп тұрған қазақ бар. Ол – 20 жасында Қазақстаннан, жалпы ТМД және бұрынғы КСРО елдерінен бірінші болып «Грэмми» сыйлығын алған диджей Иманбек. Оның рэпер Saint Jhn шығарған «Рау­шан» әніне жасаған ремиксі Бельгия, Венгрия, Нидерланды, Польша және Швецияны қоса алғанда, Еуропаның көптеген хит-парадында тоқтаусыз ойнап, Shazam чатында әлемдегі ең үздік әндердің ішінде 3-орынға шықты. (Shazam – жақын жерде ойнап жатқан кез келген әннің атын анықтай алатын смартфон қолданбасы – авт.). Бүгінде ол әлемдік деңгейдегі жұлдыздармен, соның ішінде: Шон Пол, Ашер, Рита Ора, Алан Уокер және Моргенштернмен жұмыс істейді.

Сонымен қатар «Масло черного тмина», «Ирина Қайратовна», Скриптонит және Jah Khalib, жас таланттардан Ержан Максим, ­Данэлия Төлешова, Жан Маким де өнерімен әлем назарын аударып жүр. Әзіл-сықақ саласында Нұрлан Сабуров, Азамат Мұсағалиев, кинода Тимур Бекмамбетов, ­Самал Ісләмова, Айсұлтан Сейітов бар. Мұның сыртында басқа да салада жүрген танымал азаматтар қаншама?! Олардың бірқатары Youtube порталындағы 10 миллион­нан астам жазылушысы бар және видеоларын жарты миллиардқа жуық адам қарайтын «Дудь» бағдар­ла­масында қонақ болды. «Алға Петербург» арнасының авторлары болса, «қазақ феноменін» түсіндіруге ты­рысып, бірнеше шығарылым жасаған.

Сонымен әлем таңдай қағып, жарыса айтып жатқан «қазақ фе­номенін» қалай түсінуге болады?

Мәдениеттанушы Роман ­Бұр­қаштың пікіріне ден қойсақ, соңғы 10 жыл­дықта қазақ жастары әлемге таныла бастағаны рас, бірақ бұл қазақ жастары тек кеше ғана көзге түсе бастады дегенді білдірмейді.

«Бұрын да солай еді. Тек соңғы кездері қатты дамыған себебі, қазір ақпарат­тық кеңістік тым ауқымды. Әлем алақан­дағыдай боп қалған жоқ па?! Болмаса, дәл қазіргі дарынды жастар бұрын да қазақта болған. Тек заманында орыстың боданы болғанымыз үшін көп айтыла да, жазыла да, таныла да қоймады. Кешегі Әміре Қашаубайлар, бертін келе Мұстафа Өзтүріктер уағында әлемге танылған қазақ жастары емес пе еді?! Демек дарынды қазақтар бүгін пайда болған жоқ. Оның үстіне кеңес өкіметі қазіргі Солтүстік Кореядай әлемге жабық, томаға-тұйық мемлекет еді. Кімде-кім болсын, ол кездері  әрі кетсе, кеңес өкіметінің кеңістігінде ғана таныла алды. «А-Студио», Батырхан Шүкеновтер де тек посткеңестік аймақта ғана таныла алды.

Ал қазір, әсіресе, соңғы 10 жыл­дықта заман күрт өзгерді. Қазақтар жалпы әлемге шыға алатындай деңгейге жетті. Ақпараттық кеңістікте еркіндік бар, көп нәрсеге қолымыз оңай жетеді. Осының бәрін жиып келгенде, қазақтарға өз тілінде өз мәдениетін әлемге таныстыруға толық мүмкіндік бар. Сол үшін тез танылып, таңғалтып жатырмыз. Бұл үрдіс тек музыкада ғана емес, ғылымда да, спортта да солай. Қазір қазақ жастары барлық салада әлемге танымал. Оның бәрін тізіп отырудың өзі көп уақытты алады. Сондықтан соңғы уақыттағы «қазақ феноменіне» ықпал еткен негізгі нәрселердің бірі осы жастар арасындағы шығармашылық еркіндік, өзін таныта алудағы еркіндік деп есептеймін. Бір жағынан қазір технологиялық ресурс та қолжетімді. Кез келген қазақ жастары қолында бар мүмкіндікпен ән жазып, музыка шығарып, ешкімнің мақұлдауын алмастан тікелей өнерін әлемге паш ете алады. Оған өткен жылдары «Гремми» жүлдесін алған Иманбек те дәлел. Бір жағынан қазақ музыкасына әлемнің де әлі «ашылмаған материктей» қарайтыны тағы бар. Біз әлем халықтары үшін бір бұрын-соңды ашылмаған қазына секілдіміз. Қатты пафосты естілсе де шындық осындай деп ойлаймын. Сондықтан қазақ музыкасы әлі талай  әлем назарын аударады деп ойлаймын» дейді Роман Бұрқаш.

Ал мәдениеттанушы Әсия Бағдәу­лет­қызы «Қазақ феноменінің» себебі ұлттық мәдениет пен жаһандық мә­дениеттің симбиозында екенін айтады.

«Ең алдымен, тәуелсіздік дәуірінде дүниеге келіп, тәрбиеленген, еркін ұрпақ келді. Олар үшін шекара, шектеулер жоқ. Көбі әлемдік құндылықтарды сіңіре білді, теңдік, тарихи теңдік, нәсіл­шілдікпен, колониализм сарқын­шақтарымен күресу сияқты мәселелер олар үшін маңызды. Сонымен бірге олар тәуелcіздік дәуіріндегі, мемлекет, интеллигенция, қоғам тарапынан жаманды-жақсылы ұлттық мемлекет құруға деген талпынысымыздың, ұлттық оянудың «өнімдері» десек болады. Сондықтан да тың серпіліс сезіледі. Қазақ феноменінің тағы бір себебі, көп уақыт бойы жанышталып, қысым көрген халықтың генетикалық жадында ұйықтап қалған импульстар оянған сияқты. Ұлттың өзін-өзі тануы енді басталғандай. Қазақ халқының еркіндігі, ділі, мәдениетінің өзегі көшпелі өмір салты еді. Сол көшпелі өмірден күштеп отырықшылыққа көшіргенде, физикалық аман қалуы­ның өзі дүдәмалға айналды, ұлт есеңгіреді, езілді, еркіндігінен жұғанақ та қалмады. Қазір де қағанағымыз қарқ емес, алайда бір ғасырдан астам уақытта тұңғыш рет өз елінде көпшілікке айналған халықта тірі қалудан басқа да мақсаттар пайда болып, ұйқыдағы рухы ояна бастады, әркімнің өзін шығармашылық арқылы көрсетуіне жол ашылды деп ойлаймын» дейді Әсия Бағдәулетқызы.

Мәдениеттанушылар бұл құбы­лысты қазір қазақтардың тек орыс тілімен шектеліп қалмай, ағылшын, тағы басқа шет тілін меңгерген, ақпаратты сол тілде алатын жастардың көптігімен де түсіндірді. Екіншіден, қазіргі қазақ жастары мәдени әлемде болып жатқан трендтерден дер кезінде хабардар бола алатындай мүм­кіндіктерге ие. Бұл жағдайдың бәрі жастардың мәдени тұрғыдан дамуына әсерін тигізбей қоймайды.

«Соңғы онжылдықта ғаламтор көз ілеспес жылдамдықпен дамыды, жас ұрпақ­тың шекараларды бұзуына көп ықпал еткен де сол. Кеңес одағы, тіпті тәуелсіздіктің алғашқы екі онжылдығында әлем мәдениетімен байланысу нүктесі орыс тілі, не ресейлік арена еді. Соңғы онжылдықта гравитация нүктесі Ресей, не басқа бір жекелеген ел емес, әлемдік мәдениет екенін көріп отырмыз. «Найнти уан» сияқты топтар, Ерболат Беделхан Оңтүстік Кореямен тәжірибе алмасса, Желтоқсан сияқты әншілердің Түркиядан білім алып келгені, Айсұлтан Сейітов, Қанат Бейсекеевтердің батыста білім алғаны байқалады, ал Димаштың Қытайды көпір ету арқылы төрткүл дүниеге танылғанын білеміз. Ал авторлық кино түсіріп жүрген режиссерлеріміздің соңғы жұмыстары – халықаралық копродукциялар. Ресей кеңістігіне тән еуропоцентризмнен ада, әлемнің алуан түрлі мәдениетіне құрметпен қарай алатын, басқа кейбір көршілеріміздей дін ықпалымен де шектеліп қалмаған, өзінің әр сипатты ұлттық мәдениетінің көп бастауларынан сусындай алатын және ең заманауи дүниелерді сіңіре білген жастарды, еліміздің мәдени кеңістігінің деколонизациясына үлес қосқысы келетін саналы жастарды жиі көретін болдық. Еркіндік, өзгені жатсынбау, бірақ өз қағыңнан жерімеу сияқты дүниелерді «қазақ феноменінің» негізгі құрамдас бөліктері дер едім» дейді Әсия Бағдәулетқызы.

Қазақ мәдениеті мен өнерін әлем назарына ұсынып жүрген өнерпаз­дарды басқа елдің мәдениетіне жұтылып кетеді деп қорқатын, үрке қарайтындар да бар. Мысалы, кезінде «Найнти уан» тобының өнеріне шетелдік тыңдармандар таңдай қаққан кезде, «өзіміздікілер» жерден алып жерге салып жатты, «жат мәдениеттің өнімі» деп санады. Жалпы мәдениеттер арасындағы шекаралар ашық жаһандану дәуірінде ұлттық бірегейлікті қалай сақтауға болады деген сауал туындайды. Алайда Роман Бұрқаш «ұлттық бірегейлік жоғалып кетеді» деген қорқыныштан аулақ болуға шақырады.

«Ұлттық бірегейлік сақтаса ғана сақталып тұратын, бұзылуға бейім феномен емес. Ұлт бар жерде ұлттық бірегейлік қандай деңгейде болсын болады. Себебі бұл – ұлттың қажеттілігі. Ұлт  ұлт ретінде қалу үшін керек. Сондықтан «ұлттық бірегейлік жоғалып кетеді» деген қорқыныштан аулақ болу керек деп ойлаймын. Оның үстіне ұлтта дербес мемлекет болса ұлттық бірегейлікке қауіп жоқ. Тіпті өзге елге құл болып барған «каранәсілділердің» де кезінде өздерінің түбін, ділін араға ғасырлар салып қайта тапқанын тарихтан білеміз. Сондықтан белгілі бір мәдени алыс-берістен ұлттың бірегейлігі құрып кетеді деген қорқыныштың реті жоқ секілді, менің ойымша. Жалпы әлемдік кеңістікте өзгелермен киіміміздің бір болуы, жеген асымыз бен тойлаған мерекеміздің бір болуы ұлттық бірегейлікке нұқсан келтірмейді. Әр ұлт өз бірегейлігін бәрібір сақтап тұрады» дейді Роман Бұрқаш.

Ал Әсия Бағдәулетқызы жаһан­дануға «жұтылып кетпес» үшін ең алдымен өз мәдениетіміз бен болмысымызды мәңгі құрбан, әлсіз, жұтылушы болмыс деп елестетуді қою керек екенін айтады.

– Дүниеден үйренеріміз де көп, сонымен бірге дүниемен бөлісеріміз де көп. Әсіресе Ресей империализмінің құрығына ілінбей тұрған дәуірлерде қалыптасқан, ешқандай авторитарлы институттарға байланбаған көшпелі еркін мәдениеттің нышандары бірегей. Табиғатпен үйлесім, жеке бас еркіндігі, обал мен сауап сияқты ұғымдарымызды алдымен өзіміз жаңғыртуымыз керек. «Жұтылып кетпеудің» жалғыз жолы – сол бірегейлікті көбірек насихаттау: өзімізге де, өзгеге де. Сонда біздің мәдениет жаһандық мәдениетке жұтылмайтын ғана емес, ықпал ететін әлеуетке ие болады, – дейді Әсия Бағдәулетқызы.

 

857 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы