• Қоғам
  • 02 Ақпан, 2023

ЕЛДІҢ ТӨРІ ЕЛОРДА ЕҢСЕСІН ҚАЛАЙ ТІКТЕЙДІ?

Ерлан ЖҮНІС
«Ana tili»

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында осы сауалды төтесінен қойды. Кеңес отырысына Президент әкімшілігінің басшылығы, Үкімет мүшелері және орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты. Мәселе, қаланың архитектуралық, урбанистикалық, рухани және әлеуметтік салала­рындағы кемшіліктер мен келеңсіздіктерден туып отыр. 

Астана – көшпелі өркениет мұра­герлерінің көзотағасы. Байтақ даланың бай мәдениетінің символы болуға тиіс-ақ. Елордамыздан елдің қасиеті мен қасіреті қатар өрілген өткен тари­хы ғана емес, ертеңге деген үміті мен сенімі менмұндалап тұруы керек. Боздаладағы Бозоқ мәдениетінің байыр­ғы жұртына қоныс тепкен жаңа елор­дадан бола­шағымыздың бейнесін іздейміз.

Жалпы 1998 жылы Астананың халықаралық тұсауы кесілгенде үш жүз мыңға жетер-жетпес халық тұрды. Арқаның аязы, ат құлағы көрінбес ақтүтек бораны, әлем астаналарының ішіндегі екінші ең суық қала деген аты, бірде өңменіңнен алып, өрекпіп соғар, енді бірде жер бауырлап соғатын жатаған желі, не керек, бәрі-бәрі әуелде елді абдыратып қойғаны бар. Арқаға ауып бармақ түгілі, тауып барудың өзі мұң дескен. Бәрі Бәйтеректі көргісі келетін бала арманынан басталған секілді. Сол балалар он жылда оқуға барды, теңін тапты, жұмысқа орналас-ты, елорда тұрғынына айналды. Көзін ашқалы көк туды көрген жас ұрпақ көркемдікке ұмтылды. Он жылда қала халқының саны екі есе өсті. Жиырма жылда Астана Алматыдан кейінгі екінші миллионер қалаға айналды. Мемлекет басшысы кеңес отырысында жеті жылдан кейін, яғни 2030 жылы қала халқының саны 2 миллионға жететінін айтты. Екі миллион халық дегеніңіз кішігірім бір мемлекеттің халқындай. Қала соған дайын ба?

Астана шенеуніктердің қаласы деген ой шеңбері ширыға-ширыға шыдас бермегендей. Көбесі сөгілгеніне көп болды. Астана әдебиет пен мәдениеттің, жастардың, зиялылар мен өнер қуған өрендердің қаласына айналып кетті. Ораздының ұлы өсті, жиырлының қызы өсті. Арман қуған жастың бәрі Астанаға ағылды. Ауылда жатқан ағайын Астанадан аядай болса да үй алуға ұмтылды. Ебін тауып, есебін білгендер екі-үштен пәтер алды. Жаңа көшіп барған жастардың алдынан жатақхана, тұрғын үй, балабақша, мектеп, кітапханалар, мәдениет ошақтары, аурухана, демалысын ұйымдастырар бақтар мен гүлзарлар, жол мен көлік тұрағының көп мәселесі көлденең шықты. Не керек, бәрі де керек болды. Есін білгелі егемен елде өскен жастық кеңес заманындағы көпшілікке арналған құрылыс пен құрылымға көне қоймас. Жас өмірге асқақтық керек. Сұлулық керек. Жайлылық пен ыңғайлылық қажет. Мемлекет басшысы атап өткендей, Астана шын мәнінде тұрмысқа жайлы шаһар болуы керек.

Мемлекет басшысы Кеңес отырысында елорданы дамыту бойынша ерекше тоқталған мәселелердің бір парасы: саябақтар мен серуенге шығар демалатын орындардың аздығы, қаланың әуелгі сәулет жоспарының сақталмауы, бірыңғай дизайн-кодтың қағаз жүзінде ғана қалуы, жылу, су, мектеп, балабақша мен аурухананың тапшылығы, интернет сапасының нашарлығы, апатты жағдайда тұрған үйлерді сүру жұмысының тоқтап қалуы, көлік жүйесінің кемшілігі, қала жолдарының көлік көптігіне дайын болмай шығуы, сол жолдардың өзінің жыл сайын жөндеуден өтсе де жөнге келмеуі, қоғамдық көлік жүйесінің жетілмеуі, автобустардың аздығы мен кешігуі, LRT-ға қатысты жұмыстың жылдарға созылуы, өзенге жаяу жүргіншілер үшін көпірлер салу, ала-құла жарнамалардың көптігі, оның бір талапқа сай болмауы, көлік тұрағы жоқ үйлердің көптеп салы­нуы, қаланы абаттандыру, көше бойын­да қоқыс жәшіктерінің аздығы, жол жиегінің тегіс еместігі, қыстыгүні қардың дер уақытында тазаланбауы, қала тұрғын­да­рының тұрмыстық мәдениетті сақ­тамауы, көгалдандырудың біртұ­тас тұ­жырымдамасының жоқтығы, қалада медициналық қызметтің сапа­сы­­ның жиі сынға ілігуі және оның қолже­тімді болмауы, емханалар мен перзент­ханалардағы орын тапшы­лығы, балалар емханасындағы қа­былдау бөлмелерінің заман тала­бына сай еместігі, педагог маман­дардың тапшылығы, тегін үйірме­лердің қолжетімсіздігі, білім ошақтары құры­лысының баяу жүруі, кітапха­налардың аздығы...

Президент Астанаға қатысты мә­селеде ұсақ-түйек деген ұғымның жоқтығын баса айтты, мұнда – бәрі де маңызды. Бұл мәселелер бірге емес, көпке ортақ. Бір ғана елорда емес, еліміздің әр өңіріндегі орталық қала­ларға да қатысты. Астана – идеялар генераторы, бастамашыл, эталон қала. Өзге қалалар Астанаға қарап бой түзейді.

«Елордамызды және басқа негізгі қалаларымызды дұрыс қалпында сақтау бұл – ұлттық намысымызға қатысты аса маңызды мәселе. Көшпенділердің ұр­пақтары өз қалаларын жөнді сақтай алмайды деген жағымсыз пікірді мүлдем жоққа шығаруымыз керек» деген Мемлекет басшысының сөзі қалалық өр­кениетке енді түбегейлі бет бұрған көш­пе­лілер ұрпағының жаднамасы болардай.

 

677 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы