• Тұлға
  • 02 Ақпан, 2023

СӘУЛЕТШІ

Құмырсқаның илеуіндей  мына өмірде ештеңе бітірмесе де «мен жасадым, менің еңбегім» деп жүрген даңғазаға әуес дақпыртшылармен қатар, өз арбасын өзі сүйреп, қарапайым қоңыр тіршілігімен жалпы қоғамға пайдасын молынан тигізіп жүрген жандар қаншама?! Олар жұмысшы бал арасындай күндіз-түні бел жазбай қызмет етіп, әр күнгі білінбес еңбегімен қоғамға өлшеусіз пайда әкеліп жатады. Онысы көзге көріне де қоймайды. Әйтеуір күйбең тіршілік. Тапқан азын-аулақ тиын-тебені, жиған нәпақасы бала-шағасының игілігіне жараса болды, жұрттан озбай көңторғай тірлігімен күй кешеді. Ондай жандар жұрт көзіне түсуге де тырыс­пайды, өзгеден құрмет, қошемет те тілемейді. Ерен еңбегімен туған елі мен халқына, қоғамға тигізген көл-көсір пайдасына іштей қуанып, өз жұмысынан рух, халық алғысынан қуат алады. Ондай жандардың сәулесі айналасына көп түседі, пайдасын мыңдаған жандар көреді. Сондай қарапайым еңбек адамының бірі,  танымал архитектор – Алпысбай Күзембайұлы Жүнісов. 

Оның өмір жолы соқтықпалы да, соқпақты. Ол ертеректе Ақмола облысы Атбасар ауданына қарасты Калинин атындағы колхоздың Қарақойын деген жердегі Жүніс ақсақалдың ұрпағы. Жүністен — Елеусіз, Мүгілсін, Күзембай, Сейдахмет, Хамза, Құлахмет, Мақай, Күміс және Дина атты тоғыз бала тарайды.

Жүніс қарапайым шаруа адамы болған. Кеңес одағы орнасымен балаларына хат танытып, олардың сауатты болуына көп көңіл бөлген. Бірақ алдына тартса, артына жетпейтін жоқшылық тоғыз баласының қайсысына жетсін?! Ішінен бірен-сараны болмаса, бәрі бірдей оқи алмайды. Араларынан хат танып, ортаға ерте қосылған Мақай Жүнісұлы Кеңес одағының аласапыранына тап келеді. Жазықсыз жала жабылып, қуғын-сүргінге ұшырайды. Отбасына айықпас бәле тауып алады. Мақай Жүнісұлы 1937–1938 жылдары ВКП(б) Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған кеңес заманының белді партия мүшесі, қоғам қайраткері. Мақайдың қуғынға ұшырауы басқа балаларына да салқынын тигізді. Қайда барса да «халық жауының бауыры» деген қарғыбау алдынан шыға беретін, жұмысқа алмай, жөнді қызметтерге жібермейтін. Тек 1953 жылдың жылымығынан кейін, Мақай ақталған соң ғана көздері ашыла бастайды. Бірақ кеш еді. Сол теперіштен Күзембай мен Құлахмет көкірек ауруына шалдықты. «Елден жырақтау отырайын»­ деп Торғай облысының Амангелді ауданына қоныс аударған еті тірілеу Сейдахмет екі бауырын да көшіріп әкетеді. Міне, осы жерде Күзембай мен зайыбы Мафруза Серік, Зейнебай, Бақыт, Алпысбай, Болат атты бес баланы дүниеге әкеледі. Асқаралы алпысқа жақындағанда көрген перзентінің атын Алпысбай қояды. Бірақ Алпысбайы бес жасында шешеден, 9-10 жас шамасында әкеден айырылады. Күзембай ақсақал ақтық демі жақындаған кезде бауырларын шақырып, бақұлдасса керек-ті. Балаларын туыстарына үлестіріп береді, аманат қылады, қимай қош айтып, 1961 жылдың көктемінде 65 жасында фәниден бақилыққа жол тартады.Сөйтіп, бір үйдің бес баласы Жүніс ақсақалдың ұрпақтарында, әр үйде өсіп, ер жетеді.

«Мына баланы Алматыдағы балалар үйіне тапсыр, өкімет өлтірмес, ер жетіп адам болар, болмаса, жалғыз қызың Әлиямен тетелес қой, бірге өсірерсің, бас-көз боларсың» деп, Алпысбайды қарындасы Динаға табыстайды. Дина Жүнісқызы ол кезде Ысқақ Тайшыбеков деген азаматпен тұрмыс құрып, теміржол саласында қызмет істейтін. Олар, екеуі де орта лауазымды қызметтегі, тату-тәтті отбасы еді. Ұлдарындай болған Алпысбай ерке қыздары Әлиямен бірге өсіп жетіледі, 60-70 жылдардағы Алматының жаңа буын жастары болды. Өздері жұмысбасты, әрі үйде қараусыз қалатындықтан, бозбала шаққа өте бастаған кезде Алпысбайды қала орталығындағы мектеп-интернатқа орналастырады, сенбі, жексенбіде үйлеріне алып кетіп жүреді. Алпысбайдың жиен апасы Әлия Ысқаққызы бүгінде есімі елге танымал, талай шәкірт дайындап, өсірген ұстаз, дарынды музыкант.

Бәрі болғанменен, әке-шеше жетімдігі Алпысбайды іштей жегідей жейтін. Әке-шешенің жоқтығы қашанда білініп тұрады ғой! Әр жерде тәрбиеленіп жатқан бауырларын сағынатын. Іштей үлкен күйзеліске түсетін. Осындайда іргеден соққан суық желдей тағдырдың тауқыметіне қарсы тұрудың жалғыз жолы оқу ғана деп шешетін іштей. Мектепте жақсы оқып, қатарының алды болуға тырысатын. «Осыдан ер жетіп, үлкен үй салсам, барлық бауырларымды сол шаңырақ астына біріктірем» деп армандайтын. Сол бала қиялы шығар, архитектор мамандығын таңдауға алып келген де.

Мектеп бітірген жылы Алматы энергетика техникумына оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдап шығады да, оқуын Алматы архитектура құрылыс институты өндірістік және азаматтық құрылыс факультетінде жалғастырады. Оның білімге деген құштарлығы бұрынғыдан да артып, осы саланың қыр-сырын тереңдеп меңгере түседі.Оқуға бар ынта-жігерімен кіріскен Алпысбай қатарынан оза шауып, республикаға танымал техникалық университетті үздік тәмамдайды. Ол кез кеңес заманы, өз билігің өзіңде емес. Мемлекет жолдамасымен «маман қажет» деген жеріне ғана жіберіледі. Ешкімге салмақ салмауды ойлаған Алпекең болашақ жұмыс орнын ерте қамдаған еді. Институттың жоғары курсында жүріп, одақтық маңызға ие, Орта Азиядағы егістік дақылдарға қажет үлкен құрылыс ғимараттарын жобалайтын, атының өзінен адам үркетін «Госниисредазпромзернопроек» деген мекемеге қызметке орналасқан. Алғашқыда техник болып орналасқан студент жұрт көзіне бірден түссе керек, аға техник, одан инженерге дейін көтеріледі. Жас маман қолдайтын ешкімі жоғын сезінгендіктен де осы жерде қалып, дипломын алғаннан кейін жұмысын одан әрі жалғастыра беруді ойлайды. Қазір уақыт өтіп, бұрынғының кейбір жақсы, жаманы көмескіленген тұста осындай мекеме жайлы айтылғандар бір қарағанда жай ғана сөз сияқты. Ал ол уақытта мұндай жерлерде негізінен өзге ұлт өкілдері ғана қызмет істейтін. Өйткені, мыңнан жүйрік маман болумен қатар, қатардағы қазақты мұндай «майлы жілікке» жақындатуы қиын кез еді. Мекеме орталықтан қаржыландырылатын, берілетін жеңілдіктері болатын, тағысын тағылар.

 Бұл үлкен мекеменің бірнеше бөлімшесі болды. 1984–1992 жылдары ол сондай бөлімшелердің бірі «Казсельхозпроект» деп аталатын мемлекеттік жобалау институтының Бас инженері қызметіне ауысады. Сонымен қоса, аталған институттың инженерлер тобын басқарды. Міне, өз мамандығының қыр-сырын жетік игерген жас сәулетші, енді сол кездері Алматы қаласында қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының архитектуралық негізгі сызбаларын жобалауға бел шеше кіріседі. Құрылыс нысандарын салу – жобалаудан басталатынын былайғы жұртшылықтың бірі білсе, бірі білмейді. Жоба сызбаларынан кейін ғана үлкен архитектуралық құрылыстар қолға алынады. Ал оңай болса, қанша құрылыс бағанасы керек, қанша тонна цемент, қыш керек, тағысын тағы, шексіз-шетсіз есеп-қисап, математика мен сызу түрлерін шешіп көріңіз. Мұндай өнімсіз, көзге көрінбейтін, дәуренінен гөрі даңғазасы көп жұмысқа кез келген жанның қолы бата бермейді.

Біраздан кейін адам да жалыға бастайды. Сүйенер ешкімі жоқ Алпекең том-том сызбалар мен заңға сәйкестендіру құжаттарын алдына жайып салып, тапжылмай отырып, осы жұмыстарды еңсере білді. Шамадан тыс қыруар жұмысты үндемей жүріп тындырды, сөйтіп, ұжымның абыройына бөленді. Одақ ыдырап, тәуелсіздігімізді алған соң, бұрынғы іргелі, ірі мекемелер бөлінді. Жаңа мекемелер өз алдына отау тікті. А.Жүнісов Алматы қаласы архитектура құрылыс мемлекеттік бақылау комитетінің инспекторы қызметіне жұмыс ауыстырады. Одан кейін «Мемқұрылыслицензия» мекемесінде 2006 жылға дейін бас маман, бөлім бастығы, директордың орынбасары қызметтерін атқарады. 2007 жылдан 2016 жылға дейін Алматы қаласы бойынша мемлекеттік экспертизада абыройлы еңбек етеді.

Ол саналы ғұмырының 46 жылын өзі сүйген құрылыс саласына, оның ішінде архитектураға арнады. Еңбек еткен жылдарында одақ көлеміндегі ірі-ірі жобаларға қатысты. Атап айтсақ, Ермаков ГРЭС-нің энергоблогын, Ташкент ГРЭС-нің жылу қондырғыларын, Алматы ГЭС-1-дің 9-энергоблогын монтаждауға, Қостанай, Көкшетау, Торғай, Ақмоладағы элеваторлар мен жем зауыттарын жобалауға, 1989 жылғы Зайсаңдағы, 2005 жылғы Луговойдағы жер сілкінісінің зардаптарын жоюға қатысты. Ақтау теңіз сауда портының, Алматы қабылдау үйінің, Самал-1,2,3 шағынаудандарының құрылыс нысан­дарының негізгі технологиялық қосарлы құжаттарының негіздемесін берген де осы – Алпысбай Күзембайұлы.

Құрылыс нысандарын сызып жобалаудан бастап, тұрғызғанға дейінгі үрдісті жақсы білетін ол өз саласының майталманы еді. Соның нәтижесі, қалалық «ГАСК»-те жүріп, тұрғын үй-азаматтық объектілерін мемлекеттік инспектор ретінде тексерген кезде, талай өрескел заңбұзушылықтың жолын кесті. Сапасыз құрылыс нысандарының бой көтеруіне қарсы шығып, өзінің білімділігімен қатар бірбеткейлігін, принципшілдігін танытты. Сол үшін де басшылық оны өте жоғары бағалайтын.

Алматы қаласында кейіннен бой көтерген «Шахаристан», «Жас қанат», «Алғабас» тұрғын үй кешендерінің салы­нуында Алпысбайдың да қолтаңбасы бар. Ал басқа да ауылшаруашылық өнімдерін дайындайтын өнеркәсіп нысандарының құрылысын жобалау және оны іске қосу, облыс орталықтарында бой көтерген үлкен комбинаттардың құрылысына сіңірген еңбегі туралы айту бір мақала ауқымына сыймайды.

Ең бастысы, ол еңбекқор, айналасына шуағын шашқан, ортасының сыйлы азаматы, қарапайымдылық пен адами қасиеттерді бойына жинаған нағыз интеллектуал жан еді. Ешқашан істеген жұмысын айтып, мақтанбайтын. Таңды таңға ұрып, көз майын тауысып жасаған жобаларының салмағына бәлсінбейтін, тоқмейілсімейтін, тек өміршеңдігі мен дұрыстығына ғана қанағатын байлайтын.

Нысандарды тексеру кезінде, ірі құрылыс компанияларының өзінің ығына қарай икемдегісі келгендерінің де болғаны рас. Бірақ мінезге бай, біртоға Күзембайұлы өлшемдері мен дәлелдемесін алдарына жайып­ салып, өз айтқанында тұратын. Заңсыздыққа бармайтын. Бәрін талдау мен есепке, қауіптің алда болу мүмкіндігіне бағындыратын. Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын. Әріптестері ол жасаған экспертиза мен жобаларға келгенде бір сөз айтпай тоқталатын, сын пікірлерімен санасатын. Қажет кезде көмекке келіп қолұшын беретін. Сол себептен болар, Алматы қаласындағы Архитектура құрылыс саласының ірі мамандары Алпысбай есімін әрқашан ілтипатпен еске алады, адамдық қасиетіне бас иеді.

Омырауына таққан «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Даңқты құрылысшы» төсбелгілері, мейрам күндерінде берілген алғыс хат, мақтау қағаздары болмаса, үлкен мемлекеттік наградалардан Алпекең дәме етіп көрген жан емес. Ондайға өзін ұсынбайтын да, оған құлқы да жоқ еді. Ол үшін ең басты абырой – елдің алғысы болатын.

Алпысбай жолдасы Зайтунамен үш бала тәрбиелеп өсірді. Әкеден берілген қан болса керек-ті, ұлдары – Айдар, Ибрагим, Шыңғыс Ресейдегі, республикамыздағы маңдайалды уни­вер­ситеттердің техни­калық маман­дықтарын игеріп, еңбек етуде. Әке жолын қуған Айдары осы саланың маманы.

Қоңыр тірлігімен күн кешіп, қала­мыздың архитектурасына өшпес із қалдырған Алпысбай осы қаңтар ­айында 70 жасқа толар еді. Амал нешік? «Торқалы тойын атап өтемін» деп отырғанда, ардақты азаматтың дәм-тұзы таусылды. Біз сияқты білетін адамдар үшін тек еске алып, естелік жазу ғана қалды. Көңілімізде «әттеген-ай, Алпекең тірі болғанда ғой!» деген өкініш маза бермейді кейде. Ол орынды да шығар. Өйткені, жүріс- тұрысымен, ақыл-парасатымен, аз сөйлеп көп іс тындыратын көпке үлгі, өлшеусіз еңбегімен елге сыйлы, мейір шуағы жүзінде тұратын архитектор жанның бейнесі оны білетіндердің жүрегінде ұзақ сақталады. Жасаған игі істері, есімі ел есінде мәңгі жаңғырары сөзсіз.

Сансызбай МАДИЕВ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі

558 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы