• Тұлға
  • 02 Ақпан, 2023

АЛЫП КЕМЕЛЕР МҰХИТТА ЖҮЗЕДІ

Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев ­­­– Қазақстан тәуелсіздік туын тұғырға қондырғаннан кейін саяси сахнаға шыққан ұлттық кадрлардың алғашқы легінің өкілі. Ұлтына шын жаны ашитын тұлға халыққа қалтқысыз қызмет етуден бір шаршаған жоқ. Өзінің ана тілін алдымен қастерлейтін, салт-дәстүрге  берік, ел үшін жүрегін суырып беруге дайын екенін талай дәлелдеген Бердібек Мәшбекұлы секілді қашанда қазақы қалпынан айнымайтын көрнекті мемлекеттік қайраткерді шынайы сыйлағың келіп тұратыны да сондықтан. Айналып келгенде айтарым, әр адам білім мен ұлттық қасиеттің біртұтас үйлесімділігіне жеткен тұста ғана біз ұлт болып ұйысып, халық болып қалыптасатынымыз ақиқат болса, біз ең алдымен, осындай тұлғаларымызды басқаларға үлгі етуге тиіспіз. 
Бекеңді отыз жылға жуық уақыт­тан бері білемін. Тоқсаныншы жыл­дардың бірінші жартысында ҚР Үкіметі аппаратында бірге еңбек еттік. Екі мыңыншы жылдардың басында Астанада көрші тұрдық. Мен сияқты пақырмен көрші тұ­руы­ның өзі оның қа­рапайым­дылығынан хабар беріп тұрса керек. Төрт-бес жыл бойы күн сайын бірге серуендеуді әдетке айналдырғанымыз да – Бекеңнің адам баласын жатырқамайтындығы. Кешкілік бір-екі сағат Есіл өзенінің бойында әңгіме-дүкен құрып жүретініміз күні кеше сияқты еді. Оның барлық адами қасиеттерін бір адамдай білемін. Елу жасқа толғанда да жанында жүрдім. Асқаралы алпысты бағындырғанда да қасында болдым. Сол кездері де реті келіп тұрған дүниені бір мақалаға сыйдырып, оқырманға ұсынса да болар еді. Дей тұра, биліктің апогейінде жүрген ол туралы жазуға батылым бармағаны тағы рас. Ендігінің жөні бөлек. Қазір Бекең құрметті демалыста. Оған қоса, биыл жетпіс жасқа толып отыр. 

Егемендік алған отыз жылдан астам уақыт ішінде Бердібек Мәшбек­ұлының Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуына қосқан үлесі мен болашағымызды бекемдеу жолында атқарған өлшеусіз еңбегі талай үлкен мінберлерден айтылды. Десе де, айналып келгенде, оны да дабырайтып әңгіме қылудан бойымды аулақ салғанымды жасырғым келмейді. Айтары жоқ, маған Бердібек Мәшбекұлының жүріп өткен жолын келешек ұлтқа қызмет ететін ұрпаққа сабақтастықтың алтын жібіндей үлкен тәжірибе ретінде ұсынған ұнайды. Сондықтан да осының бәрін айту – парыз.Олай дейтінім, оның өмірі Қазақ­станның тәуелсіздік алғаннан кейінгі даму жолымен тығыз байланысты. Ол ел басынан өткен талай қиындықты біледі, соның қақ ортасында жүрді, көптеген мәселелердің шешілуіне тікелей араласты. Әрине, оның биік тұғырға көтерілген тұлғалық жолын, елге сіңірген еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Дегенмен, сонау бала күнгі өмірінен бастап бүгінгі келбетіне дейінгі өнегелі жолын қарапайым адами әңгімелер арқылы жеткізгенге не жетсін?! Өйткені ол мені бәрінен бұрын қашанда адам ретінде қызықтырады.

Ол қай өңірде проблема шықса, сол жерге әкім болып тағайындалғанын жұрт жақсы біледі. Халық қамы мен ел намысын қатар қорғай білетін бекзаттылығымен берекесіздіктің бұлтын сейілткен оған қызметін аяқтаған кезде әр облыстың жұртшылығы өз ризашылықтарын білдіргені ел есінде. Бердібек Сапарбаевтың біз байқаған басты қасиеті қай салада да қажыр-қайрат пен ерік-жігер таныта алатындығынан айқын аңғарылады. Еліміздің бас кеденшісі ретінде де үш жылдан астам уақыт ішінде талай шаруаның басын қайырып үлгерді. Екі рет ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарған кезінде де барлық ауыртпалықты шешуде білгірлік таныта білді. Аталмыш қызметтердің бәрінде де оның кризис-менеджерлік таланты кеңінен ашылды. Осы тұста оның әркез табысқа жетуінің басты кілті адамдармен тез тіл табыса білетін үлкен жүректілігінде жатқанын әңгіменің әу басында айта кеткен жөн.

Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында әкім болған Бердібек Сапарбаев солардың бәріне де абыроймен барып, солардың бәрінен де абыроймен кетті. Басшының еңбегіне берілетін салмақты баға осы өлшеммен бағаланса керек. Қазақстанның бес облысын бірдей басқарған Бекеңнің бұл рекордтық көрсеткішін басқалардың қуып жетуі екіталай. Қазақша кестелесек, жарты Қазақстанды басқарған оның осы жылдар ішінде елімізге қанша инвестиция тартылуына, қаншама өндірістік және әлеуметтік нысанның бой көтеруіне, алыстағы ондаған ауылға көгілдір отынның жеткізілуіне, қанша шақырым жолдың салынуына бастамашы болғанын, қандай ірі жобалар, идеялар мен бағдарламаларды іске асырғанын тізіп жату – бұл мақаланың мақсаты емес. Оның бәрі кезінде баспасөз беттерінде айтылғандықтан қайталап жатқым келмейді.

Сырт көзге оның өмірі тақтайдай тегіс көрінетіні рас. Бірақ олай емес. Ол басшы ретінде де, адам ретінде де өмірдің талай сынағынан өтті. Текті жерден шығып, кісілік кеңдігімен исі қазақ баласына қамқорлық көрсетіп, жанына жақын тартып жүретін Бердібек Мәшбекұлы – тағдыр-тәлейдің тәттісін де, ащысын да бір адамдай татқан жан. Ол пешенесіне жазылған жақсыны да, жаманды да көрді. Әйтсе де, қуанышқа кенелгенде – асқан жоқ, қайғы келгенде – сасқан жоқ. Иірімі көп өмір-өткелдің мұнар шыңына шыққанда – бақыттан басы айналмады, асқар таудың етегінде жүргенде – ұнжырғасы түспеді. Бір сәтке де ірілігінен ажыраған жоқ, атпалдығынан айырылған жоқ. Жақсылықтың желін де, жамандықтың шерін де нәзік жүрегімен, қос иығымен көтере білді.

Сондықтан да тіршіліктің зейін қойып, зерделемесең, көзіңе көріне бермейтін тылсым тұңғиықтары төңірегіндегі әңгімеге көңіл ауа береді. Себебі қараша халықты тұғырында нық отырған тұлғаның жеке өмірі, тіршілікке өзіндік көзқарасы хақындағы әңгімелер әлдеқайда көбірек қызықтырады. Жұрт билік басында болған азаматтардың жан дүниесіне үңілгісі келеді. Бұл – табиғи құбылыс.

Бір анық: құмы бұрқыраған ауылдан шыққан дарынды адамның қиялына қанат байлайтын, шарықтатып шырқау көкке көтеретін – қасиетті туған жері. Әрбір дарын иесінің түп темірқазығы, айналып келетін кіндігі байланған от ортасы – табанының мөрі қалған атамекен топырағы. Өйткені сол жерде орныққан сана оны ешқашан халықтан ажыратпайды. Дәл осы құбылыс Бекеңнің халық ұлықтың ақылын аздырмайтын, сезімін сөндірмейтін ұлы күш екенін ылғи есінен шығармай еңбек еткенін айғақтап-ақ тұр.

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Бесарық ауылында кіндік қаны тамған Бердібек арманшыл болды. Заңғар биікке көтерілген оның бойындағы барлық асыл қасиеттер бала кезінен бойы­на біткенін байқау қиын емес. Бекеңнің білімдарлығы мен ілкімділігі, батылдығы мен еңбексүйгіштігі, лидерлік қасиеттері мен ат аунағанша ақыл тауып кететін тапқырлығы... бәрі-бәрі ауылда балағынан құм борап жүрген уақыттан басталғанына мысал көп.

Барлық пәнді үздік бағаға оқыған Бердібек, әсіресе есепке жүйрік болды. Аудандық, облыстық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар иеленгені өз алдына, ол сол кездері Ресей, Украина және Прибалтика елдеріндегі мектеп оқушыларымен хат алысып, математика есептеріне бірге жауап іздейтін. Балалығы болар, бірде химия пәнінен беретін жас мұғалиманың сабақ барысында тақырыпты ағат түсіндіріп жатқанын байқап қалған оқушы Бердібек үнсіз тыңдай алмай, қателікті қапысыз тап басқаны бар. Ол үшін мектеп директорынан ескерту алғаны әлі есінде. Осы бір мысалдың өзі де оған өмірлік сабақ болды. Сөз жоқ, субардинация сақтауды да Бекең сол кезден-ақ үйренгені даусыз.

Бердібектің ойға алғанынан қайт­пайтын табандылығы туралы да әңгіме көп. Бір ғана мысал. Ол жетінші сыныптан соң, жаңадан ашылған ауылда мектеп болмағандықтан, сегіз шақырым жердегі Жаңаарық орта мектебіне күн сайын жаяу барып оқыды. Бір жолы облыстық олимпиадаға қатысу үшін бір топ оқушы Қызылордаға баратын болды. Ол кезде қалқымалы көпір атымен жоқ, екі ортаға паром жүретін. Сол күні мұз қатып, ол да жүрмей қалды. Бір ғана жол бар, бірақ қауіпті. Судың беті ғана қатып үлгерген мұз үстімен жаяу жүріп өту ғана олимпиадаға қатысуға мүмкіндік береді. Мұндай кезде бала тұрмақ үлкендердің өзі тәуекел етуі қиын. Бірақ қалайда облыстық білім сайысынан қалып қоймауды ойлаған Бердібек физика пәнінің мұғалімі Исахан Жолтаев ағайының ескертуіне қарамастан, қолына ұзын таяқ ұстап, мұздың үстімен қарсы жағалауға өтіп кеткені бар. Мұны көрген басқа оқушылар да ағаймен бірге оның соңынан еріп, дарияның арғы бетіне шығып үлгерді. Алған бетінен қайта қоюы қиын ол, сол жолы ауылға жүлдемен оралды.

Озат оқушы сабақты үздік оқумен қатар спортпен де көп шұғылданды. Ол футбол мен теннистен мектеп құрамасында ойнады. Адам бойында реакцияны керемет дамытатын осы спорт түрлерімен айналысқаны да оған пайдасын тигізді. Сол жылдары Бердібек мектеп-интернатта оқитын. Бірде түн ішінде жатақханада ұйықтап жатқан ол шошып оянып, бір жайсыз иісті сезіп, орнынан атып тұрды. Шын мәнінде аш ішектей созылған ұзын бөлменің іші түтіннен көрінбей барады. Енді болмағанда демалып жатқан оқушылардың бәрі ыс тиіп, өмірмен қош айтысқандай. Бала Бердібек жалма-жан есікті ашып, ұйықтап жатқан сыныптастарының жартысынан жуығын далаға таза ауаға алып шыққанда дәрігер Жұмаш ағайы да келіп жеткен еді. Осылайша барлық бала аман қалды. Кейде ойлаймын, кез келген қызметінде дағдарысты жеңе білетін Бердібек Мәшбекұлының бұл қасиеті де бала кезінен қонған секілді.

Бекеңнің еңбек етуге деген құлшынысы да балалық шағынан бойына біткен. Мектеп бітірген соң, 16 жасында «Задарья» кеңшарында қарапайым жұмысшы болып еңбек жолын бастағанын айтпағанда, ол оқып жүрген кезінен-ақ үш ай демалысында қол қусырып қарап отырмайтын. Бір жылы тары түйсе, келесі жылы қауын-қарбыз өсірумен айналысқан.

Бекеңнің жастайынан көркем әдебиет оқуы және жазушыларды жақсы көруінің өз сыры бар. Бекең 17 жасында Алматыға алғаш рет келгенінде Әбіш Кекілбаевпен танысқаны да – тосын оқиға. Кейін бертінде осы жағдайды Бекең Әбіш ағаға айтып, екеуі әбден күліп алғандары бар. 1970 жылы Алматы халық шаруашылығы институтының абитуриенті Бердібек осы оқу орны орналасқан «Правда» мен О.Жандосов атындағы көшелердің қиылысқан жеріндегі асханаға досымен бірге бас сұғады. Сол жерде Орта Азия әскери округінің аппаратында әскери қызметін өтеп жүрген Әбіш аға да ас ішіп отырса керек. Жас жігіттер барып амандаса кетеді. Сол жерде Әбіш аға Бердібекке өзінің «Бір шөкім бұлт» кітабын қолтаңбасымен сыйға тартыпты. Ал осы оқиғадан қырық үш жылдан кейін Әбіш Кекілбаевтың Бекең туралы эссе жазуы да бекер емес.

Бердібек Сапарбаевтың басшы ретіндегі басты қасиеті «Халық-Мемлекет-Билік» үштағанын ұштастыра білгенінде жатыр деп ойлаймын. Осы синтезді өзінің еңбек жолында басты арқау етіп алған ол өмірінің мәнін дәл тапқан сақа саясаткер екені – басы ашық ақиқат. Шынында да осы тиімділігі жоғары симбиоздың барлық тылсым тұстарын аша білген адам ғана өмір диалектикасының сырын аударып-төңкеруге шамасы жетеді. Себебі халық пен биліктің тығыз байланысын орнатпай және соның бәрінің басында өзің жүріп зерделемей, тексермей, оның үстіне, мемлекеттік басқару ісінің қыр-сырын толық және түпкілікті меңгермей табысқа жету мүмкін емес. Бердібек Мәшбекұлы – дәл осыны жыға түсінген аз ғана қайраткердің бірі. Сондықтан да бұл қасиеті қашанда адалдықтың өлшеміне ұмтыла білген Бекеңнің азаматтық мәртебесін асқақтата түседі.

Ықылым заманнан төрт құбыласы тұйықталмаған, көсіле шапқан тұлпарға, желдей ескен сұңқарға жеткізбес, кеңдіктің белгісіндей қазақ даласының төңкерілген көгілдір күмбездей аспан әлемі тура осы салқам даланың сағым ойнаған белдерінен басталып кететінін жас кезінен жадында сақтап өскен Бердібек Мәшбекұлының бойындағы барлық адами қасиеттері мен биік биліктегі ізденістерінің бәрі туған жерден басталып, туған жерге қайта-қайта оралып отыратынымен қастерлі екеніне көзіміз талай жетті. Ұлтжанды, мемлекетшіл, халықшыл, елін шексіз сүйетін азаматтың өмірдегі барлық жеңістері қашанда туған елге сүйіспеншілік табантірегінің тартылыс күшіне жинақталып жататынына шәк келтірмейсің. Өр рухты, өміршең өлке перзентінің жан-жүрегінде бала кезінде лап етіп тұтанған білте шамның жарығындай әлсіз ғана сәуленің бүгін оның айналасындағы әр адамға жылу шашып тұратын алаулы жарыққа ұласуының сыры осында жатыр.

Бекең дала философиясын бойына сіңіріп өсті. Дала мен шексіздік – ғасырлар бойы Еуразия кеңістігінде көшіп-қонып жүрген көшпелілердің сана- түйсігіне берік орныққан еркіндік символы. Кеңдіктің бағдаршамындай осы қасиет Бердібек Мәшбекұлының тұла бойында тұнып тұр. Оның өмірдегі барлық жеңістері осы кеңдік қасиетінен бастау алып жатқаны – дәлелдеуді керек етпейтін аксиома. Әкесі Мәшбектің аталы сөзі мәңгілік есінде қалып қойды: «Әкім халықтан әулие емес. Басшы елден үйрене отырып, соны өзінің ми қазанында қайнатып, белгілі бір жағдайда дұрыс шешім қабылдауы қажет. Ешкімнің ала жібін аттама, не көрсең де, таза еңбегіңмен көр. Басқалармен бақталас болма, ешкімнің алдын кеспе, ақылың мен күш-жігеріңе сен, әріптестеріңнің жеңісіне қуана біл, өзің жетістікке жетсең, айналаңды танымай кетпе. Жоқ болса, жасыма, бар болса, тасыма. Атқарған еңбегіңді ешкімге міндет қылма, үлкен істерді үндемей атқар. Осындай қасиеттерің болса ғана, алысқа шаба аласың, балам!».

1995 жыл оның өміріндегі тосын бетбұрыс кезеңі болды. Қызылорда облысына әкім болып тағайындалды. Аздап қобалжығаны бар. Бұған дейін министрдің орынбасары, Қазақстан Үкіметі аппаратының басшысы болып еңбек еткені болмаса, тікелей халықпен араласып жұмыс істеп көрмеген. Оның үстіне, еліміз нарықтық қатынастарға енді көшіп, алмағайып заман болып тұрған кез. Алматыдан Қызылордаға келді. Облыс – өзінің туған жері. Аймақты жақсы біледі. Бірақ «Неден бастау керек?» деген сұрақ көлденеңдеп тұрып алды. Аяқ астынан қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Әбдіжәмил Нұрпейісов құттықтап келе қалмасы бар ма?! Сол кісінің айтқан сөзін Бекең әлі күнге ұмытпайды: «Бердібек, Арал ауданында Ақбасты деген менің туған ауылым бар, сол жердің халқына барып сұхбаттас». Кейіннен ойлап отырса, Әбе «бірінші күннен халықтың ортасында бол» деген екен: «Елдің ішіне кірсең, көп нәрсеге көзің ашылады. Бір барып, екі барып, үш барып, қоя салған болмайды. Жүйелі барып тұру керек». Әкесінен үлкен Әбе сөзі содан бастап оның әкім қызметіндегі кредосына айналып кеткен еді.

Әке мен Әбе айтқан аталы сөзден бастау алған Бекеңнің басшылық карьерасындағы біліктілігі осы жерден басталғаны сөзсіз. Туған жердің топырағымен, ата-анасының тәлімді тәрбиесімен қонған осы қасиеті арқылы еліне елеулі, халқына қалаулы бола білген арлы азаматтың жүріп өткен өнегелі жолына қызыға қарайсың. Ұстарамыздан жүз кетіп, ұлтанымыздан сыз өтіп, ұнжырғамыз түскен жылдардан енді есімізді жиып, ұпайымызды түгендей бастаған кезде Қызылорда облысының тізгінін ұстаған Бердібек Мәшбекұлы көптеген кетеуі кеткен мәселелерді байып­пен шеше білді.

Құстың қос қанатындай білім мен тәжірибесі қатар өрілген, ілкімділік пен біліктілікке сүйенген Бердібек Мәшбекұлының қордаланған мәселелерді шешу барысында облысты тығырықтан алып шығатыны бірте-бірте мойындала бастады. Облыс әкімінің алқа жиындарында кесек турап, ірі сөйлейтінімен қарамағындағыларды тәнті етті. Кез келген мәселеде мақсат қоя білді. Нақты тапсырма беруге шебер. Басқаларды өзінің пікіріне иландыра алатын ерекше қасиетке ие әкім барлық тақырыпта оппоненттерінен басым түсіп жататыны да істің тезірек шешілуіне септігін тигізетін.

Істің түйіні шешілсе, жерден жеті қоян тапқандай қуана қоюы да қиын. «Жігіттер, ақылға салсақ, шешілмейтін не бар?!» дегендей бастапқы қалпынан айнымай отыра береді. Өзін біреуден артық немесе кем көрмейтін Бекең пікірталас өршіп бара жатса да, сол қоңыр қалпын сақтаудан бір танған емес. Ортадағы ойға ғана құлақ түретін ол өз аргументтерін де нық жеткізеді. Облыс әкімі сияқты үлкен лауазым иесіне тән осындай қасиеттер Бердібек Мәшбекұлының бойынан алғашқы күндерден табыла кеткені оның өз жұмысын тезірек дөңгелетіп әкетуіне көп әсер етті.

Бекеңнің адамгершілігі туралы айтқанда, ең алдымен, оның өткенге топырақ шашпайтыны және елге еңбегі сіңген бұрынғы басшылардың аруағын сыйлай білетіні ойға оралады. Осы орайда Бекеңнің Оңтүстік Қазақстанда әкім болып жүрген кездегі үш-төрт шаруасын айтсақ та сөзімізге дәлел. Дінмұхамед Қонаев және оның саяси серіктері Асанбай Асқаров пен Өзбекәлі Жәнібеков сияқты сақа қайраткерлердің аты тарих бетінен сызыла бастаған сол бір келеңсіз уақыттың өзінде Бекең басқалардан биік тұрды.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары аяғында Қожа Ахмет Ясауидың ұстазы Арыстан баб кесенесінің іргесіне жер асты суы қайта көтеріле бастаған еді. Кезінде Дінмұхамед Ахметұлы арнайы қаздырған арық уақыт өте келе бітеліп, кесенені су басу қаупі қайта төнген. «Қонаев арығы» аталып кеткен осы дренажды Бекең қайта жөнге келтіру ісінде «саяси қателікке ұрынудан» қорықпай, жан-жағына жалтақтамай, табандылық танытқанын сол кезде жергілікті халық ерлікке балаған.

Бұл бағытта Бекең мұнымен де тоқтамады. Асанбай Асқаровқа «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағын беруге де тайсалмады. Мұнысы да бұрын осы өңірге еңбегі сіңген тұлғаның алдындағы адамгершілік парызы болғанын жұрт әлі ұмыта қойған жоқ.

Кезінде Тайқазанның елге қайта­рылуына бастамашыл болған, Нау­рыз мерекесін қайта жаңғыртқан ұлт мақтанышы Өзбекәлі Жәнібеков Алматыда дүниеден озғанда Бекең тағы да кісілік танытты. Қазақ мәдениеті мен өнерінің шырақшысындай өшкенімізді қайта тірілтіп өмір сүрген ұлы тұлғамызды Арыстан баб кесенесінің маңына әкеліп жерледі. Бекеңнің осы еңбегін біреу білер, біреу білмес. Мұның астарында екі нәрсе жатыр. Біріншіден, бұл – елінің рухани құндылықтарын көзінің қарашығындай аялап қорғаған ұлы тұлғаға деген құрмет. Ал, ең бастысы, Бекең осы бір қасиетті ісі арқылы ұлттың рухын көтерді.

Қасиетті іс демекші, Бекең түркі әлемінің алтын бесігі Түркістанның 1500 жылдығын ЮНЕСКО шеңберінде атап өтудің басы-қасында бірінші болып өзі жүрді. Шерхан Мұртаза, Асанәлі Әшімов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шахановтардың қолдауымен облыс әкімі «Парыз» қорын құрып, мерекеге орай атқарылған жұмыстың шығынын кәсіпкерлер бар, жеке адамдар бар, өздері-ақ көтеріп кетті. Мұның өзі бюджетке қол жаймауға негіз болды. Осы мерекенің дұрыс және дер кезінде өтетініне кейбір министрлердің сенімсіздік танытқанына қарамастан ұлттық намысын шүберекке түйіп жүріп абыроймен атқарды. Бұл Түркістанның екінші тынысы ашылуының бастауы болды. Қала мереке қарсаңында қайта түледі. Көптеген әлеуметтік нысан бой көтеріп, киелі қала керемет абаттандырылды. Мерекеден кейін де Түркістан туризмнің басты орталығына айнала бастады.

Қозғаушы күшке ие болған адам ғана прогреске ұмтылатынын Бердібек Мәшбекұлының тағдырынан анық көре аласыз. Қазақ қалай дәл айтқан: Қырандар төбеге қонбайды. Алып кемелер мұхитта жүзеді. Тескентау түбіндегі жарыққа табанды кісі шыға алады. Қолынан іс келетін мамандардың биік жерлерде жұмыс істегені – қоғамға пайда. Басы ашық заңдылық бар. Оның ең басты қағидаты – мемлекеттік менеджер нарықтық экономиканың табиғаты мен тұтас организмін жыға таныған, сол жүйені бүге-шігесіне дейін зерттеген, оны құлай сүйген адам болуы шарт. Сондай ұйымдастырушы ғана нарықтық экономиканы өмірге енгізе біледі, керек десеңіз, сол жолда қаймықпайтын қайраткерлік дәрежеге жете алады. Бекең халық алдында осы уәде үдесінен шыға білді.

Адамның айтқан ойынан оның парасаттылық парқының қан­шалықты дәрежеде екенін аңғаруға болатынымен келісетін шығарсыз. Шынында да жер бетіне шыр етіп түскен пенде өмір бақи өзін-өзі танумен өтеді. Бізге дейін де осылай болған, бізден кейін де осылай бола бермек. Адамның өмірге келудегі басты миссияларының бірі де осы. Өйткені адам өзін-өзі зерттеу арқылы ғана мына дүниені жақсылыққа қарай жылжыта алады. Сондықтан да өзін де, өзгені де сыйлай білетін Бекең бұл мәселені санасынан шығарған емес. Қай кезде де. Логикасы мен эпатиясы қатар дамыған Бердібек Мәшбекұлының қашанда табысқа жетуінің феномендік формуласы осында жатқанында күмән жоқ.

Бекеңнің көп жылғы тәжірибесінен байқағаным, кеңседе отырып қарар қабылдаған бір басқа да, ал енді елдің ішіне барып, сол халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, ұтымды ұсыныстарға жол ашу бір басқа екенін баса айтқым келеді. Бұл жерде жұмыс орнында қабылданған шешімдер шалағай шығады деп айтудан әсте аулақпын. Кабинетте отырғанда да Бердібек Мәшбекұлы елді есінен шығарған емес. Дегенмен ол өзінің ақылға салып, құлақ қойған ісін бойындағы сезімді анық оята алатын халық түйсігімен астастыра алғанда ғана әркез дұрыс шешім қабылдайтынын жыға түсінген.

Ол шынында да ешқашан болдым-толдым демеді. Үнемі ізденіс үстінде жүрді. Өз орнын жақсы білді. Билік дәлізіне сырбаз басып, сыпайы есік қағып кірген ол әркез еңбегімен, ұйымдастырушылық талантымен дараланды. Ал жалпы халыққа деген адалдығы өз алдына бөлек әңгіме. Қашанда тазалық пен әділеттік үшін талай жерде шырылдап жүрді. Сөз жоқ, ол сондықтан да қазақ қоғамында адалдықтың критерийіндей көрінеді.

Биыл Бердібек Мәшбекұлы Астанаға қайта көшіп келді. Үйіміздің арасы бір көше. Ескі әдетпен тағы да серуенге бірге шығып тұрамыз. Бірде сұрақ қойғаным бар: «Беке, құрметті демалысқа шықтыңыз. Өткен өмір жолыңыз алпыс атанға жүк болғандай. Өзіңізді бақытты сезінесіз бе?». Ол көп ойланбастан жауап берді: «Көңіліңнің тыныштығы мен өзіңді бақытты сезіну үшін ұлтқа қызмет етуден асқан абыройлы іс жоқ. Мен саналы өмірімді осы жолға арнадым. Сондықтан да өзімді азамат ретінде бақытты сезінемін. Жалпы кез келген адам өзінің сүйікті ісімен айналыса білсе, жер бетінде бақытты жан көбірек болар еді».

Талай жыл ел басқарған тұлғаның бұл сөзінен ақық қасиеті анық байқалып тұрды. Абыз Әбіш алғадай азамат деп атап кеткен Бердібек Мәшбекұлының басқаша ой толғауы мүмкін емес еді.

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ  

 

3500 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы