• Білім және ғылым
  • 02 Ақпан, 2023

БАР ӘРЕКЕТ ӨЗІМІЗДЕН БОЛСЫН

1995 жылы Қазақстан Республикасы Конституциясы мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін бекіткені белгілі. Соған сәйкес 1996 жылдан бастап, Қазақстанның барлық мектептерінде қазақ тілі пәні міндетті болып белгіленген еді. Қазақ тілі барлығына міндетті болғаннан кейін, 1996 жылы 1- сыныптан бастап, мектепке барған балалар 11 жыл бойы қазақ тілін оқып шықты. 11 жыл бойы қазақ тілін оқыған балалардың алғашқы қатары 2008 жылы мектеп бітірді. Олардың әрқайсысы өз жолын тауып, еңбек нарығына қосылса, өзгелері арнайы орта және жоғары білімін жетілдірген соң, еңбек ете бастады.

Бұл ұрпақ тәуелсіз Қазақстанда білім алып, тәуелсіз Қазақстанмен қатар өсіп келеді. Сонымен қатар біз қазір өмір сүріп жатқан қоғамдағы көптеген үдерістердің қозғаушы күшіне айналды. Аталған ұрпақ өзгерістерді 10 жыл бұрын бастап кеткенін біз, зерттеушілер бірден байқай алмадық. Не себепті 10 жыл бұрын? Себебі 10 жыл бұрын аталған ұрпақ университет бітіріп, еңбек нарығына толығымен кіріп кетті.

Сонымен қазақ тілін 11 жыл бойы оқып шығып, ЖОО-нын тамам­дап, табыс таба бастаған ұрпақ 2010 жылдардың басында еңбек нарығына қадам басты. Алайда олар ересек өмірде сауда орталықтарында қазақша жарнама жоқтың қасы екенін көрді. Өз ақшасына өзі сатып алған тауардың қазақша сипаттамасын жоғына көз жеткізді. Мейрамханаларда оған түсінікті тілде қызмет көрсетуге ешкім талпынбады. Ал жұмысында өзіне қолайлы тілде әзірленбеген бағдарламамен жұмыс істеуге мәжбүр болды және т.б. Сөйтіп, мұны көрген  ұрпақтың бір бөлігі нарыққа бейімделіп кеткендей болды. Ал қалғаны өз тілінде өзіне қолайлы ақпарат ала алмайтыны үшін іштей қынжылып, мәселені шешу жолдарын іздей бастады.

Бұл құбылыс қоғамда да айқын көріне бастады. 2010 жылдардан бас­тап, «Тіл сақшысы» секілді бағдарла­малар танымал болып кетті. Қазақша ақпарат тарататын және тіл мәселесін көтеретін түрлі блогерлер шығып жатты. Содан бері қазақтілді азаматтардың қоғамдағы тіл мәселелерін қозғайтын Qazaqsha Jaz, Qazaq Grammar, Kazak Bubble, Qazaqsha Soile, Qaz Write, Taza Talk, Til Maydani және өзге де қозғалыстар жұмыс істеп келеді. Адамдар бизнестен қазақша сапалы қызмет көрсетуді талап ете бастады. Сонымен қатар қоғамның қазақ тіліне деген сұранысына жауап ретінде Batyl Bol, Kazaksha Uiren, Tildes, Кел сөйлесейік, СӨЙЛЕ, Söile&Say секілді көптеген курстар пайда болып, қоғамға жұмыс жасап келеді.

Қазақ тіліне сұраныс жоғарыда келтірген қозғалыстар мен клубтар түріндегі көрініспен ғана шектелмеді. Қазіргі таңдағы әлеуметтік медиа-да қазақ тілінің қолданыс аясына қатысты сауалдар үкімет пен лауазымды тұлғаларға, бизнеске және басқа әлеуметтік институттарға ашық түрде жолданып жатыр. Мәселен, Qazaqsha Jaz қозғалысы 2022 жылы Қазақстанның 25 ірі компаниясына «Тіл туралы заңнаманы» бұзуына қатысты наразылық хатын жолдады. Соның ішінен 11 компания қазақ тіліне қатысты мәселелерін жылдам әрі нәтижелі шеше алды. Бес компания жұмыс үдерісіндегі қазақ тіліне қатысты мәселелерін жартылай шешті. Үш компания қазіргі кезде қазақ тіліне қатысты олқылықтарды жою үшін жұмыстар жүргізіп жатыр.Ал алты компанияның мемлекеттік тілге қатысты мәселелері шешілмеген күйі қалды. Бұл бизнестің қазақ тілінде қызмет көрсету сапасы жақсы болмаса да, қоғам талабын қанағаттандыру үшін жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.

Соңғы жылдары қазақ тілінің мәселесі заңнамалық деңгейде шешімін табу қажет екені көпшілікке анық байқала бастады. Сапалы әрі жүйелі заңдармен қазақ тілінің қолданыс аясын кешенді шешуге болатыны айқын көрінді. Осы бағытта бұрынғы Мәжіліс депутаты, қазір Ұлытау облысының әкімі  Берік Әбдіғали бастаған жұмыс тобы 2021 жылы қабылдауға дейін жеткізген өзгерістер пакетін жақсы мысал ретінде атауға болады. Берік Әбдіғали мырза «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға енгізген өзгерістер пакеті, қазіргі таңда қазақтілді ҚР азаматтарының тұтынушы ретіндегі құқықтарын қорғау бойынша оң өзгерістерге әкеліп, мемлекттік тілдің бизнестегі рөлін айқындауға үлкен ықпал етіп жатыр.

Президентіміз айтқандай, қазақ тілінің «ұлтаралық қатынас тіліне» айналуына толық негіз бар деп тұжырымдаймын. Оны қоғамның мемлекеттік тілге деген жоғары сұра­нысынан, бизнес пен қоғамдық инс­титуттардың сұранысты қанағат­тандыруға бағытталған әрекеттерінен, қоғамның үкіметтен қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту бойынша талабынан байқауға болады. Сонымен қатар 2021 жылғы санақ нәтиже­ле­рінің қорытындысы халықтың мемлекеттік тілді білу деңгейі 80,1 пайыз екендігі де оң қадам екендігін айта кету керек. Бұл ретте мемлекет­тік тілдің көпшілік коммуникация­дағы қолданыс аясын кеңейту үшін әлеуметтік инсти­туттардың өзара бір­лесіп, қолданыстағы заңнама негізінде құқық­тық жұмыс жүргізуі қажет деп санаймын. Себебі тек құқықтық жұмыс қазақ тілінде ақпарат сұраушы тарап пен қазақ тілінде ақпарат беруші тарап арасында қатынасты ретке келтіріп, ықтимал тәуекелдерді алдын алуға мүмкіндік береді. Ендеше бар әрекет өзімізден болсын...

Қуатбек ДҮЙСЕН,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері

11487 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы