• Руханият
  • 02 Ақпан, 2023

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ДӘРІПТЕГЕН

Алматыдағы  Орталық музейде ғылыми кеңес мүшелері, музей ұжымы және бұқаралық ақпарат құралдары бас қосқан жиын өтті. Жиында музей директоры Рашида Харипова сөз алып, өткен жылы атқарылған іс-шараларға тоқталды, бір сөзбен айтқанда, қорытынды есеп берді. 
Өткен жылы музейге келушілердің саны 138 мыңға жуықтаған. 2930 экскурсия,  35 көрме, оның ішінде 7 халықаралық көрме, 4 ғылыми жоба, 2 халықаралық конференция,  бір музей қызметкерлеріне арналған семинар-тренинг, 153 мәдени іс-шара өтіп, қор 1316 жәдігермен толыққан. 627 зат қалпына келтіріліп, 28154 жәдігер сандық форматқа көшірілген. 

–2022 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің 2020–2022 жылдарға арналған 4 ғылыми жоба бойынша жұмыс жүргізіліп, 3 ғылыми жобаның қорытындысы жасалды. 2021–2023 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурс аясында бір жоба «Ұлы дала тағдырындағы Алтын орда және Шағатай мемлекеті нумизматикалық деректер бойынша (XIII-XIV ғғ.)» биыл аяқталады. Орталық музейдің ғылыми-зерттеу және мәдени-білім жұмыстары бойынша музейдің көпжылдық тәжірибесімен бөлісу және музей қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жолдарын жүйелеу және дамыту мақсатында музей қызметкерлеріне арналған «Қазіргі отандық музей: жаңа тәсілдер мен өзекті іс-тәжірибелер» республикалық ғылыми-әдістемелік семинар-тренинг өтті. Семинар-тренингте музейдің ғылыми-зерттеу жұмысы, ғылыми-қор жұмысы, мәдени-білім жұмысы бойынша тақырыптық бағыттар қамтылып, музей ісіндегі басқа да мәселелер қарастырылды. «Ұлы дала кеңістігіндегі Шыңғыс хан ұрпақтары мемлекеттілігінің эволюциясы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына отандық ғалымдармен қатар, Жапония, Өзбекстан, Ресей, Украинаның ғалымдары қатысып, баяндама жасады.  Конференция жұмысына  ғалымдармен қатар 80-нен астам тарих пәнінің мұғалімдері қатысты, – деді Р.Харипова.

Орталық музейде демеушілердің қолдауымен «Коворкинг балалар орталығы» ашылған. Орталықтың  жұмысы балаларды музей әлемімен, ондағы тарихи құнды­лықтармен таныстыруға, шығармашылық бастамалар мен балалардың мүмкіндіктерін ұштауға бағытталған. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, отандық мультипликациялық фильм көру, кітап оқу, қазақ ұлттық ойындары және дәстүрлі музыкалық аспаптарда ойнауды үйрету бағыттарында жұмыс істейді. Қазіргі таңда «Коворкинг» балалар орталығында «Жас өлкетанушылар», «Жас экскурсия жүргізушісі», «Бұлақ» үйірмелері жұмыс істейтінін ерекше атап өткен ләзім.

 «Балалардың бастамалары мен жаңашыл идея-ларын қолдауға бағытталған «Талантты балалар шеруі» республикалық балалар фестивалі, инклюзивті балалармен жұмыс істеу мақсатында «Шығармашылық және білім керуені» жобасы жүзеге асырылды. «Музей және мектеп» айдарымен «Ұлттық мұраны сақтау – болашаққа сый» көшпелі білім беру жобасы аясында Талғар, Талдықорған қалалары мен Қарасай ауданының орта мектеп оқушылары үшін этнография және археология бойын­ша музей сабақтары өткізілді.

«Балалар жылы» аясында Республиканың музейлер қорында жинақталған мәдени мұралар мен құжаттай деректерді және музейде қызмет атқарған тұлғаларды зерттей отырып, ғылыми-инновациялық ой толғауларын, шешендік өнерді, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуын және отандық музейлерде еңбек сіңірген тұлғаларды насихаттау мақсатында оқушыларға арналған «Менің қаламымдағы музей» І республикалық ғылыми жоба байқауы өткізілді. Балалар арасында ұлттық ойындарды насихаттау мақсатында «Музей кубогы» ұлттық ойындары бойынша қалалық спорттық турнир, атап айтқанда, 7-16 жас аралығындағы балалар үшін «асық ату», «бес асық» «тоғызқұмалақ», «арқан тарту» ұлттық ойындары өткізілді. «Әлем балалар көзімен», «Менің бақытты балалық шағым», «Балалар әлемі», «Ғажайып балалық шақ» және т.б. тақырыптарда ұйымдастырылып, оған 1500-ден астам бала қатысып, авторлық жобалары мен кескіндеме, сурет, графика, бейнелеу өнері бойынша шығармашылық жұмыстарын ұсынды.

Халықаралық музейлер күніне орай «Музей түні – 2022» жобасы  «Балалар жылына» арналып, жоба аясында түрлі мәдени-білім беру және ғылыми-танымдық бағдарламалар (түнгі дәрістер мен экскурсиялар, жанданған экспозициялар, көрмелер, шығармашылық белсенділіктер, дәстүрлі қолөнер түрлері мен қазақ этнографиясы бойынша шеберлік сабақтар) ұйымдастырылып, Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысымен «Қырым Аралы» отандық ғылыми-қалпына келтіру зертханасында қалпына келтірілген бірегей археологиялық материалдар негізінде «Қайта жарқыраған жауһарлар – Қырым Аралы» атты көрме ашылды. Көрмеге қалпына келтірілген 100-ге жуық археологиялық артефактілер қойылды.

2022 жылы 4 ғылыми-қолданбалы жобаны орындау барысында жоба орындаушылары ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында Ақтөбе, Орынбор, Санкт-Петербург қалаларының архивтері мен кітапханаларында және Мәскеу қаласының ҰҒА Тіл білімі институты, Мәскеу ұлттық кітапханасы қорларында жұмыстар жүргізді. Іссапар барысында шетелдік мәдениет және ғылыми мекемелерде (кітапханалар/архивтер) сақталып келген құжаттар мен фотоматериалдардың көшірмелері әкелінді» дей келе, музей басшысы Орталық музей Ұлттық мәдени игілік объектілерінің айрықша режимі бойынша сарапшы комиссияның отырысына музей қорындағы ұлттық мәдени игілік болып есептелетін 14082 атаулы заттың қазақ және орыс тілдерінде белгіленген үлгіге сәйкес сипаттамасы жасалып, комиссияның қарауына жіберілгенін, нәтижесінде 11640 атаулы зат Мемлекеттік ұлттық мәдени игілік объектілерінің тізіліміне енгізілгенін жеткізді.

Музейдің биылғы жоспары да сүбелі. Мәселен, «Наурыз» мейрамына орай 14 наурызда түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы аясында «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» халықаралық форумы; форум аясында ұлттық салт-дәстүрмен таныстыру, Амал мерекесінің мән-мағынасын түсіндіру, ерекше балаларға арналған «Жеті қазына» әлеуметтік жобасымен таныстыру, жастар арасындағы «Startup-Nauriz» интеллектуалды жобасы, танымал жәдігерші Азат Әкімбектің «Орталық Азия мен Кавказ халықтарының XVIII-XIX ғғ. зергерлік бұйымдары» көрмесінің таныстырылымы, шетелдік қонақтар үшін музейдің экспозициялық залдары мен Алматы қаласының көрнекі жерлеріне экскурсиялық тур ұйымдастырылады. Сонымен қатар Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойына «Көне қолжазбаларды зерттеу және қалпына келтіру шеберханасын» ашу да жоспарда бар. Сұлтан Бейбарыстың тұлғасын ұлықтау ісін жалғастыру, мәмлүктер кезеңінде жазылған, қазақ тарихы үшін маңызы зор араб және қыпшақ ғалымдарының еңбектерін жинақтау, аналогы жоқ, сақталуы нашар, құрып бара жатқан сирек қолжазбалар, кітаптар мен құжаттарды қалпына келтіре отырып, келешек ұрпаққа дәріптеу, Орталық музей қорындағы мәдени мұраны насихаттау, заманауи стандарттар мен технологияларды пайдалана отырып, қалпына келтіру жұмысын көрсету мақсатын көздеген іс-шара аясында шеберхана сирек көне қолжазбалар, құжаттар мен кітаптарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді, болашақ қалпына келтіруші мамандарға қалпына келтірудің әдіс-тәсілдерін үйретіп, отандық және шетелдік қалпына келтіруші мамандардың тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттыратын орталық болады.

Жыл ішінде музей қорынан М.Жұмабаевтың 130 жылдығы және Х.Досмұхамедовтың 140 жылдығына арналған «Алаштың асыл арыстары», Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толуына орай «Амангелді Иманов – қазақ халқының ұлттық батыры», Қазақстанның Ұлттық валютасы – теңге күніне «Шығыс нумизматика әлемі», «Әлемді тамсандырған – Әміре», тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік жаңғырығы» көрмелерін ұйымдастыру жоспарланған.

Бағдагүл  БАЛАУБАЕВА

 

1023 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы