• Білім және ғылым
  • 02 Ақпан, 2023

БИЛІК ӨКІЛДЕРІ ТАҢҒЫ АСЫН ГАЗЕТ ОҚУДАН БАСТАЙ МА?

Журналистиканың, әсіресе баспа басылымдардың мәселесі жан-жақты қаралған жиынның ашылуы мен ұйымдастырушылары қатысқан негізгі жиынның ақпаратын газетіміздің өткен санында жарияладық. Ендігі мәселе сол форумнан кейінгі ой турасында. Заман ғана емес, оқырман да өзгерген, қоғам трансформацияланған кезеңдегі баспа басылымдардың, әсіресе өңірлердегі басылымдардың жай-күйі қандай? Олардың қоғамдық ақыл-ойға қосатын үлесін, ақпараттандырудағы салмағын зерттеп-зерделей алдық па? 
Журналистік материалдарды жазудың жанрлық түрлері мен стилистикасы, дәстүрлі және жаңа медиа, аймақтық БАҚ-ты дамыту, медиа кеңістіктегі мемлекеттік тіл мәселелері, конвергентті журналистика, басылымдардың сапасын арттыру және аудиториясын кеңейту, оларды оқырманға уақытылы жеткізу мәселелері талқыланған бұл форумның қатысушыларға бергені көп. Әсіресе, өңірлік БАҚ-ты дамыту, журналистің ықпалы мен мәртебесі, газеттегі жарнама, монетизация әдістері, конвергенттік журналистика, газет тарату және жеткізу, баспа БАҚ-та балалар контентін қалыптастыру секілді 7 панельдік сессияда маңызды мәселелер талқыланды.

ГАЗЕТТЕР ӘЛІ ДЕ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ

Қанат Ысқақов форумның басты мақсаты – заманауи медиа саласы бойын­ша оңтайлы тәсілдерді қарастырып, тәжірибе алмасу, оған қоса мерзімді баспасөз саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікірталас алаңын ұйымдастыру екенін айтты:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында бүгінде БАҚ бәсекеге қабілетті әрі еркін болуы керек екенін атап өтті. Бұл қағидат кез келген өркениетті мемлекет үшін маңызды болып қала бермек. Сондай-ақ Қазақстандағы медианы одан әрі дамыту үшін министрлік жыл сайын өткізіп отыратын «Тұмар» мен Astana Media Week іс-шараларында өңірлік БАҚ саласына қатысты мәселелер қозғалады, – деді ол.

«Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы: «Газет сынайды, атқарушы билік немесе қоғамдық құрылымдар сол сыннан тиісінше қорытынды шығарады. Ақпаратты қанша адам оқиды, кім оқып жатыр? Зиялы қауым, билік өкілдері таңғы асын газет оқудан бастай ма? Журналистің жазған сараптамалық өнімін оқи ма, әлде көз жүгіртіп қана өте шыға ма? Қазір сол жайт  қалай жүріп жатыр. Қазақ баспасөзінде қалыптасқан дәстүр бар – мәдениетті сын, сындарлы (конструктивті) сын. Оған реакция, қорытынды қалай болып жатыр. Бұл – ойландыратын мәселе. Менің түсінігімде мемлекет деген сөздің атауы жүргеннен кейін, оның ар жағында мемлекетшілдік деген ұғым тұр. Бұл ұғымды көбінесе ауыз­бен айтамыз да, орындауға келген кезде жауапкершілігі азайып кететіндей көрінеді. Кез келген азаматымыз мемлекетшіл ме, әсіресе мемлекетті құруға байланысты, мемлекетті қалыптастыруға байланыс-ты қызметте жүрген азаматтар. Оның параметрі, өлшемі бар ма? Өлшемді кім қалыптастырады? Оны әрине, сіз бен біз қалыптастырамыз» деп ой бөлісті.

Панельдік отырыста «Айқын-Литер» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиев:­ «Кез келген газетке жарнама берген тұтынушы ең алдымен сол газеттің сапасы мен санына мән береді. Әлеуметтік желідегі парақшалар қаншалықты жылдам болса да газеттердегідей ақпаратты жан-жақты бере алмайды. Сол себепті газет пен сайттың ұжымы бөлек. Олар бір-біріне бағынбайды, сондықтан да олар дербес. Сонымен қатар заман көшіне де ілесу қажет. Мысалы, біз TikTok пен YouTube әлеміне өзіміз еніп, кеңінен пайдалануымыз керек. Басқа жол жоқ. Аудитория біздің соңымыздан емес, біз аудиторияның соңынан жүруіміз керек» деді.

Журналист Ерболат Мұхмеджан: «Қазір біршама басылымдар әкімдіктің қолдауынан шығып, нарыққа кетіп жатыр. Ол деген – бәсекенің ортасы, не өлесің, не тірі қаласың, нарық заңдылығы» десе, National Geographic Qazaqstan жур­налының жауапты редакторы Айбын Шағалақ журналды әзірлеу, журналистік зерттеу, суреттер мен инфографика туралы талдап айтып берді. Ал Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Ербол Тілешов медиакеңістіктегі мемлекеттік тіл мәселелеріне кеңінен тоқталып, шешу жолдарын ұсынды.

АЙМАҚТЫҚ ГАЗЕТ КЕРЕК ПЕ?

Жиын барысында талқыға қатысқан журналистердің де пікірі көп мәселеге түрткі болды. Мәселен, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин аудандық баспасөз халық пен биліктің арасындағы көпір ғана емес, сондай-ақ халықтың сауатын ашатын құрал екенін атап өтіп: «Мобилизацияның кесірінен биыл Ресей жастары Оралға көптеп келді. Көрші ел жастарының көбейіп кеткені сонша, халық арасында түсініспеушілік туындай бастады. Бұл мәселе облыстық қоғамдық кеңесте де талқыланды. Сол кезде біз «Орал өңірінде», «Елең-алаң мезгіл, алагөбе көңіл» деген жергілікті халықтың психологиялық жағдайын жаза отырып, «жергілікті жұртты ашуландырып алмайық»  деп билікке ескерту ретінде көлемді мақала жарияладық. Осы мақала арқылы біз ұлтаралық емес мемлекетаралық жағдайдың шиеленісуінен елді, өңірді сақтадық. Бұл «аймақтық газет керек емес» дейтін кейбір сарапшылар­дың пікірлеріне қарама-қайшы. Тағы бір мәселе, облыстық газетті насихаттап, өңірдегі ауыл-аймаққа жиі шығып тұруға тырысамыз. Сондай бір жиында жергілікті интеллигенция болып саналатын мұғалім, ұстаздардың баспасөз оқымайтынын аңғардық. Бұл, әрине өте өкінішті» деді.

«Шалқар» аудандық газетінің құрыл­тайшысы Қыдыралы Әлин: «Қазір барлық облыстық, аудандық газеттер жеке­меншікке өткені белгілі. Сондықтан газет таралымы да құрылтайшының құзы­рында. Алайда барлығы өз қолымызда деп жер­гілікті баспасөздің тағдырына балта шабуға болмайды. Ақтөбе облысында барлық газеттер 2015 жылдан бастап, жекеге өте бастады. «Шалқар» аудандық газетінің 90 жылдық тарихы бар. Облыстағы таралымы көп басылым – осы газет. Қазіргі күні таралымы 3 мыңнан асады. Соңғы 4-5 жылда осы тиражды ұстап тұрмыз. Әрине, тоқырау кезеңдерінде азайып кеткеніміз рас, 2 мыңға дейін түсіп қалдық. Кейін саны көтерілді. Қазір жазылым көрсеткіші де жаман емес» деген пікір айтты.

«Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев серіктестік атқарып жатқан жұмыстарды, жобаларды таныстырып, тәжірибесін бөлісті. Медиа құрылым дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианы үйлестіре дамытып отырғанын жеткізді. А.Оңғарбаев облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың 5 мың студенттің газетке жазылу қаражатын субсидиялауды қолдайтынын жеткізді. Бұл бастама облыс әкімдігі мен жергілікті мәслихат депутаттарының бірлесіп қабылдайтын шешіміне сәйкес жүзеге асырылатын болады.

–  Бұл –  республикада тұңғыш рет көтеріліп отырған бастама. Мұны жастарға жасаған қолдау, жанашырлық әрі елдік мүддені ту еткен мерзімді басылымдарға көрсеткен демеу деп түсіну керек. Қазіргі таңда Сыр өңіріндегі жоғары оқу орындарында 15 мыңнан астам, колледждерде 20 мыңның үстінде студент оқиды. Солардың арасынан ықылас танытқан жастарға тегін газетке жазып беру мүмкіндігі қарастырылатын болады, – деді Аманжол Сақыпұлы.

 

«ЖАҚСЫНЫ КӨРМЕСЕК, ЖАМАНДЫҚТЫ ЖАТА КЕП ҮНДЕСЕК...»

Форумда журналистік этика, ақ­параттық кеңістіктегі позитив пен не­гативтің ара салмағы, кәсіпке адалдық тұрғысында да талқылар жасалды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сауытбек Абдрахманов: «Адамдар жақсылықты көруден қалып барады. Егер осылай кете беретін болсақ, еліміз туралы қалыптасып қалған теріс түсінікті одан сайын үңгіп, тереңдете береміз. Рас, елде өте күрделі, елеулі проблемалар бар. Бірақ бәз біреулер жазып жүргендей, Қазақстан дәл соншалықты сорлы ел емес. Елдің әлеуеті әлсіз емес. Сондықтан халықтың сағын сындыра бермеу керек. Оқырманды түңілте берудің қажеті жоқ. Оның аяғы жақсылыққа апармайды.

Халықтың еңсесін көтеретін, жасалып жатқан жақсы істерді де, үлкен проблемаларды да үмітті үздірмейтін, сенімді күшейтетін мәселелерге де назар аударылса деймін. Және бұл дәл осы айларда өте маңызды. Өйткені сайлау қарсаңында партиялар өздерінің бағдарламаларын ұсынады. Тізімге енген кандидаттар елді мекендерді аралап, насихат жұмыстарын жүргізеді. Олардың барлығында дерлік назар елдегі кемшіліктерге аударылады. Өйткені кім кемшілікті көбірек айтса, кім проблеманы көбірек көтерсе, солардың сөзі өтімді болатынын бәрі біледі.Бірақ, бәрі олай емес» дейді.

Форум барысында фотожурналистің шеберлігі, газет дизайнының ерекшелігі туралы да мазмұнды баяндамалар жасалды.

Балалар басылымы туралы сөз қоз­ғаған қаламгер Серікбол Хасан балалар басылымдарының басында тұрған бір­неше мәселені атап өтті: «Біріншіден, балалар басылымдарының таралымы. Балалар басылымдарының оқырманы – мектеп оқушылары. Қазір «мектепте жазылуға мәжбүрлемеңдер», «тіпті газет-журналға жазылмаңдар» деген бұйрықтар шықты. Соның салдарынан балалар басылымдарының мектептерге келіп насихат жұмыстарын жүргізуіне, балалардан жазылуға ақша жинауына мүмкіндік берілмейді. Редакция өз оқырманымен еркін жүздесе алмаса, оларға газет-журналдарын насихаттай алмаса, бұдан кейін қалай таралым көбейеді?! Шыны керек, Оқу-ағарту министрлігі, әкімдіктердің білім беру басқармалары да оқушылардың басылымға жазылуына, олардың қызы­ғушылығының қалыптасуына жағдай жасамайды.

Екіншіден, балалар басылымдарын заман талабына сай жаңғырту. Қазір көптеген балалар комикске қызығады. Комикстің маманы айта жатар, қазір комикс салу өте қымбат. Мысалы, «Балдырған» журналының бір нөміріне комикс салу үшін кемі 500 мың теңге керек. Ал редакция қорында мұндай қаражат жоқ.

Тағы бір мәселе – қазіргі уақытта балалар басылымдары тек басылым қызметін ғана атқармауы керек. Әлеу­меттік желілерде белсенді болуға тиіс. Ютуб каналдар ашып, әлеуметтік желілерде қосымша қызметтер атқаруы қажет. Тіпті басылымдар шағын анимациялар түсіруді, балаларға арналған түрлі қызықты мобильді қосымшалар, смартфонға арналған танымдық ойындар жасауды да қолға алуы керек. Алайда ол үшін тағы да қосымша қаражат қажет. Редакция ауқымын кеңейтіп тиісті мамандар алу керек.

Үшіншіден, балалар басылым­дарын­дағы штат мәселесі. Бұл да балалар басы­лымдарының алға басуына кедергі болып отыр.

Төртіншіден, балалармен жұмыс істеудің қиындығы. Көп адамдар балаларға жазу, балалар басылымында жұмыс істеу оңай деп ойлайды. Керісінше, балалар басылымында істейтін журналиске педагог, әдіскер, тіпті психологтың қызметін атқаруға тура келеді. Себебі қазіргі балалармен жұмыс істеу өте қиын. Тез ашуға берілетін балалар бар, оларға «жазған шығармаң солғын» десең, бірден ашуға беріледі. Мұндай кезде журналист психолог болуы керек.

Бесіншісі, әрине пошта мәселесі. Бұл тек балалар басылымдарына ғана емес, барша баспасөздің басындағы проблема. Газет-журналдар оқырман қолына дер кезінде жетпейді.

 

ДӘСТҮРЛІ ФОРУМ ӨҢІРЛЕРДЕ ЖАЛҒАСАДЫ

Форумда басылымдардың оқырман қолына дер кезінде жету мәселесі де көп талқыланды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Қазпошта басшысымен бұл мәселе талқыланғанын әрі форумда Қазпошта өкілдері отырғанын да айтып өтті. Екі күнге созылған форумда медиа әлемінің кәсіби журналистері және медиа менеджерлері жаңа жағдайдағы баспа БАҚ; журналистиканың трансформациясы; медиаменеджмент; дәстүрлі және жаңа медиа тақырыптар бойынша пікір алмасты.

Форум жұмысын қорытындылаған Дархан Қуандықұлы түйіндеп, аймақ­тардағы бұқаралық ақпарат құралдарына қолдау көрсетілетінін тағы бір мәрте айтып өтті. Мемлекеттік сатып алу ережесін пысықтау, аймақтық басылымдардың мүмкіндігі мен әлеуетін ескере отырып ережені қайта жасақтау, енді қабыл­данатын «Масс-медиа туралы» Заңның кейбір тұстарын қарау, бұл заңға қатысты көпшіліктің пікірін ескеру және алғаш рет ұйымдастырылған форумды алдағы уақытта дәстүрлі түрде өңірлерде өткізіп тұру тақырыбын көтерді.

«Екі күн бойы жақсы жиын өтті, әртүрлі тақырып талқыланды. Дәстүрлі медианы біз әрқашан қолдауға әзірміз.  Журналистиканың отымен кіріп, күлімен шыққан журналистерге министрлік атынан және өз атымнан ризашылығымды білдіргім келеді. Өңірлердің арасында тәжірибе алмасу болды деп ойлаймын. Озық өңірлердегі тәжірибені қолдану барысында әкімдіктен қолдау қажет болса, біз сол әкімдіктермен сөйлесуге дайынбыз» деді Дархан Қыдырәлі.

Қ.СЕРІКҚЫЗЫ

 

11265 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы