- Білім және ғылым
- 02 Ақпан, 2023
Ғалым ерекше әдістемені ойлап тапты
Қазақстанда теңдесі жоқ ерекше әдістемені Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жоғары білікті логопед-дефектологы Рауан Байчинов әзірледі. Айта кетейік, жас ғалым авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтар тізіліміне мәліметтер енгізу туралы куәлік алды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жобаны дайындау кезінде ғалымға тікелей ғылыми кеңесші болған педагогика ғылымының кандидаты, ҚР ЖАК доценті – Кульчария Коккозева. «Кохлеарлы импланты бар мектеп жасына дейінгі қазақ тілді балалардағы дауыстың интонациялық құрылымдарын зерттеу» атты ғылыми жоба 2018 жылы басталған. Бүгінгі таңда 86 балаға зерттеу жүргізілді. Олардың жетеуі дыбыстар мен сөйлеуді қабылдау, дыбысқа еліктеу, сөз тіркестері және қарапайым сөйлемдер атты төрт кезеңнен тұратын қайта оңалтудан өтуде. Жоба авторының айтуынша, әдістеме үш жастан жеті жасқа дейінгі балаларға арналған.
Рауан Байчинов осы әдіспен екі жылдан бері оқытылып жүрген балалардың бірі бүгінде сөйлем құрап, сөйлеп жүргенін айтады. Тағы біреуі кохлеарлы имплант қойғалы дыбыстар мен дауысқа елеңдемейтін болған. Бірақ екі ай бойы арнайы әдістемемен үйретілген бала дыбыстарды жақсы қабылдап, жақсы ести бастаған. Дегенмен ол әлі қайта оңалтудың үш кезеңінен өтуге тиіс.
Қазіргі күні бұл әдістемені Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасының «Облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру» КММ, «Әлеуметтік қызметкерлер мен еріктілер қауымдастығы» қоғамдық ұйымы және университет базасында ашылған «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы қызметкерлері қолдануда.
Б.БЕЙСЕНҰЛЫ
12748 рет
көрсетілді0
пікір