• Қоғам
  • 02 Ақпан, 2023

TikTok: БРЕНДКЕ АЙНАЛҒАН ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ ҚАЛАЙ ПАЙДАЛАНҒАН ДҰРЫС?

 Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Бүгінде TikTok желісін қолданушылар саны күннен күнге артуда. Тіпті осы желі арқылы танымал болып, табыс тауып жатқандар да бар. Негізінен пайдаланушылар дені – жастар. Бұл желінің формуласы ән мен би болғанымен, аз уақыттың ішінде өз аудиториясын жинап үлгерді. Көптің көңілінен шыққан желіні кейбіреуі жай көңіл көтеру үшін қолданса, кейбірі табыс көзі ретінде пайдаланып жатыр. Аталған желіде «house» деген ұғым бар. Онда бірнеше адамнан құралған топ бірігіп контент жасайды. Сөйтіп, олар хаустарына белгілі бір атау қояды, мысалы, «Savage House» , «Bip House» т.б. 
Жалпы TikTok — қытайлық әлеуметтік желі, ол қысқа музыкалық бейнелерді, тікелей эфирді жасауға және түрлі хабарлармен алмасуға мүмкіндік береді. Қытайда Douyin атымен танымал. 2018 жылдың жазында іске қосылған бұл желі қазіргі сәтте әлемге танымал, ең жылдам дамып келе жатқан және ең көп жүктелген әлеуметтік желілердің бірі. Қазіргі уақытта әлеуметтік желіні әлемнің 150 елінен 500 миллионнан астам қолданушы пайдаланады. Дегенмен шектеу қойылған елдер де бар. Атап айтқанда, Қытай мен Үндістан арасындағы Кашмирдегі территория дауына байланысты аталған сайт «ақпарат ұрлайды, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді» деген желеумен Үндістанда шектелген 50 шақты қытай сайтының тізіміне енген. Сонымен қатар АҚШ-та Huawei (қазақша «хуа» – қытай, «вей» – үшін) секілді Қытай коммунистік партиясы үшін қызмет етеді делініп, шектеуге ұшыраған. 
Біз де өз кезегімізде бұл әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны туралы еліміздегі білікті мамандардан сұрап, көпшілікке ұсынғанды жөн көрдік. 

МЕМЛЕКЕТТІҢ НАЗАР АУДАРУЫ МАҢЫЗДЫ

Жақында ғана TikTok қосымшасы қазақ тіліне аударылды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желідегі парақшасында сүйіншілеген болатын. Айтуынша, Android және iOS құрылғыларына арналған қосым­шаның кейінгі жаңартылуында қазақ тілін таңдау опциясы пайда болған.

«Жалпы біздің елде TikTok қолда­ну­шылары арасында қазақ тіліндегі контентке сұраныс артып отыр. Мәселен, мәдени және тарихи құндылықтарды, мәдениетаралық диалогты насихаттауда «Ел бірлігі» ТikTok house жобасының мәні мен маңызы зор болды» деді министр.

Артынша TikTok желісінде Ақор­даның ресми парақшасы ашылды. Пре­зиденттің баспасөз қызметі аккаунт­тың шынайылығын растады. Сондай-ақ парақша «көк құсбелгіні» алып үлгерген, яғни Tik Tok әкімшілігінің тексеруінен өткен.

SMM маманы Жанасыл Болатбек әлеу­меттік желіге мемлекеттің назар аударуы өте маңызды екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, желілер күн өткен сайын дамып жатыр.

«Бұрын «ел болам десең, бесігіңді түзе» дейтін болса, қазір «ел болам десең, әлеуметтік желіңді түзе» деп айтуға болады. Оның ішінде, дәл қазір жастар арасына өте кең тараған желі – TikTok. Сондықтан мұны назардан тыс қалдыруға болмайды. Желілердің мақсаты – адамды өзінде барынша ұзақ уақыт ұстау. Парақтауға, пікір жазуға ықпал ету, барынша өзіне байлап қою. Сол алгоритмді, жүйені қазіргі таңда ең мықты игерген осы TikTok. Онда бәрі жылдам, жеңіл. Трендтер, әндер, адамның психологиясына әсер ететін, өзіне байлап ұстайтын бүкіл «фишканы» енгізген жалғыз әлеуметтік желі – қазіргі таңда осы TikTok» дейді Жанасыл Болатбек.

Ал әлеуметтанушы Нұрболат Айе­кешовтың айтуынша, әлеуметтік желі­лерге мемлекет тарапынан көңіл аудар­ғанымен, оған бюджеттен қаржы бөлудің қажеті жоқ. Өйткені сол әлеуметтік желілердің иелері қолдану­шы­ларына қарай мүдделі болуы керек деген пікірде.

«Қаржы жағынан TikTok па, басқа әлеу­меттік желілер болсын, олар өз мүддесінде болуы керек. Және соның мүдделі болуына мем­лекет әрекет жасауы керек. Сол желінің иелері әрекетті, қаржыны бөліп жасау керек деп ойлаймын. Өйткені билік салық төлеуден жиналған халықтың қаржысын біреудің брендін насихаттауға тартқаны жөн емес. Былайша айтқанда, мемлекет әлеуметтік желілердің қазақшалануына, сол желінің иелеріне ықпал етуі керек.

Әлемде трендке айналған әлеуметтік желі ғой. Instagram, Facebook сияқты желілер де TikTok сияқты Reels ашты. Бірақ алдымен TikTok-та болған, оны басынан бастап қоғам ыңғайлы қабыл­дады. Жақсы жақтары бар, қысқаша видеолар, музыка салуға болады, тезірек жасап жіберуге болады. Блогер, тиктокерлер мұны көп пайдаланып жатыр. Менің ойымша, енді бизнеске, саясатқа да тартып, қазақшалануына мәжбүрлеу қажет. Ол үшін мемлекеттен шығын болмай, сол желінің өзі мүдделі болуы керек» дейді Нұрболат Айекешов.

Әлеуметтанушының айтуынша, зиянын объек­тивті түрде жоққа шығара алмаймыз. «Қазақта «қысыр әңгіме» деген сөз бар. Мұнда қажетсіз, пайдасы жоқ әңгімелер көп болуы мүмкін. Сол үшін желілерді дұрыс пайдалануды үйренуіміз керек» деген пікірде маманымыз. Сонымен қатар маман мектепте тәрбие жұмысында осы желілерді пайдалану қажет. Тәрбиешілер, сынып жетекшілері, әлеуметтік педагог, әлеуметтік жұмыскер, психолог мамандар жастарды да, үлкендерді де үйретуі керек» деген ұсынысын айтты.

ДОФАМИН ЖӘНЕ ТАБЫС

Психолог Сая Бақимованың айтуынша,      қазіргі қоғамда адамдардың тенденциясы тезірек дофамин алу және тезірек келесі дофаминге қызығу. Бұл тұрғыдан алғанда TikTok қолданушылардың сұранысын қанағаттандырып отыр.

«Біз қазіргі әр киноның бір-бірінен өткен ерекше кейіпкері болғанына, одан да қызығырақ, күштірек нәрселерді көруге тырысамыз. Байқасаңыз, мысалы, біз ретро фильмдерді, Францияның 1950-60 жылдары түсірген фильмдерін көре алмаймыз. Себебі шыдамымыз жетпейді, ішіміз пысады. Ол бізге тым баяу сияқты, ерекше эффект жоқ, қызық емес сияқты. Өйткені біздің миымыз әбден тез алатын дүниелерге үйреніп қалған. Жалпы әлеуметтік желі де сондай, адамдардың тезірек дофамин алуына барынша мүмкіндік жасайды. Мысалы, «пост жаздың ба, 30 секундтан кейін бірінші «лайк» келді, бір дофамин алып жақсы болып қалдың» деген сияқты. Сондықтан осы жерде TikTok адамдардың дофаминге мұқтаждығына, тәуелділігіне дөп түсіп отыр. Қысқа-қысқа видеоларды түсіресің, ол тез-тез танымал болады. Өз танымалдылығыңа ие боласың, жұрттың сый-сияпатын аласың. Тезірек танымал болған соң, тез ұмытыласың да. Сондықтан да TikTok-тың осындай екінші жағы да бар. Адамдардың онсыз да күшейіп жатқан дофаминге тәуелділігін одан сайын арттырады деп ойлаймын», – дейді Сая Бақимова.

Сонымен қатар бұл желі табыс көзі де болып отыр. SMM маманы Жанасыл Болатбектің айтуынша, бұл желіде де монетизация жүреді және жарнама арқылы да табыс табуға болады.

«Сонымен қатар, тікелей эфирде отырып алып, бір-біріне «страйк» ататын жүйе бар. Осы жүйелер арқылы табыс тауып жатыр. Қазақстанда қандай деңгейде екенін нақты айта алмаймын, оған анализ жасап көрмедім. Дегенмен қазіргі уақытта бұл ең тиімді әдіс болып есептеледі. Яғни көрермен сізге алғыс  ретінде, тікелей эфиріңіз немесе жұмысыңыз ұнаса, өзінің «смайликтерін» жіберіп отырады. Ол сізге ұпай болып жиналады да, кейін оны ақшаға айналдырып аласыз. Мен солай түсіндім. Бірақ әлі зерттеп, ол сала бойынша жұмыс істеген жоқпын.

Ал «пайдасы мен зияны» дегенде, кез келген дүние сияқты, орнымен пайдалана білсе, ол өте пайдалы. Орнымен, шектен аспай қолданса. Ал кез келген нәрсені шектен асырған кезде зиян. Яғни пайдаланудың нормасын сақтасаңыз, сізге ешқандай зардабы жоқ. Бала да бұл желіні білуі керек,  өзінің жұмысына немесе қызығушылығына сай қолдана білгені дұрыс. Керек адам TikTok арқылы өзінің пайдалы дүниесін сыртқа шығара алады, яғни басқамен бөлісе алады. Немесе өзіне керек қызықты дүниені кез келген бағыт бойынша ала алады. Ол жерде тек билейді, «ыржыңдау, секеңдеу» деген тек жеңіл формада айтылған нәрсе. Ал негізі пайдалы дүниелер өте көп» дейді SMM маманы.

Жанасыл Болатбектің айтуынша, TikTok ақпаратты барынша  жылдам жеткізу формасын алып келді. Яғни бұрынғыдай адамдар минуттық видеоларды немесе ютубтағы ұзақ ақпараттарды көріп отырмайды. Ақпаратты жылдам алғысы келеді. Сонымен қатар оған ән, қандай да бір эффект қосылғанын қалайды. Айтуынша, осы тұрғысынан TikTok-ты ақпарат тарататын жүйелер әлі дұрыс меңгере алмай жатыр. «Негізі алгоритмді зерттесе, сәл жұмыс істесе, ақпарат таратудың ең тиімді құралы деуге болады» дейді ол.

ИМАМДАР МЕН МҰҒАЛІМДЕР ДЕ – TIKTOK-ТА

Tiktok желісі арқылы танымал­дылығы арта түскен дінтанушы Нұрлан қажы Байжігітұлы өзі үшін Tiktok желісі жаңалық емес екенін айтады. Ол бұған дейін де көпшілік алдында жүргеніне отыз жылға таяған. Тек әлеуметтік желіге ертерек көңіл бөлмеген көрінеді.

«Бұған дейін Қазақстанның үш-төрт облысында дін өкілі болсам, үш-төрт мүфтимен қатар қызмет атқарып келемін. Әлеуметтік желіге ертерек көңіл бөлгенімде, бүгінгіден де басқалай болар ма еді, кім білсін. Дегенмен қай облысқа қадам бассам да, алдымдағы жамағатым күн сайын көбеймесе, еш азайған емес. Айырмашылығы сол, Алланың үйіндегі дін уағызы тереңінен, ал желідегі дін насихаты қысқа-нұсқа күйде өтеді. Сондықтан қай желі болсын, мейлі ол Instagram, мейлі ол YouTube болсын, мейлі ол Tiktok дін адамы үшін бүгінгі күннің мінбері, насихат құралы. Ал Tiktok желісін таңдауыма себепкер – бүгінгі қазақ жастары. Мені бұл қатты алаңдатады. Өйткені олар дініміз бен дәстүрімізді жалғастырушылар, жаңғыртушылар болып қалуға тиіс. 

Дегенмен, көпшілік бірден қабыл­дады демеймін. Арада түсініс­пеушіліктер болды, яғни тікелей эфирде «Неғып отырсың?», «Шал, кет», «Ұялмайсың ба?», «Нұримам» деген сықылды қарсы пікірлер, тіпті боғауыз сөздердің түрлерін жазды. Мұндай негативтерге көңіл бөлмедім демеймін, керісінше ескерту бердім. Бірақ ерінбей скриншоттап, сол парақшаларды кейіннен ақтарғанымда, бірі ересек, бірі жас, бірі мектеп оқушысы болып шықты. Олармен сөйлестім десем де болады. Бұл ештеңе емес, әріптестерімнің өзі ту сыртымнан «Әртіс имам келе жатыр», «Тик-токер имам» деген мысқылды мазақтарын ел арасына тарата бастады. Алайда маған жастар жоғары тұрды.  «Жастардың санасын жақсы жаққа бұруым керек!» деген мақсатым бір елі артқа шегіндірмеді, жолымнан тайдырмады. Тек, сол уақытта желіні жаулаған мектеп оқушыларына қайран қалдым. «Олар не істеп отыр, сабақтары қайда, ата-аналары қайда, тәрбие қайда?» деген сұрақтар мазалады. Десе де, сұраныстың барын әу бастан сездім. Өйткені эфиріме зерттеу жүргізе бастадым. Сұрақтардың легінен халықтың көкейіндегі мәселе көріне бастады. Жастарды өзіме тарту үшін әдіс-тәсіл қолдану керегін түсіндім. Бастапқыда үш күнде бір эфир, бір жарым айдан соң, күн араға өттім. Себебі сәл де болсын, жолым айқындала бастады, яғни жастардың жанынан орын ала бас-тадым. Олардың қызығушылығы артып, халық қолдай бастады. Жекеме жазылатын сұрақтар легі есепсіз болды. Тіпті әлі күнге дейін жауап берілмегендері бар. Өйткені, физикалық тұрғыда жауап беруге уақыт бөле алмай келемін. Оқырмандарымның саны ай сайын өсіп отырды»  дейді Нұрлан қажы Байжігітұлы.

Көпшілікке «Нұрлан имам» деп танылған дінтанушы әлеуметтік желілерге арнайы уақыт бөліп, оны ұтымды әрі пайдалы қолдануға тырысады. Сонымен қатар өз жұмысын да осы желілер арқылы жандандыра түскен.

«Уақытым болса, күніне екі-үш сағатымды желілердегі жекеме келген хаттарға жауап беруге бөлемін. Шамам жетіп жатса, кейде бес-алты сағатым бөлінеді. Бұл эфирлердің сыртында бөлінетін сағаттар. Ал күн ара екі сағаттан кем емес жүргізілетін эфирлер, олар өз алдына бөлек. Кейінгі уақытта азайтуыма тура келді. Себебі уақытым бұрынғыдан да тығыз бола бас­тады, одан кейін жастардың эфиріме қызыққаны сонша, бірде-біреуін қалдырмастан тыңдап, керегін де, керек емесін де ұялы телефондарына жазып алып, тарата беретінге көшті. Тіпті өз парақшамның қаралымымнан асып түсетін халге жеткізді. Бұл үшін оларды сөкпеймін, ренжімеймін.

Қай желіні болсын, адам қандай ниетпен қолданады, солай  қабылданылады. Яғни Tiktok-тың әлемдік брендке өтуіне де себепкер адамдар, қысқа-нұсқамен сананы тез жаулап алды. Ал осы қысқа-нұсқаны қалай қолдансам деген ой менде әу бас­та болды. «Шешінген  судан тайынбас» демекші, адамға алынбайтын қамал бар ма, «тәуекел түбі – желқайық» дегендей, біз, яғни қазақ халқы астарсыз құрақ құрамаған елміз. Сол сияқты қысқа ойды дінмен сабақтап, дәстүрмен оюладым. Tiktok-тың пайдасы – жеңіл, зияны – уақытты, көзді жейді» дейді Нұрлан қажы Байжігітұлы.

Ал мұғалім Аяулым Әнербай да аталған желіні жұмыс барысына ұтымды пайдаланып жүрген жас мамандардың бірі. Ол желіден түрлі тәжірибелермен алмасып, өзіне керегін сабағына пайдаланады. Айтуынша, қазіргі оқушыларды да ерекше бір нәрсеге қызықтырмасаң, оның зейінін ашу қиын көрінеді.

«Оқушыларды қызықтыратын тақырып болуы керек. Оларды бір нәрсеге қызықтыра алу қажет. Мысалы, мен қазір 8 сыныптарға Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалын» өтіп жатқан кезде «Міржақып. Оян, қазақ» деген сериал шықты. Мен оқушыларға «осы сериалды көріңдер» деп тапсырма бердім. Барлығы емес, 3-4 оқушы көрді. Оларға сериал қатты ұнап, әсерленгені сондай, олар Tiktok-та тек қана «Оян, қазақтың» үзінділері шыға береді. Парақшасы «Міржақып болып кетті» дейді. Оқушыларға бір тақырып бере алсаң, оларды қызықтыра алсаң, олардың әлеуметтік желісі де соған жақын болады. Сондықтар  әр оқушының қызығушылығын қарау керек. Мысалы, біреуі тоқыма тоқығанға, біреуі ІТ технологияға қызығуы мүмкін. Оларға тапсырма берсең, сол жөнінде іздене бас­тайды. Осы жағынан әлеуметтік желілер, Tiktok олардың дамуына көмектеседі деп ойлаймын. Ал зияны жаһандану заманы, неше түрлі трендтер болып жатыр, парақшаларына өте жаман нәрселер шығып кетуі мүмкін. Себебі адам Tiktok-ты талғамсыз қолданса, ол жаман нәрселерге үйретіп жіберуі мүмкін. Уақыттарын бос құртып кетеді» дейді Аяулым Әнербай.

Ал Аяулым өзі жас маман ретінде аталған желіні жиі қолданады. Сонымен қатар өтетін сабағына қатысты түрлі лайфхактар тауып, оқушыларға ерекше сабақтар өтуге тырысады.

«Tiktok адам бір нәрсеге қызықса, сол видеосын алдына әкеліп қоя береді. Мұғалім болған соң, менің парақшам мұғалімдікке қатысты лайфхактар болып кетті. Неше түрлі акаунттарда қандай сайттарда қандай тапсырмалар, қандай қызықты тапсырмалар жасауға болатынын, интерактивті тақтаға арналған, соның барлығын көрсетіп отырады. Мысалы, оқушыларды қалай топқа бөлу керек, кімнен бірінші сабақ сұрау керек, сергіту сәті, ата-аналар жиналысына жасайтын неше түрлі әдіс-тәсілдер. Өте көп. Tiktok-та өте көп жақсы идеялармен бөліседі. Сол жағынан пайдалы.

Өзім үшін Tiktok пайдалы болып жүр. А.Аймағамбетовтің бастауымен тик-токта #ҚазақстанМұғалімдері деген хэштегпен видеоларға  байқау жариялады. Сол кезде заманауи технологияларды көп қолданатын мұғалімдер өз тәжірибелерімен бөлісе бастады. Маған да олардың видеолары жиі шығып, көп мәліметке тап болдым. Интерактивті тақтаға арналған неше түрлі жаттығулар жасау үшін көптеген  сайтпен  таныстым. Онда оқушыны өзіне қызықтыра алатындай көп әдіс-тәсілдер бар. Wordwall, genial.ly тағы басқа да сайттарда қызықты тапсырмалар құрастыруға болады. Соларды ақырындап пайдаланып жүрмін» дейді Аяулым Әнербай.

P.S.

Бүгінде Tiktok желісіне көзқарасы екі түрлі жандар бар. Біріншісі, бұл желіні «мазақ әрі жәй бос уақытқа арналған баланың ойыны» деп қараса, екін­шілері «танымалдылыққа қол жеткізетін, табыс табатын көз» деп ойлайды. Жоғарыда мамандарымыз айтқандай, әр нәрсенің пайдасы мен зардабы көріне бастайды. Кез келген дүниені шектен тыс пайдаланғанда оның зияны пайда болады. Сондықтан әлемдік брендке айналған әлеуметтік желіні оңынан пайдаланып, бүгінгі жаһандану үдерісіндегі әлемдік бәсекеге қа­бі­летті болуымыз үшін ақпараттық құралды дұрысы қолдануымыз керек.

 

 

 

876 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы