• Cұхбаттар
  • 09 Ақпан, 2023

ШІЛДЕДЕГІ БОРАН. ЖУРНАЛИСТ «КОМСОМОЛ» ШЫҢЫНА ҚАЛАЙ ШЫҚТЫ?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

Досжан Балабекұлының есімі оқырман қауымға Алматы тауларының табиғаты арқылы кеңінен таныс. Өйткені оның фотоөнердегі негізгі тақырыбы - Алматы мен Алатау суреттері. Сондықтан мерзімді баспасөз, ақпараттық порталдар мен әлеуметтік желідегі оқырман оның тау шыңдары, өзен-көлдер, мұздықтар, орман-тоғай, фауна мен флора, қала берді тау баурайындағы әсем Алматы туралы  таңғажайыпқа толы суреттерін жиі көреді. Ризашылығын білдіріп, талқылап жатады. Теңіз деңгейінен биіктігі 3000 метрде жатқан тауларға ол талай рет шыққан. Ал төрт мыңдықтан ол алғаш рет «Комсомол» шыңына көтерілген.  Дегенмен, тауға  кез келген адам шыға ала ма?

– Биік тау шыңына шығу үшін алдымен акклиматизациядан өту керек. Бұл – тауға бейімделу, әр түрлі биіктікте өз ағзаңды үйретіп барып көтерілу дағдысы. Ал тәуекелге бел байлағандардың барлығы да «Комсомолға» бірден шыға алмайды. Биік тауға шығатындар алдымен осы қағиданы ұстанады, яғни бейімделуі қажет, – дейді Досжан Балабекұлы.

Ал Досжан биіктігі төрт мың болатын шыңға қалай шықты? Өкінішке қарай, әріптесіміз «Комсомол» шыңына шығар алдында бұлжытпай орындалуы тиіс кейбір талаптарды ескермегенін тілге тиек етті. Оның үстіне киімі жұқа, ас-суы да аз болыпты. Бұл ең басты кемшілік екенін ол 3500 метр биіктен асқанда ғана сезінген. Альпиниада жарысында адам көп болады. Сондықтан алғашқы жүздікке ілініп, тегін беріліп тұрған мүмкіндікті пайдаланып қалу да маңызды. Дегенмен оны көп жағдайда денсаулықтың мықтылығы шешеді.

Ал осы орайда Досжан Балабекұлы­ның шыңға шығу сапары қалай басталды? Досжан жарыс басталған күні таң сәріден «Шымбұлақ» аспалы жолымен 3200 метр биіктегі Талғар асуына жетіп, одан ары қарай Богданович мұздығын бетке алады. Таңертең тауда ауа райы ғажап болған. Аспан ашық, тау тыныш. Тыныш дегеніміз – бұлтсыз, желсіз, жауын-шашынсыз күн райы. Жалпы мұздықпен «Комсомол» асуына көтерілу оңай емес. Мұз тайғанақ және ылғал қар бар, жылғалап аққан бұлақ та жүруге кедергісін келтіреді. Абайламасаң, арасында тау басынан үлкенді-кішілі  тас құлайды. Олар кейде қатты жылдамдықпен төмен қарай домалайды. Сондықтан шыңға шығатындар қауіпсіздік үшін алдымен басқа каска киеді. Бұл орайда әріптесіміз тауға шығудың өзіндік қиындықтары барын айтады. Мұны кез келген адам алдымен қаперіне алуы қажет. 

–Тауға шығу барынша дайындықты талап етеді. Сондықтан барлық керек-жарақты алып жүруің керек. Жолдорбаңыз да ауыр болатыны анық. Амал жоқ, оған шыдауға тура келеді. Ал тауда шаршап келе жатып, көз алдындағы керемет көріністі көргеніңізде, ғажайып сурет көңіліңді жадыратып жібереді. Ең бастысы, тауда климат әртүрлі болады. Жазда күндіз ыстық, түнде күрт суып кетеді. Кейде қар, бұршақ жауады. Тауда табиғат мың құбылады. Сондықтан барлық қажеттілікті міндетті түрде ескеру керек. Алға жылжу үшін, барынша жылдам қимылдаған жөн. Сенімен бірге артыңда таушыл халық топпен келе жатқанын естен шығармау керек. Асуға көтерілу – ең қиын кезең. Адам қатты шаршайды. Таудағы бас ауруы да мазаны алады. Көп тынығып, дем алғың келеді, бірақ уақыт тез жүреді мұндайда. Шыңға түске дейін шығып үлгермесең, төрт мыңдық белдеуде ауа райы қатал, аспанды бұлт торлауы мүмкін, – дейді Досжан Балабекұлы.

Әріптесіміз «Комсомол» шыңына шыққанда ауа райының өзгеріп бара жатқанын байқаған. Расымен де, шамалыдан кейін ол асудың төменгі жағынан қалың тұманның тау шыңына қарай беттеп келе жатқанын көрген. Бейне бір бұлттар тау ішін аралап жүргендей. Демек, бұл таудағы ауа райының өзгере бастағанын білдіреді. Тіпті жағдай күрделенуі мүмкін деген сөз. Олар асуда «төтеншеліктердің» лагерінен шәй ішіп, аз-маз тамақтанып алған соң, «Комсомол» шыңына өрмелеуді бастайды. Иә, өрмелеуді! Шыңға шығудың басқа жолы жоқ. Топтың алдында келе жатқан 20-30 шақты адам кезегімен шыңға тартылған арқанды жағалай ұстап, алға жылжиды. Ең қиыны да сол. Кезек күтіп, жартаста жабысып, уақыт күтуің керек. Ал уақыт болса, зымырап өтіп жатыр. Көкте күн жарқырап тұр, шыңға жетуге аз ғана қалған. Алланың сақтағаны шығар, бір қолымен жіпті ұстап, суретке түсіріп тұрған сәтте арқанның бір бөлігі үзіліп кетіп, оны әрең жалғап алады. Содан кейін барынша сақтанып, соңында теңіз деңгейінен 4376 метр биіктікке топпен бірге жетеді. Сөйтіп, олар «Комсомол» шыңына шығады.

Досжан Балабекұлының айтуынша, шыңның ұшар басындағы сезім мүлде бөлек. Бейне бір таңғажайып әлемде тұрғандай күй кешесің. Уақыт та тоқтап қалғандай, айнала тыныштық, көңілің көтеріліп, шаршағаныңды ұмытып кетесің. Жігер, қайрат пен қайсарлық, мақтаныш, кеудеңде айтып жеткізе алмайтын ғажайып сезім орнайды. Оны тек құзар шыңға өз күшімен жеткенде ғана сезінуге болады.

Бірақ шыңды бағындырғанымен, кері қайтуың керек. Олар алып шыңнан төменге қарай беттегенде, қалың қара тұманда найзағай ойнап, күн күркірей бастайды. Шыңнан ерекше әсермен түсіп, асуға жеткенде кенеттен бұрқасын басталады. Шілденің кезі. Боран. Қалада +35С болса, мұнда -14С суық. Сөйтіп олар асудан түсерде ұйытқып соққан бұрқасынға тап болады. Айнала, төңірек мұз қабырғалар мен қарлы шыңдар болғандықтан, бораннан тіпті жақын жерді көру қиынға соққан. Тіпті төменге Талғар асуына жеткенде де  күн күркіреп, найзағай ойнап, нөсер жаңбыр жауған көрінеді. Ал әсем қала Алматыда сол кезде күн жарқырап, ыстық болып тұрған. Сөйтіп, жас журналист әріптесіміз «Комсомол» шыңына шығу барысында бір күнде жылдың төрт мезгіліндегі ауа райымен бетпе-бет келген. Ең күрделісі, асудағы боран мен найзағайлы бұлт төмен түскенде қиындық тудырған. Сөйтіп, Дос­жан ініміз тауқұмар топпен бірге қалаға  аман-есен жеткен көрінеді.

Ал осы «Комсомол» шыңының байырғы тарихи атауы қандай болды екен? Кезінде ол «Кіші Алматы шыңы» деп те аталған. Кейін «Нұрсұлтан шыңы» деген атау берілген. Бірақ тауқұмарлар оны бәрібір «Комсомол» деп атайды. Досжанның ойынша, қазақ шыңға «Кіші Алматы» деп ат қоймайды. Сондықтан оның тарихи атауын қайтару қажет.

–Тауға бір шықсаң, екінші рет қайта барғың келіп тұрады. Бір биікке көтерілген соң, екінші бір шың өзіне тартады. Әр шыңның өзіне тән қиыншылығы мен ерекше әсері бар. Тіпті бір шыңға қайтара барған күннің өзінде басқаша әсерге бөленесің. Ал тауға бала кезден құмарттым. Ауылдан  (Ерназар ауылы, Жамбыл облысы)  Талас Алатауының шыңдары көрініп тұратын.  Балалық қызығушылық қой. Ол шыңдарды  мен Алматының таулары деп ойлайтынмын. Өсе келе білдік қой, бұл қырғыздың тау сілемдері екен. Алматыға оқуға түскенде бала күнгі тауға құмарлық тағы өзіне тартты да тұрды. Мақсат қойдық, сол көздеген биікке көтерілдік. Алда тағы да жол түспеген шыңдарға шығу ойда бар,–дейді Досжан Балабекұлы.

Жалпы Алматы маңайында биіктігі 3000-4000 мың метрлік шамамен айтқанда, отызға жуық тау сілемдері бар десек, соның жартысына жуығына Балабекұлы шығып қайтқан. Бәрінің де суреті бар. Ең бір қызығы, ол Алматы қаласының қақ ортасында тұрып, көзге көрініп тұрған шыңдардың атын жаңылмай айтып бере алады.

Тауқұмар журналистің қазір «Алатауды аралағанда» атты фотоалбомы дайын тұр. Тек оған қаржылық жағынан демеуші керек. Досжан Алматының маңайындағы тау сілемдерінің бәрін де түсірген. «Қазавиақұтқару» қызметінің Ми-8 тікұшағымен, Ан-2 ұшағымен алып шыңдарды жан-жағынан нысанаға алған. Суретке түсірген. Тіпті шілдеде боранға тап болған «Комсомол» шыңын сан рет тішұшақпен айналып өтіп, фотообъективке  басқан. Ең бір қызығы, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігі «Қазселденқорғау» мемле­кеттік мекемесі мен Қазақстан Респуб­ликасы Экология және табиғи ресурс­тар министрлігі «Қазавиаорманқорғау» РМҚК мекемелерінің мамандары Дос-жансыз тауға шықпайды. Өйткені ол қас-қағым сәтті қалт жібермейді. Ал қас-қағым сәт ол – тарих...

3159 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы