- Қоғам
- 09 Ақпан, 2023
ТОРЫҚПА, ТҮРКИЯ, СИРИЯ, КҮРСІНБЕ!

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ana tili»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігіне барып, бауырлас елдің оңтүстік-шығысында болған алапат зілзала салдарынан мыңдаған адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты. Президент көңіл айту кітабына жазба қалдырды. «Түркияда болған жойқын жер сілкінісі салдарынан көп адамның қаза болуы баршамыздың қабырғамызды қайыстырды. Қазақстан халқының және жеке өз атымнан түрік бауырларымызға көңіл айтамын», – деп жазды Мемлекет басшысы.
Үйінді астында қалған адамдар, жасқа толған жанарлар, жүрегі алқынған жандар, қорқыныш пен үрей жайлаған жер... Иә, біраз күннің айналасы болды, Түркиядағы, Сириядағы жағдайды желіден көріп, өң мен түстің ортасында жүргендейміз. Анадан айырылған бала, баласын жоқтаған ана, жақынын іздеген адам: бәрі-бәрі кинолентадай көз алдымыздан өтіп жатыр. Өкініштісі, бұл – кино емес, өмірдің, зілзаланы бастан өткерген жұрттың бүгінгі ауыр шындығы. Бүгін әлем назары құрбан саны күн сайын емес, сағат сайын ұлғайып бара жатқан Түркияда, Сирияда. Қандай мықты дегенімізбен де, жер қозғалса, адам ақыл-ойының жетістігі негізінде салынған таудай тас ғимараттар да бордай үгіліп түсетінін бұрын да білетінбіз, бүгін тіптен куә бола түстік. Жер қозғалмасын деңіз... Жер қозғалса, адам мен адамның ұстасқан қолы демде ажырап, бірі жер бетінде қалып, бірі үйінді астында көміліп кете баратынын бұрын да білетін едік, бүгін ауыр қайғымен көзіміз көріп отыр. Жер қозғалмасын деңіз... Иә, теңселмеші, жер-ана!
ЖЕР ТҮРКИЯ БОЛЫП ЖЫЛАП ТҰР
Түркия қара жамылды. Президент Режеп Тайып Ердоған Түркияда апат құрбандарын жеті күн жалпы ұлт болып аза тұтатынын айтты. Түркияның мемлекеттік туы бүкіл ел бойынша төмендетілді. Иә, Түркия ғана жылап тұрған жоқ, осы күні күллі Жер Түркия болып жылап тұр. Алысты жақын еткен түрлі желілер арқылы күллі түрік қандастың қасіретті халін көріп отырмыз.
6,4-6,6 магнитудалы, кейін 7,4 магнитудалы қуатты жер сілкінісі болған Түркияның оңтүстік-шығысындағы кейбір өңір халқының саны туралы айта кетсек. Аданада 3 млн-нан аса, Газиантепте 2 млн-ның айналасында, Невшехирде 400 мыңға, Кайсериде 2 млн-ға, Мерсинде 2 млн-ға жуық, Хатайда 1,5 млн-ның айналасында халық тұрады екен. Бұл өңір халқының тығыздығы да жоғары. Демек, ұзын-ырғасы 13,5 млн-ның айналасындағы халық зілзаланы бастан өткерді, көзбен көрді, қасіретін тартты, жақынын жоғалтты...
Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған жойқын зілзаладан зардап шеккен 10 провинцияда 3 айға төтенше жағдай режимін енгізгенін жариялады. Дәл қазір жер сілкінісінен қанша адам көз жұмып, қанша адам түрлі деңгейдегі жарақат алып, қанша адам зардап шеккенін дәл айта алмаспыз. Себебі сан сағат сайын өзгеріп, сағат сайын ұлғайып келеді.
«Біз Түркия тарихындағы ғана емес, тұтас аймақ пен әлемдегі ең үлкен апаттардың біріне тап болдық. Апат аймағында жұмыс істеу үшін барлық мемлекеттік құрылымдар, қызметкерлер мен техникалар жұмылдырылды. Бірінші кезеңде апат аймағының тұрғындарына шұғыл көмек көрсетуге 100 млрд лира бөлінді», – деді Р. Ердоған.
Зілзала аймағына 54 мың шатыр, 102 мың кереует, бастапқы қажетті заттар, 1000-ға жуық жедел жәрдем вагондары, екі санитарлық ұшақ жіберілді. Он провинцияның тұрғындарына 5 мың медициналық қызметкер көмектесіп жатыр. Ердоғанның айтуынша, апат аймағында 53 317 құтқарушы жұмылдырылды. Олардың саны Түркия мен басқа ел командаларының арқасында күн санап артып келеді. Сондай-ақ Түркия президенті алапат жер сілкінісінің салдарын жоюда ынтымақтастыққа шақырды.
Иә, алапат қайғы адамзатты біріктіреді екен. Әлемнің жан жарасы қазір Түркия мен Сирия болып қансырап тұр...
ӘЛЕМ СИРИЯ ДЕП ЕЛЕҢДЕЙДІ
Жойқын жер сілкінісі Түркиямен көрші елдерде, соның ішінде Сирияда, Ливанда, Кипрде және Иракта да болған. Түркияда болған жер сілкіністерінен Сирия билігі бақылауындағы аумақтарда қаза болған адамдардың дерегі мыңнан асып кетті.
Алеппо, Латакия, Хама, Тартус провинцияларында және Идлиб аймағының ауылдық жерлерінде ғимараттар көп қираған. «Барлық мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелер ескертулер мен қоңырауларға жауап беріп тұр, ал медицина қызметкерлері толассыз жұмыс режимінде. Кейбір провинцияларда үздіксіз әрекет ету шаралары үйлестіріліп жатыр», – дейді Сирияның Денсаулық сақтау министрлігі.
Зардап шеккен аймақтарға жедел жәрдем көліктері мен жылжымалы клиникалар, соның ішінде Сириялық Араб Қызыл Кресті жөнелтілген. Сирияның қан және медициналық өнеркәсібі Бас ұйымы барлық азаматтарға қан тапсыру ұсыныстары үшін алғыс айтып, қан банктерінде барлық қан тобының жеткілікті мөлшері бар екенін мәлімдеді.
«Ақ каскалылар» атауымен белгілі Сирияның азаматтық қорғанысы үкіметтік емес ұйымының құтқару тобы Сирияның солтүстік-батысында ауыр жағдайда іздеу-құтқару жұмыстарының жалғасып жатқанын айтады. Ұйым өз бригадаларының үлкен күш салғанымен апаттың толық ауқымын әлі атай алмайды, өйткені үйінділер астында қалған адамдар әлі де көп.
Араб мемлекеттері лигасының Бас хатшысы Ахмед Абул Гейт әлемдік қауымдастықты табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек көрсетуге шақырды. БАӘ президенті Мұхаммад бен Заид Әл Нахайян Сирияда далалық госпиталь ашуға және елге іздеу-құтқару тобы мен гуманитарлық көмек жіберуге бұйрық берді.
Сирияның солтүстігіндегі оппозиция бақылауындағы аудандарда да көптеген ғимарат қирап, бүлінген.
«АЛЫСТАҒЫ БАУЫРЫМ», ТІЛЕКШІМІЗ!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зілзала хабары жете сала Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның бірнеше провинциясында болған жойқын зілзала салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланыс-ты Режеп Тайып Ердоғанға қайғыра көңіл айтты. Мемлекет басшысы Түркияның зардап шеккен аудандарындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына көмектесу үшін Қазақстан шұғыл түрде құтқарушылар мен дәрігерлер жіберетінін, сондай-ақ бауырлас елге гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Оған қоса, Президент Қ.Тоқаев Үкіметке жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды.
Сонымен қатар Қазақстанның өкілетті органдары түрік тарапымен бірлесіп, зілзаланың зардабын жою үшін қосымша көмек көрсету мәселесін де қарастырып жатыр.
Қазақстан Түркиядағы жағдайға байланысты азық-түлік жіберіп, гуманитарлық көмек көрсетуге де дайын. Мұны Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты.
Түркияда тұратын қазақстандықтар да осындай сын сағатта көмек қолын созып, жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек қорын ашты. Қор «Шаңырақ» мейрамханасының базасында ұйымдастырылған. Қазақстандықтар, оның ішінде мейрамхана иесі Данияр Иманбеков жиналған алғашқы қаражатқа азық-түлік өнімдерін, көрпе, жастық, жылы киім, жөргек, т.б. заттар жеткізіп беретін болады.
Ал Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Түркияға көмек бергісі келген қазақстандықтар қайда хабарласу керектігін айтты. «Бізге хабарласып, Түркияға көмек бергісі келіп жатқандар бар. Ол кісілерге айтарымыз: аталған мәселе бойынша Түркияның Қазақстандағы елшілігіне хабарласқан жөн болады. Олар бұл жұмысты ұйымдастырып жатыр», – деді ол.
Түркиядағы жағдайға байланысты Мемлекет басшысы өкілетті органдарға шұғыл көмек көрсетуді тапсырғаны белгілі. Бұл орайда мемлекет көмегінен бөлек, ел арасында азаматтар да қайырымдылық жасау жолдарын сұрап жатқаны белгілі. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің үйлестіруімен Ұлттық волонтерлер желісі Түркия Республикасында жер сілкінісінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау іс-шарасы басталғанын хабарлайды.
Гуманитарлық көмек республикалық маңызы бар барлық қалалар мен облыс орталықтарындағы «Birgemiz» өңірлік волонтерлер фронт-офистерінің кеңселерінде ұйымдастырылып, Ұлттық волонтерлік желісі арқылы Қазақстан Республикасындағы Түркия елшілігіне тапсырылады.
Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи қазақстандықтарға тілектестік пейілдері үшін алғыс білдірді.
«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы және басқа да қызметкерлерге зілзала туралы алғашқы ақпарат бергенде алғашқы сәттен бастап қазақстандық бауырларымыз әр түрлі қолдау көрсетуге дайын екендерін мәлімдеді.
Осы орайда мен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға және басқа да барлық мемлекеттік органдарына, мекемелеріне бізге тілектестік білдіріп, қолдау көрсеткендері үшін алғысымды білдіргім келеді», – деді Уфук Екиджи Астанадағы елшілікте өткен брифингіде.
ҚАЙДАСЫҢ, МІРБОЛАТ?
Сыртқы Істер Министрлігі таратқан мәліметке сенсек, Түркияда консулдық есепте Қазақстанның 968 азаматы тұр (Анкара – 498, Ыстанбұл – 45, Анталия – 189). Оған қоса, соңғы мәлімет бойынша Түркияда 8 219 қазақстандық студент білім алып жүр. Түрік тарапының мәліметінше, Түркияда Қазақстанның 75 мыңға жуық азаматы болуы мүмкін.
Қазақстан құтқарушыларын апарған бортпен Түркиядан 16 қазақстандық және Қырғыз Республикасының 2 азаматы Астанаға жеткізілді. Сондай-ақ Мерсин қаласындағы Құрметті консул, Түркия азаматы Ахмет Будан қонақүйге Қазақстанның 25 азаматын, оның ішінде 19 студентті паналатты. Осы 19 қазақстандық студент құрметті консулдықтың ұйымдастыруымен Анкараға жеткізіліп, Қазақстанға қайтты. «Сондай-ақ Конья қаласындағы құрметті консул 12 қазақстандық студентке Аданадан Ыстамбұлға жетуге жәрдем көрсетті. Айта кететін жайт, Түркиядағы дипломаттарымыз Түркияның Төтенше жағдайлар басқармасымен тұрақты байланыста», – деді Айбек Смадияров.
Қазір Түркияда қалған Қазақстан азаматтарын Газиантеп қаласынан елге әкету шаралары жүргізіліп жатыр.
«ҚР Сыртқы істер министрлігінде 72-05-00 нөмірі бойынша жедел желі ашылғанын хабарлаймыз. Осы телефон арқылы азаматтарымыз бен олардың туыстары көмек сұрай алады. Бұдан басқа жақын арада Түркиядағы Қазақстанның дипломатитялық өкілдіктерінің шұғыл байланыстары қосымша жарияланады. Барлық келіп түскен ақпараттар қосымша тексеріледі. Жер сілкінісі аймақтарындағы гуманитарлық апатты ескерсек, іздеу-құтқару жұмыстары біраз уақыт алады. Түркиядағы азаматтарымыз туралы қандай да бір ақпараты болса немесе туыстары байланысқа шықпаса, дереу шұғыл желі нөміріне (72-05-00) немесе Түркиядағы дипломаттарымызға хабарлауды сұраймыз», – дейді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.
Түркиядағы зілзала болған аймаққа кетті деген қазақстандықтардың хабарын туыстары білмей отыр. Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті Мирус (Мірболат) Құрмашев Хатай қаласында жоғалып кеткен. Жер сілкінісінен кейін Мируспен байланыс үзілген. Оның ағасы Алмат Құрмашевтың айтуынша, жер сілкінісі кезінде ол Түркияның Хатай қаласында болған. Содан бері онымен байланыс үзілген. Қазір бірнеше қазақстандыққа іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр...
АЛМАТЫДА ЖЕР СІЛКІНЕ МЕ?
Түркиядағы зілзала біраз мәселенің бетін ашты. Мұндай жойқын апат, бетін аулақ қылсын, әрине, біздің елде болуы мүмкін бе деген жайт әрбір қазақстандықты алаңдатқаны рас. Ондай мәселеде біздің елдің дайындығы, ғимараттардың төзімділігі туралы жағдайды да қазірден сараптап алған дұрыс болар еді.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары, физика-математика ғылымдарының кандидаты Нұрсәрсен Өзбеков Қазақстандағы сейсмикалық қауіпті аймақтарды атады.
«Шығыс Қазақстан облысынан Қызылорда облысына дейін сейсмикалық қауіпті аймақтар бар, ол жерде дүмпулер 7-9 балға дейін жетуі мүмкін. Әсіресе Алматы өңірі Орталық Азиядағы қауіпті аймақтардың бірі. Бұрын бұл жерде жойқын жер сілкінісі бірнеше рет болған: 1887 жылы Верный жер сілкінісі және 1911 жылғы Кемин жер сілкінісі», – дейді сейсмолог.
Ғалым биыл Алматыда жойқын жер сілкінісі болжанбағанын айтады: «Бізде Алматы полигонының аумағында жер сілкінісінің орта мерзімді болжамы туралы қорытынды әзірленді, ол уәкілетті органдарға берілді. Қорытындыға сәйкес, 2023 жылы Алматыда жеті балдан асатын жойқын жер сілкінісі болмайды», – дейді Н.Өзбеков.
«Қауіп еткеннен айтамын» деген сөз бар бізде. Қауіптің алдын алып, қазірден-ақ барымыз бен жоғымызды саралап алғанымыз дұрыс-ау!
ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕН ЗІЛЗАЛАДАН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРГЕ ҚАРЖЫ АУДАРАДЫ
Димаш Құдайберген «Stranger» әлемнің турнесінен түскен қаражаттың бір бөлігін Түркияда зілзаладан зардап шеккендерге аударатын болды. «Қазақ халқына бауыр-лас, ағайын ел болып саналатын Түркиядағы, Сириядағы және басқа да елдерде табиғаттың залалынан көптеген адамның қаза тапқанын естідік. Әрине, зор күйзеліспен қабылдап отырмыз. Барлық дүние салған адамдардың жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Ауыр халде күй кешіп жатқан бауырларымызға тезірек сауығып кетуін тілейміз. Әр отбасыға аманшылық тілеймін. Аспанымыз ашық, әлем атты ортақ үйіміз апат пен зілзаладан аман болсын. Елімізде, әлемде тыныштық болсын! Барша әлем халқы бақытты болсын!» – деп жазды Димаш Құдайберген инстаграмдағы жазбасында.
ҚАЙҒЫ ДА ЕЛДІ БІРІКТІРЕДІ
Осы күні елдің назары Түркия мен Сирияға, зілзала болған аймаққа ауды. «Тас түскен жеріне ауыр» деген сөз бар қазақта. «Тас түскен жердің» хабарын жергілікті азаматтардан білмек ниетпен Түркиядағы таныстарға хабарласқан едік...
Сағыныш НАЗАР,
Анадолы университетінің докторанты:
– Түркиядағы жағдай жанды ауыртып тұр. Бүгін – екінші күн (пікір алған күн: 07.02.2023), әр жарты сағат сайын әлі де жер сілкінісі тіркеліп жатыр. Қайтыс болғандар саны да, жараланғандар саны да көбейіп келеді. Әлеуметтік желіде танысымен, досымен байланыса алмай жүргендер де көп. Хабарсыз кеткендер де, жер сілкінген сәтте үйде қанша адам бары белгісіз болған деректер де жеткілікті. Қаншама үй құлады.
Бірақ Түркия өте жақсы жұмыс істеп жатыр деп айта аламын. Студенттерге «тұрақтайтын жеріңіз болмаса, мемлекет тарапынан мынадай жерге бара аласыз, көмек керек болса мынадай әрекет жасаңыз» деген сияқты түрлі хабарламалар тоқтаусыз келіп тұр.
Осынау сын сағатта түрік халқының да бір-біріне деген көмек құшағы ашық екенін бірден байқауға болады. Өзім тұратын Анкара қаласынан зілзала болған аймаққа көмектесуге арнайы көлік кетті, киім-кешек, азық-түлік та жеткізіліп жатыр. Біздің өзіміз де кешеден бері кешке дейін сыртта жүрдік. Таныс-тамырлардан жиналған заттың барлығын: көрпе-төсек, қалың киім болсын, жарайтындарын алып барып өткіздік. Құдай қаласа, бүгін де бірнеше жерде көмектесу іс-шаралары бар, соған қатысамыз. Мен «Түркия бурсалары» деген бағдарламамен оқып жүрмін, сол бағдарламаның чатында «артық көрпе, киімдеріңіз болса, кеңсеге алып келіңіздер», – деп жазып жатыр. Мұның барлығы да қиын сәтте адам баласының жұдырықтай жұмыла алатынының бір дәлелі болар.
Оқиға болып жатқан жер Сирияға жақын жақ. Түркияның Оңтүстік-Шығыс жағы ғой, ол аймақта қазақ аса көп шоғырланбаған. Иә, түрлі чат-топтарда «қазақтар болса, байланысыңыздар, көмектесеміз», – деп те жазып жатырмыз. Әзірге көмекке жүгінген қазақ ұлтының азаматы болған жоқ.
Жапа шеккендердің видео-үндеуін де тыңдап отырамыз. Тамақ, киім, көрпеден басқа, құтқару көмегі, көлік те керек екенін ұғындық. Қазақстаннан да құтқарушылар мен медицина қызметкерлері, іздеуші иттер келді. Оған Түркиядағы қазақтар да «бауырлас елді қолдауымыз» деп бір қуанып қалдық. Түркияға көмектің зоры – бауырластық, ниеттестігімізді уақытылы көрсету деп ойлаймын.
Түркия басшысы Ердоған ел алдына шығып, құзырлы орындарға уақтылы тапсырма беріп отыр. БАҚ өкілдері де, билік басындағылар да нақты ақпаратты жеткізіп, қызу жұмыс істеп жатыр. Мұның барлығы да халықтың бірлігі мен бекемдігіне қатысты үлкен жұмыстар жүргізілетінінің бір көрінісі деп ойлаймын. Мұндай сын сағаттарда елдің бірлігі мен сенімі де нық болғаны қажет-ақ. Қандай қайғы да елді біріктіре түсетіні айқын ғой.
Эйлем НАЗЫЛИЕР,
түркиялық журналист:
– Барлық елдердегідей, бізде де үкіметке жақын ақпарат құралдары бәрін дұрыс, позитив жағынан көрсетуге тырысады. Бірақ шын жағдай олай бола бермеуі де мүмкін. Дәл қазір міне, зілзала басталғалы 30 сағат өтсе де үйінді астында жатқан адамдар, өкінішке қарай, бар. Билік жете алмаған, құтқару қызметі бара алмаған жерлер де жеткілікті.
Білесіз бе, түркиялық ғалымдар мұндай жер сілкінісі болатынын жылдар бойы ескертіп келді. Солай бола тұра, ешқандай дайындық жүргізілген жоқ. Дегенмен елдегі тұрақтылық пен бірлікті сақтау үшін барлығы тынымсыз еңбек етуде. Дәл қазір мен де сізге қысқаша ғана жауап беруге мәжбүрмін. Өйткені өзім де оқиғаның бел ортасында жүріп ақпарат таратуға асығып барамын. Ең бастысы, халық сабырлы болса деймін.
Дайындаған
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
ҚАЗАҚСТАН ҚҰТҚАРУШЫЛАРЫ ІСКЕ КІРІСТІ
Қазақстанның республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары, медициналық қызметкерлер және құтқарушы иттер Түркияға жетті.
Түркияға келген қазақстандық құтқарушылар күрделілігі жоғары объектілерге бекітілген екен. Құтқарушылардың бірінші тобы іздестіру кезінде қаза тапқан 3 әйелдің денесін тауып, шығарған. Екінші топ толығымен қираған 9 қабатты екі үйді тексеруге алды. Олар жергілікті құтқарушылармен бірге зардап шеккен әйелді құтқарған. Осы объектіде құтқарушылар бір адамның денесін тапты.
Оған қоса ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының кинологиялық есеп тобының Джейкоб есімді иті тірі адамның үйінділердің астында болуы мүмкін екендігі туралы белгі берді. Джейкобтың белгісі негізінде «тыныштық минутын» жариялау туралы шешім қабылданды. Бұл уақыт көмек сұраған кезде адамдардың үйінділердің астындағы дауыстарын естуге мүмкіндік береді.
Құтқару жасағы екі топқа бөлінді, олардың әрқайсысы қиын учаскелер – қираған тұрғын объектілерді тексеріп жүр. Біріншісі – бұл алты қабатты үй, оның толық қирау қаупі бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, адамдар үйде қалуы мүмкін. Қазір кинологиялық есеп жүргізіп жатырмыз. Үйінді астынан адам табылса, иттер белгі беріп, оларды үйінді арасынан шығарып алу жұмыстары басталады. Екіншісі – толығымен қираған тұрғын үй, онда адамдар да болуы мүмкін. Жедел ақпарат бойынша құтқарушылар үйінді астынан қайтыс болған адамның денесін шығарды. Мұнда құтқарушылар конструкцияларды бөлшектеп, іздеу жұмыстарын одан әрі жүргізу үшін үйінді астына түседі. Екі объектіде де құтқарушылар адамдардың болу мүмкіндігі фактісі толық жойылғанға дейін жұмыс істейді.
Бірінші құтқару тобында «Апат медицинасы» орталығының медицина қызметкерлерін қосқанда, жалпы 41 адам Түркияға жетті. ТЖМ құтқарушыларының иелігінде құтқарушы құрал-жабдықтар: гидравликалық және пневматикалық жабдықтар, гидравликалық домкраттар, пневмодомкраттар, перфораторлар, жарықтандыру құралдары, палаткалар, спутниктік терминал, каркасты модуль, автотехника бар. Топ қажетті жабдықтармен де, құтқару жұмыстарын жүргізуде көп жылдық тәжірибесі бар құтқарушылармен де жабдықталған.
Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының тағы бір борты жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейту үшін Түркияға ұшады. Екінші эшелон құрамында жеке құрамнан 60 адам, олардың ішінде ТЖМ құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері, кинологиялық есептері бар. ТЖМ жедел әрекет ету күштерінде авариялық-құтқару құралдары мен жабдықтардың 150-ге жуық және дәрі-дәрмектердің 160-тан астам түрі қамтылған. Жер сілкінісінің салдарын жою жөніндегі орталық штабпен келісе отырып, Қазақстан ТЖМ екінші тобы Газиантеп қаласындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына қосылады. Түркияға тартылған қазақстандық құтқарушылардың жалпы саны 101 адамды құрайды.
Ал ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Түркияның зардап шеккен аудандарына жіберу үшін дәрігерлер бригадасын құрып, дайын отырғанын мәлімдеді.
Н.СҰЛТАНҒАЗИЕВ

752 рет
көрсетілді0
пікір