• Мәдениет
  • 09 Ақпан, 2023

БАҚ ПЕН ТАҚТЫҢ ТАЛАСЫ

Театр сахнасында көркем бейне жасау – драматургия, режиссура және актерлік шеберлікке тікелей байланысты. Сахналық өнер үшін олардың барлығы да аса маңызды. Мысалы, драматургияда автордың идеясы, оқиға желісі, кейіпкер мінезі, шығармадағы шытырман тартыс көрсетіледі. Бұл жерде тіл басты қызмет атқарады. Режиссер осының барлығын жымдастырып, бүтін бір көркем дүние жасайды. Ал драмалық шығармадағы кейіпкер тағдырын көпшілікке өз ойыны арқылы жеткізетін актер бейненің сан қырларын ашады. Демек, көрерменмен тікелей байланысқа түсетін де, халық пен қоғам алдында үлкен жауапкершілік арқалайтын да – актер. 

Актердің рөл сомдауы үшін Станиславский жүйесіндегі кейіп­кержандылық, кейіпкермәнділік мектептер қазақ актерлерінің шеберлігін шыңдауына үлкен ықпал еткені белгілі. Соның бірі – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жастар театрының актері Сағызбай Қарабалин. Тәжірибелі суреткер, Мәскеу қаласындағы М.С.Щепкин атындағы театр училищесінің түлегі Сағызбай Қарабалин шығармашылық жолында бір-біріне ұқсамайтын кейіпкер галереясын жасады. Н.Н.Гогольдің «Ревизорындағы» Хлес-таков, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» Қарабай, «Ақан сері – Ақтоқтысындағы» Науан хазірет, Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетіндегі» Орган, У.Шекспирдің «Король Лиріндегі» Лир, т.б. Бізге әлем драматургиясынан таныс қаһармандарды атауымыздың жөні бар. Өйткені осының өзі-ақ С.Қарабалин сомдайтын кейіпкерлер салмағының өзгешелігін, басымдығын байқатады.

Ол әсіресе құрылымдық жағы айырықша, әке мен қыздарының арасындағы қарым-қатынасты суреттейтін, әлем театрларында көп қойылатын «Король Лир» трагедиясындағы Лир рөлін сомдап, патшаның ащы өкінішін барынша нанымды етіп көрсетті. Режиссер Фархат Молдағали қазіргі қоғамның шынайы көрінісін осы спектаклі арқылы жеткізген. Төрт ғасыр бұрын жазылған (1605–1606) туындының идеясы бүгінгі заманымызда да өзекті. Яғни, адам бар жерде бақ пен тақтың таласына шек жоқ. Осы шығармада жырланған екіжүзділік пен қатыгездік, айлакерлік пен аярлық, аялап өсірген қыздарының әкесіне көрсеткен жан шошытар қаталдығы Лир – С.Қарабалиннің төңірегінде баяндалады. Бар байлығын үш қызына бөліп беріп, қартайған шағында тыныш өмір сүруді көздеген патша, керісінше, өз ұрпағының арсыздығының, мейірімсіздігінің куәсі болады. Психологиялық тұрғыдан аса күрделі трагедияның басты кейіпкерінің басындағы халді актер жан-жақты ашып көрсетеді. С.Қарабалиннің жасы да, жүріс-тұрысы да Лир патшаға сай келген.

Қойылымның алғашқы көрінісінде қыздарын жиып, өзін кімнің қалай жақсы көретінін білгісі келген салтанатты жиында С.Қарабалин екіжүзді әпкелерінен бөлекше сөз сөйлеген кенже қызына деген өшпен­ділігін, одан теріс айналуын жүрек тебірентерлік нақышта көрсетті. Әрбір көрініс кезінде актердің сахнада өзін ұстауы, кейіпкердің жан-дүниесіндегі халге қарай дауыс ырғағының өзгеруі, корольдің тектілігіне аса мән беруі өте ерекше көрінді. Үлкен қызы Ганерелияға тізерлей отырып, жалбарынып, әлінің жоғын, тамақтандыруын өтінген сәті мен кейінгі көріністегі оны келемеждеуінің арасында актерлік шеберлігін айқын көрсетті.

Оған екінші қызы қосылып, өзін керек етпейтініне, олардың ойының бір екеніне әбден көзі жеткеннен кейінгі Лир – С.Қарабалиннің сұсты көзқарасы, тіпті кей сәттердегі байлығын бөліп берген қыздарының күрт өзгергеніне түсіне алмай таңырқауы да шынайы. Корольдің жан айғайы,  қыздарына деген ызасы, оларға өзінің дұрыс тәрбие бере алмағанына күйініші актердің қаһарлы даусымен жетеді. Спектакльдің соңында даусы қарлығып, қалжырап, жанындағылардан жылу көрмей, азып-тозған бейбақ қарттың кескінін көреміз. Лирдің кенже қызын, «баяғы заман болғанда семсерімді дірілдетіп қоймас па ем» деп өткен өміріндегі қателіктерімен қоса қайғыра еске алу сәті де актердің орындауында келісті шықты. Сол Корделияны көрген сәтте Лир – С.Қарабалин өз денесіне ие бола алмай, одан бетер қайғырады, қызына тіке қарауға батылы жетпей қатты қиналады. Алайда бұған дейін басынан өткен қиын күндерден әбден қажыған корольде бір сәт үміт пайда болғандай Корделияны құшақтай алады. Бұл жерде де толқу сәтін бастан кешкен актердің сахналық шеберлігін аңғардық. С.Қарабалин корольдің шығарма басындағы асқақтап тұрған абыройлы, айбынды болмысын шығарма соңындағы өз тағдырына көнген, барлығынан айырылған мұңды қарттың күйіне дейін жеткізеді. Актердің сомдауындағы Лир бейнесін өзіміз куә болып жүрген Бақтияр Ягубов («37»), Купер Барклей («Баянсыз бақ»), Күреңбай («Құлагер»), т.б. қосылған сәтті шыққан рөл деп айта аламыз.

Жалпы театр сахнасында мұндай кейіпкердің ішкі-сыртқы әлемін қатар айқара ашып көрсетудің көп жылғы тәжірибе мен шығармашы­лық ізденістен туындайтыны белгілі. Сағызбай Қарабалинде осы екі негіз де бар, демек, ол кейіптеген кейіпкерлердің осал болмасы анық.

Әлима НЫСАНҒАЛИЕВА,

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер

 академиясының 2 курс студенті

770 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы