- Қоғам
- 09 Ақпан, 2023
18 СЕКУНДТА – 761 ӨТІНІМ. ЖЕҢІЛ КӨЛІКТІҢ ЖЫРЫ ҚАШАН БІТЕДІ?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»
Кешелі-бері Қазақстанның автонарығында рекордты көрсеткіш орын алды. Ал халықтың көлік алуға сұранысының күрт артқанын мына бір оқиға тағы да дәлелдеп бергендей. Қазақстанның «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ autonesie.kz сайтында 18 секундта 761 адамның өтінім бергенін растады.
Әрине, бұл шын мәнінде рекордтық көрсеткіш. Алайда бұл санға алдымен күмән келтірушілер де болды. Осыған қатысты кеше «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамының басшылығы түсініктеме берді. Көз ілеспес жылдамдық пен уақыт. Он сегіз секундта осыншама адамның сайтқа тіркелуі мүмкін бе? «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева 4 пайыздық автонесиеге өтінім беруге арналған сайтқа 761 емес, 1 миллионнан астам адам кіргенін растады.
– Нақты дерекпен айтар болсақ, сайтқа 1 миллионнан астам пайдаланушы кірді. Оның ішінде 125 мыңнан астам азамат тіркелді. Олардың барлығы өтінім берген, сайтқа Қазақстанның барлық аймақтарынан өтініштер түсті. Бағдарлама іске асырылғаннан бері осы уақытқа дейін жиналған қаражат 7,6 млрд теңге болды. Револьерлік механизм болғандықтан, жалпы 761 адам тіркеледі деп жоспарланған, – деді Жанар Ибрашева.
Қажетті 761 өтінім берілгеннен кейін сайт автоматты түрде адам қабылдауды тоқтатқан. Өйткені артық өтінімнің керегі жоқ. Ал алдағы жағдай қалай болмақ? Жанар Ибрашеваның айтуына қарағанда, несиемен автокөлік алу жұмысы алдағы 60 күннің ішінде аяқталуға тиіс. Өтініш берушілер енді автосалонға және банкке барады. Ал өтінім берген немесе тіркелген азаматтарға 60 күннің ішінде автокөлік беріледі. Олардың төлем қабілеті де анықталады.
Ал негізінде, жеңілдетілген автонесие бағдарламасы былтыр мамыр айын-да басталғаны белгілі. Бұл мақсатқа алғашқы транш ретінде 100 млрд теңге бөлінді және оған халық 12,6 мыңнан аса автомобиль сатып алды. Халық тұтынған автонесиенің орташа мөлшері 7,8 млн теңге шамасында болды. Қазірге дейін өтелген несие көлемі – 7,6 млрд теңге.Сондықтан бұл жиналған ақшаны тағы да халыққа несие ретінде тарату жұмысы басталды. Жұмыс осылай тұрақты түрде жалғасып отыратын болады.
БАҚ өкілдері алдында сұхбат берген «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ринат Ғаппаров «тіркелген 761 адамның тізіміндегі орындар сатылып жатыр» деген ақпараттың шындыққа мүлдем жанаспайтынын ашып айтты. Оның ойынша, «тізімдегі орынды сату немесе өзгеге беру мүмкін нәрсе емес. Ол өтінімде жеке тұлғаның бүкіл деректері, атап айтқанда ЖСН, аты-жөні тіркелетінін айтты. Сондықтан басқа адам оның атынан несие ала алмайды. Ринат Ғаппаров autonesie.kz сайты алаяқтардан қорғалғанын атап өтті.
Әрине, 4 пайыздық несие аса қымбат емес, жеті жылдың ішінде төленетін бұл несиені төлем қабілеті барлар өтей алады. Тіпті ертерек қайтарып беруге жағдайлары бар азаматтар да жетерлік. Көлік алуға қаржы жинап жүргендер де баршылық. Сондықтан үкіметтің, яғни авткөлік өндірушілердің жасап отырған бұл қадамын құптамасқа лаж жоқ. Алайда өтінім бергендердің барлығы да көлік ала ма? «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева 4 пайыздық автонесиенің алғашқы легіне кірген 761 азаматтың кейбірінің өнімдері кері қайтарылуы мүмкін екенін айтты. Ал мұның себебі неде?
–Өйткені сайтқа кіріп тіркелген азаматтардың барлығы көлік алу үшін тіркелді ме? Осының барлығы алдымен нақты тексеріледі. Тіпті кейбір азаматтар жүйенің шынымен жұмыс істеп тұрғанын білу үшін немесе қалай істеп тұрғанын тексеру үшін кіруі мүмкін. Ал екінші біреулердің төлем қабілеті сәйкес келмеуі ықтимал.Осыған байланысты кейбір азаматтарға өтінім кері қайтарылуы мүмкін.Ондай адамдар несие алатындардың тізіміне кірмейді. Олар келесі айда платформа ашылғанда қайтадан кезекке тұруы керек, – деді Жанар Ибрашева.
Сондай-ақ ол алғашқы лекке ілесіп, кейін өтініші қанағаттандырылмаған азаматтар келесі жолы өтінімді қайтадан басынан бастап рәсімдейтінін айтты. Ал осы жолы платформаға кіріп тіркеліп үлгергендердің өтінімі қанағаттандырылмай қалса, олар келер жолы қайтадан өтініш бере алады. Олардың бұл жолғы кезегі сақталмайды, үміткерлер бәрін қайтадан бастайды.
Рас халықтың жеңіл көлік алуға деген ықыласы үлкен. Өкінішке қарай, көлік өндірушілер ішкі нарықты жаңа көлікпен толыққанды қамтамасыз ете алмай отыр. Ұзын-сонар кезектің орын алуы да осының айғағы. Ал платформа іске қосылған алғашқы минуттың ішінде autonesie.kz сайтына 125 мың адам кіріп үлгерген. Өкінішке қарай, бұрын хабарланғандай 761 адамның ғана өтініші қанағаттандырылды. Одан соң адамның саны тиісті лимитке жеткеннен кейін, өтінімдерді қабылдау автоматты түрде аяқталды, өтініш беру функциясы тоқтатылды.
Алдағы уақытта тағы да 4 пайызбен несие беру ісі жалғаса ма? «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ринат Ғаппаров халықтың сұранысының көптігіне байланысты үкіметке тағы да өтінішпен шығуы мүмкін екенін айтты.
– Алдымен, бүгінгі өткен шараның қорытындысын жасап, деректерді тұжырымдаймыз. Міндетті түрде үкіметке есеп беріледі. Сонымен қатар 1 минутта тіркелген 125 мың адамның өтінішін де қанағаттандыруымыз керек. Ал ақиқатына келсек, 125 мың адамның әрқайсысына кем дегенде көлік алу үшін 10 млн теңге керек. Шамамен бұл – 1 трлн 250 млрд теңге, – деді Ринат Ғаппаров.
Ал Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жеңілдетілген автонесие бағдарламасына әзірше қосымша қаржы бөлінбейтінін айтты.
– Әзірге қосымша өтінім түскен жоқ. Бізде автонесиеден басқа да әлеуметтік маңызды бағдарламалар бар, – деді ол.
Алайда алдағы уақытта жеңілдетілген несиемен көлік алуға қатысты ережеде қандай да бір өзгерістер болуы мүмкін бе? «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ мамандарының айтуынша, келесі өтінімдерді қабылдау наурыз айында басталады. Бұған қатысты ақпараттар халыққа уақытында беріліп отырады. Сондықтан көлік алуға ынтасы барлар қордың сайтын қарап отыруы қажет. Әзірге белгілі болғанындай, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының шарттары өзгеріссіз қалады. Атап айтсақ, бір автомобильдің құны – 15 000 000 (он бес миллион) теңгеден аспайды, қаржыландыру сомасы – 10 000 000 (он миллион) теңгеден артық емес. Қаржыландыру мерзімі – 7 жыл, бастапқы жарна – 0 пайыз екен атап өткен жөн.
Жалпы қазақстандықтардың көлік алуға ұмтылысын мына бір деректер тағы да айқындап тұрғандай. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сенсек, Қазақстанда бүгінгі таңда 4 377 700-ден автокөлік бар. Бұл 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейінгі мәлімет. Ал 1 қыркүйектен бері бес ай өтті. Көліктің саны тағы да артты. Көбеймесе, азайған жоқ. Өйткені сұраныс үлкен, бірақ мәселе мынада: көліктің барлығы да жаңа емес қой. Рас, елдегі автомобильдердің басым бөлігін жеңіл көлік құрайды, Жеңіл көліктің нарықтағы үлесі – 87,7 пайыз шамасында. Ал жүк көліктері 10,4 пайыз болса, ал автобустардың үлесі бар болғаны 1,9 пайыз көлемінде.
Енді мына бір дерекке назар аударсақ. Қазақстанда жеке тұлғалардың атында 3 630 900-ден астам көлік бар. Аймақтар бойынша сараласақ, ең көп жеңіл көлік Алматы облысында (465,7 ) екен. Алматы қаласында – 460,3 мың, ал Шығыс Қазақстан облысында 275,9 мың көлік жеке иелікте. Ең бір алаңдайтын мәселе, қолданыста жүрген ескі көліктердің шектен тыс көптігінде. Мысалы, 20 жыл бұрын шығарылған жеңіл көліктер Алматы облысында өте көп – 317,6 мың. Алматы қаласында –194 мың, ал Қарағанды облысында 156,4 мың ескі көліктер жеке азаматтарға тиесілі болып отыр.
Расын айтсақ, кез келген Қазақстан азаматының жаңа көлік алуға қаржылық жағдайы жете бермейді. Қол қысқа. Сондықтан көптеген азаматтар пайдаланғанына 20 жылдан асқан көлікпен ел ішінде жүруге мәжбүр. Кейінгі жылдары ел ішінде Қырғызстан, Армения, Грузия нөмірлерімен жүрген жеңіл көлік те көбейіп кетті. Олар заңды салығын да төлемейді, жол ережелерін жиі бұзады. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған былтырғы Жолдауында мұндай көліктерге тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
– 1 қыркүйекке дейін кіргізілген осындай автокөліктерге қатысты жағдайды реттеу қажет. Оларды заңдастыру үшін 200-250 мың теңгеден аспайтын сомада кәдеге жарату және бастапқы тіркеу үшін бір жолғы алым алуды ұсынамын. Бұл шаралар іздеуде тұрмаған және кедендік «тазартудан» өткен автомобильдерге қатысты болуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қазір Президент тапсырмасына орай шетелден заңсыз әкелінген көліктерді заңдастыру процесі жүзеге асып жатыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 35 мың өтінім мақұлданып, оның ішінде 15 мың азамат шетелдік көлігін заңдастырып үлгерген. Заңдастыру төлеміне келсек, 200 мың теңге мемлекеттік алым, 4 313 теңге төлқұжат баж салығын және мемлекеттік нөмір үшін 9 660 теңге төлеуі қажет. Сонымен қатар шетелдік көлік иелері утиль алымынан босатылады. Айта кетер бір жайт, аталған көліктерді заңдастыру шілде айына дейін жалғасын табады. Әрине, жұмысы көп адамға көліксіз жүру қиын. Президенттің де шетелден келген көліктерді заңдастыруға қатысты тапсырмасы дұрыс. Бәрінің де заңды болғаны жөн. Сырт елден ұрлық жолмен келген көліктер заңдастырылмайды. Мұны құптаймыз.
Бірақ «Отандық көлік» делінген жеңілдетілген несиемен беріле бастаған жеңіл машиналардың бағасы да қарапайым халық үшін оңды болмай тұр. Машина керек. Амал жоқ, халық несиеге кіріп жатыр. Жұрттың «әйтеуір бір төлерміз» деп жеңілдетілген несиемен көлік алуға ұмтылып жатқанының астарында да осындай сыр жатыр.

575 рет
көрсетілді0
пікір