- Қоғам
- 09 Ақпан, 2023
Бала саулығы – басты назарда

Оқу-ағарту министрлігі «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды» жариялады. Жоба әзірге жария талқылауда тұр.
Қаулы жобасының мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларға білікті көмек көрсету және зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған қосымша шаралар кешенін қабылдау.
Кешенді жоспарда бірнеше жауапты министрлікпен және жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтаса атқарылатын шаралар көрсетілген. Яғни кәмелетке толмағандардың интернет желісіндегі дербес деректерін қорғау, құмар ойын, синтетикалық есірткі, ішімдік және өзге де психотроптық заттарды қолдануының алдын алу жұмыстары қолға алынбақ. Бұған қоса, ерте жүктілік пен түсік жасаудың салдарымен емес, себебімен күресу жолдары қарастырылмақ.
Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, кешенді жоспарды орындау шеңберінде мынадай нәтиже күтіледі:
– Балаларға қатысты жасалатын жыныстық қолсұғушылыққа қарсы қылмыстар санын жыл сайын 2% төмендету;
– Кәмелетке толмағандар арасындағы суицид пен оған итермелейтін әрекеттер санын жыл сайын 1,5% төмендету;
– Қосымша білім берумен қамтылған балалар санының жыл сайын 5% арттыру;
– Төтенше жағдайлар, жол-көлік оқиғалары және басқа да жазатайым оқиғалар салдарынан балалардың өлімі мен жарақаттану санын азайту;
– Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру.
Құжат 21 ақпанға дейін көпшілік талқылауда болады.
Құжат бойынша қолайсыз отбасыларда тұратын және тәуекел тобындағы кәмелетке толмағандардың республикалық дерекқоры құрылмақ. Яғни «қолайсыз отбасыларда тұратын, сондай-ақ отбасының цифрлық картасы шеңберінде балаларға қатысты өмірлік қиын жағдайдағы «тәуекел тобындағы» кәмелетке толмағандардың республикалық дерекқорын құру жөнінде ұсыныстар енгізіледі».
Министрлік мәліметіне сай, мына санатқа енетін балалардың республикалық дерекқоры құрылмақ:
– Бұрын зорлық-зомбылық қылмыстары үшін сотталған адамдармен бірге тұратындар;
– Олардың денсаулығына, өміріне және жыныстық тұтастығына қол сұғатын қылмыстардың құрбандары;
– Кәмелетке толмағандар саудасының құрбаны болған және заңсыз ұрланған немесе елден тыс жерлерге көшірілген;
– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар, ата-аналары немесе оларды алмастыратын адамдар, қамқоршылар және басқа туыстары тарапынан қатыгездікке ұшырағандар;
– Өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасағандар;
– Жүктілігі бар немесе түсік жасағандар;
– Құқық бұзушылықтар жасау салдарынан профилактикалық есепте тұрған, сондай-ақ қайыр сұраумен, қаңғыбастықпен жүйелі түрде айналысатындар;
– Дәлелді себептерсіз сабақтан жиі қалатындар;
– Ойынға тәуелділігі бар (лудомания) балалар.
Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған зорлық-зомбылық фактілерін жасырып қалған ата-аналар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы да мүмкін.
«Әділет министрлігі жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобына кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық жасау фактілерін жасыратын ата-аналарға немесе заңды өкілдерге қатысты қылмыстық жауаптылықты енгізу бөлігінде ұсыныстар енгізу көзделеді және қолданыстағы заңнамаға сот құқық бұзушының (агрессор) кәмелетке толмағандарға қатысты мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптарды бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізу қарастырылады» деп көрсетілген кешенді жоспарда.
Бұл орайда, балаға агрессия көрсеткен адам сотқа дейін бүлдіршінмен бірге тұрмайды. Яғни құқық бұзушы тұрғын үйден уақытша шығарылады. Бұл жұмыс биылғы жылдың үшінші тоқсаны мен келесі жылдың бірінші тоқсанында кезең-кезеңімен қолға алынады.

701 рет
көрсетілді0
пікір