- Мәдениет
- 16 Ақпан, 2023
«Қансонарда бүркітші шығады аңға...»
Жетісу облысында жастар арасында «Құсбегілік» ұлттық спорт түрінен Қазақстан Республикасының XIV чемпионаты өз мәресіне жетті. Ең үздік көрсеткіштерге ие болған жеңімпаздар арнайы жүлделермен марапатталды. Жарысты Республикалық құсбегілік федерациясы мен Жетісу облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.
Жастар арасында «Құсбегілік» ұлттық спорт түрінен Қазақстан Республикасының XIV чемпионатында бүркітшілер сайысы бойынша Атырау облысынан келген Иманғали Абдулкәрімұлы жеңімпаз атанды. Екінші орында алматылық Әсет Әділов, ал үшінші орында Серікболсын Жалғасұлы (Жамбыл облысы) мен Диас Күнтуған (Астана қаласы) тұрақтады.
Қаршығаны қолға шақырудан Алматы облысының өкілі Сейітжан Бексұлтан бас жүлдені иеленді. Жүлделі екінші орынға Түркістан облысынан келген Паң Төлемырза ие болса, үшінші орынды елордалық Ерасыл Серікбекұлы мен түркістандық Мұхаммед Намазбай өзара бөлісті.
Ал ителгі салудан Түркістан облысынан келген Мүсәлім Салманға тең келер құсбегі болған жоқ. Жүлделі екінші орында Жамбыл облысының намысын қорғаған Берікболсын Бабажан, ал үшінші орында Паң Төлемырза (Түркістан облысы) мен Ердана Самғат (ШҚО) тұрақтады.
Командалық есепте Түркістан облысының құсбегілері 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль қанжығалап, көш бастады. Атырау және Алматы облысының өкілдері екінші және үшінші орынға жайғасты.
«Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен жиналдық. Құсбегілік өнері қазақ халқының ежелден келе жатқан көне дәстүрінің бірі екені рас. Көшпенділер өмірінен берік орын алған бұл өнер түрі бүгінгі таңда жастар арасында да танымал. Жарысқа баптаған бүркітімнің аты Алабас. Дайындыққа 5-6 айдай уақыт қажет болды. Жалпы жарыстың ұйымдастырылуы көңілімнен шықты. Қарсыластарым да мықты болды. Мұндай спорттық шаралардың ұлттық дәстүрін дәріптейтін, елін, жерін сүйетін азаматтар тәрбиелеуде маңызы зор деп есептеймін», – деді бүркітшілер арасында чемпион атанған Иманғали Абдулкәрімұлы.
Еркін ҚАЛДАН
438 рет
көрсетілді0
пікір