• Cұхбаттар
  • 16 Ақпан, 2023

«Жүрегіне жетсем деп бір қазақтың...»

Соңына рухани мол мұра қалдырған ақынның бірі Шөмішбай Сариев екені анық. Белгілі қаламгер 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шөміш станциясында дүниеге келген. Шөмішбай Нағашыбайұлы көзі тірісінде халықтың құрметіне бөленді және жоғары марапаттар мен сыйлықтарға ие болды. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, І дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері, Франц Кафка атындағы «Алтын медаль» халықаралық сыйлығының, «Жыл Адамы – Алтын Адам», «Тарлан», «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының лауреаты атанды. Ақпанның он бесінші жұлдызында ақынның өмірден озғанына екі жыл толды.
Ол өз халқын айрықша сүйе білді. «Ақын монологы» атты жырында «Жүрегіне жетсем деп бір қазақтың!» деп өлең жазудағы мақсатын айтқан екен. Осы туындысын: 
«Тартынбай тағдыр жүгін сал иыққа...
Айналсам деп Алатау ақиыққа – 
Жазсам да жүз өлеңді, бәлкім мен де
Бір өлеңмен қалармын тарихта!
...Білемін ғұмыр болмас алда мұнша,
Қағам қанат – қанатым талғанынша.
Мен өлмеймін! Өмірде тірімін мен – 
Жер бетінде бір қазақ қалғанынша!» деп асқақ ойлармен түйіндейді.
Ақынын қадірлеген халық оның мұрасынан ажырап қалмауы тиіс. Әрбір игілікті іс кезең-кезеңмен атқарылатыны анық. Келешекте Шөмішбай оқулары және ақындар мүшайрасы өткізілсе, нұр үстіне нұр. Шөмішбай Сариев атындағы ән фестивалі қолға алынса, артық болмас. Мұның бәрі ақынның мұрасын насихаттаумен қатар, жас өнер иелерін шыңдай түсуге ықпал етеді. Жаңа есімдер шығады. Мұндай істі тиісті министрлік пен әкімдіктер қолға алғаны жөн деп ойлаймыз.
Ақынның жары Жұмагүл Қаженқызы Сариева қазір қара шаңырағында, Алматы қаласында тұрады. Оның ендігі мақсаты – Ш.Сариевтің мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа табыс ету. Қаламгер өмірден озған соң, қандай істер атқарылғаны жөнінде айтып берді.

– Шөмішбай аға өмірде қандай адам болды?

– Ешкімнің көңілін қалдырмайтын адам еді. Өте ақкөңіл, балаларға да жайлы, ағайындарға да қамқор болды. Мысалы, өзін біреу ренжітсе, үйге келгенде байыз тауып отыра алмайды. Ертеңіне телефон шалып, одан кешірім сұрап, түсіністік жасап жатады. Мен сонда: «Ол жерде сенің кінәң жоқ. Қайта сені ашуландырды ғой» десем, ол: «Жоқ, оның жүрегінде бірдеңе қалып қойды. Мен-ақ кешірім сұрап, көңілінің кірбіңін тарқатып жіберейінші. Өйткені біреудің аз да болса маған реніші болса, өлең жаза алмаймын», – дейді. Ешкімнің жүрегіне дақ түсірмей өтті. Мені де құрметтеді. Өзім оны баладай күтіп баптадым.

Өзі бала сияқты, болмашы нәрсеге ренжитін еді. Сондықтан мен оның көңіліне еш уақытта қаяу түсірмейтінмін. Шығармашылық жолда араласқан әнші-композиторлар да аз емес. Қазір кездес-кен кезде Шөкеңнің жақсы қасиеттерін айтып, еске алады. 

Елу жыл бір шаңырақта ғибратты, бақытты ғұмыр кештік. Үш бала тәрбиелеп өсірдік. Өзі де өміріне разы болып өтті. Бұрын елдің ортасында, өнер кештерінде жүретін адамға індет кезінде үйде қамалып қалу қиын болды. 75 жасқа екі ай қалғанда өмірден озды. Алланың маңдайына жазған жасы шығар. Кеңсайдағы мәңгілік мекеніне зират салынды. Мүсіні орнатылды.

– Шығармалары арқылы қаламгердің екінші өмірі басталды. Қандай жұмыстар қолға алынды?

– Ақынның есімін құрметтеп, еңбегі мен шығармашылығын дәріптеу мақсатында бірқатар істер атқарылуда. Ол «Жұлдыз» журналы мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет жасады. Өзі жұмыс істеген ұжымы бастама көтеріп, Алматы қаласының әкіміне арнайы хат жазды. Соның нәтижесінде «Самал» шағын ауданындағы өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Ол үйде тұрып жатқанымызға 30 жылдан асты. Белгілі мүсінші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тілеуберді Бинашев (жақында өзі де дүние салды): «Мен Шөкеңнің мінезін, қандай адам болғанын жақсы білемін. Мүсінін өзім жасаймын» деп қолға алған еді. Сәтті шықты. Ескерткіш тақта ашылған кітап түрінде жасалған. Бір жағына өзінің портреті орнатылса, екінші бетіне ақынның 1991–2021 жылдары осы үйде тұрғаны туралы мәтін жазылды.

Шөкеңнің туған өңірі – Қызылорда. Сыр өңірінің азаматтары үлкен қолдау көрсетіп келеді. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының өнер залында Ш.Сариевке арналған бұрыш ашылды. Онда өзінің шапаны мен бөркі, кітаптары, фотосуреттері, қолданған бұйымдары, жазу машинкасы мен қаламсаптары, түрлі сыйлықтары қойылды. Қызылорда қаласынан әуежайға шығатын жолда үлкен бильборд орнатылды. Онда ақынның өлең оқып тұрған сәті бейнеленген.

Астанадағы ұлттық академиялық кітапханада қос қанатты ақын Шөмішбай Сариев атындағы шығармашылық залы ашылды. Өте кең, 100 шаршы метрді құрайды. Үйде Шөкеңнің кітапханасы бар. Саяжайда да кітап көп. Кабинетінде де кітап. Соның басым бөлігін және орындығы мен үстелін шығармашылық залға өткіздім.

Өткен жылы жазушы, ғалым Бауыржан Омаровтың Шөкең туралы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген зерттеу мақаласын оқырмандар өте жылы қабыл алды. Оның кескін-келбетін, адами қасиеттерін ашып көрсете білген. Шөмішбайдың шығармашылығы жөнінде белгілі ғалымдар Уәлихан Қалижан, Гүлжаһан Орда толымды дүниелер жазды.

Шөкең дүние салғаннан кейін «Атамұра» баспасынан «Жүрегім – Қазақ елі» атты кітабы жарық көрді. Бұл жинақтың атауы «Мен – Орталық Азиялықпын, жүрегім – қазақ» деген өлең жолдарынан алынған. Бес мемлекеттің, яғни, Қазақ, Қырғыз, Өзбек, Түркімен және Тәжік елдерінің достығы мен бауырластығын, өзара қарым-қатынасын жырлады. Астанадағы шығармашылық залы ашылған кезде осы кітабының тұсаукесері өтті. Онда бұрын қызметтес болған ғалым Тұрсын Жұртбай, ақын Серік Тұрғынбекұлы, «Атамұра» баспасының директоры Рақымғали Құл-Мұхаммед және басқа азаматтар ақ жарма тілектерін айтты.

«Дәуір» баспасынан отбасының құрастыруымен «Қос қанатты ақын Шөмішбай Сариев» атты фотоальбом шығарылды. Оған ақынның жас кезіндегі суреттерімен бірге қаламдастары мен дос­тары ортасында, отбасында және әлем елдерін аралаған кезде түскен фотолары енді.

Өткен жылдың соңында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бастамасымен Ш.Сариевтің өмірі мен шығармашылық жолы туралы «Ғибратты ғұмыр» сериясымен жаңа кітап жарыққа шықты. Бұл жинаққа танымал қаламгерлердің ақын туралы зерттеу мақалалары енген. Аталған оқу орнында кітаптың таныстырылымы жоғары деңгейде өтті.

Ақын – елдің адамы. Шөкеңнің шығармашылығын халыққа жеткізу жолындағы жұмыстар тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Осы жолда бастама көтеріп, тер төгіп жүрген азаматтарға алғысымды білдіремін.

– Елордаға жиі келіп тұрасыз ба?

– Өзім немерелеріммен бірге Алматыда тұрамын. Астанаға әр келген сайын бір жаңалықты көремін. Өнер мен мәдениеттің заманауи нысандары бой көтеруде. ХХІ ғасырдың көрікті үйлері салынуда. Осы жолы келгенде немерелеріммен бірге жаңа мешітті аралап көрдім, үлкен әсер алдым. Ғажап ғимарат екен. Халықты имандылыққа бастайтын орталық болғай. Шөкең екеуміз 40 шақты елде болдық. Ол дүние мен мүлікке қызықпайтын. Өзіміздің жиған-терген қаражатымызға жыл сайын өркениетті шетелдерге баруды мақсат тұттық. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі зәулім мешітті көргенде керемет әсер алып едім. Біздің Астанамызда осындай мешіттің салынғанына өте қуаныштымын. Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының жаңа ғимараты қандай сәулетті?! Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 14 желтоқсан күні Шөмішбай Сариевті отандық поэзияға қосқан мол үлесі үшін І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Сол сапарында Шөкең осы төңірекке серуендеп келіп, драма театрдың жаңа ғимараты салынып жатқанын көріп, ерекше қуанып еді.

Қазақстанымыз өркендеп, әлемдік деңгейдегі дәрежесі арта берсін. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын. Отанын құрметтейтін, ана тілін сүйіп, ұлттық өнері мен салт-дәстүрін дәріптейтін жастардың өркені өсе берсін.

– Ізгі тілегіңіз қабыл болсын.

Әңгімелескен

Айбатыр СЕЙТАҚ

АСТАНА

2997 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы