• Мәдениет
  • 23 Ақпан, 2023

САРЫ ТЕНТЕК

Өмірде ыңғайға жығылып, ымыраға көне бермейтін жандар болады. Қарағайға қарсы біткен бұтақ секілді. Сол үшін де ондай жандар­дың жалпақ жұртқа жағуы қиын. Көптің көңілінен шығу олар үшін міндет те емес.
Сондай азаматтың бірі – Қуаныш Мәжкенұлы Мақсұтов. 1963 жылы 23 ақпанда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында туған. 1979 жылы осы аудандағы Қаратал орта мектебін, 1988 жылы ҚарМУ-ның филология факультетін бітірген. Халықаралық, республикалық ақындар айтыстарының, республикалық «Жігер» фестивалінің, Университеттердің Бүкілодақтық фестивльдерінің лауреаты. Қарағанды облыстық телевизиясында аға редактор, Қарағанды облыстық «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының бірінші орынбасары, Жезқазған облыстық Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы, Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары, «Қазтұтынуодағы» Жезқазған облыстық басқармасы жетекші маманы, Қарағанды облыстық «Замандас – Современник» газетінің Бас редакторы, «Сайгез» қорының Президенті, «Маздау» қоғамдық қорының директоры қызметтерін атқарған. «Қазақстан» телеарнасында тікелей эфирде өткен республикалық «Аламан айтыс» жарысында «Орақ тілді, от ауызды Ақын» атағы берілген. Атақ-даңқы бір басына жетеді.

Ел-жұрт оны «Сары тентек» деп атайды.

Адам ретінде күн сайын тонның ішкі бауындай араласып жатпасақ та азаматтық көзқарасына қарап сыйладық. Тілектес болу үшін табақтас болу шарт емес. Мұраттас болсаңыз болғаны.

Қуаныш жарқ етіп көрініп, арасында ізім-қайым жоғалып, артынша қайта жарқылдап жүреді. Көрінбей кеткен кезінің себебін сұрап білген емеспіз. Дауыл алдындағы тыныштық секілді, ақын өмірі мен мінезіндегі тосын құбылыс түптің түбінде бір игілікті іске әкеледі.

Әу баста, ықылым заманда, Адам Ата жаратылмас бұрын Сөз болған деседі. Сөз бен саз – егіз ұғым. Адам баласын үңгірден – үзеңгіге алып шыққан да сол сөз бен саз болуы мүмкін. Сөз. Саз. Әуен. Ырғақ. Күй. Ерекше құдірет.

Кейде осы Қуаныш қайда жүр, не бітіріп жүр деп ойланамыз. Көп ұзамай хабарын ел жаңалықтарынан естиміз. «Қарағандыда шертпе күйдің негізін қалаушы ұлы күйші Тәттімбет Қазанғапұлының 200 жылдық мерейтойына арналған 6 Республикалық конкурс-шертпе күй фестивалі салтанатты түрде ашылды» деген хабар дүмпу берген. Күй мерекесіне қатысуға республиканың түкпір-түкпірінен өнерпаздар жиналыпты. Халық күй өнерінің классигі Тәттімбет Қазанғапұлы Арқаның шертпе күй мектебін қалыптастырды. Оның 60-қа тарта күйі ел арасында жақсы насихатталып, үздіксіз орындалып жүр. «Күй сайысына Республиканың түкпір-түкпірінен арнайы шақырылған қонақтармен қоса, өнер майталмандары, Тәттімбет ұрпақтары және жарыстан үміткер 12 орындаушы қатысып жатыр», – дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі ақын Қуаныш Мақсұтов.

Жақсы бастаманың жаршысы болу – жанашырлық. Идеясы анық, Қуаныш Мақсұтов шертпе күйдің республикалық фестивалін өткізуді жоспарлап, осы шара аясында ғылыми-тәжірибелік конференция, шеберлік сабақтарын өткізбекке бел буыпты. Несі бар, жақсы ниет. Тәттімбеттің, Сайдалы Сары Тоқаның, Аққыздың кәсіби машығын, жалпы дәстүрлі шертпе күйдің ордалы мектебін оқыту саласын қолға алғаннан өнер жетімсіремес. Мәдениет ошақтарында, музыка колледжі, өнер мектептерінде арнайы шертпе күй сыныптарын ашудың кезеңі келгендей. Мыңжылдық тарихы бар шертпе күй мектебін сақтаудың амалы.

Тәттімбет-Арғын асқан ардагерім,

Шығарған қырық күйін өрім-өрім.

Арқада одан асқан күйші бар ма,

Сусынын қандыратын туған елдің, –

деп Біржан сал жырға қосқан Тәттімбет Қазанғапұлының 200 жылдық мерейтойын жарқырата өткізуге атсалысқан азаматтардың алдыңғы қатарында Қуаныш ақын жүрген екен.

Қуанышты қалың қазақ айтыс арқылы таныды. Ақын Темірхан Медетбек былайша еске алады: «Бір үлкен айтыс болды. Мұхтар Құл-Мұхаммед «Атамұраның» бастығы, ол кезде қызметке бара қоймаған. Үлкен айтыс жасады. Мұхамеджан, Аманжол бастаған мықты ақындардың бәрі қатысты. Бастығы Мырзатай Жолдасбеков болды. Қуаныш деген қарағандылық ақын болды. Естеріңде жоқ шығар. Өзі салдырлап сөйлейді. Өлеңі де кедір-бұдыр. Қара матаға ақ жіппен тіккендей адырайып тұрады. Ұйқастары да жан-жаққа қашыңқыраған. Сол жігіт Мұхамеджанмен айтысты. Мұхамеджан оған сұрақтар беріп еді, ол сұраққа адырайтып, шашыратып, бірақ бәріне жауап берді. Біз өзіміз күтпей қалдық. Қазылар алқасында Ақселеу, Әшірбек Сығай, Бекболат бар. Қазылар да кіл мықты жігіттер. Бәріміз жеңісті Қуанышқа бердік».

Сөйткен Қуаныш ақын адыр-бұдыр қалпымен талай дулы ортаға додаға кірген тұлпардай бұзып- жарып енген екен.

Бүгін күйдің қамын күйттеп жүрген Қуаныш енді бірде қазақ халқының тарихи және мәдени мұраларының ішінде ежелгі қолөнерге назар аударады. Соның арасында қару-жарақтар да бар. Қазақ халқының қару-жарақ шеберлігінің даму тарихы бұрын онша қаперге ілінбеген тақырып. Әсіресе, жас ұрпақ бұл жайында көп біле бермейді. Қарағанды қаласының Достық үйі жанындағы «Айбын» әскери-патриоттық клубы жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені күшейту мақсатында құрылған.

«Қазақ халқының, жалпы көшпенділердің қару-жарағын жіктеу жүйесінің барлық мәні «Ер қаруы – бес қару» дегенге саяды, яғни жауынгер бес қару түріне ие болуға тиіс. Жүйрік ат, әдемі ыңғайлы ер-тоқым және семсер, қылыш – жауынгерлер үшін олардың жоғары әлеуметтік мәртебесі мен ерлігінің бейнесі болған. Қазақ халқы тарихи әскери қаруларын ұмытпай, дәріптеп бүгінге дейін сақтап келеді. Біз әскери қызметкерлерге қазақ батырлары қандай қаруды қолданғанын егжей-тегжейлі жеткізуді көздедік», – дейді клубтың үйлестірушісі Қуаныш Мақсұтов.

Қуаныштың бір басында ақындық та, ұлтқа жақындық та бар. Қазақта «Жоқшы» деген ұғымның барын білеміз. Руханияттың жоғын жоқтау, барын түгендеу ісінен Сары Тентек шет қалмайды. Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдық мерейтойына арналған «Тұғыры биік дара тұлға» атты көрме ұйымдастыруға ат салысады. Ақын, бард Қуаныш Мақсұтов сөз сөйлеп, Ақселеу Сейдімбек зерттеулерінің ерекшеліктері мен маңыздылығы жөнінде сөз қозғайды. Ақселеу Сейдімбектей сегіз қырлы, бір сырлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығын жан-жақты танытуға сүбелі үлес қосады. «Қазақтың біртуар тұлғасы, ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбекке арналған көрмеге келіп тамашалап, Алаштың Ақселеуінен қалған жәдігерлерді көріп, ғұламаның ғажайып әлемімен танысу мүмкіндігін жіберіп алмаңыздар», – деп Қуаныш ақын игі істің басы-қасында шапқылап жүреді.

Бір қарасаңыз, біздің Сары Тентек Шабанбай би аулындағы мектеп бітірушілерінің туған жерге тартуын ұйымдастырушылар арасында жүреді. 1979 жылы мектеп бітірген түлектер ауылда жастар аллеясын ашады. «Бұған 3 миллион теңгеден аса қаржы кетті. Бұл саябақты салуда сыныптың әрбір қызының, ұлының еңбегі бар. Бәріміз ақылдасып, бірлесіп жасадық. Мына мүсіндердің барлығын өзіміздің идеямыз бойынша арнайы жасатқыздық. Бұл жерге қазір алпысқа жуық тал егілді. Гүлдер отырғызылды. Іші сәнді болу үшін электр шамдары, тротуар жолға дейін салынды», – деп саңқылдайды Қуаныш.

Қуаныш Мақсұтов «Ата-ана өзінің баласын, мұғалім өзгенің баласын сүйеді» дей келіп, «шалғай жерлердегі ауыл мектептерін сақтап қалу арқылы сол жердегі қараша халықты да, тарихын да сақтап қаламыз», – деп тағы бір жиынның төрінен табылады.

Бәрінен бұрын Сары Тентек – ақын. Жүрегі сөйлейді. Мына өлең жолдарына қараңызшы.

Құдай түгіл Өздеріне сенбеген,

Сорлылар көп Тәнін түзеп:

«Мен!» – деген.

Ауа райы бұзылады кенеттен,

Күн өкпелеп, алыстаса Пендеден...

 

Түңілерсің сөнген Оттан Күл көріп,

Түйсінерсің мазаалса Мұң келіп...

Күй аңсаған, Жыр сағынған Көңілге,

Селт етпестен, түкірді екен Кім келіп?!

 

Тағдыры бар Түйіршіктің, Тастың да,

Құдайы бар Кәрінің де, Жастың да...

Тебіреніп талай Гүлдер күрсінді,

Сенің күс-күс Табаныңның астында!

 

Жақсылықтың алу үшін Жамбысын,

Ақылыңның көрсет ойлы, сәндісін!

...Бір Пенденің алу үшін алғысын,

Арқалама мың Адамның қарғысын!

Өлеңнің соңғы екі жолында әлемдегі адамзат баласының проблемасы түйінделген. Ақын жырлары уақытқа қарай жылма-жыл зілмауыр салмақ тартады. Өйткені, жасқа жас қосылған сайын елпіл-желпіл жырлар азайып, елдік мұрат, ертеңге алаңдау көбірек өріс алады. Мәселен, мына жырға назар салайық:

Мекке. Жақсы Жанғұтты. Түйсіну.

Аллаға жағам десең – азанды бол!

Халқыңа жағам десең – қазанды бол!

Судай таза, жердей көтерімді бол!

(Шабанбай бидің Жақсы Жанғұттыға берген батасы)

Жақсы Жәке!

Қалай Жақсы атандың?

Келеді ылғи бір Жақсыдан бата алғым...

Пәтуәлі Ақсақалы аз елде

Мен еріксіз «Сары Тентек» атандым!

Құштарлығы кеміген соң Кітапқа,

Ұрпақ кетер тамырынан жұтап та!

...Ұстап тұрған бұтақ сынса –

Маймылдар

Жармасады келесі бір бұтаққа...

Парасатпен Бірі аспаса Бірінен,

(Не пайда бар жылтыраған түрінен?..

Жаман үйде жақсы Бала өсе ме

Іргелері Көз Жасына шіріген?..

Қуаныштың «Мәңгілік мұңның әуені» атты бардтық әндер жинағы, «Тәкаппар мұңның кербез тамшылары» атты жыр жинағы жарық көрген екен. Әлі де талай жыр кітабы жарыққа шығар. Қанаттас, мұраттас Қуаныш Мақсұтовтың мерейлі жасымен құттықтап, замандас ретінде осындай бір демеу сөз жаздық.

Нұртөре ЖҮСІП

 

941 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы