- Мәдениет
- 23 Ақпан, 2023
ПРЕЗИДЕНТ ПӘРМЕНІ: ҚАЗАҚЫ ТӨБЕТ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»
2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев туиттеріне: «Республикалық «Ана тілі» газетінен «Қазақы тазы – қазынамыз» атты тазы туралы қызықты мақаланы оқып шықтым. Расымен, тазы халқымыздың жеті қазынасының бірі, сондықтан бұл асыл тұқымды итті жоғалтып алмауымыз керек. Үкімет пен қоғамдық ұйымдар бірлесіп, тиісті іс-шараларды қолдануы қажет» деп жазған еді.
Мақалада қазақ тазысының үш мың жылдық тарихы бар екені, жеті қазынаның бірі екені, аштық жылдары бір тазы бір ауылды асырағаны, соғыс кезінде қазақы төбеттердің адам жанын арашалап қалғаны, баяғы заманда қазақ байлары қыздарының жасауына тазы қосып бергені, тіпті, тазының неге «тазы» деп, төбеттің неге «төбет» деп аталатыны туралы айтылған. Президент жазбасынан кейін «Ана тілі» газеті қазақы төбет пен тазыларды қамқорлыққа алу жөнінде «Президент пәрмені: қазақы төбет пен тазыға қамқорлық жасалады» атты мақала жариялады. Осы салада жүрген мамандар мен саятшыларға сөз беріп, бірнеше пікірлер шоғырын ұйымдастырды.
Президент мұнан кейін қазақы төбеттер мен тазы иттер тұқымын сақтау және көбейту жөнінде Үкімет пен тиісті министрлікке арнайы тапсырма берді. Депутаттар мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен осы министрлікке қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мамандарымен бірлесіп заң жобасы дайындалды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің Іс Басқармасына жеті қазынаның бірі – қазақы тазы мен төбет тұқымдарын сақтау жұмысын қолға алуды тапсырды. Премьер-Министр кеңсесінің, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Президенттің Іс Басқармасы жанындағы Парламентаризм институтының, сондай-ақ «Қансонар» республикалық қауымдастығының өкілдерінен жасақталған жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Жұмыс тобы Қазақстанның барлық аймақтарында таза қанды тазы мен төбеттің генофондын ғылыми зерттеуді нысаналы қаржыландыру мүмкіндігін тауып, мемлекеттік қолдау түрлерін қарастырды. Халықаралық кинологиялық орталықта (FCI) тазы мен төбеттің шыққан елі ретінде Қазақстанды көрсету қажеттілігі атап көрсетілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев көп ұзамай «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Сөйтіп, арнайы заң қабылданды. Қазір қазақы төбет, тазыларды қамқорлыққа алу жұмыстары жүргізілуде. Енді міне, Президент пәрменіне орай осы аптада Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қазақы ит тұқымдарының стандартын бекітуге қатысты бұйрық мәтіні жарияланды.
Бұйрықта қазақы иттердің тазы және төбет түрлерінің толық сипаттамасы берілген.
Атап айтқанда, стандарт бойынша қазақы тазы қандай болуы керек?
«Бойы орта және ортадан жоғары, мықты денесі бар арықтау ит, созылу индексі – 103. Терісі жұқа, созылғыш, қатпары жоқ. Бұлшық еттері жақсы дамыған, әсіресе белінде, жамбасында, сүйектері мықты, бірақ ауыр емес. Құлақтары – салбыраңқы, жұқа, шеміршектерде сәл көтеріңкі, көз сызығынан сәл жоғары немесе бірдей деңгейде орналасқан, толқынды, жұмсақ ит жүнімен жабылған, құлақ ұшынан 5-6 сантиметрге төмен. Құлақтың шашақсыз ұшы ернінің бұрышына жетуі керек. Өршу кезінде азырақ шеміршегі көтеріліп, құлақтары сырт жаққа қарай бұрылады. Салбыраңқы, жұқа, шеміршектері сәл көтеріңкі, көз сызығынан сәл жоғары немесе бірдей деңгейде орналасқан, толқынды, жұмсақ ит жүнімен жабылған, құлақ ұшынан 5-6 сантиметрге төмен. Құлақтың шашақсыз ұшы ернінің бұрышына жетуі керек. Өршу кезінде азырақ шеміршегі көтеріліп, құлақтары сырт жаққа қарай бұрылады», – деп сипатталады стандартта тазы тұқымы жайында.
Ал қазақы төбеттің тұрқы стандарт бойынша қандай болуы керек?
«Басының ұзындығы шоқтықтағы биіктіктің кемінде 40 пайызын құрайды. Дене тұрқының ұзындығы шоқтықтағы биіктіктен шамамен 10 пайызға асып түседі, бұл ретте төбеттер қаншықтарға қарағанда біршама жинақы. Төбеттердің оңтайлы бойы 72 – 76 сантиметр, қаншықтардікі 68 – 72 сантиметр. Арқасы–кең, бұлшық еттері жақсы жетілген. Белі- кең, қуатты, серіппелі, қуатты бұлшық еттері жақсы толысқан. Табиғи тұрыс кезінде біршама шығыңқы, елегізіп және ойнақтап тұрғанда – тік. Сауыры –ұзын, кең, тегіс, тайқы, бұлшық етті.Кеудесі – доғал қиылысты, ауқымды, біркелкі кең, ұзын, терең, жауырыны сыртында кеңейе түскен, шынтағына дейін немесе сәл төмен түсіңкі, шеткі қабырғасы ұзын. Қарны – біркелкі тартылған», – делінген стандартта.
Ақиқаты, қазақы төбет пен тазының стандарттық өлшемі белгіленді. Енді кез келген ит қазақы төбет пен тазы бола алмайды. Ал аталған бұйрық 2023 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

918 рет
көрсетілді0
пікір