• Мәдениет
  • 23 Ақпан, 2023

МАОРИШЕ ӘН САЛСАМ...

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ana tili»

1952 жылы 21 ақпанда бенгал тілінің мәртебесі үшін Дакка қаласында алаңға шыққан студенттерді Пәкістан полициясы оққа байлайды, соның кесірінен ондаған адам қаза табады. Бұл – ана тілі үшін күрескен оқиғаның басы ғана еді... 
Қазір қан төгілген мекенде Шахид Минар атты ескерткіш тұр. Ал тіл үшін күрестің соңы 1956 жылы бенгал тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алумен аяқталды. «Тіл қозғалысы» Бенгал мемлекеттік мәртебесі қозғалысына ұласып, Бангладеш Пәкістаннан 1971 жылы бөлініп, тәуелсіздігін алды. Оған қоса қазір Бангладеш 21 ақпанды ұлттық мереке – Ана тілі күні ретінде атап өтеді.

Өкініштісі, тіл үшін күрестің барлығы тәуелсіз­дік­пен, ана тілі мәртебесінің бекуімен бітпейді. Әлемде жыл сайын бірнеше тіл өледі.

Ұлттық тілдерді дамыту мен қолдау мақсатында 1999 жылы ­ЮНЕСКО «21 ақпан – Халықаралық ана тілі күні» деп жариялады. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, әлемде шамамен 7 мың тіл бар, оның ішінде 2,5 мың тіл жойылудың алдында тұр. Әр екі апта сайын әлемде бір тіл өліп, өзімен бірге сол тілдің мәдени-интеллектуалдық мұрасын қоса ала кетеді. Жер бетіндегі халықтың 40 пайызы өздері сөйлейтін және түсінетін тілде білім ала алмайды.

Ал біз Халықаралық Ана тілі күні қарсаңында маорилер туралы айтқымыз келеді. Олар өз елін «шуда бұлттар елі» – Аотеароа деп атағанымен, әлем жұртшылығы ол мемлекетті Жаңа Зеландия деп біледі. Міне, қаншама жыл, өз елінде азшылықтың күйін кешкен маорилер түрлі үндеу жасап, қағаз жинап, хат жазып, өзінің мемлекетіне туған тіліндегі Аотеароа атауын қайтара алмай жүр. Әліппесінде 15 әріп бар  маори тілі де әлемде жойылып бара жатқан тілдердің қатарында. Себебі соңғы статистикалық мәліметтер бойынша, 15 жасқа жетпеген маорилердің 16,6 пайызы ғана өз ана тілін біледі.

Маорилерде «Өлімнің жақсысы – жер үшін өлу» және «Нағыз жігіт акулаша шайқасып өлуі керек» деген мақал бар. Шындығында, маорилер тарихына үңілсеңіз, олардың тарихы тұтас қақтығыстардан құралғанын байқар едіңіз. Қақтығыс болғанда, өзгені жаулау жолындағы емес, өз елі мен жерінің тұтастығы үшін шайқас. Жағалауына зәкір тастаған ақ жағалылармен сүйем жер үшін шайқасқан маорилер, соғыс арасында тыныстап отырған жатжерліктерге тамақ беріп жібереді екен. Мұнысы «бекерге аштан өліп қалмасын» деген қамқорлығы болса керек...

Міне, сөйткен батыр да қаһарман маорилер осы күні өз жерінде аз ұлтқа айналған. Айтқандай маори сөзі «қалыпты, кәдімгі, нағыз, жергілікті» деген мағына беретін маорилардың мифологиялық әлемі айдынды мұхиттан, теңіз бен сулардан өткен, біздіңше, Жерұйығын іздеген бабалар мұратын жырлайды.

«Маори туралы өлең тілімен сөйлеу керек», – депті ағылшын жазушысы Энтони Троллоп. Оның да өз себебі бар. Маорий мифологиясында өлең сөз яки ұқсас дыбыстар көп кездесетіндей. Маорий аңызында көк пен жер, су мен оттың арасындағы мифологиялық кейіпкерлер қара сөз бен өлең сөздің аралығында ұлттың арманын, мақсатын айтып жүргендей. Иә, маорилерді айтқанда, олардың оқиғасы Тынық мұхитында өтетін ежелгі аңыздары еске түседі. Олардың теңіз тіршілігімен байланысты өмірлік ұстанымы, салт-дәстүрі мен мақал-мәтелі ойға оралады. 

«Өз үйің ұдайы пана берер, өзгенің үйі әркез пана бола ма?» дейді маори. Мұны аралына келген жатжерліктерге қарата айтты ма екен? «Ерте қимылдаған ас ішер, кеш қимылдаған сілекейін жұтар», – дейді маорилер. Ұдайы еңбек пен тіршілік үшін күрестің бір қорытындысынан шыққан сөзі болар. «Сабақтағы түйінді көрерсің, жүректегі түйін көрінбейді» дейді маорилер. Маоридің жүрегіндегі түйін не екен? «Макаора дернәсілі кішкене болғанымен кахикатса ағашын жейді» дейді маорилер. Иә, дәл қазір олар өз жұртында аз болғанымен, ерен еңбегі, жанкештілігімен түптің түбінде тіл үшін күресте жеңімпаздардың қатарында тұрар ма екен?

Өз аралында ұлттық танымы мен тілін жоғалтқысы келмей тілді дамытатын түрлі бағдарламалар мен жобалар жасап жүрген маорилер «Хаере маи!» деп саулық сұрасады. Ерлік жорығында рухты көтерер би билейді, ән салады.

Маорише ән салса, ұлттың тілі өлмегені.

Демек, әркім өз ана тілінде шырқар ән де таусылмасын. Сонда тіл де өлмес болар.

 

491 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы