• Мәдениет
  • 02 Наурыз, 2023

«КИЕЛІ БИ»: ТҮП ТАМЫРҒА ОРАЛҒАН ЖОБА

Бағдагүл Балаубаева
«Ana tili»

Алыста жүрсе де жүрегі қазақ деп соғатын, елінің тарихы мен мәдениетін шетелге танытып, таңғалдырып жүрген, болашағынан үміт күттіретін жастар көп. Солардың бірі – «Этнобалет» би орталығының жетекшісі, биші, хореограф, режиссер Дана Мұса.

Бүгінде Францияда, Париждің төрінде тұратын Дана Мұса араға сегіз жыл салып, Отанына келіп, француздық режиссер Александр Мерфимен бірге балалық шағы өткен Маңғыстау өңі­рінде Бозжыра, Сенек, Торыш, Тұзбайыр, Кас­пийге барып, қасиетті жерлер­дің тұмса табиғатында «Киелі би» фильмін түсірді.

Елінен жырақта жүрген оның табаны он бір жылдан кейін Алматыға тиді. Жәй келген жоқ, терең философияға негізделген, тарихпен үндескен «Киелі би» фильмін көрерменіне ұсынып, өзі өнерін көрсетті. «Аңшы», «Шабандоз», «Жауынгер», «Бақсы», «Ханшайым», «Ұмай ана» секілді бірнеше эпизоды бар, әр сөзі мағыналы фильмде әйелдің ішкі жан толғанысы, тағдыр тауқыметі, мұң-зары, басынан кешкені, бір сөзбен айтқанда, өсу жолы бейнеленген. Фильмнің әсерлілігі сонша, бірде жүрегің тебіренсе, бірде Данамен қосылып билегің келеді. Өнердің құдіретінің шексіз екенін мойындайсың. Музыкамен әрлеуі де, тұмса табиғаты да бір-бірімен байланысып, үндестік тапқан. Адамды түп тамырын іздеген, тарихтың тереңіне бойлаған Дананың бойындағы ерлігі, жауынгерге тән өрлігі, қажыр-қайраты сүйсінтеді.

Жастайынан алғыр, өжет қыз мақса­тына жету жолында көп еңбектенген. 2010 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының режиссерлік факультетін бітіріп, сол жылы Парижге барып, балет және кино саласы бойынша екі жоғары білім алады. Тағдыр оны Париж операсының профессоры Ива Касатимен кезіктіріп, шәкірті атанады.

Кеше ешкімді танымайтын, тіл білмейтін, екі шабаданмен француз еліне аттанған қазақтың қаршадай қызы бүгінде білікті маман. Биші, хореограф, режиссер. 2013 жылы Парижде «Этнобалет» би орталығының негізін қалады. Әрі би мектебін қалыптастырды. 10-ға жуық қысқаметражды фильм түсірді. 2011 жылы оның «Сақ биі» дипломдық фильмі көптеген халықаралық фестивальдерге қатысты.

– 11 жасымнан бастап тарихи роман­дарды оқи бастадым. Томирис, Зарина, Ұмай аналарды тереңдетіп оқыдым, тарихты өте жақсы көремін. Қаным қазақ. Сондықтан да «Қазақстан – менің тамырым, Франция –қанатым» деймін.

Ал «Киелі би» түп тамырыма оралған жоба болды. Дала, тау, тас, өзен, құм қазаққа таңсық емес, күнде көреді. Ал француздар мұндайды еш жерден кезіктірмеген, оларға бәрі тосын. Жұмыс тобым Маңғыстауды көргенде таңғалып, бірден «осы жерде түсіреміз» деп шешті. Бұл жоба көптеген халықаралық фестивальдерге қатысып, жүлде алды.

Фильмде негізінен әйелдің өсу жолы бейнеленген. Би – кеңістіктегі еркіндік, ой еркіндігі. Еркіндікке құштарлық дала адамының, әр адамның генетикалық жадында жатыр. Мыңдаған жылдар бұрын дала әйелдері, «Аңшы», «Амазонка», «Бақсы», «Патшайым», олар аспанға, күнге және отқа табынған. «Мен әйелмін, мен бишімін, мен тәңіршілмін», сондықтан мұнда әр қимылдың қасиетті мағынасы бар. Өкінішке қарай, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық зардабын шегетін әйелдер көп. Мен ерлі-зайыптылардың бір-бірін түсініп, махаббатпен өмір сүргенін қалаймын. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсылығымды өнерім арқылы көрсетіп келемін. Соңғы он үш жылда Парижде тұрып жатырмын, елімде, Отанымда болғаныма бақыттымын, – деді ол.

«Киелі би» қазақ тілінде дыбысталып, француз, ағылшын, орыс тілінде субтитрмен берілді. Фильмнің қазақ тілінде дыбысталуына белгілі журналист Алма Сайлауқызы көп еңбек сіңірген.

«Қазақ мәдениетінің Еуропада қалай тыныстап жатқанын көріп отырмыз. Данамен бес жыл бұрын Парижде танысқан едім. Оның рухы мені тәнті етті. Біз, қазақтар, өзіміз танымаймыз, ал француздар алақанына салып, қойылымына аншлагпен келіп жатқанда риза болдым. Өзі қаншалықты нәзік болса, ішкі рухы соншалықты мықты. Фильмде сол рухты бізге сезіндіре алды.

Сол жолы Дана «Сіз білесіз бе, Қазақстанда жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 400-ге жуық әйел қайтыс болады» дегенде денем түршігіп кетті, журналист бола тұра ондай дерекке мән бермеген екенмін. Біздің қазіргі айтып жүрген проблемамызды ол осыдан бес жыл бұрын көтерген, сол әділетсіздікке өзінің биімен, өзінің өнерімен қарсы тұрып келе жатыр. Балет пен ұлттық рухты сіңістіріп, этнобалет ұғымын туғызды» деген Алма Сайлауқызы туған елдің азаматтары оны танып-білуге құқылы екенін айтты.

Ал Абай атындағы ҚазҰПУ «Бейнелеу өнері және сәндік қолөнер теория-сы мен методикасы» кафедрасының доценті, өнертанушы Майра Сыздық­қызы фильм жайында былай дейді:

«Біріншіден, өте өзекті тақырып. Екіншіден, әйел адам өзінің терең тамырын танығысы келеді және жырақ жүрген кезде еліңнің қадірін түсінесің. Бүгінгі фильмде әрбір әйелдің өмір жолында кездесетін кезеңді дәл бере білген. Операторлық, суретшілік өнерді сезіне білуімен қатар, жанына кәсіби мамандарды таңдай білген. Әр кадры сөйлейді. Дана өзінің бергісі келген жан дүниесінің толғанысы мен тебіренісін байланыстыра білген, әсерлі шыққан.

Ең бірінші «Мен кіммін?» деп өзіне-өзі сұрақ қояды. Өзінің тамырын іздегісі келетіні байқалады. Әр кезеңі образға бөлініп тұр. Әрбір әйелдің өмірінде жанталасып, кейде әділетсіздікке төтеп бере алмай қиналған кез де болады. Сондықтан Дананың көрсеткен бұл кезеңі әйелдің бойында бір күннің ішінде өтіп кетуі де мүмкін. Сонысымен жүрекке өте жақын, кез келген әйелдің айтқысы келген ішкі тебіренісін қозғады деп ойлаймын. Туған жеріне келіп түсір­генінің өзі көп нәрсені аңғартса керек».

Иә, Дана Мұсаның кез келген туындысы шедевр! Әріден өрбітіп, бүгінмен байланыстырған еңбектерінің қай-қайсысын алсаңыз да – тірі сурет. Сәуір айында ол Ақтауда «Көшпенді» қойылымын қоймақшы. Одан бөлек «Бақсы» да бар, оның да жақында таныс­тырылымы болады.

Қанатымен су сепкен қарлығаштай, қаршадай қазақ қызының еңбек­қор­лықпен биік белесті бағындырып жүргені қуантты.

Қанатың талмасын, Дана!

1062 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы