• Тарих
  • 02 Наурыз, 2023

АСТАНА ПАРСЫ СӨЗІ МЕ?

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ
«Ana tili»

Бұл сөз бір қарағанда жұрттың бәріне түсінікті. Елдің орталығы, бас қаласы деген мағына береді. Алайда төркініне үңілсеңіз, тіл мен тарихқа қатысты толып жатқан деректерді айтуға болады. Әр сөзде қалың, қат-қабат тарихымыз жатқанына осы атау да дәлел.

Алдымен сөздің «ас» түбіріне тоқталайық. Филологтардың тілімен айтсақ, бұл өте өнімді түбір. Яғни өте көп мағынада қолданылады. Атап айтсақ: ас беру, адал ас, арам ас, ас батпады, ас бөлме, ас тұзы, ас ішіп, аяқ босату, асын ішіп, аяғын тепті, бір аяқ ас, жеңсік ас, жерік ас, ішкен асын жерге қояды, ішкені ас болмады, дарға асты, абыройы асты, даңқы асты, аруағы асты, асып төгілді, асып түсті, бағы асты, басынан асты, жүзеге асты, кәдеге асты, иек асты, құлақ аспады, қыр асты, мейманасы асты, мың асқанға бір тосқан, пайдаға асты, таң асты, тоңқалаң асты, түн асқан, іске асты секілді өте көп тіркестерді келтіре аламыз.

Сірә, аталған түбір сөздің мұншама өнімді болғаны – тамырының терең­дігіне байланысты болса керек. Бұл ретте қазақ мифологиясының негізін салушы ғалым Серікбол Қон­дыбайға (1968 – 2004) үңілген жөн.

«Жалпы «азиялық асстар» туралы орыс тілді ғылымда қалам тарт­қандар – орыс және осетин зерт­теушілері. Олардың мотиві де белгілі – асс дегеніміз осетиндер, яғни аландар, яғни иран-арийлықтар, яғни үндіеуропалықтар. Осындай ізденісте әлгі асстар мен аландардың, сар­маттардың көшпелілігі, осы көш­пе­ліліктен туған мәдениеті туралы әңгімеден гөрі, олардың «арийлығы» ғана алыстағы германдық жырды аз да болса шығыс жақтан іздеуге итермелеген, осы әрекеттері үшін де ризамыз. Өйткені «асстар – түркі» немесе «асс – монғолдар» деген мәселе туған болса, зерттеу оқырманға жетпей, жөргегінде өлі күйінде қалары анық еді. Бізді осы зерттеушілердің пікірлері тәнті етсе де, ең болмаса «түркілік ықтималдық» туралы жұмған ауыздарын ашпайтыны таң­ғалдырады. Міне, осындай сауалдар аясында біз «асстардың түркілік бастауларын» іздестіруді ұйғардық…»

«…Щербаков «характерным для языков Средней Азии» деп алып, соны «түркі тілі» дей салуға болатынын аңғармағандай болады. Егер байқаған болса, сонау Исландияға жеткендердің арғы бабалары түркі тілінде «сөйлеп кетер еді». …Асстардың басқа тілде сөйлегені жөнінде Снорри Стурлусонның өзі де жазғанға ұқсайды: «Язык этих людей из Азии стал языком всех тех стран. И люди пологают, что по записанным именам их предков можно судить, что имена эти принадлежали тому самому языку, который асы принесли сюда, на север». Бұл қазақ зерттеушілеріне арналған сөздер сияқты».

«Асгард»  сөзінің тікелей түркілік параллелі – Асқар, бұл сөзді де «аспан қоршауы» деп түсіндіруге мүмкіндік бар… «ас» сөзі германдық емес. «Ас» –   түркі сөзі, ол «жоғары, биік» дегенді білдіреді…»

«Ас» жөнінде мұнан ары Серікбол Қондыбай бізге де белгілі Ілияс Есен­берлиннің «Көшпенділер» трило­гиясындағы көне қыпшақтардың сенім-нанымдары туралы: «Балбал тас­тар жөнінде: ертедегі қыпшақтар өлген адамның жетісін, қырқын, асын бер­генде оның бейнесіне сәйкестей ағаштан қуыршақ ойып, үстіне бұрынғы киімдерін кигізіп, өздерінің ортасына отырғызатын дәстүр болған. Өйткені көне қыпшақтардың түсінігінше адам жаны өлмейді, үнемі туыс-туғандарымен бірге жүреді. Жоқтауға жиналған кісі­лердің бәрінің де денесінде өз жаны болғандықтан, өліктің жаны өзінің қуыршақ бейнесіне барып орналасуы тиіс. Қуыршақ болып ол өзінің жерлеу тойына, жетісіне, асына қатынасуы керек. Ағайын-туғандарымен бірге оты­рып, өз ажалын өзі тойлайды. Ал жа­қындары оған керемет құрмет көрсетуге борышты. Қолына ыдыс беріп, қымыз құйып, алдына ас қойылуы міндет…» –  деген үзіндіні келтіріпті.

Енді сөздің толық тұлғасына, яғни астана сөзіне келейік. (Әрине, та-на қосымшасын талдауды ғалымдар­дың үлесіне қалдырамыз!) Махамбеттің «Таудан мұнартып ұшқан тарланым» деп басталатын Исатайға арнаған керемет өлеңі бар. Сонда: Айғайда белдік байланған,

Астана жұртын айналған!

Атына тұрман болсам деп,

Жұртына құрбан болсам деп,

Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,

Атқан оғы Еділ – Жайық тең өткен! – деп келетін жолдардағы Астана жұрты тіркесі назар аудартады. Арыдан айтсақ, астана жұрт, астана халық тіркестерін 1878 жылы А.Старчевский құрастырған сөздікте және 1897 жылы Орынборда шыққан қазақша-орысша сөздікте «көп, сансыз көп халық» деп аударған екен.

Белгілі түрколог Лазарь Будагов парсының астан, астана сөзі ауысып түркі тілдеріне енгенін айтыпты. Яғни астана парсыша – табалдырық, есік, сарай мағынасында қолданылады. Сол мағынасымен түркі тілдеріне еніпті.

Түркі тілдерін жақсы білген, тегі – неміс, орыс түркологы В.Радлов әзір­байжан тілінде аталған сөздің «табал­дырық, сарай, сарай қыз­ме­тіндегі адамдар» мағынасында қолда­нылатынын жазыпты.

Марқұм академик Рәбиға Сыздық апамыз: «астана сөзінің белгілі бір мем­лекеттің, елдің орталық қаласы» деген ұғымы бұл сөздің парсы тіліндегі «сарай, әміршінің сарайы» мағынасынан алынған болу керек, яғни «үкіметтің резиденциясы орналасқан қала» дегенді білдіреді», – депті.

Иә бір қарағанда академиктің пікірі барлық деректерді түйіндеп тұр. Алайда сөздің «ас» түбірі түркілік болғаны бізді ойлантуы тиіс. Серікбол Қондыбайдың байламдары, бұл жай ғана аңыздардан алынған жорамалдар емес. Әр сөздің астарында ұлан-ғайыр тарих жатқанын тұспалдайды. Тарихшылар мен тілші ғалымдар, күні кеше Сталин асқан сұң­­­­ғылалықпен түркілерге тиесілі көз­дердің барлығын көмдіргенін бір сәтке ұмытпауы керек. Оған дейін де отар­шылар ешкімнің маңдайынан сипаған емес.

Асстар деп аталған, ас беретін халық, біздің бабаларымыз, турасы –  түркілер екендігін Серікбол Қондыбай біз жоғарыда үзінді келтірген «Қазақ даласы және герман тәңірлері» еңбе­гі­мен дәлелдеді. Көзі тірі білімдар Зира Наурызбаеваның сөзімен айтсақ, «арий­лік сырқаттың» кесірінен болған кемшіліктерді тапты.

Қолданыстағы сөздіктерде иран (парсы) сөзі деп көрсетілетін «астана», Жамбыл облысында табалдырық мағынасында қолданылатыны да (Ж.Досқараев) тегін емес. Түбірі түр­кі­лік сөз, парсыларға түркілерден енген болуы да мүмкін. Оның үстіне табал­ды­рық ұғымы, парсылардан гөрі киіз туыр­лықты түркілерге тән.

Мұндайды қазбалап зерттейтін ға­лымдар керек-ақ. Олай дейтініміз, түр­кіге қатысты тарихтағы, тілдегі, ми­фо­­логиядағы, археологиядағы дерек­терді әдейі бұрмалаған немесе қасақана ескермеген ғалымдар ілкіде аталған В.Щербаков пен Снорри Стурлусон ғана емес. Біршама ғалымдарды атай аламыз.

Осы жолдардың авторына ілкіде аталған Рәбиға Сыздық, этимологияны зерттеу қиямет-қайым шаруа екендігін айтқаны бар. Өйткені көп тілдердегі сөздіктерді ақтару керек. Толып жатқан деректерді салыстыру қажет болады. Өйтіп жан қинағысы келетіндер аз секілді. Әлі күн ғы­лымда кеңестік түсініктерден арыла алмай жүргеніміз, қай салада болма­сын Се­рікбол Қондыбай секілді жан­кешті ға­лымдардың жоқтығынан дер едік. Бар болса (әрине, қателессек жақсы болар еді!) жариялау, көрсету бізге сын.

3569 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 13068

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7407

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7038

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6412

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6357

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 6148

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 4932

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 4915

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы