- Мәдениет
- 02 Наурыз, 2023
Бесқала әншілік мектебінің тарихы терең

Халқымыздың әншілік мектебі аймақтарға қарай жіктеліп, Жетісу, Маңғыстау, Арқа, Сыр бойы, Алтай-Тарбағатай, Батыс Қазақстан, Бесқала әншілік мектебі болып ежелден қалыптасқан. Әр аймақтың әншілік мектебі зерттеліп, қазір ғылыми еңбектер де жарық көруде. Ал Бесқала әншілік мектебі туралы зерттеу еңбектер жазып, әндерді републикалық деңгейде насихаттап жүрген зерттеушілердің бірі – ҚР Мәдениет саласының үздігі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, халық әні кафедрасының аға оқытушысы, өнер зерттеушісі Күнқожа Қайрулла. Біз зерттеушіге жолығып Бесқала ән мектебінің ерекшеліктері мен әндерінің насихатталуы жайын сұраған едік.
–Күнқожа мырза, Бесқала ән мектебі қай кезден бастап зерттелген, ол туралы қандай еңбектер жарық көрген?
–Бесқала аймағындағы қазақтардың бірлі-жарым әндері бұған дейінгі әр кездерде өнертанушы ғалымдардың еңбектерінде кездесетін. Мәселен, алғаш рет этнограф, музыкатанушы ғалым А.В.Затаевичтің 1925 жылы Орынбор қаласынан жарық көрген «Қазақ халқының 1000 әні» атты еңбегінде Бесқала ән мектебіне тиесілі «Қойшы» әні жарық көрген. Одан кейін 1972 жылы музыка зерттеушісі Т.Бекхожинаның «Қазақтың 200 әні» музыкалы-этнографиялық жинағында Бесқала қазақтарының бірнеше әні жарияланды. Атап айтар болсақ, «Таңжарбайдың әні», «Қалжан», «Сәулем», «Әләушан», «Еркем-ай», «Дариға», Т.Айбергеновтің сөзіне жазылған Ж.Естілеуовтің «Өтті ғой, сәулем, ай талай», «Сағынам, сәулем» сынды әндері. Сонымен қатар Ерсайын, Еділ Басығараевтардың «Қазанғаптың ізімен. Күйші Бақыт Басығараев» еңбегінде, өнертанушы Б.Тұрмағамбетованың «Қазақстанның батыс аймағындағы ән мәдениеті» монографиясында және П.Құттымұратовтың «Ақсұңқар» атты оқу құралында Таңжарбай Бәкірұлының «Бағила», Әлима Қалдыбекқызының «Әлиманың әні», Боранбай Қазанғапұлының «Бес тоспа», халық әні «Асылаужай», Сәтмағамбет Нұрмағамбетұлының «Елу үш қыз» сияқты әндері жарияланды. Дегенмен мұның бәрі әлі де жеткіліксіз еді. Сондықтан сол өңірден шыққан азамат ретінде осы зерттеулерді ары қарай дамытып, 2013–1915 жылдары арнайы сапармен барып, бұрын-соңды белгісіз болған музыкалық мұралар мен орындаушылар туралы деректерді жинастырдық. Сонымен қатар, елімізге оралған қандастар арасындағы көнекөз қариялар мен өнерпаздардан құнды материалдар жазып алдық. Осы экспедициялар мен жеке жинаған материалдар негізінде 2019 жылы Бесқала ән мектебіне тән халықтық дәстүрдегі 50 әнді жинақтап, «Бесқала қазақтарының әндері» атты музыкалы-ноталық жинағымызды жарыққа шығардық. Сондай-ақ 2020 жылы «Бесқала қазақтарының күйлері» атты музыкалы-ноталы кітабым жарық көрді. Аталған жинаққа енгізілген әндердің он шақтысы бұрын жарық көрген, қалған басым көпшілігі бұрын-соңды нотаға түспеген, баспа бетін көрмеген тың дүниелер. Әндердің біршамасы фольклорлық экспедиция кезінде жиналса, енді біршамасын жеке мұрағаттар мен ел ішіндегі көнекөз қарттардан, өнерпаздардан жазып алып, нотаға түсірдік.
– Бұл еңбегіңізде Бесқала ән мектебінің қай әншілері мен әндеріне тоқталдыңыз?
– Аталған аймақта әншілігімен аты мәлім болған тұлғалар туралы деректерге сүйеніп айтар болсақ, Лепес (1861–1927), Амантұрлы (1872–1938), Дариябай Төребайұлы (1876–1932), Таңжарбай Бәкірұлы (1872–1926), Жұмабай Қалдыбайұлы сияқты, тағы басқа халық композиторлары мен әншілер өмірі мен шығармашылығына тоқталдық. Әрине, олардың өмірі мен өнеріне қатысты деректер аз болғанымен, кейбірінің біршама әндері сақталып, бүгінге жетіп отыр. Олардың жолын жалғастырғандардың ішінде Жақсылық Мамытұлының (1899–1961) орны ерекше. Олай дейтін себебіміз, Жақсылық ұстаздарынан үйренген әндерді орындаумен ғана шектелмей, өз жанынан да көптеген әндер шығарған. Бесқала қазақтарының музыка тарихын сөз еткенде ұстаз-шәкірт жалғастығын ерекше атап өткеніміз жөн. Жоғарыда аталған Дариябай мен Таңжарбайдан Жақсылық Мамытұлы өнеге көрген. Ал Жақсылықтан Жұмағали Әлиев, Бағымбай Жақсымұратұлы, Атаубай Мәмбетұлы, Төребай Құрбановтар үлгі алса, Жұмағалиға Әскербай Нұрқожаев шәкірт болды. Сонымен бірге Бесқаладағы әншілік өнердің ірі өкілдері – Аймұрат Әбдімұратұлы, Мұратбай Шоңқараевтардың мұраларын шәкірттері Оралбек Сәдуұлы, Сәтмағамбет Нұрмағамбетұлы, Мінәжатдин Өтемұратов, Сыражатдин Абдуллаев, Ілияс Кәрібаев, Тоты Серғазиева, Сұлупан Сұлтанова сынды өнерпаздар дәріптеп келеді. «Ақын-жыраулар» атты энциклопедиялық анықтамада Ысқақ Орынбаев, Жақсылық Төлепов, Наурызбек Нұржаубайұлы, Қарлыбай Қалжанов сияқты әнші, жыраулар да Қарақалпақстан жеріндегі халық композиторларының шығармаларын ел ішіне таратушылар ретінде көрсетілген. Бесқалалық өнерпаздарда өнердің біртұтастығы, яғни синкреттілік жақсы дамыған. Аталған өнерпаздар әншілікпен бірге жыршылық, күйшілік өнерді де қатар алып жүрген.
– Бесқала ән мектебінің бүгінгі өкілдері кімдер, олар бұрынғы қай жыршылар өнерін жалғастырушы болып саналады?
– Бесқала қазақтарының әншілік өнерін жалғастырушы ретінде Қолқанат Құдайбергенов, Сәбит Шектібаев, Жанқожа Аяпов, Жеңіс Елемесов сияқты жас әншілерді атағанымыз абзал. «Қарақалпақ, түрікмен жерлерінде тұратын қазақтарда дәстүрлі жанрлардың басқа түрлері орындалғанымен, батырлар жыры ерекше орын алады» деп музыка зерттеушісі Т.Бекхожина айтқандай, Бесқала қазақтары философиялық, дидактикалық сарындағы туындылар мен көлемді эпостарға көбірек ден қойған. Бұл ерекшелік аталған өңірдің әндерінен де көрініс тапқан. Қарақалпақстандағы қазақтардың ән мұрасында лирикалық шығармалармен қатар, философиялық, тарихи туындылар да кездеседі. Бесқала қазақтарының ән өнерінің дамуына, насихатталуына әншілер ғана емес, ақын-жыраулар мен күйші-домбырашылар да көп еңбек сіңірді. Мұндай үрдіс еліміздің барлық аймақтарында кең тараған болса керек, кезінде бұл жөнінде академик А.Жұбанов «Замана бұлбұлдары» еңбегінде: «Қазақтың халықтық музыка мәдениетінде, оның ішінде әннің дамуында жыршылар да үлкен рөл ойнады» деген болатын. XІХ-ХХ ғасырлардағы ақын-жырауларды айтпаған күннің өзінде, қазіргі замандағы жыршылар – Қарасай Әбдімұратұлы, Жайылхан Қаратаев, Өсербай Сәрсенбайұлы, Еркінбай Бабақұлов, Сәрсенбай Рахманбердиев, Қоныс Жүсіпов, Ренат Бекжүрсінұлы, Жақсыбек Барлыбаев, Жангар Мәмбетназаров тағы да басқалардың репертуарларында әндердің көп болуы сөзіміздің дәлелі. Ал Қошқар Ахметов (1897–1970), Наурызбек Нұржаубайұлы (1931–1994), Қарасай (Қалқабай) Әбдімұратұлы, Оразай Тұрғалиұлы т.б. жыршы-жыраулар әнді насихаттаумен ғана шектелмей, өз жандарынан да әндер шығарған. Кейінгі жылдардағы ізденістің нәтижесінде, көптеген халық әндері мен аталған аймақта ертеде өмір сүрген Дариябай, Жақсылық, Қалмұрат, Қошқар, Таңжарбай сынды композиторлардың әндері табылып отыр. Бесқала әндерінің жоғалып кетпей сақталып қалуына күйші-домбырашылардың да зор еңбегі бар. Мысалы, Жұмалы Ембергенұлы, Биман Кенжебаев, Молдағали Балымбетов, Тоғайбай Бейсембіұлы, Абылай Шәукеев, Бақыт Басығараев тағы да басқа өнер иелері өз репертуарларындағы ән-күйлерді берік сақтап, бүгінге табыстады. Халық әндерін, халық композиторларының шығармаларының сақталып қалуында ел ішіндегі қазыналы қарттарымыздың да үлесі көп. Қарасай Сатыбалдиев халық әні «Ақкенже», Қайырмақол Қалмұраттың «Қайран» әнін, Байрам Арзиев «Ысмаханның ән-күйі», «Оразбайдың ән-күйі» сияқты туындылар мен ертедегі халық өнерпаздары жайында тың мәлімет жеткізіп отыр. Біз белгілі әнші Бағымбай Жақсымұратұлынан «Әләушан», «Асылаужай» сынды халық әндері мен «Күлпан», «Ән басы», «Көк айна» сияқты авторлық әндерді жазып алған болатынбыз. Бесқала жерінен бұрын-соңды белгісіз болып келген көптеген әндердің әлі де табылатыны сөзсіз. Батыс Қазақстанда өзіндік мектеп қалыптастырған Мұхит Мералыұлының бұрын-соңды беймәлім болған «Мұхит салмын» әні де, «Мұхиттың ән-күйі» де Қарақалпақстан қазақтарының арасынан табылды.
– Күнқожа әрбір істің басталуына белгілі бір нәрсе себеп болатыны бар ғой, өзіңіз осы Бесқала әншілік мектебін зерттеуге қалай келдіңіз?
– Мен Қарақалпақстанның солтүстік шығысындағы Дәуқара өңірінде, қазіргі қазағы қалың Тақтакөпір ауданында дүниеге келдім. Әйгілі жырау Наурызбек Нұржаубайұлы – туған нағашым. Жастайымнан дәстүрлі ұлттық музыкаға жақын болдым. Қазақтың әні мен күйін радиодан, магнит таспасынан естісем, жыраулардың терме-толғаулар мен дастандар айтқанын көзіммен көріп, тыңдап өсу бұйырды. Бертін келе домбыра ұстап, нағашымның тағы басқа көптеген жыраулардың орындауындағы жыр-термелерін айтуға дағдыландым. Орта мектепті аяқтаған соң, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына түсіп, халық музыкасы факультетін бітірдім. Міне, сол кезде дәстүрлі өнердің сырына қаныға келе, өзім туған жерде жыраулық өнердің өте жоғары дамығанына көзім жетіп, соны зерттеп танытуды алдыма мақсат қылып қойдым.
–Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Нұрболат СҰЛТАНҒАЗИЕВ

1711 рет
көрсетілді0
пікір