• Руханият
  • 02 Наурыз, 2023

АЛҒЫС ДЕГЕН ЕЛ СЫЙЫ

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын:

 Қазақ әйеліне ризашылығым шексіз

–Мен алғысты анама және қазақ әйеліне айтамын. Елін, ұлтын, ұрпағын сақтап жүрген, сонау соғыстарда елдікті алып шыққан, кешегі қайта құруда азаматының арын, елінің  намысын сақтаған қазақ әйеліне разымын. Тағдырыма алғыс айтамын. Қиын тағдырлы қазақ қызы болғаныма, қалам ұстауды дәлелдеу үшін күрескеніме, қазақ қызының өзгемен тең болуы үшін белсенді болғаныма өзімді бақытты санаймын. Ұлтыма ілтипатым шексіз. Ақ сүт беріп әлдилеп, «еліңді сүй» деп үйреткені үшін, «ақшаға намысыңды сатпа» деп тәрбиелегені үшін  анама алғыс айтамын. Жалпы мен қазақ ұлтының  әже, ана, келіндеріне ризашылығымды білдіремін. Сондықтан ұлттың қасиетін ғасырлар бойы сақтаған қазақ әйеліне айтар алғысым зор.

 

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, жазушы:

 Әке сөзі мені шыңдады 

–Академик Рымғали Нұрғалиев «Әкенің үлгісін, тәрбиесін көрген адамды бірден тануға болады» -–деп айтып еді. Расында да солай. Әкенің мектебінен өткен адам ешқашан таршылық жасамайды. Біз әкенің ұлағатты тәрбиесін көріп өстік. Әкенің қаталдығы  да  керек. Біз еңбекпен өстік. Бірақ мұның бәрі бізді өмірге шынықтыру, шыңдау екен ғой. «Егер адамда мінез болмаса, кішкентай кезімізде нағыз қол еңбегімен шыңдалмасақ, бүгін қалай болар едік» деп ойлаймын. Мұның өзі бір үлкен тәрбие. Біз бала кезімізден үйде мал шаруашылығына ден қойып өстік. Еңбек етуге дағдыландық, шыңдалдық. Балалары титтей бір жетістікке жетсе, қазіргі ата-аналар мақтап, қолпаштап жатады. Дамыған елдерде де әкелері балаларын солай тәрбиелейді. Ал бізде басқаша. Бір жетістікке жетіп жатсақ, әкеміз соншалықты онша көңіл бөлмейтін сияқты көрінетін.

Қолымызға қалам алып, жазуды енді бастап жүргенде анамның. «әлін білмеген – әлек болады бала», – деп айтқаны бар. Сол бір сөз көңіліңнен кетпей қалады екен. Ал газетке мақалам, әңгімелерім шықса, мәз болып қалатын. Сөйтіп, мені өмірге, жазуға талпындырып қоятын.

Аудандық, облыстық газетке өлең жазатынмын. Бір күні әкеммен бірге қой айдап бара жатып, бір қойшының үйіне шәй ішуге кірдік. Сонда үй иесі: «балаңыздың өлеңін оқып тұрамыз. Бірақ соңғы уақытта өлеңдері көрінбей қалды, жазбай кеттің бе?» – деді. Сонда әкем: «Бұның шамасы келмей қалды-ау деймін» деді. Ал анығына келсек, әкем менің өлеңдеріме көңіл бұрмайтын. Әкемнің сол сөзі қатты әсер етті. «Әке – балаға сыншы» деген осы екен ғой. Әкемнің қаттырақ ұстауы бізді өмірге шыңдай түсті ме деп ойлаймын. Сол үшін де разылығымды білдіремін.

 

Айымгүл ӘБІЛОВА, көп балалы ана:

Қызым, жұлдызың жоғары болсын!

1-наурыз алғыс айту күніне орай, Айжан қызыма аналық ыстық ықыласымды айтуды жөн санадым. Алла саған амандық берсін, ойыңдағы арман-мұраттың орындалуына жеткізсін.

Бөле жарғаным емес, басқа балаларым бір төбе де, Айжан қызым бір төбе. Сондықтан саған  разымын, жаным.

Оқыдың, тоқыдың. Арман-мақсатыңа өзің жеттің. Аллаға шүкір, лауазымың, сүйікті қызметің бар. Ешкімге ауыртпалығыңды салған жоқсың. Қасымда қолғанат болып, әрқашан жаныма демеу болып жүресің.

Біздің ата-аналық абыройымызға кір келтірмегенің үшін, мен қиналған сәтте жаныма жалау болып қолдап жүргенің үшін, әр кез мені қуантқаның үшін саған ризамын.

Ардақты елші (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ата-анасын сыйлап, оларға қамқор болған перзенттерге сүйінші! Алла олардың өмірін берекетті етеді», – деген. Басқа бір хадисте: «Кімде кім өмірінің ұзақ, ризығының мол және берекетті болуын қаласа, ата-анасына жақсылық жасасын, туған-туыстарының да қамын ойласын», – деген.

Рас, кімде-кім ата-анасына құрмет көрсетіп, олардың ізгі дұғаларын алған болса, оның дүниедегі несібесі көбейеді.

Жаным, анаңның алғысы сені алға жетелейді.

Гүлім менің, әрқашан жұлдызың жоғары болсын!

 

Бақыт ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Шалқар» радиосының аға редакторы:

Адамға жақсылық жасау – парыз

– Алғыс айту күні туралы айтқан кезде ең бірінші қара­пайым еңбек адамдары еске түседі. Айналамызға зер салсақ, ауылда, Алматыдай алып шаһарда, ауданда болсын  жұрттың барлығын баспанамен қамтамасыз етуде жыл он екі ай күні-түні тынымсыз еңбек етіп, бірақ сол салған үйлерінен өздері де баспанаға қол жеткізе алмай еңбек етіп, отбасын асырап жүрген ең бірінші алғыс айтуға лайықты кісілер, ол–құрылысшылар дегім келеді. Өйткені жаздың аптап ыстығында, күздің қара суығында боранында, көктемгі лайсаң жауында, қыстағы аяз дауылды боранда жанкешті еңбек ететін осы құрылысшылар. Бірақ көп жағдайда олардың еңбектері еленбейді. Сондықтан Қазақстандағы әрбір құрылысшы, дәнекерлеуші, кірпіш қалаушы, бетон құюшысы бар, барлық құрылысшыларға шынайы аза­маттық болмыспен алғыс айт­қан болар едім.

Екіншіден,  елдің ішінде қаншама қайырымды кісілер бар. Мысалы, Алматы облысы, Іле ауданы, Ащыбұлақ елді мекенінде «BTK group» дейтін үлкен кірпіш зауытында Тоқан Ботабеков деген асыл азамат бар. Ол су тасқыны болған Шымкент өңіріне, Арыстағы оқиға кезінде де, былтыр Торғай даласындағы өртте де өзінің атынан құрылыс материалдарын жіберіп, үй салуға көмектесті. Қысылып жүрген талай жанға көмек қолын созды. Әнші, күйші, ақын-жазушылардың біразына да баспаналы болуына тікелей себепкер болды. Мен сол Тоқан ағама алғыс айтқан болар едім. Ел ішінде көмек қолын созып жүрген қаншама демеушілер бар. Солардың барлығына халыққа жасаған риясыз жақсылықтарыңыз өздеріңізге еселеніп қайтсын деп алғыс айтар едім.

 

Гүлмира САДЫҚ, журналист, көп балалы ана:

 Апам – нағыз істің адамы

2015 жылдан бері тойланып келе жатқан алғыс айту күнінің мәні де маңызы да ерекше. Осынау айтулы мейрам қарсаңында мен апама алғыс айтқым келеді. Апамды менің өмірлік серігіме жарық дүние сыйлаған жан ретінде ерекше құрметтеймін. Шынымды айтсам, апамды енем деп айтқан емеспін. Себебі апам төрт бірдей ұлдың анасы ретінде барлық келініне қызындай қарап келе жатқан аяулы жан. Оның үстіне өзімді де немеренің тұңғышы ретінде апам бауырына басты. Яғни  апамның қызы болып өстім. Маған Апа деген сөз жаныма жақын. Келін боп түскен сәттен бастап, жан жарымның анасы менің апамның орнын толтыра білді.

Апамның өзі де қарашаңы­рақтың отынын түтетіп, енесінің жайын жасап, батасын алған жан. Сондай-ақ жолдасынан ертерек айрылып, төрт бірдей перзентін қатарынан кем қылмай өсірген. Жоғары білім алуына жағдай жасап, әрбірінің өмірден өз орнын табуына ықпал еткен қайсар жан. Өмірдің өкпек желіне төтеп берген ардақты ана қандай құрметке де лайықты деп білемін.

Бүгінде жасы жетпіске таяп, отбасымыздың ғана емес, әулетіміздің саялы бәйтерегіне айналып отыр. Апамнан ұлдары мен келіндері ғана емес, ағайын-туыстың арасындағы жасы кішілері жөн сұрасып жатады. Қазақтың салт-дәстүрін бес саусағындай біліп әрі оны күнделікті өмірде ұстанатын абзал ананың айтары да мол.

Әрбір перзентімді өмірге әкелген сайын қазақтың салтымен қалжалап, күтімін жасайтын апамызға осындайда басымды иіп алғыс айтқым келеді. Жаңадан дүниеге келген немерелерінің барлығын өзі шомылдырып, бесікке баптап бөлейтін апамыз әрбір ісі арқылы бізге үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Кішкентайларына бесік жырын айтып тербетсе, есі кіріп қалғандарына қазақтың ертегілерін айтып беріп ұйықта­татын әжелерін немерелері де өте қатты жақсы көреді.

Жастық албырттықпен келін­дік міндетімізді ә деген бетте-ақ ұршықтай иіріп әкете алған жоқпыз. Мұндайда, апамыз­дың кемшілігімізді бетімізге басып, дауыс көтерген кезі бол­мапты. Апамыз сөздің емес, нағыз істің адамы. Үнсіз жүріп-ақ, барлығын өз ісімен көрсету арқылы білмегенімізді үйретіп келеді.

Алланың қолдауымен, қандай да бір жетістікке жетіп жатсақ, әлбетте апамыздың ақ батасының арқасы деп білемін. Апамыз көненің көзі ретінде күні бүгінге дейін көрген білгені мен көкейге түйгенін үнемі бізге әңгімелеп беріп отырады.

Апамызды тіпті дипломсыз дәрігер десе болғандай. Басы ауы-рып, балтыры сыздай қалған отбасы мүшелерін дәрісіз-ақ емдеп шығатыны бар.

Қарап отырсам, апамыздың қолға алған әрбір ісі жарқырап, жаныңа шуақ сыйлап тұрады. Мәселен, апа­мыз­дың құраған құрақ көрпешелері көздің жауын аларлықтай әдемілігімен ерекшеленеді. Ал бақшаға әлі күнге дейін егетін қызанақ, қияр, асқабақ сынды бақша өнімдерінің барлығы тіл үйіретін дәмді. Апамыздың жасайтын тамақтарының бәрі де дәмін татқан жанның таңдайында ұзақ сақталатыны анық.

Сондай-ақ апам ескінің сарқын­шағын тықпалайтын емес, замана көшіне ілесе білген көзі ашық, көкірегі ояу жан. Тіпті ұялы телефонның да қыр-сырын жақсы меңгеріп алған. Ешбірімізде жоқ ертеректегі фотолар да апамыздың телефонынан табылып жатады. Тіпті асхананың менюін қалай жаңартып отыруды да апамнан үйренеміз. «YouTube-тан көріп едім», деп дәмді тағамдарды жасаудың тың тәсілін көрсетіп бергенде таңданбасқа шараң да қалмайды.

Бүгінде немерелерінің балдай тәтті қылығына сүйсініп отырған әженің ұрпақтарына берер тәлімі зор. Ортамызда мәуелі бақтай жайқалып отырған ардақты анаға шуақ шашып жанымызда жүргені үшін алғыс айтамын! Әрбір таңымыз апамыздың ақ тілегімен атады. Осындай арайлы таңымыз көп болса екен деп тілеймін.

Димаш ҚҰДАЙБЕРГЕН, әнші:

Алдарыңызда бас иемін

 «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дейді дана қазақ. Менің әрбір аяқ алысымды қолдап, азды-көпті жетістіктерге жетіп келе жатқаным – қазағымның арқасы. Қазақстанда білім алдым, оқыдым. Ел ішінде өстім. Туған елдің нанын жеп, суын іштім. Батасымен көгеріп, ата-анамның қолдауымен, бауырларымның ықылас-ниетімен, көмегімен үлкен додаларда бақ сынайтын деңгейде тәрбиеленіп өстім.

Бес жасымда әріп танымас бұрын нота таныған баламын. Бес жастан бастап бүгінге дейін әрбір аяқ алысымды қадағалап, ақыл-кеңесін айтып, қолдап келе жатқан, барлық істеп жатқан жұмыстарым үшін тақымын қысып, болысып отыратын, көмегін аямайтын ата-анама үлкен рақмет. Маған ерекше әсер еткен адам, әрине, менің ата-анам. Сол кісілердің арқасында осы күнге жеттім. Ұстаздарыма да ерекше алғыс айтамын. Олар әрқашан қолұшын беріп, мені қолдап келеді. Әрі кәсіби деңгейімнің өсуіне мол білім берді.

Дауысымды қойған Қызылорда облысының тумасы, бірнеше жылдан бері Ақтөбеде тұратын ұстазым Марат Олжабайұлына, ең алғашқы ұстазым Дина Ниязоваға алғыс айтамын.

Ата-баба дәстүріне оңынан қараған халықпыз. Ең үлкен алғысымды халқыма және ата-әжеме айтқым келеді. Бала кезден осы кісілерді орнынан тік тұрғызып, күллі стадионда халықтың қошеметіне бөлендірсем деп армандап жүр едім. Сол арманыма жеткізген жанкүйерлеріме, тыңдармандарыма мың рақмет. Алдарыңызда бас иемін.

 

Алғыс 

Әуелі өлшем – Тәңіріме алғысым,

Мәуе берсем – Тамырыма алғысым.

Күнге алғысым – шапағына бояндым,

Гүлге алғысым – жұпарынан ояндым!

 

Анаға алғыс – ақ сүтінен күш алдым,

Атаға алғыс – жонған оқтың ұшы алтын!

Жеріме алғыс – Алтай, Арқа, байтағым,

Еліме алғыс – Азаттықтың айт әнін!

 

Досқа да алғыс – жау ішінде қалмадым,

Қасқа да алғыс – шайналса да бармағым.

Құранға алғыс – имани шарт, қорғаным,

Тұранға алғыс – жалғасы Алтын Орданың!

 

Алғыс айтсын, бауырымдағы бар ұлыс,

Алғыс алмай еткен ісім – жарым іс.

Алғыс деген – Абыл деген сөз-ау бір,

Қарғыс деген – Қабыл деген сөз-ау кір.

 

Алғыс айтам кіріп тұрып әр үйге,

Алғыс, алғыс – қарияға, сәбиге.

Қазақты Алла алқап тұр ғой, сонан соң

Ардай қымбат алғыс шығар, әрине…

 

Алғыс деген, алғыс деген сөз ұлы ә?!

Махаббатқа алғыс – Баян-Қозыға.

Болашаққа алтын тастап кете алман,

Елден алған Алғыс – солар қазына.

 

Жаңбырменен Жер көгерді, енді өлмен,

Батаменен Ер көгерді, дем берген.

Бір сөмке алтын керек емес, адамдар,

Бір сөтке алғыс естиінші, сендерден.

Мирас АСАН

 

 

4290 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы