• Мәдениет
  • 02 Наурыз, 2023

Шың туралы фильм

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде Қазақстан командасының Верный шыңына (теңіз деңгейінен биіктігі 5250 м) шығуы туралы деректі фильмнің алғашқы көрсетілімі өтті.

Тік жартасты қабырғалар мен қалың мұз қат­парлары, құбылмалы қолайсыз ауа райы, жауын-шашын, боран, тұман, жел мен ызғар Верный шыңының табиғи мінезін көрсетіп тұратын секілді. Шың туралы фильм түсіруге шыққан топ осы көріністерді көзбен көріп, көрерменге жеткізеді. Өткен жылы осы ерліктері үшін қазақстандық альпинистер тобы Халықаралық спорттық альпинизм федерациясының (ISMA) биіктікке көтерілу класындағы альпинизм бойынша әлем чемпионатының қорытындысында бірінші орынды иеленеді. Олар қиындығы бойынша 6Б солтүстік-батыс жартасымен Верный шыңына алғашқы болып шығады. Шың Қызыл-әскер шыңы ауданында (5842 м), Орталық Тянь-Шань, Батыс Көкшаал-Тоо жотасында орналасқан. Бұл альпинизм саласындағы Қазақстан құрама командасының алғаш рет бірінші орынға ие болуы. Ал «Верный» деректі фильмі осы сапарды бейнелейтін шынайы туынды.

Қазақстандық команданың құрамында Роман Шестернин, Леонид Крупа, Закиржан Абдураимов және Станислав Лайнопуло болды. Команданы спорт шебері Максим Тен басқарды. Жаттықтырушылары–спорт шеберлері Артем Скопин және Вячеслав Титов. Барлық бағыттың ұзындығы– 1670 м, биіктік айырмашылығы–910 м. Команда бағыт бойынша 6 түн арнайы платформада түнеді. Жалпы команданың Верный шыңына таңдаған бағдарының ерекшелігі – тік қабырғалар мен қалың мұздықтар арқылы шығуында болып отыр.

Деректі фильмнің көрсетіліміне еліміз­дің атақты альпинисі Қазбек Валиев, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің басшылығы және Қазақ­стан Республикасының альпинизм және спорт­тық құзға өрмелеу федерациясының өкілдері, тауға, шыңға шығуға қызығатын алма­ты­лық­тар қатысты.Фильм өте әсерлі әрі шынайы түсірілген. Альпинистердің көңіл-күйі, қауіп­сіздік талаптарын орындауы, құзға, жартасқа өрмелеуі, тік жартаста аялдайтын шатыр орналастыруы нағыз кәсібилік пен ерекше батырлықты қажет ететіні көрініп тұрды.

Фильм соңында шыңға шыққан қатысу­шылар марапатталды. Алдағы уақытта Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті мен федерация студенттік альпи­низмнің жаңаруына ықпал ететін жобаларды бірлесіп жүзеге асыратындықтарын жеткізді.

Досжан  БАЛАБЕКҰЛЫ

 

1706 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы