• Мәдениет
  • 02 Наурыз, 2023

«Менің жырым тұрады сағыныштан»

Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылындағы М.Мақатаевтың музейінде қазақтың танымал айтыс және жазба ақыны Даубай Мамытұлының 65 жасқа толуына орай, облыстық мәдениет бөлімінің ұйымдастырумен «Поэзия патшалығында» атты ақынның шығармашылық кеші өтті.

Осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған шараның алғашқы беташарын «Алматы облысының музейлер бірлестігі» МКҚК директоры Әнуард Үмбеталиевтің бастамасымен қантар айында белгілі айтыс ақыны Биғайша Медеу ашқан еді. Сол сабақтастық бүгін өз жалғасын тауып, бірнеше рет бәйгеде жүлделі орындарға ие болған Даубай Мамытұлының үлкен жыр кешіне ұласты. Кешке Шымкент, Алматы қалаларынан, Алматы облысына қарасты Талғар, қазіргі кезде ақын тұратын Еңбекшіқазақ, өзі туған Райымбек, Кеген аудандарынан арнайы өкілдер, ақынның шығармашылықтағы достары әрі замандастары, «Парыз» халықаралық қоғамдық қорының жетекшілері, әкімшілік және музей қызметкерлері қатынасты. Жүргізушіліктің тізгінін белгілі ақын Бақыт Жағыпарұлы қолына алды.

 «Поэзия патшалығында» атты әдеби кездесудің алғашқы сөзін Қазақстан Жазушылары одағының орынбасары Бақыт Беделхан алып, бұл игілікті шараның Қарасазда өтуі кездейсоқтық еместігін, қызыр мен қасиет қонған осынау мекеннен шыққан таланттар есімдерін атай келе, Даубай ақын XX ғасырдағы жыраулардың сарқыты деген түйін жасады. Ол сонымен қатар қонақтармен бірге ақынның «Менің жырым тұрады сағыныштан» атты су жаңа жыр жинағының тұсауын қиды. Ақынның шәкірттері киелі қара домбырамен жыр тарту етті. Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жақыпбекова Әлия Әлімжанқызының «Алғыс хатын» табыс етті.

Осыдан кейін алма кезек сөз алған ақынның бір топ замандастары мен өнер қайраткерлері өз естеліктері мен арнауларын оқып, жырдан шашу шашты. Атап айтқанда Шеризат Мекебаев, Елеусіз Ахметкерім, Мұхтархан Қалиұлы, Камнұр Тәлімұлы, Сәлім Жусанбай, Қанат Біржансалұлы, Ерлан Әбдіқалов сынды ақын-жазушылар т.б. кеш көрігін қыздыра түсті.

Осы кешке ақынға арнайы баяндамасын әкелген Қазақстан Жазушылар одағы мүшесі, жазушы, этнограф, әдебиет зерттеуші Нұрлан Сәрсенбаев: «Даубай ақын поэзиясында мынандай үш түрлі айқын ерекшелік бар: Бірінші–ол беті-жүзің демей ханнан да қаймықпай айтатын шыншыл ақын. Екінші- оның жырлары халық­тың ұлттық рухымен терең тамырласып кеткен. Үшінші – Даубай табан астында сөз тауып айтатын төкпе жырдың шебері, – деген пікірмен сөзін аяқтады. Ел ішіндегі игі шараларға ұйытқы болып жүрген жанашыр азамат Тасболат Қырғызбайұлының бастамасымен «Парыз» халықаралық қоғамдық қорының жетекшілері ақынға арнайы тігілген мерейтойлық шапанын жапты.

Даубай Мамытұлы 1957 жылы Алматы облысы Райымбек ауданының Қарасаз ауылында туылған. 1994 жылы Тараз қаласындағы мәдениет училищесін бітірген. Мәдениет саласының үздігі, асабалық өнерді жалғастырушы. Алғаш айтысқа аяқ басқанда, қазіргі Райымбек, бұрынғы Нарынқол ауданында 1988 жылы аудандық сайыста бірінші орынды иеленген.

Ол 1989 жылы Жамбыл ауданы Ұзынағашта Үмбетәлі Кәрібаевтың 100 жылдық мерей тойын­дағы болған айтыста, атақты айтыс ақыны, тарихшы-ұстаз Биғайша Медеумен және белгілі сөз жүйрігі Кеген аудандық білім бөлімінің бастығы физика пәнінің маманы Нәсілқан Тоқта­сыновамен айтысып жүлделі орынды қанжыға­сына байлаған. Ол өзінің ұстазы, белгілі ақын Қасенәлі Ұзақпайұлымен бірнеше рет айтысқа түсіп, талантын байқатқан. Бірнеше Республи­калық айтыстарға қатысқан, жұлдыздай ағып өткен Оразалы Досбосыновтай және Бақыт Жағыпарұлы, Жұматай Оспанұлы, Қайнар Жұмағожа, Нұргелді Қожан,  Дүйсен Өскенбаев, Ерқуат Оңашқан секілді шәкірттерді тәрбие­леген. Даубай Мамытұлының басқа да айтысқан ақын­дарын айта кетсек, Серік Құсанбаев, Ермек Жұматай, Назгүл Кәрімова, Айсәуле Бейсенқызы, Сейтек Бапанов т.б. Даубай Мамытұлы Халық­аралық жыршы-жырау, айтыс ақындар одағының мүшесі, халықаралық жазушылар одағының мүшесі. Спорттық жетістіктерден де кенде емес «Сегіз қырлы, бір сырлы азамат».

 Кеш соңында жиналаған халық кешке арнайы жасалған дастарқаннан дәм татып, өз аудандарында ақынның жыр кешін ұйымдастыруға уәде беріп тарқасты. Жалпы бұл кездесу «шыбығын жел тербеген» Қарасаз баурайын айрықша сәтке бөлеген тамаша кеш болды. Ай сайынғы дәстүрге айналған жыр кешінің наурыздағы кезекті эстафетасы ақын Сәлім Жусанбайға тапсырылды.

Кенже ОРАЗАЙҰЛЫ,

«Парыз» халықаралық қоғамдық

қорының директоры,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

3976 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы