• Білім және ғылым
  • 02 Наурыз, 2023

ҒЫЛЫМ САЛАСЫНА ҚАМҚОРЛЫҚ ЖАСАЛАДЫ

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

«Ана тілі» газетінің өткен санында «Отандық ғылымда ойласар мәселе көп» (№8. 1684) атты материалымызды дайындарда Ғылым және жоғары білім министрлігіне арнайы сауалдар жолдаған болатынбыз. Мақалаға тұздық болатын министрліктің жауабы сәл кейіндеу келді. Сондықтан оқырманға бұл ақпаратты да толықтырып беруді жөн көрдік. 

 

Ұлттық деңгейдегі қолданбалы проблемаларды шешу үшін қазақстандық ғылымның жаһандық бәсекеге қабілет­тілігін арттыру және оның Қазақстан Респуб­ликасының әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуына үлесін арттыру мақ­сатында Ғылымды дамытудың 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген. Ғылымды дамытуға бағыт­талған бұл тұжырымдаманы «Цифрлан­дыру, ғылым және инновациялар есе­бінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасының «Ғылым» бөлімі іске асыруда.

Тұжырымдама мақсатына қол жеткізу үшін 2026 жылға қарай Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының 4 бағытына сәйкес төрт нысаналы индикатор және күтілетін 4 нәтиже айқындалып, елдің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін соңғы жылдары іске асырылып жатқан құжаттар шеңберінде іске асырылатын ғылымды дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ғылым туралы» Заңға маңызды өзгерістер енгізіліп, базалық қаржыландыруға жетекші ғалымдардың еңбегіне ақы төлеу, іргелі зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми институттарды қаржыландырудың жаңа түрі енгізілді, ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды мемлекеттік қаржыландырудың ұзақтығы 5 жылға дейін ұлғайтылды, Ұлттық ғылыми кеңес шешімдерін апелляциялау институты және т. б. енгізілді. Ғылым туралы заңнама жүйелі түрде жетілдірілуде.

Заңнамаға енгізілетін барлық өзге­рістердің басты мақсаты – ғалым­дардың өз идеяларын іске асыруы үшін қолайлы орта құру және отандық ғылымның нәтижелілігін арттыру. «Ғылым туралы» Заңға Ұлттық ғылым академиясының рөлін нығайту және оған мемлекеттік мәртебе беру бойынша өзгерістер енгізілді, Ұлттық ғылым академиясының бюджеттік қаржыландыру мәселелері шешілді. Сондай-ақ 2020 жылдан бас-тап ғылыми ұйымдарды жаңғырту және институционалдық дамыту басталды.

2022 жылы ғылыми және ғылыми-тех­никалық қызмет нәтижелерін коммер­ция­ландыруға жаңа конкурс өткізілді. Ғы­лыми және ғылыми-техни­калық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жөніндегі мамандандырылған Ұлттық ғылыми кеңес құрылды, оның шешімдері негізінде 2022–2024 жылдарға қаржыландыруға 72 жоба мақұлданды», – деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Егер қолданбалы зерттеулердің нәтижелері, жаңа технологиялар, яғни зияткерлік меншік патент алу арқылы қорғалмаса, оны кез келген адам немесе басқа елдің мамандары пайдаланып кетуі мүмкін. Сондықтан ғалымдар өз еңбегінің нәтижесін патент алу арқылы қорғап отыруы қажет. Біз осы орайда ғалымдардың жаңалықтарының паттенттелу мәселесі қалай шешілетінін сұраған болатынбыз. Министрлік мамандарының айтуынша, патентті сатып алушы адам оны өндіріске енгізу үшін немесе жаңа патенттің негізінде өндіріс салу үшін сатып алады. Сондықтан патентті сату жағымсыз әдет емес, бұл технологияны коммерцияландырудың негізгі тетігі. Бірақ патентті сату бойынша лицензиялық келісімді «Ұлттық зияткерлік меншік институты (Қаз патент)» арқылы тіркеу қажет. Патент сату арқылы технологияның авторлары және патент иеленуші ғылыми ұйымдар қосымша пайда табады. Сонымен қатар ғылыми нәтижелер өндіріске енгізіледі. Сол себепті бұл жақсы үрдіс болып саналады.

«2020 жылы Патенттік кооперация туралы шарт рәсімі бойынша 33 өтінім берілді, бұл 2019 жылға қарағанда 32 %-ға артық. 2021 жылы өнеркәсіптік меншік объектілерін ұлттық тіркеуге өтінімдер беруге және қорғау құжаттарын беруге қатысты статистикалық көрсеткіштердің оң серпіні байқалды. 2021 жылы тұтастай республика бойынша патенттік белсенділік 1,4 %-ға артты. Өтінімдердің негізгі үлесі тауар белгілеріне тиесілі – 83,5 %, бұл ел аумағындағы шетелдік өтінім берушілердің қызметімен негізделген, бұл ретте олардың басым бөлігі халықаралық рәсім бойынша (51,5 %). Қазақстан Республикасының Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығының ғалымдары болатты оттегіден тазарту, түрлендіру және қоспалау үшін кондицияланбаған көміртегі шикізатын пайдалануға негізделген ферросиликоалюминий және «қазақстандық» қорытпасын алу технологиясын әзірледі. Қорытпаның тәжірибелік партиялары Германияда, Ресейде және Түркияда өнеркәсіптік тестілеуден сәтті өтті. Халықаралық және еуропалық патенттер алынды», – деп жауап берді министрлік өкілі Медетжан Ізғұтты.

Сонымен қатар Назарбаев Универси­тетінің жанындағы аккумуляторлар инс­титуты су литий-ионды аккумулятор жобасын сәтті іске асырып, әзірлемелердің нәтижелері бойынша АҚШ патенті алынған. Ал «Bloomberg» жыл сайынғы инновациялар индексіне сәйкес 2020 жылы Қазақстан 60 елдің ішінде 59-орынды иеленген. Бұл индекс патенттік белсенділік, ғалымдар саны, жоғары білім берудің тиімділігі, технологиялық компаниялар саны, өнімділік, қосылған құны бар өндірістер саны және ЖІӨ-ге қатысты ҒЗТКЖ-ға арналған шығыстар сияқты 7 индикатор бойынша есептеледі.

Ал енді «Ана тілі» газетінде көтерілген мәселеге келсек. Ғылым туралы заңға өзгерістер енгізіліп, жалақы мәселесі шешімін тауып, енді 4 мыңнан астам ғалым тұрақты және лайықты жалақы алатын болады. Сондай-ақ ғылымды қаржыландырудың жаңа түрі енгізілген.

«Атап айтқанда, іргелі ғылыми зерт­теулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйым­дарды қаржыландыру, ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағ­дарламаларды мемлекеттік қаржылан­дыру 5 жылға дейін ұзартылды. Ұлттық ғылыми кеңестер шешімдерінің аппеляциясы институты енгізіліп, ғылыми тағылымдамадан өтудің нормативтік базасы көзделген. 2020 жылдан бастап, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жас ғалымдарды қолдау күшейтілді. Қазіргі таңда, 451 жобада 2 мыңнан астам жас ғалым тың идеяларын жүзеге асыруда. Сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы аясында постдокторанттар үшін 1 мың грантқа дейін бөлінуде. Бұл жоба аясында постдокторанттардың айлық жалақысы 3 жыл бойы 500 мың теңге көлемін құрайды. Осы грант аясында докторантура бағдарламасын игерген, алайда уақытында қорғай алмаған зерттеушілер бір жыл ішінде диссертациясын қорғауға мүмкіндік алып отыр. Жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500-ге жуық қазақстандық ғалым ғылыми тағылымдамаға жіберілуде.

Сонымен қатар Үкіметтің «Ғылым саласындағы сыйлықтар және мемлекеттік ғылыми стипендиялар туралы» қаулысына сәйкес 35 жасқа дейінгі дарынды жас ғалымдарға жыл сайынғы конкурс шеңберінде 2022 жылы 50 ғылыми стипен­диялар және жаратылыстану ғылым­дары саласындағы үздік жұмысы үшін Д.А.Қонаев атындағы, гуманитарлық ғы­лымдар саласындағы М.О.Әуезов атын­дағы сыйлықтар берілді.

2020 жылдан бастап министрліктің жанында Жас ғалымдар кеңесі жұмыс атқаруда. Қазіргі таңда, жас ғалымдардың идеялары мен ұсынымдарын назарға алу мақсатында, министрлікпен қабылданатын әрбір нормативтік құқықтық акті осы кеңеспен келісіледі.

2020–2021 жылдары ғылымның нәтижелілігін арттыру және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында барлық конкурстық құжаттамада ғылыми жетекшілердің құзыретіне қойылатын нақты талаптар белгіленді, олар халықаралық ғылыми-метриялық көрсеткіштерге, сол сияқты ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне негізделген. Сондай-ақ академиялық адалдық (антиплагиат) және ғылыми этика мәселелеріне тұңғыш рет зор көңіл бөлінді», – деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар 2020–2021 жылдары ғылымды республикалық бюджеттен қаржы­ландыру екі есеге жуық өскен: 2020 жылы 50,1 млрд теңгені, оның ішінде ҒЖБМ бойынша – 35,6 млрд теңгені, 2021 жылы – 71,6 млрд теңгені, оның ішінде ҒЖБМ бойынша – 48,6 млрд теңгені құраған.

Тағы бір айта кетерлігі, ҚР ҰҒА бюд­жеттік қаржыландыру мәселелері шешімін тауып, зейнеткерлік жасқа толған академиктерге өмір бойғы ай сайынғы стипендия белгіленген. Ал ҚР ҰҒА мәртебесіне қатысты«Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру мәселелері туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 14 желтоқсандағы №1003 қаулысы бекітіліп, жұмыстар жүргізіліп жатыр.

11014 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы