• Руханият
  • 02 Наурыз, 2023

ТАРИХИ ТҰЛҒАҒА ҚҰРМЕТ

Астанада Бейбарыс сұлтанның дүниеге келуіне 800 жыл толуына орай бірқатар іс-шаралар өтті. Соның бірі – сұлтан атына көше берілді. «Көктал» саябағының жанында ұйымдастырылған іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, депутаттар, зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері және басқа да шақырылған қонақтар қатысты.

Сарыарқа ауданындағы №189 көше енді Бейбарыс сұлтанның атында. Бұл – ұзындығы 2 шақырымнан асатын алты жолақты көше. «Бұл күнге біз өте мұқият дайындалдық. Оның маңыздылығын ескере отырып, мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанның астанасында көрнекті қолбасшының есімін мәңгілікке қалдыру туралы шешім қабылдады. «Осындай ауқымды іс-шаралармен біз Бейбарыс сұлтанның мерейтойын атап өтіп қана қоймай, біздің де, бүкіл түркі тарихы үшін де маңызды тұлғаға құрмет көрсетеміз. Оның тағылымды істерімен жас ұрпақты таныстырамыз», – дейді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов көшенің ашылу рәсімінде. Министр Мысырдың Каир қаласында Бейбарыс сұлтан атында арнайы мұражай, мешіт барын, ондағы жөндеу жұмыстары аяқталған соң елімізден арнайы делегация барып, Қазақстанның мәдениетін танытатын театрлық қойылым, галаконцерт ұсынатынын, еске алу шараларын ұйымдастыратынын айтты. Сонымен бірге Түркия, Қырғызстан және Өзбекстанда, еліміздің барлық өңірлерінде Бейбарыс сұлтанға арналған нақты іс-шаралар өтетінін жеткізді.

Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп Бейбарыс сұлтанның есімі берілген көше болашақта шаһардағы халық ең көп қатынайтын ірі жолдардың біріне айналатынын айтты.

Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Бейбарыс сұлтан және оның Түркі тарихындағы орны» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов жүргізді.

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың арнайы құттықтау сөзі оқылды. «Дешті Қыпшақ даласынан шығып, Мысырды билеген әйгілі бабамыз Бейбарыс сұлтанның туғанына 800 жыл толуы тарихымыз үшін маңызы зор оқиға. Бейбарыс сұлтан мемлекет басқару ісінде дана шешімдерімен дараланған тұлға. Ол мешіт, медресселер салдыру арқылы елдің рухани үнімен бірге ғылым-білімді қатар игеруіне жол ашты. Мәмлүктер мемлекетін өркендету, Каирды гүлдендіру жолында айқын қолтаңбасын қалдырды. Бүгінге дейін жеткен Мысыр астанасындағы тарихи нысандар соның жарқын дәлелі. Даңқты бабамыз ержүрек көшбасшылығымен де тарихтың төрінен орын алды. Ол жаһанның дамуына ықпал еткен ірі шайқастарда жеңіске жету арқылы әлемдік шежіреге есімін мәңгілікке жазып кетті. Бейбарыс сұлтан тек қазақ халқы емес, тұтас Түркі дү­ниесі мақтан тұтатын тарихи тұлға», – делін­ген Сенат төрағасының құттықтау сөзінде.

Мұнан соң Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов сөз алып, әлқиссаны ЕҰУ университетінің ұстаздарына алғыс айтудан бастап, баба жолына шолу жасады.

«Киелі Дешті қыпшақ даласында дүниеге келіп, мың мұралы Мысыр жұртында даңқты қолбасшыға айналған, қуатты империяның әйгілі билеушісі болған Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойына орай арнайы бас қосып отырмыз. Бұл мерейтойдың киіз туырлықты қазақ елімен қатар, түбі бір түгел Түркі әлемі үшін де маңызы айрықша деп білемін. Өздеріңізге белгілі исі мұсылман жұрты Бейбарыс сұлтанның даңқты есімін көне Мысырдағы мәмлүк мемлекетінің теңдессіз билеушісі әрі оның қаһарман қорғаушысы ретінде ерекше ардақ тұтады. Жат елге жалшы болып айдалып құны сұ­раусыз құлдыққа сатылса да қандағы қайсар рухын жықпаған, жігері мұқалмаған батыр бабамыздың есімі өскелең ұрпақ үшін қашан да үлгі-өнеге болуға тиіс», – деді министр.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі: «Еуразия апайтөсіндегі құлан жортса тұяғы тозатын, құладын ұшса қанаты талатын екі мұхиттың ара­сындағы Еуразия кеңістігіндегі ұлы тұлғаға арналған ұлағатты іс-шараның Еуразия ұлттық университетінде басталуын өте тағылымды дүние деп білеміз. Біз де осы университетте қызмет атқардық. Қара шаңырақ ретінде білеміз, сондықтан осында сіздермен тағы да жолығып отырғаныма өте қуаныш­тымын. Сонымен қатар бүгінгі іс-шараны ұйымдастырушыларға ризашылық білдіреміз, шын мәнінде, мыңдаған жылдық әлем тарихынан Түркілер тарихын алып тастасақ, адамзат тарихынан ешнәрсе де қалмайды. Түркілер тек қана Еуразия ке-ңістігінде өркениеттерді жалғаушы, жасаушы, жеткізуші ғана емес, оны жетілдіруші. Көне заман тарихтарына үңілсек Қытай, Үнді, Иран, Мысыр және батыс елдерімен бірге иық тірескен түркі өркениетін көреміз. Былтыр ғана Өтүкен жерінде табылған Елтеріс қағанның кешеніндегі төрт жазу соның айқын айғағы. Адамзат тарихында жазуды алғаш қолданған бір қолдың саусағымен санарлық ұлт болса, соның бірі біздің бабаларымыз. Олар тек жылқының жалындағы жауынгер жұрт қана емес, әрі ғылымды, өркениетті дамытқан болатын. Әлемдік өркениетке зор үлес қосқан сол бабаларымызбен мақтанбау мүмкін емес. Сондай тарихта қалған тұлғаның бірі ешқандай күмәнсіз – Бейбарыс», – дей келе, Бейбарыс сұлтан жөнінде тың деректерді баян етті.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Студенттер арасында Бейбарыс бабамызға қатысты кішігірім сауалнама жүргіздік. Олардан Бейбарыс жөнінде не білетінін сұрадық. Сонда жастардың сексен пайыз білімі кеңес одағының ең соңғы жылдарында түсірілген «Бейбарыс сұлтан» деген кинодан алған білім екен. Біз тарихта қалған осындай бабаларымыздың өмірін нақты зерттеп, түсіндіре білуіміз керек. Парсыларда жақсы мақал бар: «Түркілер тарихты жасайды, соны көріп парсылар аңыз жазады, басқа елдер тыңдауға құмар» дейді. Дидро түркілер туралы «адамзат тарихында ең көп тарихтың ағымына әсер еткен алпауыт империялар қалдырған түркілер болған, бірақ жазбаша мол деректер қалдырмаған жауынгер халық» деген екен. Сондықтан бабаларымызды біліп, түсініп, бір-бірімізді танып жүрейік», – деді.

Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Қайырбекұлы тарихи сананың берік болуы болашақ үшін маңызды екенін айтып өтті.

Палестина мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Монтасер Әбу Зейд сөз алып, Бейбарыс сұлтан жөнінде жүрекжарды лебізін білдерсе, Мысыр Араб Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Манал Елсайед Ехия Эль-Шиннави тарихи тұлғаның өмір-тарихы жайлы деректермен бөлісті.

Ә.САРҚЫТ

 

1688 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы