• Руханият
  • 02 Наурыз, 2023

АЛҒЫСТЫ БОЛ, АРДАҚТЫ ЕЛ

Ерлан ЖҮНІС
«Ana tili»

Алғаусыз алғыс алқайды. Риясыз рақмет разы етеді. Бата береке дарытады. Тілек мерейіңді өсіреді. Құт қонған елдің этикалық мәні зор, қазығы – адамгершілік қағидаттары болған осы қастерлі төрт құндылығы түгел болсын. 

Көк мейірленді – көктем келді, байтақ түледі, бәйшешек бауырын көтерді. Қыр оянды, құстар оралды. Адам жүрегі алақайлы күй кешті. Ала таңнан көңіл алабұртты. Осы бір сәтте – көктемнің алғашқы күнінде алған дем, жұтқан ауа, ішкен су үшін тәубеңді айтып, тәуекел етіп, жаңа көктемнің табалдырығынан аттайсың. Айналаңа қарап, алғыс айтқың келеді. Көктегі күнге, жердегі гүлге, төрдегі қарияңа, тете өскен замандасыңа, артыңнан ерген қараңа, өзіңді жеткерген уақыт пен қоғамға. Алғыс айту күні – осы мерейлі көңілдің алғашқы қарлығашы болып тұр. Жыл он екі ай айналып келер мемлекеттік және ұлттық мерекелеріміздің жүгеншісі де, байтақ тойлар байрақты мейрамдардың бастауы да осы күн – Алғыс айту күні. Аққанат жыл алғыспен басталады. Алғашқы мереке – адамдық шырағы.

Жоғарыда айтқан төрт құн­дылықтың әрбірі де төрге озуға жарап тұр, әрбірінің өз жөні мен жүлгесі, орны мен әдебі, мәні мен мақсаты бар. Бірінің орнына бірі әсте жүрмейді екен. Бәзбір кісілерге қарата «бата сұрасаң, тілек айтады» деп назырқанудың да төркіні осында жатса керек. «Алуа дегенге аузың тәтті болмайды» демей ме, алғыс айтамын деген жалаң сөз де алғыс болмайды. Алғыс рақмет емес. Ізгі ниет пен игілікті істің үйлесімі, ерік-жігер мен ерен еңбектің ұштасуы ғана – алғыс. Алғысқа арқау болар сөзді алаш баласы аптықпай айтады. Астарына қарасаң, айдындай.

Алғыс айтылады. Бата сұралады. Батаны жаманаты жоқ жасы үлкен береді. Ақ батасы алғыс болмақ. Оң бата оңғармақ. Алғысты үлкен-кіші бір-біріне тең айтады. Ақ дегені алғыс болмақ. Батасыз асқа бас қоймаған барақатты жұрт батасыз шаруаға да бел байламайды. «Батамен ер көгерер» деген ел «алғыспен ел көгерер» деп те қатар қолданады. Батаны қолын жайған кісі алса, алғысты іс атқарған адам ғана алады. Қайрат қылған ер ғана алғыс арқалайды.

Алғыс пен батаның ағайындасар тұсын іздесек, арғы заманға барамыз. Бата (Фатиха) беру дәстүрі иісі түркі баласы, тегіс Тұран даласына ислам діні тарағаннан кейін қалыптасқан сыңайлы. Оның алғашқы формасы – алғыс. Түркінің төл сөзі, тамырлы салты. Мұсылмандық жетпеген түркі халықтарында Алғыс әлі күнге дәстүр әрі салт ретінде өмір сүріп келеді. Сайын далалы Саха елінің алғыс-алқышы соның жарқын мысалы.  Олар табиғатқа, пір тұтқан рухына алғыс айтады.

Ал алаш баласының еншісіне бұйырған алғыс – адамгершілік қарым-қатынастың асқан ізгі үлгісі. Кірті жоқ көңілдің кілті. Разылық сәулесі. Тілеуқорлық тәспісі. Еңбектің ең үлкен өтеуі.

Үлкеннің жасқа, тең құрбы, тете жас, ата-ананың балаға, баланың ата-анаға, замандастың замандасқа айтар алғысы – ақеділ көңілдің ақмаржан сөзі. «Өркенің өссін», «Мерейің тасысын», «Бағың зорайсын», «Көсегең көгеріп, көрпең ұлғайсын», «Жұлдызың жансын», «Шырағың сөнбесін», «Алапаң ассын», «Қолың дерт көрмесін», «Жағың түспей жамандық көрме», «Ұрпағыңмен ұлықты бол» секілді алғыс сөздерін қолдану Алғыс айту күнінің ажарын ашып, мазмұнын байытып, мерекені айшықтай түспек. Алғыс айтамын деп келте қайырып, кем түсу алғыс болмайды.

Айбынды ел, айдынды жұрттың баласы бір-біріне алғыс айтып, алғыс алып, алғысқа лайық іс қылып, адамдық төрінде қауышар күн құтты бола берсін!

1839 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы