• Ақпарат
  • 09 Наурыз, 2023

Тақырға гүл өсірген...

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушы-зерттеушісі Асылай Құрманбаева ғалымдармен бірге ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру стратегия­сын әзірлеп жүр. Сарапшылар өсімдіктердің қоршаған ортаның қолайсыз әсерлеріне бейімделу механизмдерін зерттеп, оған төзімді сұрыптарды жасауға қажетті тың деректер тапты.
 

ЕҰУ ғалымдарының жобалары құрғақ­шылық, температура, тұздану тәрізді қоршаған ортаның қолайсыз әсерлеріне өсімдіктердің бейімделу және қорғану механизмдерін зерттеуге бағытталған. Оның негізінде табиғи  жағдайларға төзімді сұрыптарды жасауға қажетті мәліметтер анықталады. 
 «Құрғақшылық, температура, тұздану тәрізді факторлар жыл сайын ауыл ша­руа­шылығы дақылдарының өнімділігінің төмендеуіне алып келеді және одан Қазақ­с­­­­­тан ғана емес, бүкіл әлем экономикасы зиян шегіп жатыр. Өсімдіктердің аталған факторларға неліктен төзімсіз болатынын анықтау үшін молекулалық деңгейде жауап беру механизмдерін зерттейміз. Қазір зерттеу нәтижелері бойынша құрғақшылық пен температура күйзелісі оттегінің белсенді түрлерінің (супероксид радикалы және сутегі асқын тотығы) төмендеуіне әкелгені туралы тың деректер таптық. Сонымен қатар температура мен құрғақшылықтың үйлесуі Альдегид оксидазаның (AO) және жапырақтардағы каталазалар мен супероксид дисмутазалар (СОД) сияқты антиоксидантты ферменттердің белсенділігінің төмендеуіне әкелді. Біздің зерттеулеріміздің нәтижелері жоғары импакт-факторлары бар беделді ғылыми журналдарда жарияланған және оны әлемнің түкпір-түкпіріндегі  басқа зерттеушілер сілтемеде келтірген, сондықтан да бұл біздің жұмыстарымыздың өзектілігін көрсетеді», – дейді ЕҰУ жаратылыстану ғылымдары факультетінің оқытушы-зерттеушісі Асылай Құрманбаева.
Еуразия ұлттық университетінің түлегі Асылай Құрманбаева ғылыми-ағартушылық қызметпен 14 жылдан бері айналысады. Ғалым өткен жылы ЕҰУ-дың 77 үміткері арасында ең жоғары балл жинап, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2022» жеңімпаздарының бірі атанды.
Бүгінгі таңда оқытушы-зерттеуші докторанттар мен магистранттардың және бака­лаврлардың ғылыми жетекшісі. Ол зерттеу тобымен ЕҰУ-дағы Рүстем Омаров атындағы ғылыми-зерттеу зертханасында жұмыс істейді. Бос уақытында ғылыми мақалалар мен жобалар жазып, студенттерге арналған дәрістерді жетілдіріп жүр.

Э.Ыбырайқызы

332 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы