• Ақпарат
  • 09 Наурыз, 2023

МҰҚАБАДА СЫР КӨП, МӘНІСІН КІМ ЗЕРТТЕДІ?

Кітап дизайны – өнердің бір түрі ғана емес, зерттеу жұмысының да бір қыры. Яғни түрлі құрал көмегімен ойыңдағыдай дүниені тудыра алу және оқырманның білсем деген қызығушылығын ояту, қабілетін ашу.
Жазылмаған ереже бар, ол – кез келген дизайн саласындағы сияқты, кітаптардың дизайнын жасау кезінде композицияның классикалық заңдарына сүйену керек. Олар: тұтастық пен бір жүйе және тепе-теңдік, тәртібіне бағыну. Композиция – белгілі бір форманы құрайтын түрлі идеяға сәйкес әр түрлі бөліктердің біртұтастықта тоғысуы.

Кез келген кітап дизайнері осы заңдылықтарды ұстану­ды назарға алады. Кескін объектілерінің тепе-теңдігінің болуы маңызды ғана емес, басты алғы шарты. Басты назарға алатын элементі – кітап мұқабасаның дизайны. Бұл дегеніміз баспа үйінің – бет-айнасы. 
Оған көбірек ой жұмсауға тура келеді, өйткені оқырманын еріксіз елтітіп әкететін мұқабалардың сапасы мен ерекше үлгілері көп сұранысқа ие. Сонымен қатар мұқаба арқылы автор я болмаса құрастырушы кітаптың идеясын жартылай бере алды және жарты межеден өте алды дегенге саяды. Егер де оның титулды беті/парағы мен парақталуы, негізгі бөлімдерінің басталуы, ішкі безендіру жұмыстары көңілден шықса болғаны. 
Сондай-ақ көзге түсетін бөлігі – параграфтарын безендіру. Жіті тоқталсақ, параграф (немістің – Vorsatz) – кітап блогын байланыстыратын қос қағаз парағы деп аталады екен. Яғни жұмыстың сюжетіне, кол­лажға қатысты толық түрлі-түсті сурет ретінде берілуі мүмкін. 
Сонымен қатар дизайнерлік қағаз­дан, жібектен немесе басқа да түрлі металдардан, оның ішінде алтын, күміс, латунь, мыс т.с.с. қоспалар қол­данылуы. Нефрит, фианит т.б. қызық­ты тастардан да жасалынуы бек мүмкін. 
Қазір кітапханамыздың қорында осы аталған түрлі металдар мен мұқа­балары түрлі жан-жануар, жәндік­тердің, ірі қара мал терілерімен және антропометрикалық мұқабамен (адам терісін пайдаланып жасалған мұқаба) қапталған кітаптар мен қолжазбалар бар. Аз-кем тоқталып өтсек.
Жібектен жасалған кітап – «Кон­фуцидің ілімдері, афоризмдері» – деп аталады. Ағылшын және қытай тілінде, бір беттік (жұқа негізде) парақ үлгісінде және иллюстративтік негізде берілген. Мұқабасы қанық көк түсті, іші ақ жібектен. Осы сарында Омар Хайямның «Рубаилары» жазылған, сырты бұзау терісінен және күміспен көмкеріліп, фианит тастарымен безендірілген кітап, №2-ші баспа данасы (небәрі 12 дана шыққан). Н.В.Гогольдің «Мертвые души» кітабы және бар, дизайнының ерекшелігі – латунь металы мұқабасы мен жақтауына қолданылған және №15-ші данасы (небәрі 50 дана шыққан). Ішіндегі әрбір бетіндегі суреттері арнайы салынып, жапсырылған. Марко Полоның «Путешествие в 1286 году по Татарии и другим странами востока» деп аталатын кітабы 1873 жылы Санкт-Петербургта шыққан. Мұқабасы – ірі қара мал терісінен жасалған. «Евангелия в красках палеха» деген кітаптың ерекшелігі – кітап қырына еш жерден кездестіре бермейтін арнайы иллюстративті бейнелеу өнерінің бір түрін көруге болады. 
Шығыс халықтарының қолжазба­ларында кезедесетін қайталанбас бояу­лар сыры деп ішінара айтатын кітап мұқабасы бар, ерекшелігі кітап қыры мен титулды парағына осы бейнелеу өнері көрініс табады. Әбдіжәмил Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы Нью-Йорк қаласынан шыққан, ерекшелігі – жылан терісі мен алтын металын қолданған және «Мудрость тысячелетий» кітабы питон терісін пайдалана отырып жасалған кітаптар. Бамбук ағашына жазылған – «Соғыс өнері» (Көне дәуірдегі Қытай қолбасшысы Сунь-цзы соғыс өнері және әскери істер теориясы туралы баяндайды) деген, көне қытай тіліндегі жазба бар. Нефрит тасына жазылған Конфуций афоризмдері – Бейжин, 2014 (шәкірттерімен сұхбаты енгізілген). Түрлі афоризмдер мен даналық кітаптарына осындай сарынды түсті металдарды пайлана отырып, жасап шыққан. «Балалар базарлығы» деген сырты жібектен, іші түсті қағаздан жасалған кітап, дизайнерлік ерекшелігі қайталанбас дүниелер қатарында. 
Ескі қолжазбаларымыздың ішін­дегі ескі кітаптардың бірі – 1532 жылы ескі латын тілімен және қарпінде жазылғаны, бүгінде бастапқы 10 беті ғана оқылған. Петрус Пуардс деген беймәлім адамға тиесілі. Нотариалды бекітілген, солтүстік Италияның Мондови қаласында жазылған деген ғана деректі оқи алдық.  Биіктігі – 21 см, ені – 15 см, қалыңдығы – 2,5 см құрайды және 330 беттен тұрады. Іші қағаздан. Бүгінде келген оқырманның таңданысын тудыратын кітап мұқбасаның бірі. Нақты дәлеліміз болсын деген мақсатта Астана қаласындағы Ұлттық медицина орталығының зертханасының электронды-микроскопиялық тал­дауы­­нан өткізгенімізде, адам терісінен жасал­­ғандығын және кітаптың тігілген өрме жібін де теріні тоқып, түптегендігін нақтылап, дәлелдеп берді. 
Оқимын деген жанға кітап мұқ­басының да айтары көп секілді болады да тұрады, кейбір кітаптарға қарап-ақ автордың не айтқысы келгенін, толық мазмұнын аша алды ма, деген сұраққа санада сан түрлі жауап дайын тұрады. Ал кейде керісінше, түсіне алмай дал боласың...
Көрген оқырман, ішкі мазмұнынан бұрын кітаптың сыртқы пішіні мен мұқбасынан, дизайнына қарап, оқуға ынталанып тұрады. Мақсатын сұрасақ, осындай мұқаба жасауына не себеп болды екен, мазмұны маңыздырақ болып тұр ғой деген ойды айтады. 
Рас, кітап мұқбасында сыр көп, мәнісін оқушы я ізденушіге қал­дыралық!

Мөлдір Төлепбайқызы,
ҚР Ұлттық академиялық 
кітапхана қызметкері

 

548 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы