• Ақпарат
  • 09 Наурыз, 2023

Театрға барасыз ба?

Театрға жиі барасыз ба? Соңғы рет қашан барғаныңыз есіңізде болар ма һәм ол жердегі жүрекке жететін атмосфераны сезініп, бағалап, ой түйесіз бе?

Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» атты романы 1970 жылы шыққан. Романда қос ғашықтың нәзік махаббаты, шынайы сезімдері, дос-тар арасындағы қарым-қатынас, соғыс зардабы мен ең ауыр әрі қасіретке толы тақырып – қыз зорлануы жайында мәнді оқиғалар тізбегі баяндалады. 
Мәдениет орнына келіп, тағылымы терең, мән-мағынасы үлкен туындыны көзіммен көруім – мен үшін мәртебе. Актерлердің шеберлігі, сөз өнері, қойылымда өздерін кәсіби тұрғыда ұстауы, киім үлгілері, дауыстары ұнады, көрерменге жағымды болды. 
Қойылымнан түйінді ой қорытып, махаббат эстетикасын тамашалап, шықтым. Автордың көкейкесті мәселелерге селқос қарамауы, қытымыр шақтың оқиғасын ашуы, мардымды, оқуға да, көруге де тұрарлық романының жарыққа шығуы – қазақ елі үшін тағы да бір рухани қазынамызға қосылған байлық. 
Ыңғайы келгенде осы қойы­лымға барған ұстазым Нұржан Қуантайұлына бірер сауал тас-тадым. «Қазір өнер ордалары, мұражай, театрға баратын жас­тар мен ересектер санына, бару жиілігіне көңіліңіз тола ма?» деген сауалыма Нұржан Қуантайұлы «Өзіміз де студент болдық. 1-2-ші курстарда театрға жиі баратынмын. Қазіргі жастар мәдениет ордаларына көп бармайды деп кінәлауға болмайды. Керісінше, осы мәдениет орталықтары жастарды қызықтыруы керек, байқау ұйымдастырып, жеңімпаздарға билет беріп, қызықты ақпарат жасап, жеңілдік ұсынып, студенттер мен жастардың құштарлығын оятып, заман талабына сай жұмыс атқаруы қажет. Ал театрға құмар жастар классика жанрындағы қойылымдарға барса игі еді. Шекс­пир, Чехов спектакльдеріне, қойылымдарына барып, өзіндік тал­ғамды дамытуға үлкен мүм­кіндік бар», – дейді. 
«Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымы сізге қандай әсер сыйлады?» деген сауалыма ұстазым: «Қойылымды Фархат Молдағали сәтті қойған. Кейбір эпизодтар созылып кеткені болмаса, режиссер өзін жақсы қырынан көрсетті. Ендігісі, осы эпизодтарды кішкене қысқартса, көрерменге одан да қызық болар еді. Шыны керек, бұл кітапты бірнеше мәрте оқып шыққанмын, алайда қойылым  өте жақсы әсер қалдырды, өткір сыннан өтті, өз бағасына лайық болды. Фархаттың ізденгіштігіне, батылдығына, дарынына тәнті болдым», – дейді. 

Әлмира БАУЫРЖАН,
әл-Фараби атындағы 
Қазақ ұлттық университеті, Журналистика 
факультетінің студенті

257 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы