• Тұлға
  • 09 Наурыз, 2023

РУХ БОСТАНДЫҒЫНЫҢ ЖЫРШЫСЫ

Қазақ поэзиясына алпысыншы жылдардың аяғында келіп, өз буынында жыр бәйгесінің алдын бермеген ақиық ақындарымыздың бірі  Жарасқан Әбдірашев есімін жыр сүйер оқырман қауым ұмыта қоймаған болар? Рас, ақын дүниеден өтісімен-ақ абыз ағалары мен қанаттас, тағдырластары, ізетті інілері ағынан жарылып, ақжарма пікірін айтып шығармашылығын жоғары бағалады. Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік сыйлығына ұсынды. Қазақстан Аграрлық партиясы Жарасқан Әбдірашев атындағы сыйлық белгіледі. Әдеби еңбектерінің таңдамалы үш томдығы жарық көрді…

 

Жарасқандар әдебиетке келген тұс — қазақ поэзиясының күрт өрлеу, кемелдену, жоғары кульминациялық нүктесінде тұрған кезеңінің бірі болатын. Бұл тұста Әбділдалар бастаған арқалы ақындарды былай қойғанның өзінде, бір өзі бір ел әдебиетіне тұлға болғандай Қадыр, Тұманбай, Сағи, Мұқағали, Жұмекен, Төлегендердің жемісті еңбек еткен, шабытты жылдары еді-ау.
Әдебиет үшін де, жырқұмар жұрт­шылық үшін де, кейінгі ұрпақ үшін де ең алдымен, ақиқат қымбат. Осындай кезеңде өмір сүріп жыр жазған, белгілі бір буынның жалауын желбірете ұстап, ширек ғасырдан астам уақыт өзінің бабында болу Жарасқанға ауыр жүк жүктелгені өзінен өзі түсінікті жағдай. Жарасқан бұл қиын да күрделі міндетті абыроймен орындады. 
Жарасқан поэзияға 1971 жылы жарық көрген «Найзағайлы жаз» кітабымен келді де, өзінің өмірі мен өлеңін найзағайлы жаз сияқты жарқылдатып өткізді. Ақын: «Өмір-табиғат. Сол үндестікті сақтай отырып, төрт белесімде — күзгі найзағай, қысқы найзағай, көктемгі найзағай сияқты төрт жинақ шығарамын» — деген екен.
Оның бірде бір жинағы әдеби ортада «найзағай ойнатпай» өткен емес. Ж. Әбдірашев мұрасының дені лирикалық өлеңдерден тұрады. Мұнда лириканың барлық түрі де бар. Сонымен бірге ақын қазіргі замандағы адамзат тірлігі, планета амандығы, экологиялық зардаптардан сақтану, адамгершілік ар-ұят, әдептілік мәселелерін де кең толғап, мол қозғаған.
Қазақ халқының тұтас тарихының тірі куәсі — данагөй дала. Даналық әліппесін үйретіп, даралық дәстүрін қалыптастырған да дала. Тіпті қазақ ұлтының прототипі — дала. Жарасқан Әбдірашев қазақ даласының кешегі, бүгінгі бейнесін тұтас бедерлеу арқылы ұлттың көркем ойлау жүйесін кеңейтіп, ұлт өмірінің біртұтас поэтикалық полотносын салуға тырысады. Туған жер, халқы мен ана тіліне деген шынайы, мөлдір көңілді ақын «Дала, сенің ұлыңмын» (1975ж.) атты арнайы кітабында ойы, сыры өзектес жырлар арқылы сарқылмай өрнектеді. 
Ақын қиялының қиясы — туған халқының тағдыры. Ол өзінің де, ұлтының да күшті, тіпті құдіретті болуын қалайды. Жарасқан жекелеген тарихи тұлғалардың тағдыры арқылы бүтін бір уақыттың бедерін бейнелеп, сол кезеңдегі шындық шымылдығын ашады да көпшілік көрініске іс-әрекет үстінде іріктелген, ұлттық сана сарабында сұрыпталған оқиғаларды алып шығып, ұлттық намыс, ұлттық борыш, ұлттық сезімнің сұранысына береді. Төрт түлікпен тізгіндесіп таң атырған ұлттың тыныс-тіршілігін ақын деректі детальдармен дәйектеп, ұлттық психологиямен пернелеп, ұлттық намыспен жанып, ұлттық санамен саралап отырады. Ж. Әбдірашев құпиясының кілті тақырып тынысымен бірге тыныстап, тамырымен бірге соғуда, лирикалық кейіпкердің сан түрлі сәтін саралай отырып, қарқынды қимылын құрақтауында.
Жарасқанның бүкіл шығармалары ұлттық рухта жазылды. Айтар ойын жасырмай, жарқылдатып тұрып, барынша ашық дауыспен жеткізді. «Қазақ тілі», «Мәңгүрт» деген сөз сексенінші жылдардың екінші жартысында тілімізге оралды.  Ал Жарасқан сонау 1970 жылы:
Шабыт-тұма ашылмай астанасыз,
Парықты ма күн кешу баспанасыз?
Ұлыларша ұмытып өз ошағын,
Ойлағанда халықтың болашағын,
Қазақ тілін білмейтін қазақтарды,
Көріп бәлкім, ол іштей азаптанды?!
Ал мәңгүрттер деп осы ойың қалай,
Мықтылығын қойды ма мойындамай
Аға түгіл, тыңдамай бала да ақыл,
Орнағандай басына заман ақыр…
Қайран ақын безініп бүгінінен,
Болашаққа адымдап бара жатыр, — деп, немесе: 
Кір шалады дей ме шын,
Махамбеттер бейнесі?!
Өжет қазақ, өр қазақ,
Өз тілінде сөйлесін, — деп,
сондай-ақ: 
Арызым бар табиғат, айтар менің,
нар ұлдарын еліме қайтар менің.
Қайтар менің еліме нар ұлдарын –
қайтар қайталанбайтын дарындарын! – деп бұл мәселелерді ақындық рухпен жырлады.
Мұны жазған кезде ақын жиырма екі жаста екен. Ал аты атаусыз қалған алаш арыстарын еліме қайтарып бер деп дәл сол жетпісінші жылы қай ақын жазды? Әлихандарды, Ақандарды, Жақандарды, Мағжандарды қайтар деген үніміз сексенінші жылдардың аяғында ғана естіле бастады ғой. Әрине, Жарасқанның да рухани ұстаздары болды. Соларға иек артты. Дегенмен, «Мағжаншыл ақын» атанған осы Жарасқан ғана.Ұлттық және рухани тәуелсіздік Жарасқан поэзиясының астарлы арнасының біріне айналды. 
Жарасқанда ақындардың көпшілігіне біте бермейтін тағы бір қасиет бар. Ол — сатира жанрына да қаламын еркін сілтеді. Эпиграммалар мен шарждан тұратын «Әзілің жарасса» кітабы 1989 жылы жарық көрген. Автордың әдебиетшілермен, ақын-жазушылармен, өнер адамдарымен көп жыл қоян-қолтық араласуының, олардың қаламгерлік те, қарапайым пенделікте мінез-құлықтарын қаламдас һәм замандас көзімен бақылап-байқауының, қалт жібермей қағазға түсіруге талпыныс жасауының нәтижесі деп білеміз. Кітапты құрастыру барысында туған халқымыздың «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген тапқырлығын темірқазық етіп, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей, ал құрдастарын құрдастай сыйлайтын әдебін жадында сақтаған. «Сөз тапқанға — қолқа жоқ» деп анау-мынау айтыс-тартыстан арашалап алатын сөзі мен қалжыңдағысы келгенде кімге де болса қарсы қояр қисынына арқа сүйеген. Сөйтіп, «Әкелерге — наз», «Ағаларға — уәж», «Он бес — о да құрдас», «Құлынтайдай тебіскен» атты бес бөлімге бөлінген.
Әдебиет әлемінде Жарасқан ақынның жұлдызы жанған саласының бірі — эпиграммалары. Соңғы туындысы «Құлпытас» циклінде 255 эпиграммасын енгізген. Ақынның қаламынан туған соңғы туындысы «Құлпытас немесе екі дүние: фәниден бақиға дейін» деп аталады. Осы кітаптың алғашқы беті «Қабірстан қақпасындағы жазу немесе кітапқа кілт» деген өлеңмен ашылыпты. Байқадыңыз ба, Жарасқан «Қабірстан» дейді.
Кез-келген тірі пенденің құлағына сұп-суық боп тиетін, тұла бойын аяз қарығандай түршіктіретін «Қорым мен мазарды» «Қабірстан» деп, яғни ол жерді кешегі өткен ата-бабаларымыз бен бүгінде өтіп жатқан замандастарымыздың қоныс аударып, көшіп барып жатқан жері мен елі деп қарайтын сияқты. Ақын оларды тұрмыс пен түңліктің астынан кетсе де, тірліктен түпкілікті кеткен жоқ деп тұрған жоқ па?
Жарасқан алдымен «Арыстар аманатын» жазып, олардың аузына мынадай сөздер салады:
Кім едік?
Кім болдық біз? Халық таныр!
Әйтеуір ұмтылғанбыз жарыққа бір!
Марқұмбыз — бәріміз де болашаққа,
Жер деген — Адамзатқа Алып қабір!
Ақын алдыңғы ойын бұрынғыдан да әрі тереңдетіп, бұрынғыдан да салмақ­тан­дырып ауырлата түскен. Мойнына түскен қыл бұғаудан, аяққа салынған темір кісеннен арылу үшін біздің ата-бабаларымыздың қай жерде басы қалмаған. Сондықтан сен басып жүрген жердің әр пұшпағы солардың көз жасы, қанымен суғарылып, сен басып жүрген жердің әр шаршысында солардың сүйегі жатыр. Арғы тек ата- бабаларымыздың сүйегі! Күні ертең өзің де топыраққа айналасың. Солар жатқан жерге сен де барасың. Мәңгілік ештеңе жоқ. Қаншама зерлеп мазар тұрғызсаң да, ол да күндердің күні өткенде жермен жексен болады.Сондықтан да аяғыңды аңлап бас. Өйткені сен Алып қабір үстінде жүрсің! Жұмыр басты пенденің бәріне Арыстар атынан айтылған аманат бұл!
Ж.Әбдірашев өз буынының, яғни «соғыстан соң туғандар» буынының, ту ұстары еді. Қалыптасуы мен танылуы көп қиындықтарға ұшыраған бұл буынның ең маңдайалды өкілдерінің қатарына — Кеңшілік, Темірхан, Күләш, Серік, Иранбек, Жұматай, Нұрлан,Шөмішбайлар іріктеліп шықты. Бұлардан сәл кейін келген Несіпбек, Жүрсін, Асқар, Ұлықбектер мен Есенғали, Аманхан, Байботалар поэзия тізгінін өз қолдарына ала бастады.
Соғыстан соң туғандар қан майданнан кейін, жетім қалған бала, жесір қалған ана, елге кемтар болып оралған көкелерінің жандарын сыздатқан мұң-қайғысын, сағыныштың салмағын, «жалыныштың зарлы әнін» жүрегімен сезініп, ерте есейген буын. Өйткені ол Жарасқан айтқандай:
Соғыс көрген әкелерден — жаралып,
Соғыс көрген аналарды — емгенбіз!
Тіпті Жарасқанның тұңғыш жи­на­ғында жыр-тұмасын тұнығынан шайқап, өмірдің тылсым сырын терең парықтаған жыр-жолдарын он сегіз жасар жігіттің аузынан шыққан сөз дегенге сену қиын…
Ақынның алғашқы жыр жинағы «Тұңғыш кітап» 1969 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрсе, онан бері де «Ақ қайраң», «Саяхат», «Найзағайлы жаз», «Дала, сенің ұлыңмын», «Соғыстан соң туғандар», «Перзент парызы», «Досың болғым келеді», «Сана соқпағы», «Құлпытас», «Летние грозы», «Школьный звонок», т.б. жыр жинақтары, таңдамалы шығармаларының үш томдығы, «Парасат пен парыз» атты әдеби сын мақалалар жинағы оқырман қолына тиді.Оның туындылары әдебиетіміздің алтын қорына қосылар өрімі берік, өрісті, көркем дүниелер екені шүбәсіз.
Ол Кеңес дәуіріндегі туысқан республикалар Жас ақындарының бүкілодақтық V (Ереван –1970), VI (Ташкент –1972), VII (Душанбе–1974) фестивалына, Жас жазушылардың бүкілодақтық кеңесіне (Москва – 1975) қатысқан. Ол М.Әуезовтің 100 жылдығына, сондай-ақ Қарабура әулиеге арналған ақындардың республикалық мүшәйрасының бас жүлдегері, Қазақстан Жазушылар одағының Мағжан Жұмабаев атындағы сыйлығының лауреаты болған. Жарасқан Әбдірашев аударма саласында да жемісті еңбек етті. Ол әлем әдебиетінің классиктері – Р.Тагордың, П.Элюрдың, И.Змайдың, М.Бсисудың, Я.Купаланың, А.С.Пушкиннің, А.Блоктың, сосын Н.Доризо, Б.Окуджава, Е.Евтушенко, Р.Рожденственский, П.Тычина, С.Нерис, Г.Сарян, К.Драгомир, З. Жаббарзада өлеңдерін аударған. «Орыс совет поэзиясының қос томдық антологиясын» қазақшаға аударуға атсалысты. Оның аудармашылық өнері хақында белгілі ақын Есенғали Раушанов былай деп жазған еді: «… Оның білімі, әсіресе аударма саласында ерекше көрінді. Бүгінде Жарасқандай талантты аудармашы жоқ».
Оның аударма әлемінің географиясы өте кең еді. Әлем әдебиетінің классик­терінен басқа, ТМД елдері ақын­дарынынан ол аудармағаны кем де кем шығар. Балалар әдебиетінің аудармасына да ыждағаттылықпен ден қойып, Агния Барто, Корней Чайковский, Вадим Скомаровский, Юлию Киркелян, Вагиф Ибрагим, Азат Рахмановтарды аударып, назардан тыс қалған салаға қарай қалам тербеп, жаңа бір көзқараспен жасаған бетбұрыс еді. Ақынның ғажайып таланты аударма жанрында да жарқырап көрінгені ақиқат. 
Ж.Әбдірашев жыр тынысын нәзік түсінетін талғампаз әдебиет сыншысы да еді. Оның жетпісінші жылдардың басында жазған шағын ғана көгілдір мұқабалы «Парасат пен парыз» деп аталатын сын кітабының қалың оқырман қауымға тез тарауының бір себебі де осыдан болатын. Оның қаламынан туған Сағи, Тұманбай, Қадыр өлеңдеріне арналған сыни эсселері күні бүгінге дейінгі өзінің маңызын жойған жоқ. Себебі көркемдік дәрежесі жоғары осындай зерттеулер аталған ақындар творчествосына арналып көп жазыла да қоймаған екен. Ақынның «Ақ сөйлеп, адалына жүгінсек» деген атпен берілген белгілі сыншы Тұр­сынжан Шапаймен бірлесіп жүргізген қазіргі қазақ лирикасы төңірегіндегі әңгіме-сұхбаты да әдебиет сүйер қауым арасында да ерекше қозғалыс туғызды. Қазақ лирикасының мәселелерін терең таным-біліктілікпен талдаған бұл сұхбат — мақала да жұртшылық есінен көпке дейін кете қоймайтын шығар. Мұнан басқа ақынның қазақ поэзиясы даму тенденциясының әр кезеңдері туралы, Б.Күлеев, Ж.Молдағалиев, К.Салықов, Ж.Қыдыровтар туралы әдеби портреттерінен де алатын ғибратымыз ұшаң-теңіз.
Демек, Жарасқанның сын жанрын­дағы көркем-ізденістері де арнайы зерттеудің арқауы болуға татиды және сол арқылы кейінгі отыз жылда әдеби процесс туралы белгілі бір дәрежеде көзқарас қалыптастыруға болады деген ойдамыз.
Жарасқанның бүкіл шығармалары ұлттық рухта жазылды. Айтар ойын жасырмай, жарқылдатып тұрып, барынша ашық дауыспен жеткізді. Ол шын мәнінде ұлттық рух бостандығының жыршысы еді. Ақын туған ұлтының тілін түсініп қана қоймай түсіндіре де білді. Қалам қуатын заманының жоғына жарата білумен бірге, өз қадамын да нықтап, шеберлігін шыңдай түсті, тереңнен туған ой сәулесін ұлт ұғымымен үйлесімді ұштастырып, көркемдік көрігінде қорыта білді. Ол қай жанрда қалам тербесе де тебірендірмей, тамсандырмай қоймайтын. Басқасын айтпағанда оның пародия-эпиграммалары қазақтың көркемдік ой-әлемін байытып кетті. Оның пародияны ашу ерекшелігі — жылқы кісінескенше қазақтың жүрегіне әдемі жеткізіп, топырағына сіңдіріп, өнер деңгейіне дейін көтеруінде жатыр. Жарасқанның «Әзілің жарасса» атты эпигармма кітабы тура осындай міндетті көтерген дүние. Мұнда жазушы тұлғасы туралы көркем сыни пікір бар… Ащысы да, тұщысы да, артығы да, кемі де бар, ең бастысы — көзқарас бар. Бұл оңайшылықпен өлең жолына түсе қоятын тақырып емес. «Әсіресе сол эпиграммалары жеке кітап болып басылғаны қазақ сурет өнері үшін де, сатира жанры үшін де үлкен жаңалық болып танылды. Күлдіргі суреттер Еркін Нұразхановпен күлкі көрігі Жарасқан Әбдірашевтің бірлесіп шығарған «Әзілің жарасса» атты кітабы дүкенге түсісіменен жұртшылық таласа-тармаса сатып алғанын өз көзім­мен көріп, таңдай қаққаным бүгінгідей есімде…». Жанына жабысқан ауыр дертпен айқаса жүріп жазған соңғы кітабы — «Құлпытас немесе екі дүние: фәниден бақиға дейін» атты жинағында халқының азаттығы үшін арпалысқа түскен М.Шоқай, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев сияқты арыс­тардың ұмытылмас бейнесін сомдап, жырдан құлпытас қойған. Бұл бір жағынан ақынның өзіне қойған құлпы­тасындай сезіледі. Ақын:
Жырларым, жанарыммен қатар сөнбе,
тамшы боп тарыққанда татар шөлде.
«Өмір!» деп өрекпіген жүрегімнің,
Жан даусы жаңғырып жатар сенде – деп жырлады. 
Ақын жаны жақсылыққа ынтық, сұлу­лыққа құштар, өмірге іңкәр. Адам қайғысы — оның да қасіреті, адам қуанышы —оның да бақыты. Өзінің жеке мүддесінен елдің мүддесін арман-ойын жырлауды жоғары қоя біліп, адамзаттың биік мұраттарын көксеген ақынның азаматтық бет-бейнесі өлеңдерінен  анық аңғарылады..
Ақиық ақынның поэмалары — «Келешекпен кездесу», «Ертеңім менің — ертегім», «Дәуір дабылы» және бас жүл­делер мен жүлделі орындарға ие болған «Қарабура», «Ғарасат пен Парасат», «Түркістанға тағзым» сияқты топтамалары, «Құлпытас» циклі, «Сортопырақ» трагедиялық поэмасы сияқты құнды дүниелерінің көркемдік ерекшеліктері теориялық тұрғыдан өз алдына зерттеу объектісі боларлықтай шығармалар. Қаламгерлік қуаты поэзия әлемінде анық танылған Жарасқанның өзге әдеби жанрларда белгілі мөлшерде мұра қалдырғаны белгілі. Оның әдебиет сыншысы екендігі және аудармашылығы әлі арнайы сөз бола қойған жоқ, зерттеу объектісіне де айналмады. Ақын классикалық орыс әдебиеті мен украин, белорус ақындары бастаған бұрынғы ТМД елдері поэзиясының өкілдерін түгелге жуық, сонымен қатар үнді ақыны Рабиндрат Тагорды, француз ақыны Поль Элюарды, серб ақыны Иован Змайды, палестина ақыны Муин Бсисуды, Түркия және Болгария, бірқатар Азия-Африка елдерінің поэзиясын да тәржімалады. Сол сияқты ақын қаламынан үш жүзге жуық эпиграммалар туындаған екен. Бұлардың алай-бұлайы жоқ, негізінен сәтті жазылған дүниелер. Бұл мол мұраның да табиғатын жарқырата ашып, оқырман қолына жеткізу — келер күндердің міндеті деп білеміз.
Қорыта келгенде, ақын Ж.Әбдірашев поэзиясы жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы қазақ өлең өнерінде өзіндік орны бар, рухани байлығымызды өркендетуге ерекше тер төккен жарқын тұлға есебінде халық жадында мәңгі сақтала бермек демекпіз.

Алпысбай Мұсаев, 
филология ғылымының докторы, 
профессор

1260 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы