• Руханият
  • 09 Наурыз, 2023

Күйге аңыз болған қыздар

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ
«Ana tili»

Күй өнеріндегі ананың, қыздардың, жалпы әйел заты сұлулығының суреттелуі. Осы тақырыпта жеткізіп айта алса кәсіби музыкатанушылар айта алар. Оның өзі күйді түсіне алмасаңыз, бәрібір түсініксіз болып қалуы да мүмкін. Өйткені бізде күйді түсініп тыңдау үрдісі үзіліп кеткен. 
Күйді түсінетін ежелгі қазақ қандай еді? Ел орынға отырар, мал қораланып, жұлдыз жамыраған барқыт түнде, ауылға әнші-күйші келгенін естіген жақын-жуықтағы үлкен-кіші тайлы-таяғы қалмай, ең үлкен киіз үйге жиналар еді. Ән шалқып, күйге кезек келген кезде өнерпаз қайғы-қасіретке толы болса да барынша суреттеп, алда тартылар күйдің аңызын айтып шығады. Әнге әсерленген жұрт, оқиғаға келгенде көзіне жас ала бастар. Сөйтіп ары қарай күй күмбірлейді, күй сөйлейді. Жаңағы оқиға күй тілінде құлақтан кіріп, бойды шымырлатады. Әнеки, түсіну, түсіндіру мектебі.

«Бегім бер»

Енді аңыз сөйлесін: Шаншар хан Жанкент әміршісі болып тұрған күндердің бірінде, нөкерлерін ертіп аң аулауға шығыпты. Шаһардан ұзаңқырап шыққанда ханның есіне садақ ұштайтын егеудің сарайда қалып қойғаны түседі. Нөкерінің бірін «бар, жылдам алып кел» деп жұмсап жібереді. Хан сарайына тіке шауып келген нөкердің суыт жүрісі жұртты тіксінтеді. Сыртқа Бегім ана да шығады. Сонда ханымның ерекше көркіне қайран қалған нөкер есінен танып, аттан ауып түсіпті. Содан ол есін жиғанша бірсыпыра уақыт өтеді. Өзіне келіп, мән-жайды айтып, ханға кешігіп жетеді. Кешіккен себебін сұраған ханға, әлгі нөкері бүкпесіз, болған жайды түгел баяндайды. Шаншар хан оған ашуланып, аттың басын кері бұрады. Нөкерді жеті қабат зынданға тастатады. Бегім анаға сенімсіздік білдіріп, оң қолы мен бұрымын шорт кестіреді.
Сол кезде Бегімнің аузы дуалы, әулие әкесі көзі тірі екен. Ести салып сарайға келеді. «Уа, Шаншар хан, шындық екеуміздің бірімізге зауал келтірсін. Мен сол шындықты білгелі келдім. Егер қызымда күнә болса, сенікі жөн. Ал күнәсіз болса, ертеңге дейін қолы мен шашы орнына келсін де, өзің зауалын тарт!» депті де сырт айналып кетіп қалыпты. Ертеңіне жұрт Бегім ананың сарайына келсе, ақ білегі жарқырап, қолаң шашы салбырап орнында тұр дейді. Ал жазықсыз нөкер өзінен өзі зынданнан шығып қалған екен. Сол жылы қалаға улы жыландар қаптап, ел босып кетіпті. Осы оқиғаны бір өнерпаз күй тіліне көшірсе керек. Содан авторы белгісіз, халық күйі «Бегім бер» туған екен. 
«Бегім ана тарихта болған адам. Сырдарияның төменгі сағасына жақын маңдағы Арал теңізінің түбегінде Бегім ана мұнарасы күні бүгінге дейін күңгірлеп тұр» – деп жазады қазақ­­тың тек күй аңызын ғана емес, көп жоғын түгендеп, жазып кеткен Ақаң – Ақселеу Сейдімбек. Ақаңның айтуын­ша, осындағы Шаншар хан – Салжұқтың (сұлтандық мемлекет құрған) ұрпағы Санжар сұлтан. Міне, бай­қайсыз ба, күй аңызының өзі бізді тарихымызға қарай жетелеп барады. Ал аталған Бегім ана мұнара бейіті, ғалым­дардың пайымдауы бойынша IХ-ХI ғасырларға тиесілі.

«Балжан қыз»

Енді ақы иесі (авторы) бар күйлерге келейік. Балжан деген қарақалпақ арасында туып-өскен, қазақ қызы екен. Ақылына көркі, қылығына өнері сай бойжеткен болса керек. Қазанғап күйші жер көріп, ел танып, өнер іздеп жүріп, Балжанды көріп, бозбала сезімі ояныпты деседі. Бірақ күйші көп аялдамай еліне қайтады. Елдегі жағдай белгілі. Жоқшылықты серік еткен ата-анасы қартайған. Анасы мұңын шағып, қолқанат болар келін көргісі келетінін білдіреді. Тіптен көрші ауылдағы Жәми атты қызға құда түсіп қойғандарын айтады. Тіршіліктің темір қамыты дегеніне көндірмей қойсын ба, Қазанғап әрі-бері ойланып, ата-анасының айтқанына келіседі. Жәми қыз да тәрбие көрген ару болса керек, көңілінен шығады. Сөйтіп той қамына кіріседі. Кедейдің қысқа жібі қашан бірден күрмеуге келе қалған. Біршама уақыт өтеді. Күндердің бір күнінде аяқ астынан Жәми қыз дүние салады. Күйзелгенмен өлген қайтып тірілмейді. Тірі адам тірлігін жасау керек. 
Қазанғап баяғы Балжан қызды іздеп жолға шығады. Балжан қыз берген уәдеде тұрып, күтудей-ақ күткен екен. Арада екі жыл өткен болатын. Қазанғап қыздың ұзату тойының үстінен түседі. Ақылды қыз жұртқа естіртіп: «Қазанғап аға, тағдырдың бұйрығы осылай болды. Менде жазық жоқ. Уәделі мерзімді екі еселеп-ақ күтіп едім. Кінә өзіңізден. Енді арамызда өкпе мен өкініш қалмасын. Ақ тілеулі тойымды өзіңіз басқарып, уәдеде тұра алмаған айыбыңыз үшін маған өмір бойы күй арнап өтіңіз» – деген екен. Мұндай бүкпесіз адал сөзге күйші бас иіпті. Сөйтіп, «Балжан қыз», «Қыз он бесте», «Балжанның он жетісі», «Балжанның келін болып түсуі», «Сен кеткенде мен қайтем», «Балжанның екі мықынының бүлкілдеуі», «Балжан қатын» деген күйлер шығарған. Әрі бұлар әлі күн тартылып келе жатқан күйлер екен. Аңыздан байқалатыны – Қазанғаптың жеке өмірі, кедейлігі. Алайда Ахмет Жұбановтың: «Қазақ домбыра өнеріндегі жеті мектептің бірі – Қазанғап дәстүрі» – дегеніне қарап, күйшінің тегеуірінін аңғаруға болады. Зерттеушілер Балжанға арналған күйлер шоғырын жоғары бағалаған. Өйткені ол жерде күйшінің сөнбей өткен махаббаты бар. 

«Қаншайым»

Келесі бір дәулескер Ықыластың «Қаншайым» күйі, әйгілі Кенесары, Нау­рызбай қозғалысына байланысты айтылады. Кене хан інісінің қасына қырық жігіт қосып, кіші жүздің Тілеуқабақ деген ірі байынан жасағына жұмсайтын мал алдырмақ болады. Наурызбайдың от пен судан қайтпай жалындап тұрған кезі. Батыл қимылдап, Тілеуқабақтың үш қос жылқысын айдап жөнелсе керек. Сол кезде Тілеуқабақтың ер жеткен Әлі, Мұса деген екі ұлы, Қаншайым атты ақылына көркі сай қызы болған екен. Қолды болған малының соңына түскен Әлі мен Мұсаны Наурызбай жалғыз өзі қарсы алып, екеуін де қуып тастайды. Сонда намысқа шыдамай Қаншайым атқа мініп, Наурызбайды жекпе-жекке шақырады. Күш-қайратына сенімді Наурызбай қызға қол көтеруге намыстанып, Қаншайымды сөзге тартады. «Қол көтеріп қарсыласатын емес, құшақ ашып жар қылатын жан екенсің» – дейді Наурызбай. Сонда Қаншайым: «Құшақ ашып жар етсең, басыңа басым тең, Наурызбай! Бірақ ата салтынан үлкен емессің, өлетін мал мен тозатын дүниенің жолында аруаққа шет болмағайсың» – деген екен. Сол жолы Наурызбай Қаншайымның ақыл-парасатына тәнті болып, көңілі құлай беріліп, жылқыны өз өрісіне кері айдатады. Тілеуқабаққа кісі салып, құдалық сөйлесіп, ақыры Қаншайымды алып қайтады. Хан жалғыз інісінің бас құрауына ұлан-асыр той жасайды. Көп мал сойылып, ақ май ағып, майлы сорпа көп төгілгесін Арқа, Бетпақдала жақтағы сол жер күні бүгін Майтөккен аталады. 
Жортуылда жүрген елдің ұйқысы сергек. Бірде Наурызбай ерте тұрып, жасақ қосын аралауға кетеді. Сонда сыртта жүрген Кенесары отау үйдің жанынан өтіп бара жатып жабықтан қарап еді дейді. Бұл кезде Қаншайым отау ортасына қойылған жез леген үстінде суға түсіп тұрса керек. Кенесары өңі жылып, жымия күлген қалпы бұрылып кетеді. Ханның осынау тосын қылығын байқап тұрған бәйбішесі «мұның не?» – деп сұрағанда Кенесары: «Бір шүйкебасқа бола құр келгені қалай деп пұшайман болып жүр едім, Науанымның қосағы үш қос жылқыға тұрады екен» – депті. Бұл сөзді естіген ханның ырымшыл бәйбішесі: «Апыр-ай, көзің жаман еді, сұғың өтер ме екен, түкір, түкір!» – деп шыр-пыр болады. Айтқанындай арада үш күн өткенде ару Қаншайым аз сәтте қарайып дүние салады. Ел-жұрт күні бүгінге дейін Қаншайымға Кене ханның көзі тиіп еді деседі. Осы оқиғаны бала күнінен тыңдап өскен Ықылас күйші есейгенде «Қаншайым» атты күй шығарыпты. Ықыластай дәулескердің жүрегін қозғаған бұл да өмірде болған оқиғадан туған күй. Ілкіде айтқан қазақтың өзіндік өнер мектебі шәкіртінің туындысы.

«Ақшолпан»

Тағы да күй аңызы сөйлесін: Ұлы жүз бен кіші жүздің шектесіп жатқан тұсында кикілжің болып, кіші жүздің бір жігіті жазым болыпты. Әйтеке бидің құн даулап келе жатқанын Төле би естіп, бөлек үй тігіп, қарсы алады. Әйтеке би бірнеше күн тыныққаннан кейін Төле би: «Иә, Әйтеке, жолаушының көргені көп болады, көргені көптің айтары көп болады, сөйлеп отыр» – дейді. Сонда Әйтеке: «Е, Төке, иісі қазақтың қамын жеген ағасысың, еліңе алтын тонның жағасысың. Көпті көргеннің айтарының да көп болатыны рас. Көргенімізді айту бізден болсын. Көргеннің бәрін айту шарт емес, түйгенді ғана айтқанға не жетсін. Менің түйгенім, ел болудың кепілі – тірімен танысып, өліге болысып отыру екен» – депті. Төле би: «Уа, Әйтеке, біздің басымыз бір жағаның, білегіміз бір жеңнің ішінде емес пе?! Қызметіңе дайынбыз, артық-ауыс іс болса оған да қайылмыз. Қолыңды қағып, жолыңды шалар ешкім жоқ. Қылышың болса мойын басық, құшағың болса қойын ашық» – дейді. Әйтеке: «Би аға, сөзіңізден садаға, бұйрық сізден болса, жабдық бізден болсын» – деп әңгімені түйіндейді. Билердің жұмбақ сөз қағысын басқалар түсінбей қалады. «Келген шаруамыз сөз болмағаны қалай?» деп сұраса керек біреуі. Сонда Әйтеке: «Келген шаруамыз сөз болып қана қойған жоқ, шешімі де айтылды. Төле би бізге жасаулы қыз беретін болды» – дейді. Расында Әйтеке би осы жолы ұлы жүзге қадірі артқан Назар деген кісінің Ақшолпан есімді қызын жасауымен алып қайтады. Кейін осы Ақшолпаннан әйгілі Өтебас би туыпты. Ілгері буынның осы ірі істерін естіп тебіренген Мәмен күйші «Ақшолпан» күйін шығарған екен. 
Алдыңғы аңыздарда тарих сөз етілсе, соңғы аңыз бізге сөз саптаудың кереметін ұқтырып тұр. Демек далалық мектепте ән де, күй де, тарих та, сөз құдыреті де бәрі-бәрі болғанын көреміз. 
Қорыта айтқанда, қыздарға ар­налған күйлердің ұзын ырғасын сөз еттік. Олардың көп бөлігі күрделі тарихи жағдаяттарға қатысты бол­ғасын шинелісті, терең драмалы болып келсе керек. Сыңғыраған сұлу­лықты жырлаған, қыздардың мың бұралып билеуіне лайық күйлер де баршылық. Анаға арналған күйлердің алды Құрманғазының «Қайран шешем», «Аман бол, шешем, аман бол» күйлері шығар. Қазір жұрт әлемжелісіз айтқаныңды елестете алмайды. Күйдің сөйлегенін көргіңіз келсе, youtube желісіндегі Шәміл Әбілтаевтай шын шебердің орындауындағы «Аман бол, шешем, аман болды» тыңдап көріңіз. 

5762 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы