• Cұхбаттар
  • 09 Наурыз, 2023

Гүлмира МҰХТАРОВА, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры: Музей туралы заңы жоқ ел – Қазақстан ғана

Алматы қаласының іргесіндегі «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына барушы турист қарасы көп. Оның себебі де түсінікті – Алматыға келген қонақ Алтын адам табылған мекенді көзбен көріп, сақ дәуірінен жеткен рухты сезінгісі келеді. Алтын адамның алтын «киімі» орталыққа кеткенімен, сақ ханзадасының асыл сүйегі де осы музейде сақтаулы тұр. Музей жәдігерлерлерінен өзге, зерттеу жобасын жүргізген ғалымдардың да көп дерегін музей қызметкерлерінен сұрап алуға болады. Мекеме директоры Гүлмира Райылқызымен әңгімеде Есік музей-қорығы ғана емес, жалпы елдегі музей ісі мамандары кезігіп отырған мәселенің мән-жайын біліп әрі Есіктегі жаңалықтарға да қанығып алдық... 

 

Гүлмира Райылқызы, әңгімемізді бүгінгі музей ісінен бастасақ. Дүние­жү­зінде көне жәдігерлерді зерттеудің, сақтаудың, музей экспонаты ретінде келу­шілерге көрсетудің өз стандарт, ере­желері бар. Музей ісіндегі ереже-нұсқаулық есебіндегі стандарттар, музей ісі маманын даярлаудың жолы мен жөні қалай бізде?
– Халықаралық музейлер кеңе­сінің кәсіби этика кодексінде (ICOM) музей қызметін дамытудың ең төменгі стандарттары белгіленген. Қазір елімізде 250-ден аса музей бар. Оның әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, бағыты, тақырыбы, объектісі болатындықтан, әр музейге тән ортақ және өзіндік стандарт қалыптасуы заңдылық. Ортақ стандарт Қазақстан Республикасының «Мәдениет заңының» Музей қызметіне арналған 25 бабына, Мәдениет саясатын дамытудың тұжырымдамасына, Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен Ережелер, Қағидалар, Актілер, Нұсқаулықтарға негізделсе, одан бөлек, әр мекеменің өз Жарғысы, Даму тұжырымдамасы болуға тиіс. ҚР музей қорын қалыптастыру және күтіп ұстау қағидалары, ҚР музей қорының музей заттарын есепке алу, сақтау, пайдалану және есептен шығару нұсқаулығы бар болғанымен бүгінгі таңда жеке «Музей туралы» заң қабылдау өзекті болып тұр. Бұл өз кезегінде музей ісінің жинақылануына, дамуына әсер етер еді. Сенесіз бе, бүгінгі таңда ТМД-ны былай қойғанда, Орталық Азия бойынша музей туралы заңы жоқ ел – Қазақстан ғана. 
Әр музейдің қызметіне байланысты стандарттар да әртүрлі жасалуы мүмкін. Мысалы, кейбір музейлер мемлекеттік кәсіпорын, келесісі қазыналық. Әрине, жалпы музейлердің қызметі ортақ, негізінен тарихи-мәдени құндылықтарымызды сақтау, зерттеу. Дәріптегенімен, дәрежесіне қарай республикалық, облыстық, аудандық музейлер болып жіктелетіндіктен, оларға қойылатын стандарт, талаптар да әртүрлі. Сол стандарттардың орындалу, орындалмау деңгейін анықтайтын механизмнің бірі – аккредитациядан өту, лицензия алу. Себебі  қазір музейлер мен музей-қорықтар ғылыми орталыққа айна­лып жатыр. Яғни музей тек ағартушылық қызмет­пен, экспозиция құру­мен, көрмелер ұйым­дас­тырумен ғана айналыспай, ғылыми-қолданбалы зерттеулер де жүргізеді, қалпына келтіру жұмыстарын (реставрация), жаңғырту (реконструкция) жұмыстарымен де айналысады. Әрі, мұндай музейлерде ғылыми кеңестер жұмыс істейді. 
Ал музей қызметкерлерін дайын­дау мәселесіне келсек, бүгінгі күні «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» саласындағы мамандарды бакалавриат деңгейінде дайындауды Қазақстан Республикасындағы екі ғана жоғарғы оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жүзеге асырып жатыр. «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығы бойынша магистр немесе PhD дәрежесін тек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ала аласыз. Әр жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Археология, этнология және музейтану» кафедрасында «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығы бойынша шамамен 100-ден аса бакалавр және 40-тан аса магистр даярланады. Бұл көрсеткіштің өзі тұрақты емес. Тіпті кей жылдары әртүрлі себептерге байланысты бұл мамандықты жабу мәселесі де көтерілген еді. Сондықтан музейлерде маман тапшылығы бар. Музейлерге, негізінен, гуманитарлық сала мамандары алынады, соның ішінде тарихшы, юрист, филолог, мәдениеттанушы және т.б. Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік мәдениет ұйымдары басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымының үлгілік біліктілік сипаттамалары» негізге алынады. Кейде осы үлгілік біліктілік сипаттамаларға сай мамандарды табудың өзі үлкен мәселеге айналады. Мысалы, талап бойынша ғылыми қызметкер лауазымына мәдениет саласында ғылыми қызметкер ретінде 5 жылдық өтілі бар адамды алуымыз керек. Ал инфрақұрылымы да­мыған, бар жағдайы бар ірі қала­лардан шалғайда орналасқан музей-қорықтарға мұндай маманды табу оңай шаруа емес. Музейдің негізгі айнасы – экскурсоводтар, ал шет тілін меңгерген экскурсоводтар табу өте қиын. Ірі қалалар маңайына жақын орналасқан жекелеген музей-қорықтарға маман табудың, маман тартудың осындай қиыншылықтары болып жатса шалғайда орналасқан музей-қорықтарға маман табудың мәселесін өзіңіз ойлай беріңіз. Жалпы қазір музейлерге тек энтузиастер ғана келеді. Біздің жастар қазір өз өмірлеріне нақты жоспар құрып, болашақтарын нақты бағалай алады. Сананы тұрмыс билеген заманда жалақысы жоғары жұмыс іздейтін жастарға «оның не» деп айту мүмкін емес. Амал не, елімізде жалақысы ең төмен мәдениет саласындағы қызметкерлер, музей қызметкерлері. Бұл да қажетті мамандар тартуға кері әсер ететін факторлардың бірі. 
Есік қорық-музейі Қазақстандағы ең танымал музейлердің бірі. Жаңа жәдігерлер музей коллекциясына қосылғанын әлеуметтік желіде жиі жариялап тұрасыздар. Ол жәдігерлер сыры мен сынын бізге де айтып берсеңіз. 
– Ең алдымен, біздің музей-қорықты танымал етіп тұрған – әлем халқына белгілі Алтын адам археологиялық олжамыз. Алтын адам – еліміздің ғана емес, күллі түркі тілдес халықтардың мақтанышына айналған брендіміз. Кезінде сақ-үйсін дәуірінде өмір сүрген бабаларымыз қалдырған мәдениетіміз, тарихымыз, аманаты бүгінде сан буын ұрпаққа жететін «азық» болып отыр. Себебі  сол дәуірдегі тарихты, халықтардың этнографиясын, салт-дәстүрін, өмір салтын әлі де болса жете зерттедік дей алмаймыз. Сол зерттеу жолында бізге көне дәуірден жеткен музейлік мәні бар бұйымдар, жәдігерлер жәрдемге келеді. Себебі  ол дәуірге қатысты жазба деректер тек Қытай, Иран елдерінде ғана бар. Бірақ оларды зерттеу, ғылыми айналымға енгізу ісі әлі де болса кең етек жайды дей алмаймыз. Әрине, ол құжаттарды зерттеу үшін де терең білім, мықты мамандар керек. Өкінішке қарай, ондай мамандар бізде саусақпен санарлық. Сондықтан көбіне көне тарих сарынын қарт тарихтың қойнауынан жеткен жәдігерлерімізден іздейміз. Біздің музей-қорық ашылғалы бері жергілікті халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Ондағы мақсатымыз – әуелі біздің қорғау аумағымызға жататын тарихи-мәдени мұраларымыздың маңызын түсіндіру арқылы ел болып қорғау ісін жолға қойсақ деген ой. Екіншіден, қойнауы көне тарихқа бай Жетісу жерінен жергілікті тұрғындар ішінара болса да көне бұйымдар тауып алып жатады. Сондай кезде бірден біздің мекемеге әкелулерін сұраймыз. Ондай бұйымдар музейімізге түссе біз үшін қандай қуаныш екенін білесіз бе? Міне, сондай қуанышымызды бөлісейік әрі, сондай бұйымдарды бізге сыйлаған жандарға алғыс айтайық және басқаларға да үлгі болсын деген оймен әлеуметтік желідегі парақшаларымызда жаңа жәдігерлеріміз туралы ақпаратты бөлісіп отырамыз. 
Соңғы жылдары біздің қорымызда Алматы облысы Кеген, Ұйғыр аудандарынан кездейсоқ табылған «Тоғызбұлақ қазаны» сынды қола қазан, Қолжат, Шошанай ауылдарынан табылған хұмдар, жақында ғана Ұйғыр ауданы Қырғызсай ауылынан табылған хұмша, ошақ, қола пышақ, қазан қырғыш, жезшәйнек сынды олжалар то­лықтырды. Бұл бұйым­дарды бізге сыйлаған азамат­тардың бәріне де ерекше алғыс айтамыз. Оған қоса біздің музей-қорығымыз жыл сайын Қазақстан Респбуликасы Мәдениет және спорт ми­нистрлігі тарапынан ғылыми жобаларды мақсатты-бағдар­ламалық қаржыландыру аясында ғылыми-қолдан­балы жобаларымызды қаржыландырып отырады. Соның арқасында іске асып отырған археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған бұйымдар да біздің қорымызды толықтырып отыр.
Музей-қорығымыздың қорында жалпы үш мыңнан аса музейлік мәні бар заттар тұр. Оның 90 пайызға жуығы түпнұсқа заттар, 70 пайызға жуығы қазба жұмысы нәтижесінде табылған артефактілер болса, 20 пайызға жуығы кездейсоқ табылған бұйымдар. 
Музейге келушілер ең алдымен, қандай жәдігерді іздеп келеді?
– Біздің музей-қорық Алтын адам табылған қорымда орналасқандықтан, әрі музей-қорықтың ашылу себебінің өзі осы Алтын адам тарихымен тығыз байланысты болғандықтан, әрине бірінші кезекте қонақтарымыз көбіне Алтын адамды көруге келеді. Сондықтан халық арасында музей-қорығымызды «Алтын адам музейі» деп те атап кеткен. Келушілер біздің мекемеден Алтын адамның ашылу тарихы, зерттелу тарихы туралы толық мәлімет ала алады. Алтын адаммен бірге шыққан түпнұсқа бұйымдарды, оларды зерттеген, қалпына келтірген ғалымдар мен реставраторлар туралы егжей-тегжейлі баяндаймыз. Сонымен қатар, музей-қорық экспозиция­сында қола дәуірінен бастап орта ғасырларға дейінгі аралықтағы кезең қамтылған.
Әрбір жәдігеріміз біз үшін ерекше, әрбірнің ерекше орны бар. Олар туралы экскурсовоттарымыз сағаттап айтып беруге бейіл. Біз үшін ең жоғары марапат – келуші қонақтарымыздың риза көңіл-күймен аттануы.
Алтын адам туралы жеке сұра­ғымыз келеді. Алтын адамның мәңгілік мекеніне айналған Есік жерінде тағы да бір Алтын адам шығуы мүмкін бе?
– Белгілі ғалым-антрополог ағамыз О.Смағұлов бір сұхбатында «Қа­зақ­стан жерінде тоналып, ұрланып кетті дегеннің өзінде әлі де болса тоқсандай Алтын адам табылады», – деген болжам жасаған еді. Батыл болжам! Дегенмен сенуге болады. Кім білсін? Тарихи-мәдени мұраларымыз тым аяусыз тоналды ғой. Тіпті Алтын адамның өзі 1970 жылы тоналған обаның бүйірінен шықты. Мұндай қазынамен адамдарды жерлеп, көлемді етіп тұрғызылған обалар әлі де көп. Мысалы, былтыр ғана Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылын маңындағы тоналған обаға жүргізілген барлау жұмысымызда алтын адамның күміс қасығының аналогы шықты. Демек, әлі де болса сондай археологиялық олжа табылып қалар-ау деген үмітіміз жоқ емес. 
Алтын адам қабірінен табылған тостаған, т.б. құнды жәдігерлер Есік музейінде тұр. Олардың сақталу, түрлі сұғанақ қолдардан қорғалу мәселесі жан-жақты назарға алынған ба?
– Қазір Алтын адаммен бірге табылған бұйымдар, негізінен, екі музейде тұр. Оның алтын-күмістері, үлкен, кіші күміс тостағандары мен күміс қасығы, қанжары Астана қаласындағы Ұлттық музейде болса, ағаш астаулары, қола айнасы мен қыш ыдыстары біздің музей-қорықта. Ал енді жәдігерлердің сақталу мәселесіне келсек, әрине, бірінші кезекте біз олар орналасқан экспозициялық залдардың барлық музей талабына сай келуін, жәдігерлерге бақылау жүргізуді назардан тыс қалдырған емеспіз. Сонымен қатар музей-қорық ғимаратына өртке қарсы, сұғанақ қолдарға қатысты дабылдатқыштар орналастырылып, арнайы күзетпен қамтамасыз етілген. Бұйырса музей-қорық ғимараты жанынан жаңа Сапар орталығы салынып жатыр. Таяу арада жаңа ғимарат пайдалануға берілер болса қауіпсіздік мәселесі одан да гөрі мықты бола түседі деп ойлаймыз. 
Қазір Алтын адамның сүйегі қайда сақтаулы тұр? Оны қайта жерлеу ойда бар ма?
– Иә, «Есік» музей-қорығы алғаш ашылған сәттен бастап біздің ең бірінші қолға алған ісіміз Алтын адам­ның жоғалып кеткен қаңқа сүйегін іздеп табу болды. 
2015 жылы Алтын адамның сүйегін таптық. Табуын таптық-ау!.. Алайда қаңқа сүйектің нақты Алтын адамға тиесілі екеніне көз жеткізу үшін Отандық және шетелдік генетик ғалымдарға көрсетіп, зерттеу жұмыстарын да жүргіздік. 
Ресей ғылым академиясының египеттану орталығының антро­полог-қызметкері А.Ки­то­ваның көмегімен сүйек­тің Алтын адамға тиеселі екені дә­лел­денді. Зерттеу нәтижелері «Алтын адам» құпиялары атты жинақта жарияланды. 
2015–2016 жж. Shejire DNA project жетекшісі Н.Баймұхановтың көмегімен Данияның «Геогенетика» орталығы, 2019 ж. Германиядағы Макс Планк атындағы Адам тарихы институты Археогенетика департаменті Алматыдағы Жалпы генетика және цитология институтының тапсырысы бойынша арнайы ДНК сараптамаларын жасады.
Өкінішке қарай 40 жылдай уақыт сүйекті сақтау талаптары өрескел бұзылып сақталғандықтан, ешбір мәлімет бермеді. Дегенмен зерттеу жұмысы жалғасып жатыр, 2022 жылы Алтын адаммен бірге табылған ағаш астауға радиокарбондық сараптама жұмыстарын Вильнюс Радиокарбон зертханасында жүргіздік. Нәтижесінде, астаудың үйсін кезеңіне, яғни б.з.д. IV-III ғасырларға жататыны анықталып отыр. 
Қазіргі ғылымның қаншалықты жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын ескерсек, Алтын адамның қаңқа сүйегін зерттеуде де мүлде үміт үзуге де болмас. Болашақта ғылым әлі талай жетістіктерге жетер. Сол кезде белгілі бір нәтижеге де жетіп қалармыз.
Әзірге, біздің ойымыз, Алтын адам­ның қаңқа сүйегін музейлендірсек деген ой. Яғни жерлеу емес, музейлендіру. Бізде сақ-үйсіндердің марқұмдарды, оның ішінде қадірлі адамдарын қалай жерлегені туралы мәліметтер бар, жерлеу салттары туралы хабарымыз бар. Ендеше, Алтын адамның да басына үлкен оба көтеріп (өзінің обасы сүріліп кетті ғой), соның ішіне қаңқа сүйекті музейлендіріп қойсақ деген жоспарымыз бар. Бір жағынан бұл иісі түркі тілдес халықтардың тәу етер қасиетті мекеніне де айналар еді. 
Есік – Алматы маңындағы қалалар­дың бірі. Алматы Есік аралығында арнайы туристік маршруттар бар. Осы маршрут бағытында музейге де туристер көп келетін болар? 
– Туристер ағынының көбеюіне Есік қаласының Алматы сияқты ірі мегаполистің маңында орналасуы бір себеп қана. Сонымен қатар Еңбекшіқазақ ауданы табиғи туризмімен, көркем табиғатымен, саф ауасымен туристерді тартып тұратын көркем өлке. Міне, осынау керім табиғатты қызықтап, демалғысы келетін қонақтар, әсіресе жаз айларында музейімізге көптеп келеді. Келушілер ағыны пандемия кезінде едәуір саябырсығанымен, 2021–2022 жылдардан бастап қайтадан жандана бастады. Оның ішінде шетелдік қонақтарымыз да бар. Біз шетелдік қонақтарымыздың тарихи-мәдени мұраларымыз, еліміз жайлы лебіздерін Фейсбук және Инстаграммдағы әлеуметтік парақшаларымызға «Шетелдік қонақтар лебізі» айдарымен салып тұрамыз. Құдайға шүкір, музей-қорығымыз жыл сайын танымал болып, қонақтарымыздың қатары да көбейіп келеді. Министрлік те осыны ескеріп дәл жанымыздан жаңа Сапар орталық құрылысын бастағанын жоғарыда айтып өттім ғой. Сол құрылыс аяқталса экспозициялық залдарымыз анағұрлым кеңейіп, келуші қонақтарымызды да еркін қабылдай аламыз деп ойлаймыз. Мысалы, әлі де болса постпандемиялық кезең деп есептелетін 2021 жылы бізге келушілер саны – 6327 адам болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 18 354 адамға жетті. Алматы қаласында орналасқан туристік агенттіктермен келісім-шарт немесе меморондумға қол қойып, сол арқылы да өзіңіз айтқан бағыттағы туристерді музейге тарту амалдарын іске асырып отырмыз. Жыл сайын 18 сәуір – халықаралық ескерткіштерді қорғау күнінде жыл бойы бізбен тығыз жұмыс істеген туристік агенттіктерді, гидтерді, БАҚ өкілдерін арнайы шақырып, марапаттайтын дәстүріміз бар. 
Гүлмира Райылқызы, археоло­гия­лық ескерткіштер, соның ішінде Есік қорымы, Рахат кешені, Өрікті қа­лашығы, Өрнек ескерткіштерін, Алтын адамның тарихын, ортағасырлық Талғар қалашығын зерттеу, қорғау аймағын анықтау, бекіту, жер мәселелерін шешу, инвестиция тарту мәселесінің басы-қасында жүрдіңіз ғой. Қазақ даласындағы тарихи-археологиялық ескерткіштердің толық тізілімі жасалып бітті ме? Ол ескерткіштерді зерттеу, қорғау ісінде қандай кедергілер бар?
– 2019 ж. 26 желтоқсанда қабыл­дан­ған «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңы негізінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2020 жылғы 15 сәуірдегі №97 бұйрығымен бекітілген «Тарихи және мәдениет ескерткіштерін анықтау, есепке алу, мәртебесін беру және айыру, орнын ауыстыру және өзгерту, жай-күйін бақылау және санатын өзгерту қағидалары» бойынша ескерткіштерді анықтау жергілікті атқарушы органның құзырында. Ал Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарайтын «Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталық» мемлекеттік мекеме анықталған ескерткішті уақытша тізімге енгізіп, сол ескерткіштерге статус беру туралы уәкілетті органға  ұсыныспен шығады. Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін уәкілетті орган, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін уәкілетті органмен келісу бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары бекітеді. 
Осы тұрғыда ескерткіштерді анықтау, тізімге алу жұмысындағы ең алғашқы кедергі осы жұмысқа жауап беретін арнайы мамандардың жергілікті атқарушы орган тарапынан бекітілмеуі. Әдетте бұл жұмыс қосымша жұмыс ретінде бір қызметкерге жүктеледі. Осыдан келіп жаңа ескерткіштердің ашылуына деген қызығушылықтың төмендігі, оларды тізімге алу жұмысының ақсауы да түсінікті. Тарихи-ескерткіштердің тізімін жасау арнайы жоба дайындауды, қаражатты, адами ресурсты қажет етеді. Сондықтанда қазіргі кезде ашылмаған ескерткіштер, ашылған күнде тізімге енбеген ескерткіштер баршылық деп ойлаймын. 
Елімізде ескерткіштерді тізімге алу, оларды құжаттандырудың баяу жүріп жатуына тағы да бір себеп – кезінде жаппай жекешелендіру кезінде тарих және мәдениет ескерткіштері орналасқан жер телімдері жекемен­шікке беріліп кеткен. Бүгінде өз иелері бар ондай жер телімдерін қайтадан мемлекет иелігіне қайтару дегеніңіз қып-қызыл даудың ортасында қалу, ерен еңбек пен жігерді қажет ететін күрмеуі қиын мәселе. 
Алматы облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен бірігіп, жақын болашақта өңірдегі тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімін жасап, арнайы жинақ та шығару туралы мәселе талқыланып жатыр. Егер шын мәнінде жанашырлық болса ешқандай кедергі де туындамайды ғой. 
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен 
Қарагөз Сімәділ

 

4960 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы