• Руханият
  • 09 Наурыз, 2023

АЙША БИБІНІҢ ӘНІ

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ana tili»

Қазақ даласында әйел затының, қыз баласының атымен аталатын тұтас ру аттары да, көкорайлы, шалғынды жерлер де, төбесі көкке сәл-ақ жетпейтін биіктер де, көркіне көз тоймас зәулім тарихи нысандар да көп. Әрқайсының аңызына үңілсеңіз, ерекше бір оқиға әлеміне енесіз... 


Ал біз Айша бибі туралы айтқымыз келеді. 
...Өнердің нағыз көкесі – анау жазуда!
Шеберлігі үшін таласпаймын да ұстамен,
Тереңдігі үшін бас ием осы тұста мен.
Ақындық қандай мұндағы:
«Күз. Бұлт. Жер – сұлу»
Оқыған емеспін осыдан жақсы қысқа өлең.
Ақын Күләш Ахметованың осынау бір өлең жолдарымен келіспеске болмайды. Қазақ даласындағы ең бір сұлу өлең жолдары Айша бибінің аузынан шыққан: «Күз. Бұлт. Жер – сұлу» дейді жастай дүниемен қоштасқан ару. Айша Бибі сағанасындағы бұл жазуды Асқар Сүлейменов «Сүмбіле. Су суыды. Өмір – сұмдық» деп тәпсірлепті... Қалай дегенде де осыдан бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген Айша бибінің аузынан шыққан соңғы сөз, араздасу бәлкім, әлемнің сұлу да суықтығын, аппақ мамықтай бұлттар әлемін, адам жанын тоңазытар ызғарды, көркемдікті мәңгіге сақтап қалуды аманаттаған ғажайып сөзді, мәңгілік пен өткіншілікті бір-ақ ауыз сөзбен сипаттап беретіндей. 
Жер сұлу – күзде.
Күздегі бұлттар тым кезбе.
Күздегі тірлік, күздегі көңіл мүлде өзге.
Бітпейтін мұң мен сағыныш, 
талант бірлігі
Биіктік берген, сұлулық берген күмбезге.
Әлемге Айша бибінің көзімен қарасаңыз: күздің ызғары жанынызды тоңазыта ма? «Әуелей ұшқан алты қазды іздеп» көкке қарағанда жөңкіліп бұлт көшіп бара ма? Айша бибінің әнін салғанда күллі қазақ даласындағы қыз атаулының, әйел затының да үні қатар естілетіні несі екен? Мұның себебі, Айша бибі аузынан шыққан бір ауыз өлеңнің салмағында болар-ау! Айша салған ән – бұл далада бұрын, кеше болған, қазір де бар, ертеңге де көркем көшін түзеген қыздар, аналар, әйелдер әнінің бір жолы іспетті. 
Қазақ даласында қыз атымен, әйел затымен байланысты түрлі нысандар мен жер атауларының, сол жер атауларына қатысты ел аузынан жеткен аңыздардың сырына үңіліп көріңізші. Әрқайсысында Айша бибінің көркем әлеміндей мөлдір моншақтай сыр үзіліп түсер еді. Мұң үзіліп түсер еді. Сұлулық жылт етер еді... 
Қазақ әйелі, қазақ қызы дегенде мұңлы бір әуенге қарағанда жарқын да қайсар жыр естігіміз келіп тұратын бір мінез бар. Көптің атынан сөйлемейік, бірақ біразымызда сол мінез барын да мойындайықшы. Неліктен? Айшадан жалғасқан әнді күні кешегі қайсар апаларымыз: Әлия мен Мәншүк, Желтоқ­сандағы Ләззат іліп әкетсе ол сұлу әуен қалай айтылар еді?
«Күз. Бұлт. Жер – сұлу»... Қайсы айтса да бұл әннің бұлжымас сөзі сол:
Өміршең өнер!
He деген мықты ең, шынайы ең!
Шынайылыққа табынар әлі құлай ел.
Өмірдің қысқа,
Өнердің ұзақ екенін
Ұрпақтарына ұқтырар мәңгі ұлы әйел...
Әйел түсіндірген ең үлкен өнер – әлемге жарық үстеу, әлемді көбейту, мамыражай өмір­дің әнін шырқау, бейбітшіліктің ­орнауын насихаттау дер едік... Айша би­бінің әні де сол сұлулық пен суықтықтың ортасындағы тыныштық еді ғой... 

6390 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы