• Руханият
  • 16 Наурыз, 2023

Ататек: Қабілет тұқым қуалайды

Жан-жануар, адамзат ұрпағының сабақтастығында тегіне тарта туу, яғни тұқым қуалаушылық деген табиғи заңдылық бар. Біздің ата-бабаларымыз тұқым қуалаушылық заңдылығын ертеден біліп, жеті атаға дейін қыз алыспау қағидасын берік ұстанғанда тұқымын асылдандыруға, тегін жаңғырта жалғастырып отыруға ерекше көңіл бөлген. Сондықтан да шежіре жаттап, жадында сақтап атадан балаға үйретіп кетуді перзенттік парыз, азаматтық міндет санаған. Бұл үрдістің ұлттық кодтың сақталуына да негіз болғаны ақиқат.

Қазақ шежіретануының тамы­рын­да Захираддин Бабырдың – «Бабырнамасы», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашидиі», Бейбарыс пен Халдунның «Қыпшақ шежіресі», Әбіл­ғазы Бахадүр ханның «Түрік шежіресі», Ұлықбектің «Сұлтандар ше­жіресі» тұрса, қазақ ғылымында ататекті сөз ету бастауында Ш.Уали­ханов тұр. Бергі кезеңде жиналған, жарияланған шежірелер қатарынан Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Қазақ шежіресін», Нұржан Наушабаевтың «Манзумат қазақиясын», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресін» көреміз. Одан кейін М.Тынышпаев жалғастырды. Шежіретану тәуелсіздік алған жылдары қайта жанданды да әр жүз, тайпа, рудан шежіре жинаушылар, жариялаушылар (Ж.Бейсенбайұлы, Т.Алмабеков т.б.) іске кірісті. Ал енді шежірені ғылыми-теориялық негізде тануға ғалым Ақселеу Сейдімбек ерекше еңбек сіңірді. Ақаңның қазақтың ауызша тарихы туралы ғылыми еңбегіне баға берген ғалым Ш.Ыбыраевтың мына ойын өзіміздің тақырыбымызға қатысты келтіре кеткен орынды:«Кез-келген қоғамның және дәуірдің этнозердесінде біріктіруші діңгек идеясы (центральная идея терминін Ақаң қазақшалаған) болады. Онсыз мемлекеттік тұтастыққа негізделген этностың ғұмыры ұзаққа бармаса керек. Ондай діңгек идея сол дәуірдің, сол қоғамның саяси-мәдени, әлеуметтік-экономикалық өзгешеліктері мен құрылымынан келіп шығатыны және сол ортаға қызмет ететіні күмәнсіз. Қазақ хандығы аясындағы ру-тайпалық жүйенің де осындай қажеттіліктен, көшпелілердің этноәлеуметтік таби­ғатынан туындағанын біле тұра оның қазіргі тыныс-тіршілігімізге, идео­ло­гиялық ұстанымымыз бен қалпы­мызға сай келмегеніне қарап өткен тари­хымыздағы мәнін де жоққа шығаруға себеп жоқ».
Шындығында, Еураазия кеңіс­тігінде ат тұяғы жеткен жерге дейін табиғаттың тіршілік етуге ыңғай­лы­лығына қарай үздіксіз көшіп-қонып өмір сүруге бейімделген қоғамдық-әлеуметтік құрылымды қысы-жазы бір жерде тұрақты өмір сүру тәртібі орныққан отырықшылыққа бейімделген әлеуметтік қоғамның мекендік-территориялық ауқымымен жіктеуге болмайды. Қазақ қоғамының рулық-тайпалық құрылымы өмір сүрген мекеніне қарап бөлшектеуге келмейді. Сондықтан көшпелі қазақ қауымының ататектік кеңістігін жеріне қарап емес, шыққан тегіне қарап пайымдау тиімді. Біріне бірі жолыға қалған бейтаныс қазақтардың алдымен туған жерін емес, ататегін сұрасатыны сондықтан. 
Тәуелсіздік алғалы сана бостандығы, рух азаттығы жоғалтқанымызды табуға жол ашты. Солай бола тұра біз ататек шежіресі дегенге әлі де сақтықпен қа­раймыз. Оның екі себебін жасыра алмаймыз да: біріншісі – қоғамда ауыз­ша жеткен шежірелердің ғылыми негізіне сенбестікпен қарау бар; екіншісі –атадан балаға қалған шежірені жалпы ұлттың тұтастығына жаратудың орнына жеке бастың қамына пайдалануды жөнкөрушілік бар.Бұл екеуін де санадан ысырып тастасақ, жеке тұлғаның болмысын тереңірек білу үшін тектану(генетика), шежіретану (генеология) ғылымдары көмекке келеді. Бұл ғылымдар адамзат, жан-жануарлардың қан арқылы атадан балаға берілетін ерекше мінез-құлық, қасиеттердің сабақтастығын да, тыныс-тіршілігінің даралығын да, тарихи-әлеуметтік байланысын да арнайы зерттейді. 
Күйшілердің, домбырашылардың, әншілердің, сазгерлердің, ақын­дар­дың, жыршы-жыраулардың, батыр­лардың, қайраткерлердің, яғни тарихи тұлғалардың ататек кестелерін жасауды мінейтіндер де, сынайтындар да табылары хақ. Бірақ ғылыми таным тұрғысынан қарасаңыз, кез келген адамның шыққан тегі болатыны, ол тек қан арқылы атадан балаға беріліп отыратыны және ол адам алдымен өз отбасында тағылым –тәрбие алатындығы, әулет дәстүрінен үйреніп өсетіндігі – әлеуметтік-психологиялық заңдылық. Қазақта «әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген мәтел сол ақиқаттан шыққан. Дәл осы мәндес «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мәтелге тек педагогикалық түсінікпен емес, әлеуметтік-психологиялық ұғыммен де, генеологиялық таныммен де, генетикалық көзқараспен де қарап көрген жөн. Астарын айналдырып, сыртына шығарсаңыз, жоғарыда айтылған мәтелдердің мәнін «әке-шешесі не істесе, ұл-қызы да соны қайталайды» деген мағынасында да қабылдауға болады. Бірақ «әкеге тарта ұл тумас» деген де сөз тегін шықпаған. Оны Махамбеттің тілімен айтсақ, «жаманнан туған жақсы бар, атасын айтса нанғысыз, жақсыдан туған жаман бар күндердің күні болғанда бір теріге алғысыз». Бұлар – мінезіне, қылығына, әрекетіне, ісіне, атқарған қызметінің нәтижесіне қарай берілген бағалар. Солай болса да қанында бар қасиет өмірде әйтеуір бір көрінбей қалмайды. Біреуге ата-ананың сыртқы әлпеті берілсе, біреуге мінез-құлқы, енді біреуге қабілет-қарымы беріледі. Бізге керегі атадан балаға берілген қабілет.    
Адами қабілет әдетте үш бағытта айқын көрінеді. Ақыл-ой, сана күшімен көрінетін қабылет бар да, көңіл-сезім қуатымен айқындалатын қабілет бар және іс-әрекет арқылы танылатын қабілет бар. Ақыл-ойға тән қабілет ғылым саласында көбірек байқалса, көңіл-сезімге етене қабілет өнер арнасында, ал іс-әрекетке байланысты қабілет әсіресе қызметте, ұйымдастыру жұмыстарында ерекше байқалады. Осы үш түрлі жолмен байқалатын қабілеттің бір адамның бойында ғана тоғысуы сирек. Қалай дегенде де қабілетсіз адам болмайтыны – айдан анық ақиқат.
Осы қабілеттердің қай-қайсысы да адам бойына әуелі тұқымқуалаушылық арқылы беріледі. Яғни қабілет әкеден балаға, баладан немереге, немереден шөбереге сабақтасып, ауысып отырады. Ахмет Жұбановша айтсақ, өнер «ұрпақтан ұрпаққа ауысып отырады...». Мұны біз әлемге әйгілі тұлғалардың тегінен де білеміз. Мысалы, әйгілі композитор Людвиг ван Бетховеннің әкесі Иоганн Бетховен, сарай капелласының әйгілі теноры, ал атасы Людвиг Бетховен де сол капеллада әнші, капельмейстер болыпты. Иоганн Себастьян Бахтың әулетінде музыканттық қабылет бес ата бойы бірінен біріне ұласып отырған. Зерттеуші-генеолог ғалымдардың анықтауынша, Себостьян Бахтың елу туысы түгел музыка мамандары ретінде өмірлерін осы салаға сарп етіпті. Солардың ішіндегі ең әйгілісі Фейт Бах – Себостьянның арғы атасы еді. Ал енді өзіміздің төл мәдениетіміз бен ғылымымыздың дамуына өлшеусіз үлес қосқан Жұбановтар әулетіне назар аударсақ, тіл біліміне түрен салған Құдайберген Жұбанов, ұлттық музыкамызды әлемге әйгілеген Ахмет Жұанов, қылқаламымен сезім қылын шерткен Ақырап Жұбанов, тіліміздің тінін танытқан ғалымдар – Есет Жұбанов пен Асқар Жұбанов, музыка саласында композитор ретінде белгілі әрі осы салада білім беру мен зерттеу ісін басқарған Ғазиза Жұбанова, шет елдерге есімі мәлім химик-ғалым Болат Жұбанов,биология ғылымының докторы Ажар Жұбанова, филология ғылымының кандидаты Ардақ Жұбановалар – еліміздің мақтанышына айналған тұлғалар. Демек, жоғарыда сөз еткен үш түрлі жолмен айқындалатын қабілеттің бір адамның бойында барлығының тоғысқанын, басқаша айтсақ, ғылымда да, өнерде де, қызметте де қабілетті болған тұлғаларды осы әулеттен көреміз. 
Кейде қабілет ортаға бейімдеушілік нәтижесінде қалыптасады. Адам өзінде жоқты өзгелерге еліктеу, солардан үйрену, бойына сіңіру, әдеткі іске айналдыру арқылы қабылдайтын құбылыс өмірде аз кездеспейді. 
Тұқымқуалаушылыққа да, ор­таға бейімделушілікке де мысалды қазақ әулеттерінен де көруге болады. Мысалы, Жетісу өлкесінің Хан­тәңірі өңіріне әйгілі күйшілік-домбырашылық мектептің ірі өкілі, даңқты Мергенбайдың арғы атасы Байғозы да, өз әкесі Ердене де, өзінің балалары Нұрмұханбет, Бекмұханбет, Қожақан, Әуезхан, Ыбырайымхан да, немерелері Меңдеке,Әскерхан, Аятхан, Сауқынбектер де күйші-домбырашылар. Бұл күйшілік-домбырашылық қабілеттің бір ұрпақтан екінші ұрпаққа тұқым қуалау арқылы берілгенін айқындайды. Ал енді ортаға бейімдеушілік те бұл әулетте болған. Мергенбай әдетте намаздан кейін әулетін жинап, алқақотан отырғызып қойып күй тартқызады, тыңдатады, сынатады екен. Әуелгі кезек күйшіге беріледі. Ол өзінің соңғы шығарған күйінің шығу тарихын, яғни не себеп болғанын, қалай шығарылғанын айтады. Қай кезде де айтуға ерекше мән беріледі. Өйткені, айту көпшілікке арналып отырғандықтан, айтушы шешен тілмен әркімнің санасына сіңіп, жүрегіне ұялайтындай түсінікті де әсерлі сөйлеуге тырысады. Өзгелер зейін қоя тыңдап отырады. Тыңдау – басты талап. Күй тыңдау үдерісі кезінде ешкім қыймылдамайды, үн шығармайды. Бар ықыласы мен зейіні күйде болады. Онсыз күй тыңдалмайды, тыңдалмаған соң қабылданбайды. Келесі кезек домыбырашыға келеді. Домбырашы жаңағы тартылған күйді қайта тартып шығуы керек. Ол болғаннан кейін келесі домбырашы тартады. Одан кейін келесі домбырашы кезектеседі. Сөйтіп, айнала домбыра ұстағанның бәрі жаңа шыққан күйді жағалай қайталап шығады. Нәтижесінде,  жаңа шыққан күй әркімнің санасында жатталып қалады. Күй тарту болған соң, Мергенбай тыңдаушылардан күй туралы сұрайды, домбырашылардың қалай тартқанын айтқызады. Әр сыншы мақтамайды, дәріптемейді, тек қалай қабылдағанын ғана айтады да қояды. Соңында сөзді Мергенбайдың өзі алып, төрелігін айтады. 
Әкенің назарына іліну үшін келесі кезекте өзгелер де күй шығарып келуге тырысады. Мергенбайдың кенжесі күйші –домбырашы Ыбырайымхан қария: «былай шыққан соң, әркім өз бетімізше күй шығарып, оны тартып көріп, бірімізге біріміз сынатып аламыз. Сөйтіп, күй шығармай жүргендер де күй шығарып, домбыра тартуымызды жетілдіріп, әрбірден соң оңашада өз ара бәсекелісіп қалатын едік» дегенді айтқан еді. Бұған қарап, бойында қан арқылы берілген қабілеті бар бәсекелестер арасында ортаға бейімдеушілік үдерісі де ұдайы жүріп отырғанын білеміз. 
Үлкендердің айтуынша, Мергенбай әулеті мен Қожеке әулетінің арасында күйшілік-домбырашылық өнерде бәскелестік болған. Өнер бәсекесі өзгелердің де домбыра тартуды үйреніп, көрші ауылдан озып кетуге итермелегені шындық. Бірақ Мергенбай қалай да Қожеке әулетінен асып түсу мақсатында ғана әр жұмада өз балаларының ортасында күйшілік-домбырашылық бәсекесін ұйымдастырып отырған десек қателесеміз. Бұл дәстүр атасы Байғозыдан, әкесі Ерденеден келе жатқан еді. Ердене өзінің бірге туған бауырлары Шыңғысбай, Сапақ, Тілеуберді, Қаражандармен бірге әкесі Байғозының алдында сан мәрте күй тартқан болатын. Осы дәстүр қазақта бұрыннан бар. Оның тамыры сонау әл-Фараби заманында жатыр. 
Қабілет адам бойында өзі өмір сүрген ортадан алған тағылымына байланыс-ты да қалыптасады дегенімізбен, сол қабілеттің ұшқыны қанында болмаса, дами қоймайтыны тағы ақиқат. Демек, біз кез келген тарихи тұлғаны тануға бет алғанда оның ататегін танып алуымыз – басты шарттардың бірі болғаны артық емес.

Сағатбек Медеубекұлы, 
филология ғылымының 
кандидаты

 

4043 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы