• Cұхбаттар
  • 16 Наурыз, 2023

СҰХБАТҚА СЫЙМАҒАН СҰРАҚТАР

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, 
көрнекті қаламгер Жанболат Аупбаев пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 
эстет қаламгер Қали Сәрсенбайдың бесінші сұхбаты

Құрметті оқырман! Соңғы жылдар мұғдарында сұхбат-сараптама «Ана тілі» газетінде өмірдегі көргені мен түйгені мол кәсіби журналист Жанболат Аупбаевпен сұхбат жүргізіп келе жатқанымыздан хабардарсыздар ғой деп ойлаймыз. Диалог, интервью түріндегі ол әңгімелесулердегі айтылған кешегі заман, бүгінгі қоғам жөніндегі ойлар ешкімді де енжар қалдырмаса керек. Кейіпкеріміздің, әсіресе қазіргі қазақ руханиятындағы тұлғалар, олардың орны мен рөлі туралы түйіп айтқан толғамдары ерекше. Бүгін біз біраз уақыттан бері жалғасып келе жатқан осы сұхбаттар сериясын төмендегі материалмен аяқтамақшымыз. Мұнда аға әріптесіміздің өміріндегі бұрын көп айтылмаған жәйттер мен ол кісінің төл баспасөзімізде еңбектенген жарты ғасырға жуық уақыт ішіндегі өзі тікелей куәгер болған сирек оқиғаларды қамтып, соларды көрсетуге ерекше мән берген жайымыз бар. 

– Естуімізше ағасы, сіз өз кезінде елімізге кеңінен танымал болған жастардың сүйікті газеті «Лениншіл жасқа» студент кезіңізден жұмысқа алынып, қызмет істепсіз. Бұл туралы сол басылымға 10 жылға жуық өмірін арнаған Жақаң, Жақау Дәуренбековтің бірде бізге: «Иә, жап-жас, қылқандай өндір кезінде ол редакциядағы ең ауыр бөлімге келіп түсті. Ондағы саясат мәселелерімен ай­налысатын ресми бағыттағы жұмыстың қиындығын жақсы білетін біз оң-солын әлі танып үлгермеген оны қатты аяйтынбыз», – дегені бар. Сонда дейміз-ау... КазГу-дің 4 курс студенті сіз атақты «Лениншіл жасқа» қалай кел­діңіз және ондағы күрделі сала өзіңізге нен­дей себепке байланысты сеніп тапсырылып жүр?
– 60-70-80-жылдардағы «Лениншіл жас» газетінде жақсы бір дәстүр болды. Ол басылымның Алматыдағы КазГу мен КазПи-дің гуманитарлық факультеттерінде оқып жүріп, жазу-сызуымен көзге түскен жастарға деген қамқорлығы еді. Бұл редакцияның оларға тапсырма беріп, авторлыққа тартуынан, сол жоғары оқу орындарының бағдарламасындағы іс-тәжірибе айлығын осы газетте өткізулеріне жағдай жасауы-нан анық көрінетін. Газет басшылығы өстіп жүріп сол 3-4 жыл ішіндегі өздерімен байланысын үзбеген талап иелерінен жап-жақсы кадр жасақтап алатын. Бұл аталмыш басылымдағы жоғарыдағыдай «полк балаларын» алдымен стажер ретінде жұмысқа қабылдап, артынан қабілет-қарымына қарай көтермелеп, үлкен көшке ілестіріп жіберуі еді. 
Ол кезде қазақ жастары үшін Алматыда қалу үлкен арман. Қол жете бермейтін бақыт. Сондай сирек қуаныш 1973 жылдың желтоқсанында маған да бұйырғаны бар. Себеп – жоғарыдағыдай. 1969 жылы КазГУ-дің журфагына түскеннен бастап, Коммунистік проспект, 63 деген ғимаратты жағалағанмын. Жазған-сызғанымды сол мекенжайда орналасқан «Лениншіл жасқа» апарудан танбағанмын. Ондағы ағалардың берген тапсырмаларын жан-тәніммен орындауға күш салғанмын. Нәтижесі... Сол «еңбегімнің» ескеріліп, редакция ұжымының стажер ретінде мені өз қатарларына алғаны! 
Бас редактор Сейдахмет  Берді­құлов­тың бұйрығы шыққан соң, екі-үш ай секретариатта жұмыс істедім. Ондағы міндетім: газеттің апталық жоспарын жасауға қатысып, кезекті нөмір макетін сызуға үйрену, іргедегі баспаханаға барып, бастықтар қол қойған мақала, сурет мәтіндерін терім цехына тапсыру. Одан қала берді шабарманның да міндетін атқарып, ҚазТАГ, Бас почтамттан түрлі құжат қағаздарын алып келу. Бір күні жауапты хатшы Серік Әбдірайымов аға шақырып алды да: «Осында Қуанышбай Құрманғалиев деген бізбен тұстас кісі бар, – деді. – Еңбек демалысында жүрген ол әріптесіміз ертең жұмысқа шығады. Сен енді комсомол тұрмысы бөлімінің меңгерушісі сол ағаңның қарауында боласың. Міндетің – кіші әдеби қызметкердің жұмысын атқару. Тәртіп бойынша өзіңді ертіп апарып таныстыруым керек. Сондықтан жұмыстан кешігіп қалмай, мұнда ертерек кел. Жарай ма? 
...Келесі күні айтылған уақытта айтылған жерде тұрдым. Жауапты хатшы мені маңдайшасында «Комсомол тұрмысы» деген жазуы бар кабинетке алып кірді. Сөйтті де бір ересек ағаймен таныстырды. Бөлім меңгерушісі Қуанышбай Құрманғалиев міне, осы кісі екен. Байқаймын, өте қарапайым адам. Салмақты да кішіпейіл, момын жан. Осы қасиетінен болуы керек, Серік ағаның таныстыруынан соң тез тіл табысып, шүйіркелесе әңгімелесіп кеттік. 
Алғашқы күндерден-ақ байқадым. Ре­дакциядағы мен кіші әдеби қызмет­кер болып келген бұл бөлім өте ауыр құрылым екен. Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінде өтетін бюро, пленум мәжі­лістері материалдарының бәрі мұнда орыс тілінде келіп түседі. Оған аталмыш орган аппаратының жоспары бойынша жастар газетіне деп белгілі бір тақырыпқа байланысты мақала жазып жіберетін облыстық комсомол комитеттері хатшыларының сол жаңағы айтқан бөгде тілдегі дүниелерін қосыңыз. Мұның сыртында жоғары жақтан редакцияның әр ай мен тоқсан сайынғы атқарған жұмыстары туралы орысша түрде сұратқан баянхат, анықтамалары және бар. Сөздің қысқасы, Қуанышбай аға екеуміз не бітпейтін, не қоймайтын осындай жұмыстарға көмілеміз де отырамыз. «Университетті енді ғана бітірген жас жігіт қой. Десі қайтып, мұқалмасын», – дей ме екен, ол кісі алғашында жоғарыдағыдай жұмыстардың көбін өзі алып жүрді. Мен бұған қысыламын. Ұяламын. Қайткенде де бөлім мегерушісінің бір жағына шығысып, көмектесуге әрекет жасаймын. Қасынан кетпей, кез-келген сәтте жанынан табылуға тырысамын. Осындай арпалыспен жүріп, жарты жылдай уақыт өткенде ол кісі екеуміз жұмысты теңдей бөліп алып істейтін дәрежеге жеттік-ау ақыры. Бұған қол жеткізген Қуанышбай ағаның сабырлылығы, табандылығы және педагогқа тән үйретушілік қабілеті еді. Соның арқасында ол кісінің қара­мағындағы мен уақыт өте келе жоғары жаққа жіберілетін түрлі ресми құжаттарды орысша жазуға үйреніп, аударма мақалаларды тәржімелеуге тағалаған аттай болып қалыптастым. Ал бұл: «Ертең саған керек болады. Қазірден бастап осыған дағдыланбасаң, кейін тіпті қиын екенін ұмытпа», – деген Қуанышбай аға ақыл-кеңесінің пәрменділігі еді. Мен мұны ешқашан естен шығарған емеспін. 
– Халқымызда: «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді», – деген сөз бар. Сіздің жоғарыдағы лебіз, пікіріңізден мынаны аңғарғандаймыз. Ол еңбек жолыңызды енді бастаған кездегі қиналған сәттеріңізде қол ұшын беріп, қамқорлық танытқан жанға деген ризашылығыңыз. Алғысқа толы сол ақ ниетіңізді Қуанышбай аға кезінде сезіп, білді ме?
– «Лениншіл жастын» комсомол тұрмысы бөлімінде жүргенде меңгерушім ол кісі де, көмекшісі мен де газет бетінде өз шығармаларымызбен онша көп көріне алмадық. Өйткені мұнда ішкі ұйымдастыру мәселелері көп болып, уақытымыз соларға кетіп жүрді. Сөйтіп, өзіміз үшін емес, өзгелер үшін жұмыс істедік. Бірақ сондағы кеңселік өмір деп айтарлық ауыр еңбектен жинаған тәжірибенің кейін өзіме сауаттылық дәрежесі жоғары, пайдасы мол игі іс болып қайтқаны өте қуанышты. Оның шет жағасын жоғарыда сөз еттім ғой деп ойлаймын. 
Айта кетерлік жәйт, Қуанышбай ағаның қызметі өсіп, творчестволық тынысының ашылғаны басқа басылымдарға барғанда болды. Оған ол кісінің 1978–2008 жылдар аралығында «Жалын» баспасы бас редакторының орынбасары, Қазақ кеңес энциклопедиясында сектор меңгерушісі, «Ақиқат» журналы бас редакторының орынбасары, «Ғылым» баспасының директоры лауазымдарына қол жеткізгені анық дәлел. Сондай-ақ кейіпкеріміздің жеке творчествосының жанданып, жемісті көрініске ұласқаны да сол кейінгі кезең. Соның ішінен бөліп айтарымыз, ағамыздың көптен бергі аңсаған арманы – оның өзіне ғана тән үні бар ақындық ағысын оқырмандарға жеткізу еді. Міне, балаң кездегі поэзия әлеміне деп басталған сол қабілет қайнарының белгісі «Жалын» баспасында жүргенде жеке кітаптар болып шықты. Бұлар «Арман аралы», «Қош, қалқатай» жинақтары болатын. Содан соң Қуанышбай аға оқырмандарға көрнекті аудармашы ретінде де танылды. Оған мысал ретінде ол кісінің кезінде Мәскеудегі «ЖЗЛ» серия­сымен жарық көрген И.Стрельцованың «Шоқан» деректі танымдық кітбын, Г.К.Андерсеннің «Таңдамалы ертегілер» бір томдығын, Б.Шубиннің «Доктор Чехов» өмірбаяндық туындысы мен француз әдебиетінің классигі Г.Флобердің «Бовари ханым» романын шебер тәржімалағанын айтуға болады. 
...Қуанышбай аға өзі 17 жыл жұмыс істеген «Лениншіл жастан» басқа басылымға ауысқаннан кейін де біздің арамыздағы байланысымыз үзілген жоқ. Көрген жерде шұрқыраса амандасып, ақ ниет, адал көңілімізді білдіріп жүрдік. Соның бір белгісі мына мысал. 2012 жылы ағамыз 70 жасқа толатын болды. Мен ол кезде «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы едім. Аталмыш дата жақындағанда көз алдыма содан 37 жыл бұрынғы өмір суреті келді. «Лениншіл жас» газетінің редакция­сы. Онда мені жылы жүзбен қарсы алған жігіт ағасы. Екеуміздің тез тіл табысып, бір бөлмеде түсіністікпен жұмыс істеген кездеріміз. Қиын да қызықты күндер... Осыларды жүрегім елжірей еске алдым. Еске ала отырып, Алматыдағы Сәкен Иманасов ағамызға телефон соқтым. Аман-саулықтан соң: «Сіздің замандасыңыз, менің ұстазым Қуанышбай Құрманғалиев 70-ке толғалы жатыр ғой. Бір қуанып қалсын. Мерейтойлық мақала жазып беріңізші», – деген өтініш айттым. «Жазайын, – деді зор даусымен күркірей тіл қатқан ақын. – Қуанып қалсын. Жалпы жаныңда көп жылдар бойы жүрген жанды қуанту да бір бақыт екені анық».
Ол мақала жарыққа шыққандағы Қуа­нышбай ағаның телефондағы толқыған даусын естісеңіз!.. «Үлкен жігіт, ел азаматы болды деген осы! Ұмытпай, мені елеп-ескергеніңе рахмет, айналайын! – дей берді көңілі босап. Қалай ұмытамын?! Үкілі үмітке толы ол күндер есімде ғой. 80 жылдығында жақсы бір мақала жазып, ағамызды тағы бір қуанту ойымда бар еді. Бірақ қазір арамызда жоқ. Сол өкінішті.
– Ал сіздің, сіздің ғана емес, сол 70-80-жыл­­дардағы қазақ журналис­тикасы­ның үлкен бір буынының ұстазы атанған Сейдахмет аға Бердіқұлов ше? Өзіңізді алғаш рет жұмысқа алып, 14 жылға жуық тәлім тәрбие берген бұл тұлға жөнінде не айтасыз? 
– Ескертіп айтайын, ол ғазиз жан жөнінде мен айтудан да, жазудан да ешқашан жалыққан емеспін. Өмірі, шығармашылық ерекшеліктері және редакторлық ғажап қасиеттері туралы мерзімді баспасөз беттерінде бір емес, бірнеше рет қалам тартқан адаммын. Солардың ішіндегі ең қомақтысы 1992 жылдың 11 сәуіріндегі ағамыздың көзі тірі кезінде «Жас Алашта» жарық көрген «Жүрек ұйықтауды білмейді» портреттік очеркім мен хас талант өмірден өткен көп уақыттан соң, яғни, 2003 жылы 6 мамырда «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Ностальгия» атты эссем дер едім. Қайталау бол­масын, Сейдахмет аға жөніндегі менің жүрекжарды пікір, лебіздерімді оқыр­мандар міне, осы туындыларымнан тауып оқыса, сол жеткілікті шығар деп ойлаймын. 
– Дегенмен де... Ойланып көріңізші... Осы сұхбатымызда сіз бен біз «Лениншіл жас», оның сол кездегі тамаша дәстүрі мен ақкөңіл адамдары жөнінде әңгімелей отырып, бұл басылымның аты аңызға айналған бас редакторы туралы бір ауыз сөз айтпауымыз ыңғайсыз нәрсе ғой. Сондықтан... 
– Жақсы. Түсіндім. Онда мен осы сұқбат мазмұнына сәйкес келеді-ау деген төмендегі өмірлік мысалдарды айтайын. Сейдахмет аға «Лениншіл жас» газетінде 16 жыл бас редакторлық қызмет атқарды. Міне, сонда ол кісі басылымның әр нөміріндегі әңгіме, өлең, мақалалардың мазмұнды да мәнді болып шығуына, олардың тақырыптарының тартымды да тапқырлықпен қойылуына қаншалықты күш-жігер жұмсады десеңізші!.. Газетте істеген жігіттер жақсы біледі, әдетте басылымның макеті баспаханаға жіберілмес бұрын оны міндетті түрде бас редактор мұқият қарап шығуы керек. Сонда ағамыз беттердегі әлжуаздау, шипая тақырыптарды көрсе, оған қырғидай тиіп, етбеттеп жатқан олардың еңсесін көтеріп жіберетін. Бірде кезекті нөмірдің макеті әкелінгенде бас редактор тұнжырай ойланып отырды да қаламын қағаз бетіне найзағайша ойнатып ала жөнелді. Содан не болды дейсіз ғой. Бірінші беттегі «Жалындаған жас қайрат» деген жаттанды айдар «Жастықтың жанартаулары» атты экспрессиясы басым екпінді сөз тіркестерімен алмастырылды да үшінші беттегі «Қырандар қияда қаза табады» деп шұбаланқы тұрған натуралды тақырып «Жұлдыздар із тастап ағады» деген әрі ойлы, әрі мәдениетті символдық реңктегі сөйлеммен өзгертілді. Сондай-ақ төртінші беттегі «Бұлар Қазақстан спортының мақтаныштары болған» атты қарадүрсін, жаттанды рубрика да қара сиямен белінен бір-ақ тартылып, оның орнына «Сол саңлақтар қайда екен?» деген сөз тіркесімен жұтынып шыға келді де одан сәл төмендеу тұрған, мазмұны Совет Исамбаев, Әмин Тұяқов сынды жеңіл атлеттер қатарының кейінгі кезде азайып кеткендігін проблема етіп көтерген мақала «Желаяқтар желмен ығып кеткен бе?» атты нақты да жинақы атауға ие болып шыға келді. Бұл Сәкеңнің газеттің бір ғана нөміріндегі айдарлар мен тақырыптарға жасаған өзгертулері. Ал ол кісі «Лениншіл жастың» 16 жыл бойына шыққан 4 мыңға жуық санын (ол кезде бір жылдағы 362 күнде 250 нөмір шығатын – Қ.С.) осындай қаншама ойлы да ойнақы сөз тіркестерімен өрнектеуге күш салды десеңізші. Соның бәрі де бас редактордың газет қайтсе жақсы шығады, қайтсе оқырмандардың жүрегіне жол табады деген ішкі жан дүниесінің бұлқынысы болатын. 
Сұхбаттың аты сұхбат. Бұл жанрдың өз өлшемі бар. Соның бірі әңгімені әріден қайтаруға әрекет етпеу. Былайша айтқанда, кең көсіліп кетпеу. Осының ескеріп Сейдахмет аға туралы сөзімді мынадай оқиғаны еске алумен аяқтайын. «Лениншіл жасқа» жетекшілік еткен жылдарында ол кісі бөлме-бөлмені аралай әңгіме айтып жүріп-ақ әрқайсымызға бір-бір тың тақырыпты ұстатып кете баратын. Ал содан кейін ізденбей, жазбай көр. Егер өзі айтқан сол идея ойдағыдай орындалса, сол күні ол кісінің қуанышында шек болмайтын. Тура өзінің мақаласы жарық көргендей көңілденіп, редакцияға сыймай кететін. Әлі есімде, бірде біздің насихат бөліміне Сейдахмет аға бас сұқты да сол жерде бәріміз ананы-мынаны айтып, біраз әңгіменің басына су құйдық. Бөлмеден шығарында бас редактор: «Жаңа біз ғасыр пырағы Абсент туралы сөз қозғадық қой. Ал оның әкесі Араб-Қазбек айғырының Мәскеудегі 1945 жылғы Жеңіс парадына маршал Жуков мініп шыққаннан кейін біздің Жамбыл облысындағы Луговой жылқы заводына әкелінгенін білесің бе? Осы тақырыпты індете қазып көрсең қайтеді?» – деді. Мұндай тосын деректі естігенде жан қала ма? Құлан өңірі қайдасың деп ертеңінде-ақ жолға шықтым. Соның нәтижесінде, «Маршал мінген ақбоз ат» очеркі жазылып, ол көп ұзамай газет бетінде жарық көрді. Бұл Сәкең тарапынан маған айтылған бір ғана идея. Ал ондай тақырыптардың қаншасы Өтеген Оралбаев пен Жарылқап Бейсенбаевтың, қаншасы Қуаныш Жиенбаевтың қанжығасына байланғанын сұраған жанға олардың өздері де айтатын шығар деп ойлаймын. 
– Көнекөздердің айтуынша 70-жыл­дар­дың соңында республикалық газет-журналдар өмірінде бір күтпеген оқиға болыпты. Мұны сіз біледі екенсіз. Бұлай дейтініміз, өзіңіздің көп жылдардан бергі үзеңгі жолдас әріптесіңіз Жанат Елшібек: «Ол жағдайдан Жанболат жақсы хабардар», – деп нық сенім­мен айтқаны бар. Сондықтан бүгінгі жас ұрпаққа өз уақытында елге құпия болып, жұртқа тек ауызекі сөзбен ғана жеткен атал­мыш оқиға туралы айтып берсеңіз. 
– Бұл атақты ғалым Қаныш Иман­тайұлы Сәтбаевтың 80 жылдық мерейтойын баспасөзде жазып, көрсетуге бай­ла­­нысты болған оқиға ғой. Иә, 1979 жыл­дың көктемінде газет-журнал атаулы ұлт ғылымының мақтанышы – ұлы тұлға­ның сәуір айындағы туған күніне деген дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мен ол кезде әлі «Лениншіл жастамын». Сондағы ғылым және мәдениет бөлімі­нің меңгерушісімін. Айналысатын салам­ның жоғарыдағы датаға қатысы бар болған­дықтан, бас редактор өзіне шақырып алды да ғалым мерейтойына арнайы бет бере­тінімізді айтты. Сөйтті де бұған қажет тың да соңғы деректер қамтылған мазмұнды мате­риалдар бар ма екен деп мені Қаныш ағаның академияда жұмыс істейтін қызы Шәмшиябану апайға жіберді. Ол кісі әкесі туралы болашақтағы естелік кітапқа деп жинап жүрген мақалалардың ішінен үш салмақты дүниені жастар газетіне ықы­ласыпен ұсынды. Бұлар: Армения Ғылым академиясының президенті Амбарцумян мен Тәжік Ғылым академиясының президенті Асимовтың, сондай-ақ өзіміздің атақты ғалымымыз Әлкей аға Марғұланның жүрекжарды лебіздері еді. Ал біздің редакция тарапынан бұл туындыларға қазақ жерінің жұдырықтай кен тасына ойлана қарап отырған академик ағаның атақты фотограф И.Будневич түсірген келісті суреті мен М.Усов, В.Обручев, М.Әуезов және С.Вавилов секілді ілім-ғылым алыптарының дәйексөздері бар бір бағаналық топтама қосылды. 
Осының бәрі дайын болып, 12 сәуірдегі газет нөміріне бір күн бұрынғы верстка жүріп жатқанда: «Үшінші беттегі материалдар бармайды. Олардың орнына басқа мақалалар салынсын», – деген пәрмен келгені жоғарғы жақтан... Баспахананың өндірістік цехы атшаптырым аумақты алып жатқан кең жер еді. Міне, сонда «Қазақ әдебиеті», «Ленинская смена», «Қазақстан мұғалімі» және біздің «Лениншіл жас» бар бәріміз жұмыс істеп жатқанбыз. Мына хабарды естігенде не істерімізді білмей, аң-таң болып тұрдық та қалдық. 
Осы кезде цехқа «Ленинская сменаның» жауапты хатшысы Юрий Шапорев келіп кірді. Әріптесіміздің айтқаны: осыдан екі сағат бұрып Орталық Комитеттегі насихат бөлімінде шағын басқосу болған. Ондағы жиын соңында бөлім меңгерушісі Шестаков ақырын, елеусіздеу ғана газет-журналдардың академик Сәтбаевтың 80 жылдығына арнап материалдар ұйымдастырып жатқанынан хабардар екенін айтады. Сөйтеді де бұл датаны дабырайтып көрсетудің керегі жоқтығын, тек партиялық екі газет қана ғалым туралы көлемді материалдармен шықса соның өзі жеткілікті болатынын ескертеді. Сонда жиналыста отырған Сейдахмет аға Бердіқұлов: «Мұны кімнің бұйрығы, кімнің нұсқауы деп білеміз?» – дейді. Күтпеген жерден қойылған бұл сұраққа не деп жауап берерін білмеген Шес­таков бір қызарып, бір бозарады. Ақырында бар күшін жинап алғандай екпінмен: «Бас идеологтың... Имашев жолдастың», – деп сес көрсетеді сауал иесіне. «Лениншіл жастың» редакторы одан ықпайды. Қайта: «Қазір бет қатталуға жақын. Енді барып ондағы материалдарды алмастырсам, редакция қызметкерлері не дейді? Ертең сонда мақала жаздырып, материал сұрап алған адамдарға не айтамын?» – деп одан әрмен қадала түседі. Бірақ, өкінішке қарай, әділетті сұраққа әділетсіздік көрсетіледі. Сауал жауапсыз қалып, жиналыстан ел пұшаймен күйде шығады. 
«Ленинская сменаның» жауапты хатшысы осы сөздерді айтты да баспахананың белгілеген кестесіндегі уақыттан қалып қойып, айыппұл төлемес үшін өздерінің газетіндегі мерейтой материалдарын алмастыруға кірісті. Одан кейін біртіндеп біз бен басқа басылымдар да солай істей бастады. Сол сәтте цехтағы тек екі газетте ғана қалыпты жұмыс ырғағы бұзылмай жүріп жатты. Бұлар Орталық Комитет өздері рұқсат берген «Социалистік Қазақ­стан­дағы» академик Айтмұхамед Абдуллин мен «Казахстанская правдадағы» тағы бір академик Арықтай Қайыповтың көлемді мақа­лаларын басуға деген дайындық болатын. 
...Енді мына парадоксқа қараңыз. Арада 10 жыл өткен. Мен ол кезде теориялық-саяси «Қазақстан коммунисі» журналында қызмет істеп жүргенмін. Наурыз айының алғашқы аптасы еді. Тәртіп бойынша журналдың алдағы сәуірде шығатын нөміріне қажет материалдар нобайының тізбесін жасап, жоспарлауымыз қажет. «Ол ай Қанекең, Қаныш Сәтбаевтың датасы, яғни, 90 жылдық мерейтойы ғой, – деді бас редакторымыз Кәкімжан аға Қазыбаев. – Қане, кімде қандай ұсыныс бар? Тапсырыс берілетін мақалаға қай авторды тартқанымыз жөн?» 
Осы кезде бас редактордың орынбасары Төкең, Төлеубай Ыдырысов ақсақалдың ойына бір нәрсе түсті ме, білмейміз. Әйтеуір орнынан тұрды да: «Қазір келемін», – деп өз бөлмесіне қарай беттеді. Содан көп кешікпей қайта оралған ол кісі басшымыздың алдына бір көлемді мақаланың баспаханалық нұсқасы – верстка гранкасын әкеліп қойды. «Мына туындының менің столымдағы тартпада жатқанына тура 10 жыл болды, – деп бастады қария әңгімесін. – Бұл академик Ебіней Букетовтің өзінің атақты ұстазы Қанекең жөніндегі мақаласы. Көзі тірісінде осы біздің «Қазақстан коммунисі» журналы үшін арнайы жазған еді. 1979 жылғы сәуірде Сәтбаевтың 80 жылдығына орай шығып бара жатқан жерінен жоғарыдан пәрмен келіп, нөмірден алынып қалған». «Қане, – деді таңғалған Кәкең алдындағы гранканы қолына алып. – Қазір енді басқа уақыт қой. Ебекеңнің ешқайда жарияланбаған бұл мақаласына шағын түсініктеме беріп, арнайы аңдатпамен айғайлатып тұрып басайық. Рахмет, Төке! Мынауыңыз Қанекең тойына біздің басылым атынан ғажап сый болды. 10 жылдан кейін оралған олжа емес пе, бұл. Мерейтойға бұдан артық қандай материал керек?!»
Иә, өмір-ай десеңізші... Кеше анадай жағдай орын алып еді. Енді бүгін мы­­надай тірлік. Басқа көзқарас. Өзге ұстаным. Заман, уақыт қалай құбылады, ә... Бірақ өз кәсібіне адал, аса ұқыпты Төлеу­бай ақсақалдың арқасында әйгілі академик хақындағы әйгілі ғалымның жазған мақаласы 10 жылдан кейін «Қазақстан коммунисі» журналында аман-есен жарық көргеніне мына біз куәміз. Оқып көруге ынталы жандар болса, оны аталмыш басы­лымның 1989 жылғы 4-ші нөмірінен табуларына болады. 
– Осы сұхбатымызда баспасөзге байланысты өзіміз қозғар тақырыптардың өзге де қырларына назар аударып отырсақ деген ой бар. Мәселен, қазіргі газет-журналдар­дағы жанрлар. Басылым атаулының архитек­тони­калық ұстыны болып табылатын олардың қай баспа өнімдерінде де өзіндік орны бар екені анық. Ендеше солардың ішінде бұл күндері қайсы жанр ескіріп, тозды? Өз мүмкіндігін тауысты деп ойлайсыз. 
– Фельетон. Иә, бір заманда аты аспандап, даңқы жер жарған ол қазір газет-журнал беттерінде көп көрінбейді. Көрінсе де ара-тұра ғана. Дәрменсіз. Және... Пәрменсіз. Жоқ деуге болады. Еске түсірейік, оның дамып, шырқау шыңға шыққан шағы кешегі кеңестік кезең-тін. Сонда одақта «Крокодил», ал КСРО құрамындағы 15 республиканың бәрінде жекелеген сатиралық басылымдар болды. Біздің Қазақстанда ол «Ара» – «Шмель» деп аталатын. Ал, Өзбекстанда – «Муштум...» Осылай кете береді. Олардың міндеті – сол кездегі масылдық, алаяқтық пен алыпсатарлық және көзбояушылық көріністерін орын алған оқиға мен анықталған фактілермен қоса уытты тіл, сайқымазақ суреттер арқылы жалпақ жұртқа жария етіп, әшкерелеу-тін. Фельетонды жазу үшін оған арнайы маманданған қалам иелері болды. Олар мәселен, одақтық «Правда» газетінде И.Шатуновский, біздің республикалық «Социалистік Қазақстанда» Н.Муфтахов, ал «Ара» – «Шмельде» Г.Мельцер сияқты кәсіби журналистер еді. Міне, елдің редакцияға жазған түрлі арыз, шағым-хаттарын тексеруге барған олардың қаламы ұшына іліккен облыстық, аудандық деңгейдегі басшылар мен трест, зауыт, фабрика және кеңшар директорлары орындарынан алынуға дейін барып, репутацияларына оңбай нұқсан келетін. 
1991 жылы кеңестік жүйе ыдырады. Осыдан соң заңның да, заманның да өзгеруі кім-кімге де түсінікті жағдай. Ел бүгін енді басқа ұғым-түсінікпен жұмыс істеуде. Соған сәйкес сын, сатира атаулының өткірлігі кеміп, пәрменділігін жоғалта бастады. Бұған себеп, Батыс өмір салтына ие ашық қоғам, жекеменшік психологиямен астарлас нарықты экономика, сонымен қатар осы айтылғандарға қатысты демократиялық ұстаным мен сондағы құқықтық аспектілер. Қоғамның осындай жағдайында сын, сатира, оның өткір формасы фельетон жазу үшін біздің әріптестерімізге енді қиын да күрделі талаптар үдесінен көріне білуі керек болды. Соның біріншісі, жан-жақты деңгейдегі сауаттылық мәселесі. Бұрын қандай еді? Ол уақытта мемлекет мүлкіне қол сұғып, ішіп-жеп қойған, моральдық тұрғыдан азғындаған басшылар мен сөйлеген сөзі көп, бітірген ісі жоқ бишігештерді қолыңдағы нақты факт негізінде қалай сүмірейтіп суреттесең де ол өз еркіңде болатын. Өйткені, айтылып отырған кезеңде біз сөз етіп отырған кеңестік қоғам Адам құқықтарын қорғау жөніндегі 1949 жылғы Женева конвенциясына қосылмаған-тын. Сондықтан фельетон авторлары өзі сынап-мінеп отырған жанның ар-намысына тиетін неше түрлі сөздер айтқанымен, ол, яғни, кейіпкер заң орындарына шағымдана алмайтын. Ал қазір еліміз Адам құқықтары жөніндегі көптеген халықаралық ұйымдарға мүше. Фельетонда сыналған адам мақаладағы жұмыста жіберіп алған кемшілігі емес, ондағы өзінің жеке басын сөз еткен жағымсыз бір жәйтті көзі шалып қалса айғай-шу көтереді. Ар-намысыма тиді деп газетті сотқа береді. Бұлай етуге қазіргі заманда оның толық хақысы бар. Осыдан кейін біз сөз етіп отырған жанрға жолап көр... 
Екінші, бұрын баспасөз бетіне шыққан фельетон секілді сын материалдарға байланысты тиісті орындардан редакцияға жауап келетін тәртіп бар-тын. Қазір ол жоқ. «Неге?» – дейсіздер ғой. Сыналған өндіріс, шаруашылық немесе ірі холдинг, фирмалардың адвокаттары жақсы біледі, біздің тәуелсіз еліміздің бұрынғы «Баспасөз туралы Заңында» жоғарыдағыдай мәселені міндеттейтін бап жоқ. Тек сөз етіліп отырған құжаттың бір жерінде газет-журналдардағы көтеріліп отырған мәселенің ауқымына қарай сынға жауап беруге де, бермеуге де болады деп елеусіздеу айтылған екі ұшты сөз тіркесі бар. Осыдан жақсы хабардар компаниялар мен фирма немесе агрокешен заңгерлері сынға жауап беру жөніндегі редакция талабына: «Өз заңдарыңызды өздеріңіз білмейсіздер ме?» – деп газет басшыларына күле қарайды. Содан кейін фельетон, сын жазып не азап? 
Кәсіби маман менің ойымша бұл мәсе­ле­дегі ең дұрыс нәрсе мына төмендегідей әдіспен әрекет ету керек сияқты. Қазір кемшілікті дәлелдеп, соның түбіне жетуге тырысу, сөйтіп пәленбай беттік әш­кере фельетон немесе сын жазамын деу бекершілік. Себебі ол қалың шөп арасына түсіп кеткен инені іздеп, әуре болумен бірдей. Мәселенің ұштығына жетіп болмайсың. Бұл бағытта соңғы 20 жыл бойына бір кісідей еңбектенген адам Геннадий Бендицкий секілді азамат-ақ болар. Ақыры бұл әріптесіміз де көлеңкелі көп жағдайды жеріне жеткізіп жаза алмай кетті. Сондықтан егер қиянатты, көргенсіздікті, тойымсыздық пен енжарлық және бойкүйездікті бұлтартпай дәлелдейтін құжат, сурет, бейнематериал болса, соларды газет-журналдарға шыңғырған шындыққа толы шағын анықтамалық мәтінмен «Фотоайғақ», «Фотоайыптау» немесе «Фотофакт» және «Фотоқұжат» атты айдарлар аясына соларға қатысты суреттерді аямай беруді дағдыға айналдыру керек. Сонда бұлар сатираның өткір формалары – сын мен фельетонның орнын толтырары анық. Өмірдегі оспадарлықтармен осылай күрескенде ғана газетті сотқа беру, журналистерге қоқан-лоқы көрсету азаяр ма еді, қайтер еді деп ойлаймын. 
– Журналистика – түрлі жұмыс үдерісіне толы өзінше бір үлкен әлем. Мұнда қадалып отырып мақала жазу, редакциядағы автор материалдарын жан терің шығып қорыту, ресми ақпараттарды аударуға үздіксіз машықтану, өзің жұмыс істейтін бөлімдерден баспаханаға баратын қай дүниеге де стиль грамматика және пунктуация тұрғысындағы талаптарға сай жауап беру оңай шаруа емес. Бұл үдерістерге редакцияға жаңа қабылданған жас маман біртіндеп қалыптасады. Шығармашылығын да солай, ақырындап алға жылжыту арқылы жүзеге асырады. Айтыңызшы, сіздің газетте істеген ұзақ жылғы өмір тәжірибеңізде жоғарыда айтқандай емес, бұл бағытта басқа жағдайлар да болды ма? 
– Иә, болды. Сұрайын дегенің бірден танылған әріптесіміз кім деген ой ғой. Ол ел қазір: «Е, бұл ана журналист-ау шамасы», – деп елеңдей күтіп отырған сол кездегі жас есімдер біздер емеспіз. Және біздерден бергі аттары танымалдар деп те айта алмаймын. Өйткені «Лениншіл жастағы» жұмысқа біздер де, бұлар да бәріміз біртіндеп қалыптасқанбыз. Елге уақыт өте келе көрініп, танылғанбыз. Ал, бірден жарқ ете түсіп, редакция басшылығының назарын өзіне жалғыз мақаласымен аударған жанды айтайын. Менің ұғымымдағы ол – Ертай Бекқұлов. Иә, сол жігіт. «Қалай болды?» – дейсіздер ғой. Айтайын. 
1978 жылдың қысы. Таңертеңгілік мезгіл. «Лениншіл жас» газетінің редакциясы. Бөлмеде алаңсыз жұмыс істеп отырғанбыз. Бір мезетте сырттағы дәліз жақтан топырлаған аяқ дыбысы естілді. Іле-шала оған дабыр-дұбыр еткен адам дауыстары қосылды. Сөйтсек бұл ҚазГу-дің журфагынан өндірістік практикаға келген ІІІ-курс студенттері екен. Мұны біздің ғылым және мәдениет бөліміне сөйлей кірген жауапты хатшы Серік Әбдірайымов ағамыздың асығыс жүрісінен аңғардық. Тез де екпінді қимылынан танбаған ол кісі жанындағы студентті: «Аты – Ертай. Фамилиясы – Бекқұлов», – деп қысқа ғана таныстырды. Сөйтті де біздің оған бас-көз болуымызды қатаң тапсырып, сырттағы өзін күтіп тұрған топпен келесі бөлмеге беттеді. 
Байқап қараймыз, практикант жігітіміз алғашында бәрімізге тым ұяң әрі бұйығы сияқты болып көрінді. Бірақ уақыт өте келе оның ұстамды да ұқыпты студент екенін байқадық. Айтқан ақыл-кеңесімізге ойлылықпен қарайды. Берген тапсырмамызды тез ұғып, сол сәтте орындап тастауға құштар-ақ. Осылайша ол бір ай ішінде игерілуге тиіс өндірістік тәжірибе жұмыстарынан өз ретімен өте бастады. Олар: бөлімге келген оқырман хаттарына жауап жазуға машықтану, күнделікті жасалатын газет макеттерін сызуға қатысу, баспаханадағы корректорлар жұмысын көзбен көріп, олармен бірге бет оқуға жәрдемдесу секілді үдерістер еді. 
Осылармен қатар студент редакциядағы практикадан өтіп жүрген кезінде өзі жеке бір мақала жазып, оны газетке жариялап үлгеруі тиіс болатын. Соған байланысты тапсырма алғанда біз Ертайға төмендегідей ақыл-кеңес бергеніміз есімізде. Ол ғылым мен мәдениет өкілдері арасындағы өзіне керек тақырыпты таңдағанында бұрын әлденеше рет жазылып жауыр болған аты белгілі адамдар емес, тың да соны ізденіске ие жаңа есімдерді табу туралы талап еді. Ал бұған сол кездері негіз де, мүмкіндік те толық бар болатын. Өйткені, өзіміз сөз етіп отырған 70-жылдары республика Ғылым академиясы жанындағы 24 зерттеу институттары мен Алматыдағы 15 жоғары оқу орындарының кафедра, лабораторияларында еңбек ететін жас ғылым өкілдерінің алға ұмтылысы ерекше-тін. Өкінішке қарай, радио мен телевизия және баспасөзіміз бұған онша мән бермей жүрді. Бұрынғысынша ақсақал академиктер жөнінде мақалалар жазып, қарт профессорлардан сұхбат алуды жалғастырып жатты. Біздің ойымыз осы трафаретті бұзу еді. Яғни ел астанасының ғылыми орталықтарында еңбек ете жүріп, математика мен физика, микробиология және сейсмология салаларында жаңалық ашқан, бірақ үлкен ғалымдардың көлеңкесінде қалып қойған жас ғылым өкілдерін жұртқа таныстыруға қадам жасау болатын. 
– Түсіндім, – деді Ертай жоғарыдағы әңгімемізді зейін қоя тыңдағаннан кейін. – Сіздер айтқан кейіпкерге лайық талант иелерін іздейін. Табуға тырысайын. 
Арада екі жетідей уақыт өтті-ау деймін. Сол шамада студент-практикантымыз алдымызға бір мақаланы әдеппен әкеліп қойғаны. Көп жылдар өтсе де ұмытқаным жоқ, материалдың бас жағында «Бэла» деген тақырып тұрған еді. Сосын ол көп студенттер секілді қолмен жазылған нәрсе емес-ті. Журфактың «Баспасөз» кабинетінде студенттер қол жаттықтырып үйренетін оншақты машинка тұратын. Міне, мына дүниені ол маржандай етіп сол «Лиственница» жазу аппаратына бастырып әкеліпті. Тасқа басылған деп айтарлық мұндай мақалаға қалай қызықпассың?! Ынталылықпен көз жүгіртуге қалай көңілің аумасын?! Дереу оқуға кірістік. Сондағы бірінші байқағанымыз, суреттеме-очерктің сауатты, мазмұнды, сюжетінің қызықты оқиғаға құрылып, өте тартымды жазылғандығы еді. Ол көп шәкірт, үйренушілер сүрінетін үтір, нүкте немесе байқамай жіберіп алатын әріп қателерінен ада болып шықты. Содан соң, мұны жазған студент-стажер емес, одан қолтаңбасы қалыптасып үлгерген жас қалам иесінің стилі байқалды. Демек, мектеп пен университеттегі алғашқы кезінен бастап ол осыған бейімделген. Машықтанған. 
Екінші, сөз етіліп отырған мақаладағы объект пен факт мәселесі. Материалдың архитектоникалық скелеті, яғни, ұстыны болып есептелетін олар өте дұрыс таңдалған және сәтті табылған. «Неге?» – дейсіздер ғой. Алдымен, мұның бөлім жүктеген тапсырма талабынан шыққандығы. Иә, кейіпкер біз ойлаған жас ғылым өкілі. Физик. Ғылым кандидаты. Содан соң оның аз ғана жылдар аралығындағы қол жеткізген жетістігі. Ғажап! КазГу-дің физика факультеті лабораториясындағы бір топ ғалымдармен жүргізген зерттеу жұмысының нәтижесінде Бэла Ахметова одақтағы ең жоғарғы марапатқа ие болған. Ол – КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты деген атақ! 32 жасында!! Иә, небәрі осындай жас мөлшерінде!!! Газетке осыдан артық қандай кейіпкер керек?! Сол кездегі ілім-білімге құмартқан қазақ қыз-жігіттеріне бұдан басқа нендей үлгі-өнеге қажет?!
...КазГу-дің ІІІ курс студенті Ертай Бекқұловтың «Бэла» атты мақаласы «Лениншіл жасқа» міне, осылай шыққан еді. Редакцияда өтетін апталық лездемеде материал үлкен мақтауға ие болды. Газет басшылығы тарапынан ол аппараттағы көшке ілесе алмай сүрініп-қабынып жүрген кей қызметкерлерді қайрау үшін үлгі етіп айтылды да. Осы дүниесі арқылы автор өз фамилиясын сол уақыттағы жастар бас­па­сөзі бетінде орнықтырып үлгерді десек, бұл артық айтқандығымыз емес. Мұны 80-90-жылдардағы Сейдахмет Бердіқұлов, Сарбас Ақтаев секілді редактор ағаларымыздың ілтипатынан аңғаруға болады. Бұған университетті бітірген соң Сейдахмет ағаның солтүстікке жолдама арқылы аттанған Ертайды тауып алып, республикалық «Лениншіл жас» газетінің Қостанай, онда еңбек еткен төрт жылдан соң Шымкент облысына меншікті тілші қызметін атқаруға сенім білдіргені анық дәлел. Ол уақытта мұндай қамқорлық көп кадрларға көрсетіле бермейтін. Содан соң әріптес ініміз Сарбас ағаның басқаруындағы Парламент үні болған «Халық кеңесі» басылымының Оңтүстік Қазақстан» өңірі бойынша өз тілшісі қызметін атқарды. Осы газеттерден кейін ол «Оңтүстік Қазақстан» басылымында бас редактордың орынбасары болып жақсы жұмыс істеді. Оларда жұрт сүйсініп оқитын талай мазмұнды мақалалары шықты. Оның сол, солардағы шығармашылық жетістіктерін бір мысқал да кемітпей отырып, бәрібір «Бэла» суреттеме-очеркін ұмыта алмаймын. Себебі ол кез студент-практиканттың 19-дан енді асқан, ал «Лениншіл жас» бөлім меңгерушісі болып қызмет істеп жүрген менің 26-дағы қызықты жастық шағымыз болатын. Және сөз етіліп отырған аталмыш дүние – «Бэла» образды түрде айтқанымызда, Ертайдың журналистикадағы қауырсын қаламымен өмірге келіп, республикалық баспасөзде бәрімізді түгел мойындатқан тамаша туындысы еді. Міне, болашаққа деген ақ жолын ашып, жұртқа танытқан жалғыз ғана мақаланың күш-қуаты қандай?! Менің газетте жұмыс істеген ұзақ жылдардағы көз­бен көріп, көңілге түйген бір өмірлік нақты мысал осындай. 
– Жоғарыдағы әңгімелерде сіз қазақ жур­на­лис­тикасындағы бұрын көп сөз болмаған жәйттер туралы айттыңыз. Сондай-ақ га­зет­тегі ұстаздарыңыз жөнінде, олардың адам­­гершілік пен азаматтығына байла­ныс­ты жан толқытарлық істерін де ерекше бір сүйіс­пеншілікпен сөз еттіңіз. Замандас­та­­рыңыздың жақсы қасиеттері де назардан тыс қалған жоқ. Осылардың бәрі кейінгі буынға үлгі, өнеге. Және тәлім, тәрбие. Енді өзіңіз, өзіңіз болғанда да газеттегі қыз­ме­тіңіз­дегі бүгінгі ұрпаққа тағылым, тә­жірибе боларлық мысалға ие бір-екі сұраққа жауап алғымыз келеді. Ол: «Сіздің өмір бойғы жаз­ған жүздеген мақалаларыңыздың ішінде мем­лекеттік деңгейдегі мәселелерді көтеріп, ондағы көкейтесті тақырыптардың билік тарапынан дұрыс шешімін тапқан қуанышты сәттер болды ма? Болса газет үшін де, ел үшін де нәтижелі әрі абыройлы аяқталған олар қан­дай материалдар еді деп айтар едіңіз?». 
– Әңгімеміз ұзарып барады. Сондықтан елді жалықтырмай, қысқа-қысқа қайырып айтайын. Алғаш рет республика көлемінде қуатты пікір туғызып, соның негізінде мемлекеттік деңгейде шешімін тапқан мақалам ол Аягөз өңіріндегі Қозы Көрпеш-Баян сұлу кесенесінің адам аярлық мүшкіл халі туралы материалым-тын. Бұл 1975 жылдың 16 қыркүйегі болатын. Онда мен «Лениншіл жастың» 24 жастағы кіші әдеби қызметкері едім. Сол дүниедегі келтірілген оспадар фактілер елдің намысын оятып, жұртшылықты дүр сілкіндірді. Нәтижесінде, екі айдан кейін, Семей облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Мағжан Орынбаевтан (Әкежан Қажыгелдиннің әкесі – Қ.С.) редакцияға хат келіп, «махаббат мавзолейінің» бұдан былай көлденең көк аттылар мазағына ұшырар жер болмайтыны, қатаң бақылауға алынып, қорғала­тыны, 10 жылға кешенді жоспар жасалғаны жөнінде хат жібергені бар. Ол сол жылдың желтоқсан айында газетте жарияланды. Аталмыш атқарушы орган сөзінде тұрды. 1975–1985 жылдар аралығында онда ежелгі ескерткіш аумағын қоршау, абаттандыру, туристер жүретін жиек жол салу секілді көп жұмыстар жүзеге асты. Ең бастысы ежелгі ескерткіштер тізіміне енгізілді. Егер қазір: «Қозы Көрпеш-Баян сұлу кесенесі өткен ғасырдың 70-жылдарындағы вандализмнен қалай аман қалды?» – деген сұрақ туындаса, онда оған: «1975 жылғы «Лениншіл жаста» жарияланған мақаланың негізінде облыстық атқару комитеті мен республика Мәдениет министрлігіндегі тиісті бөлімдердің нақты іс-қимыл жоспарының әсері болды», – деп жауап беруге негіз бар. 
Өзім жұмыс істеген газетке дәл жоғары­дағыдай атақ-абырой сыйлаған екінші мақалам деп 1999 жылдың 1 қаңтарындағы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Халық ала алмаған қамал» атты туындым дер едім. Ол кезде 47 жасқа толып, аға басылым бас редакторының орынбасары қызметіне жаңа ғана кіріскен кезім-тін. Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы табалдырығын аттаған беттегі есіме келген алғашқы ой: «Рейхстаг қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев пен оны соғыстан кейін бірінші болып тауып, елге таныстырған Кәкімжан Қазыбаевтың еңбегін қалай, қайтіп жалғастырсам?» деген мәселе болды. Өйткені, Кәкең, Кәкімжан аға бұл тақырыпқа қатысты 30 жыл бойы жазып, жинақтаған құжаттарын өзі өмірден өтерінің алдында маған аманат етіп беріп кетіп еді. «Кірісудің кезегі енді келді, уақыты кетті», – дедім сонда ішімнен. Сөйттім де Рахаңның, 75-ке толатын мерейтойлық датасын пайдаланып, оған Халық қаһарманы атағын беру туралы мәселе көтердім. Бұл пікір-ұсынысты халық құптады. Қолдады. Редакцияға келген ондай мазмұндағы хаттарды «Егемен Қазақстанға» ай сайын топтап бердік те отырдық. Нәтижесінде, Мемлекеттік хатшы Әбіш аға Кекілбаевтың алға жылжытуымен Рахымжан Қошқарбаевқа жоғарыдағы атақты беру туралы Елбасы Жарлығы шығып, әділеттіліктің 54 жылдан кейін барып қалпына келгені бар. 
Ал келесі үшінші жетістік ол өздеріңіз білесіздер, осы «Ана тілі» апталығындағы 2020 жылдың 24 желтоқсанында шыққан «Біздің балалық бейнеміз» атты мақаламдағы көтерілген мәселенің нәтижелі аяқталуы. Онда көрнекті жазушы Бердібек Соқпақ­баев­тың «Менің атым Қожа» шығармасы кейіпкеріне ескерткіш орнату туралы бастама көтерген едім. Мұндағы мақсат – әлемнің өркениетті елдерінде бар үлгілі үрдістен біз де қалып қоймайық деген ой болатын. Расында, көз алдымызға елестетіп көрейікші!.. Атақты американ жазушысы Марк Твен хикаятындағы Том Сойер мен Гекльберри Финге АҚШ-тың Миссури штатында, Корней Чуковский өлеңіндегі Айболит атайға Литва астанасы Вильньюсте, Ганс Кристиан Андерсен ертегісіндегі Су перісі кейіпкеріне Дания елі орталығы Копенгагенде, Алексей Толстой шығармасындағы Буратиноға Ресейдің Самара қаласында ескерткіш орнатылған ғой. Ал жазушы Бердібек Соқпақбаев туындысындағы бәріміз білетін және жақсы көретін кішкентай Қожа бейнесінің скульптура өнеріндегі көрінісі бізде неге жоқ? 
Газеттегі бұл идеяны Президенттің сол кездегі Баспасөз хатшысы Берік Уәли бірден түсінді. Сөйтіп, осы әріптес ініміздің алға жылжытуымен аталмыш бастама Президент, Мемлекеттік хатшы, Үкімет Төрағасының орынбасары тарапынан оң шешім тапты. Астана қалалық әкімдігіне ескерткіш эскизін жасау мен оған қажет қаржы табуға тапсырма берілді. Сөйтіп, 2022 жылдың 1 маусымында елордада әдебиетте де, кино өнерінде де бүкіл халықтық сүйіспеншілікке бөленген «Менің атым Қожа» повесі кейіпкеріне арналған ескерткіш бой көтерді. Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай ашылған өзіндік мазмұнға ие өзгеше скульптуралық туынды қазір Астананың «Жетісу» саябағында тұр. 
– Әңгімеңізге рахмет! 
– Амандық болсын. Жақсы күндерде жолығайық!

2127 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы