• Cұхбаттар
  • 16 Наурыз, 2023

Мақсат Алпысбес, тарих ғылымының докторы, профессор: Шежіре – қазақтың тарихи жады

Ұлы дала өркениеті ұрпақтар сабақтастығының бірден-бір құрамдас бөлігі – қазақ шежіресі. Бүгінде кей қазақтың шежіреге қатысты пікірі екіге бөлініп тұр. Бірі оны ұлт құндылығына баласа, екіншісі елді жік-жікке бөліп, рушылдыққа әкелетінін айтып жүр. Шежіре қазақта бұрыннан бар ма еді? Әлде ислам дінімен бірге келді ме? Оның тарихтағы маңызы қандай? Осы жөнінде тарих ғылымының докторы, профессор, шежіретанушы Мақсат Алпысбестен сұрап-білдік.

– Қазақтың шежіресі туралы айтқан кезде көпшілік көбінесе жеті атамен ғана шектеліп қалады. Жалпы негізі ғылыми тұрғыда алғанда шежіре деген өте кешенді ұғым ғой. Ең алғашқылардың бірі болып шежірені зерттеген қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов айтқандай, қа­зақтың шежіресі қазақтың ру-тайпа­ларының тарихын, олардың үлкенді-кішілі жолын суреттейді. Жалпы шежіре мәдениеті қазақ халқында бұрыннан бері бар ма?
– Бұл ертеден бар дәстүр. Бірақ ерекше дамыған кезі, біздің ойымызша, Алтын орда тұсында. Соның ізімен Әблхайыр хандығы қалыптасып, оның ішінен қазақ ру-тайпаларының одағы жаңаша өзіндік қазақ салт-дәстүрін қалыптастырды. Ол дәстүрдің негізіне бұрыннан келе жатқан түркі салт-дәстүрі алынып, мұсылман құндылықтарымен толықтырылды. Мысалы, біздің қазақ халқына ислам діні Қарлұқ қағанатының тұсында келген. Ол кезде түркілерге дін исламды күштеп насихаттап енгізуге тырысса да, енгізе алмас еді. Өйткені олар даланы мекендеген, атқа қонған жауынгер халық болды. Олар ислам дінінің түркі өркениетіне үндесетін тұстары көп екенін аңғарып, саналы түрде қабылдады. Мысалы, сол кездегі біздің ұлтты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз еңбектерінде «Арғы қазақ заманы», Шәкерім Құдайбердіұлы «Қазақтың қазақ аталмай тұрған заманында» деп жазады. Яғни қазақтың қазақ аталмай тұрғанында жасаған қазақтың ата-бабаларын да қазақ деп қабылдауымыз керек.  Ол заманда жасаған ғұламалар бізге қандай мұра қалдырды? Мысалы, Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегінде тұнып тұрған шежіре, тарих, түрік аңыздары мен әпсаналары, түрік этнографиясы мен географиясы да, картасы да қамтылған. Жүсіп Бала­сағұнидің «Құтты білігі», Қожа Ахмет Ясауидің «Даналық кітабын» алсақ та болады. Бұның барлығы түркі құн­ды­лықтары мен ислам мәдениеті құн­ды­лықтарының ұштасуынан туған еңбектер. 
Мұхаммед пайғамдардың (ғ.с.ғ) өмір тарихына назар салсақ, бір адам пай­ғамбардан (ғ.с.ғ) ислам дінінің парызын сұрайды. Сонда пайғамбар (ғ.с.ғ) мұсыл­ман­дықтың парызынан бұрын, шартын білу керек екенін айтқан екен. Шарт­тары ретінде қайырымдылық жасау, туған-туыспен қарым-қатынасты сақ­тауды атаған. Осы тұсы қазақ хал­қының шежіресіндегідей туыстық қаты­насқа берік болуға үндейді. Бұл туыс болып қана жікке түсіп, бір рудың күйін күйттеу емес, өз туыстарыңның, руың­ның шығу тегін біліп, сол арқылы ұлттың тарихын түгендеу деген сөз. Біз қазақ ру-тайпаларының құрамындағы әртүрлі әулеттердің қалыптасу тарихын біл­мейтін болсақ, жалпы ұлттық та­рихқа деген түсінікті қалыптастыра алмаймыз. 
Кешегі Кеңес үкіметі заманын­да қызыл террор орнап, боль­ше­виктік билік келген кезде қазақ ше­­жіресін зерттеген Мұхамеджан Тыныш­баевты, «Қазақ шежіресі» кітабын жазған Шәкерім Құдай­бер­діұлын, қазақ тарихын зерттеумен щұғылданған Санжар Асфендияровты, Халел Досмұхамедовты, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлын қуғын-сүргінге ұшы­ратып, атып тастады. Бұлардың барлығы қазақ тарихын зерттеген адамдар. Сонда мұның ар жағында қазақ халқы өзінің тарихи жадынан айырылсын деген ниет тұр. Себебі тарихтың өзегін құрайтын нәрсе – тарихи жад.
– Еңбектеріңізде «Шежіре» сө­зінің қалыптасқан энцикло­педия­ларда дұрыс жазылмағанын атап өтесіз. Бұл қалай болғаны?
– Әдетінде, бізде алғашқы қалып­тасқан теріс түсініктерден болар, көптеген энциклопедиялар «шежірені» араб сөзі деп түсіндіріп жүр. Бұл қате. Өйткені бұл арабтың «шаджарад» деген сөзіне сырттай ұқсас болғанымен, арабтың сөзі емес. «Шежіре» деген – түркінің төл сөзі. Оны дәлелдеудің қиындығы жоқ. Мен көптеген мақалаларды қарастырдым. Сонда көз жеткізгенім: ең бірінші «шежіре» деген сөзді қолданып, бізге жазба үлгісінде көрсеткен – Махмұд Қашқари. Махмұд Қашқари Асқар Егеубаевтың аудармасымен шыққан «Диуани Лұғат ат-түрік» еңбегінің алғы­сөзінде бұл кітапты қандай мақсатпен жазғанын атап өтеді. Сонда кітапты жазғанда бұрынғы жыр-дастандар, әртүрлі өлең үлгісіндегі мысалдар мен сежрілерді пайдаланғанын жазады. Сол «Сежрі» деген сөз – «шежіре» сөзінің оғызша үлгісінде айтылған сөз. Қазақ тілінде жалпы түрік тілінің үш сөздігі бар деп білуге болады. Олар: батыс түрік (қыпшақ), шығыс түрік (оғыз, моғол, қимақ сөздері) және кейіннен қалыптасқан өзіміздің қазақ сөздігі. Соның ішінде «шежіре» деп біз қазақша және қыпшақша үлгіде айтамыз да, ал оғыз тілді түркілер, оның ішінде түркімендер мен әзербайжандар «седжре» деп сөйлейді. Бұл Махмұд Қашқаридің «сежрі» сөзімен үндесіп тұр. Қазақтар мен татарлар «шежіре», башқұрттар «шажара», қырғыздар «санжра» дейді. Осының өзі шежіре дәстүрі бір қазаққа ғана емес, жалпы түркі мәдениетіне тән екенін көрсетеді. «Шежіре» сө­зінің мағынасы «жады» дегенді біл­діреді. Сонда ол қандай жадыны тарқатып тұр? 
Біріншісі – тарихи жадының өзі, бірақ ол түркі халықтарында ата тарату дәстүріне негізделген. Яғни түркілер тарихты қалай сөйлететін болған? Жеті аталарын тарамдай отырып, жеті атасында болған әртүрлі тарихи тұлғалардың мысалдарын келтіріп, олардың өмірбаянын үлгі-өнеге етіп, тарихты қалыптастыратын болған. Өйткені тарих деген ұғымның өзі қазақ халқына ежелгі уақытта ұғымдық тұрғыда тән емес. Себебі ол да кірме сөз ғой. «Тарих» – араб сөзі. Тарих деген – хронология. Ал қазақ халқы ХХ ғасырда ғана еуропалық жыл санауға көшті. Сонымен қатар «Хиджре» жыл санауы бар. Оны Махмұд Қашқари, Мұхаммед Хайдар Дулати сынды басқа да біздің түркі мұсылман ғұламалары білді және пайдаланды. Бірақ бұл дала қазақтарының пайдаланған жыл санауы емес. Себебі біздің өзіміздің төл күнтізбеміз – он екі жылдық мүшел. Мәшһүр Жүсіптің еңбектерін қарасаңыз, «Мен өзі қой жылы туған адаммын» деп жазады. Яғни бізде тізбектелген жыл санау болған жоқ, біздің жыл санауымыз – он екі жылдықпен шектелетін, сосын қайтадан басталып отыратын ырғақты жыл санау. Сондықтан ата-бабаларымыз тарихты баяндаған кезде «Абылай ханның тұсында», «Кенесары ханның заманында» деп тарихи тұлғалардың дәуірімен, «Ақтабан шұбырынды» деген сияқты тарихи оқиғалармен байланыстыратын болған. Себебі «Ақтабан шұбырынды» деп 1723 жылы болған оқиғаны, сонымен қатар жалпы қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы тұрған жаугершілік заманының ортақ аты деп түсінуіміз керек. 
– Бүгінгі таңда кей адамдар «Шежіре керек жоқ, ол қазақты жікшілдікке бас­тап, ауызбіршілігін құртады» деген сияқ­ты пікір айтып жатады. Бұған не дейсіз?
– Шежіреден бас тарту – ұлт тарихынан бас тартумен бірдей нәрсе. Біз тек қана сауатты ашуымыз керек. Ру-тайпаңды білу өз қаныңа тарта беру емес, ол сенің қазақ ұлтына қалай қосылатыныңды, қазақ тарихынан қандай орын алатыныңды анықтаудың жолы. Екіншіден, бүгінгі таңда қала ішінде адаспай жүру үшін, көше атын анықтап, үй нөмірін береміз ғой. Ал қазақ даласында бұрын ондай нақты мекенжай болмаған. Сондықтан қазақ даласында ру-тайпалар сол мекен­жай­дың, қай атаның баласы екенін анықтайтын рөлді атқарды. Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай дегендер содан шыққан. 
Ұлттық тарихты зерттеу жалғасып жатыр. Кеңес үкіметі тұсында қазақ тарихын тек партиялық сипатпен, орыс үкіметіне жағумен көрсетті. Ол дәуірлердің бәрі келмеске кетті. Енді бізге тарихты жан-жақты білу керек. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбектерін қарайтын болсақ, ол қазақтың үш жүзін аралап, қаншама қазақ шежіресін жинаған. Ол бұл туралы қолжазбаларында «қазақтың баласы ауызбіршілігінен айырылып қалмас үшін», «шілдің боғындай тозып, өз арасындағы туыстық қатынастарын ұмытып кетпес үшін», «өз қасиетті ата-бабаларының жерінде жүріп, жетімнің күнін кешпеуі үшін» жазғанын жазады. Яғни Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шежірені қазақ жікке түсуі үшін жи­наған жоқ, керісінше, қазақтың ауыз­біршілігін, ынтымағын жарастыру үшін жазды. Сондықтан шежіре қазақты жікке салады, рушылдықты қоздырады деген бөтен ниеттен қашуымыз керек.
Шын мәнінде, шежірені әртүрлі ғұламалар зерттеген. Жасыратыны жоқ, оның ішінде Ресей ғалымдары да болды. Ал Ресей ғалымдараның ниеті қандай еді? Бірден айтайық, Ресей ғалымдары қазақтың тарихын жазып берейін деген ниетпен зерттеген жоқ, олар өздерінің мұратын көздеді. Олардың мұраты патша үкіметінің қазақ даласын бағындырып, қазақ халқын отаршылдыққа түсіруі еді. Сондықтан олар бізді зерттегенде өзі үшін, қазақты бір-біріне айдап салу үшін, «бөліп ал да билей бер» деу үшін зерттеді. Ал біздің ата-бабаларымыз шежірені ондай ниетпен жазған жоқ. Керісінше, ұлтыңды, тегіңді, туысқаныңды біл, қазақ қалай бір-бірімен туысады, соны біл деген. Сондықтан бүгінгі таңда қазақ жастары ұлтшыл болуы керек. Ол басқа халықты жек көру емес, өз ұлтыңды құрмет тұту, әс көру, өз ұлтыңа қызмет ету. Ол үшін сен өз ұлтыңның мәдениетін, тілін, тарихын білуің керек. Өйткені тарихи деректердің екі түрі болады: ішкі және сыртқы деректер. Біз көп заман тарихты сыртқы деректермен жаздық. «Қазақ туралы «қытай не деді?», «орыс не деді?», «араб не деді?», «парсы не деді?» деп, үнемі сырттан дерек жинадық. Бұл туралы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Бұл күнде қазақтың тарихын түгендеушілер бірі орыстан, бірі қытайдан алып жазбақшы, мұндай тарих қазаққа қандай дәлелді болмақ?» деп жазады. Бізде «Бабалар сөзі» деген 100 томдық құнды мұра бар. Онда шежірелік дастандар, шежірелік жырлар, шежірелік аңыздар бар. Оның барлығы әлі күнге дейін ғылыми айналымға толыққанды түскен жоқ. Оны ғалымдар әлі күнге дейін сараптап, тарихи тереңдете түсуіміз қажет. Кейін оны мектепте қазақ тарихын оқыту пәніне енгізіп, қазақ балаларын тәрбиелеуге қолдануымыз керек. Сол кезде біз шежірені толыққанды игердік деп айта аламыз. 
– Қазір бас-басына өз ата-баба­сының шежіресін кітапқа түсіріп жүр­ген­дер бар. Бұл қаншалықты пай­да­лы іс?
– Шежірелердің жазылуында әртүрлі адамдар жақсы еңбек сіңіріп жатыр. Бұның ең құнды мұрасы – әртүрлі ғылыми кітапханалардың қолжазба қорында тұрған шежірелер. Оның біразы жарыққа шықты. Сосын қазір адамдар өз ата-бабаларының шежіресін жаза бастады. Бұл өте керек мұра. Қазір құймақұлақ қариялардың заманы кетіп бара жатыр. Солардың шежіресін тарқатып жазып кеткен қойын дәптерлері болады. Сол дәп­тер­лердегі аз ғана ақпараттың өзі – біздің тарихтың құндылығы. Соның ішіндегі әртүрлі тарихи деректер ертеңгі күні біздің жалпы ұлттық тарих­тың парағына қосылатын ақпарат болады.
Сонымен қатар шежіренің тәр­биелік құндылығы да бар. Өкінішке қарай, бүгінгі күні қазақ қоғамында ажырасу көбейіп кетті. Бұл дәстүрлі қазақ отбасының құндылықтары бұзылып жатқанын білдіреді. Ол жартылай жетім өскен бала көбейеді деген сөз. Ол балалар ертең өз шежіресін біліп өсе ме? Өз түп-тамырын тани ала ма? Қазақ  «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді. Бұқар жыраудың мұраларына қарайтын болсақ «Әкелі бала – жаужүрек, жиын тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін. Әкесіз бала – сужүрек, жиын тойға барады, босағада қалады» дейді. Қандай да бір себеппен ер бала әкесіз өсіп келе жатса, анасы ата тәрбиесін де, ана тәрбиесін де беруге күш салады. Бірақ қалай дегенде де, әкенің орны – әке. Әке тәрбиесінің орны ерекше. Қазақ бекер ата шежіре демейді. Ата шежіреде кез келген адамға отбасылық ұлттық құндылықтарымыз, әке  ше­жі­ресі мен шеше тәрбиесі толымды болу деген мұратты көздеген. Қазақ жетімі мен жесірін жылатпаған. Сол үшін де шежіренің аясында әмеңгерлік дәстүр болған. 
Сондықтан қоғам шежіре туралы ойлануы керек. Рухани теріс жолға барамыз ба, әлде дұрысталамыз ба? Дұрысталамыз десек, бұған нақты мемлекеттік, экономикалық, құқық­тық шешімдер болуы керек. Қазақ отба­сының құқығын қорғайтын заңна­малар жасалуы керек. Соны жасаған адамды бұрынғы ақсақал қариялардың жолын ұстанған адам деп айта аламыз. Бүгінде кей саяси шешімдерге біздің қоғамның көңілі толмай жатады. Соған қатысты көптеген қариялардың пікірін сұрадым. Сонда қариялардың айтқаны: «Өкінішке қарай, біздің билікке келген азаматтардың көбінің әкесі соғыста өліп кеткен. Көбі шешесінің тәрбиесін ғана көрген. Әке тәрбиесін көрмеген соң, қаны аз жетілген, өз ұлтына нашар қызмет етеді» дейді. Әке тәрбиесін көрген азаматтар ұлтты жоғары қояды, халқына қызмет етеді. Ал рухани тәрбие алмаған адамдар үшін екінші дәрежелі заттар құндылыққа айналады. Ол дүниенің жалған қызықтары: байлық, мансап. Сол жолмен коррупцияға барады, тонаушылыққа түседі, елді күйретеді, халықты кедейлетеді, ертеңгі күні өздері абыройсыздыққа ұшырайтындай болады. 
– Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан 
Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

4159 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы