• Ақпарат
  • 16 Наурыз, 2023

«Жас Наурыз» бен «Қарт Наурыз»

«Қазақ-қырғызда жалғыз-ақ мейрам бар, ол – Наурыз»
Міржақып Дулатұлы, «Қош келдің, Наурыз!»
«Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылы №75

Ел оларды әдетте «еуропашыл» деп біледі. Әлемдік өркениеттен тыс, шеткері жатқан өз халқына өзгеше өмір сүрудің үлгісі етіп ағылшын, француз, неміс жұртын көрсеткенін айтады. Тіпті өздері ұсынған елтаңбада киіз үйдің түндігін Батыстан ашты дейді. Алаш қайраткерлері жайлы айтылған бұл пікірлердің бәрі рас. 
Қазақтың сүт бетіндегі қаймағындай оқыған азаматтары Омбы, Орынбор секілді қалаларда орысша білім алып, «білім-ғылым нұры Еуропадан түседі» деп, ол ойларын ашық айтқан. Алдымен, ауыл молдасынан арабша хат таныса да, кейін ол білімдерін тереңдетіп, бірнеше шет тілдерін меңгерген. Яғни  даланың тәрбиесін алып, қаланың білімімен сусындаған. Әйтсе де әлдекімдер айтып жүргендей, алаш қайраткерлері қазақтың салт-дәстүрлеріне қарсы болды ма? Ғасырлардан бері үзілмей келе жатқан әдет-ғұрыпты ескілікке балап, жаңа заманға жарамайды деген үкім шығарды ма? Бұл – даулы мәселе. Сондықтан біз оның ақ-қарасын ажыратуға тиіспіз.

 

«Наурызға арналған намаз жоқ..»»


 Ұлттық салт-дәстүрдің барлығы дерлік бір арнаға тоғысып, бір мезгілде көрініс табатын тұсы – Ұлыстың ұлы күні. 1926 жылы Кеңес үкіметі тарапынан «діни сипаты бар» деп Наурыз мерекесін тойлауға ресми тиым салғанымен алаш қайраткерлері одан бас тартпаған. Бұған дәлел – Бейімбет Майлиннің «Наурыз күні» өлеңі. 1926 жылы жазылған жырында ақын былай дейді: 
«Құтты болсын, наурызың!
Жаңа тілек, Жаңа жыл.
Самарқанның тасы еріген –
Наурыздың тойы, – деді, – бұл...»
Тек бұл ғана емес, жалпы, алаштың үні саналған «Қазақ» газеті шығып тұрған уақытында (1913 –1918) әр жыл сайын 9 наурызда газеттің бас айдарын Наурыз тақырыбына арнаған. 9 наурызда жарияланатын редакциялық құттықтау мақалаларының авторлар қатарында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы болды. «Мадияр» есімінен Міржақып Дулатұлы «Қош келдің, Наурыз!» атты жазбасын «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылы №75 санында жариялаған. Мағжан Жұмабаевтың «Наурыз» жазбасы да Жылдың жаңа күніне орай жазылып, «Жаңа мектеп» журналында жарияланған. Онда ақын былай дейді: «Қазақтың Жаңа жылы дін әсерінен таза. Бұл күні ешбір құлшылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны ел бір-бірімен көрісіп, «Жасың құтты болсын!» дейді», – деп көрсеткен. «Жасың құтты болсын!», – деп құттықтау дәстүрлі өңірлерде, осы күнге еш өзгеріссіз жеткен. Аңыз бойынша, Жыл – жаңа туған бала, ол күн санап өсіп, үш айдан соң жігіт болады, күз түскенде қартайып, бурыл бас болады, қыс түсіп қар астында қалғанда кәріліктен өледі, осылайша он екі ай бітуімен ескі жылдың өмірі де бітеді. Жаңа жыл қайта туғанда, сол туған күнді құттықтап, қуанғанды құшағына алып сый-құрмет жасау әр адамның міндеті болған екен. Бұл аңыздан «Жылдың» адам кейпіндегі моделін аңғаруға болады. Қазақы ортада Наурыз мерекесінде бір-біріне «Жасың құтты болсын», – деп айтуының себебін осымен байланыстырады.
Наурызды дінмен байланыстырудың барып тұрған ағаттық екенін, сондай-ақ алаш арыстарының бірі – Сұлтанбек Қожанов та айтқан. Дәлірек тоқталсақ, «Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылғы 22 наурыз күнгі санында «Наурыз туралы» дейтін мақаласында ол былай дейді: «22 март – Наурыз мейрамы. Күншығыс халқы тегіс мейрам қылып өткізу салт болған күн. Мұны көп білгіштер «Дін мейрамы» деп жиреніп, лажы болса құрту керек деп сопысынады. Наурызға арналған намаз жоқ. Наурызда құрбан шалынып, құран оқылмайды. Наурыз – жыл басы. Наурыз – мұсылманшылықтан бұрын шыққан мейрам. Наурыз – ел шаруасымен күн көріп, табиғат шарттарына тұрмысы көбірек байланысқан елдің тұрмысы тудырып отырған мейрам. Жұрт қысқы қысымшылықтан құтылып, малы жұт қаупінен құтылып, аман қалған малы төлдеп қорасы толып өздері егін шаруасына қам қылып, жаз маусымында байлығын молайтудың, табиғаттың иіп тұрған кезінде қолынан келгенше көп өндіріп қалудың шарасын істеп, абыр-сабыр болып жатқан ел шаруаларының талабы қозған ең көңілді уақыты – көктем. Сол көктемнің басы – Наурыз» деп жазыпты.
 

«Сәлем бердік, Жас Наурыз, жылдың басы!»


 
«Қазақ» газетінің 1914 жылғы 9 нау­рыздағы №53 санының беташары ретінде жарияланған «Наурыз» атты ре­дак­циялық өлеңде Міржақып Дулатұлы:
 «Сәлем бердік Жас Наурыз, жылдың басы!
 Жұрттың күткен мінекей ықыласы!
 Міржақып Дулатұлы айтып отырған «Жас Наурыз» – жыл басы боп саналған ескіше 9 наурыз, жаңаша 22 наурыз. Ал «Қарт Наурыз» деп қазақтар 1 наурыз, яғни Жаңа жылдың бірінші күнін емес, айдың бірінші күнін айтқан. Жоғарыда айтқан «Жыл» аңызына сәйкес жаңа туған Жыл, он екі айда тез өсіп қартаяды. Көктем айының бірінші күнінің қазақы танымда «Қарт Наурыз» атануы да осы аңызбен байланысты. Көктем ерте түсетін оңтүстік өңірде 1 наурыздан бастап-ақ көктеулік қонысқа көшкен.
 Әлихан Бөкейханұлы «Қыр баласы» деген танымал бүркеншік атымен «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 9 наурыздағы №53 санына Наурыз мерекесіне орай жариялаған «Жаңа Жыл» атты жазбасын Шығыс Жаңа жылы таралған ежелгі шығыс елдерінің күнтізбелік білімдерін талдауға арнаған. Сол уақыттағы қолданыстағы Юлиан күнтізбесі мен әлі қолданысқа енбеген Григориан күнтізбесі арасындағы 13 күндік айырмашылықты талдауы бойынша, Шығыстың Жаңа жылының 9 наурызға сәйкес келуін түсіндіруді мақсат еткені анық көрінеді. Қыр баласы: «Бұл күнді парсы тілінде «Наурыз» дейді, жаңа жылдың басы дейді...Біздің қазақтың Жаңа жылы мартта болғаны адасқан емес. Жаңа жыл мартта болса күн мен түн тең болғаннан бастау керек. Ескі стильде бұл күн 9-шы март болады», – деп күнтізбелік білімді ортаға салады.
 Міржақып Дулатұлы да Алаш көсемі Әлиханның сөзін жалғап, одан әрі нығыздай түседі: «Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды күншығыс жұрттарының көбі, Үндістан, Иран, Ауғанстан, Бұхар, Кавказ, Түркістандықтар мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айырықшы сыйымды, артықша дәлелді...ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, біздің қазақ-қырғызда жалғыз-ақ мейрам бар, ол Наурыз», – деген.

Наурыз көжеге анықтама

Алаш қайраткерлерінің жазбаларын негізге алсақ, қазақ халқы Наурыз көжеге бас салуға ерекше мән берген. Наурыз көжеге деп арнайы мал соймаған, оны «пышақ қандамау» дейді. Яғни Наурызға дейінгі сойылған малдың басын сақтайды. Қазақ халқының бас, шеке тарту рәсімі Нау­рыз көжемен бірге жүрген ғұрып болған. Басты наурыз көжеге салып алғаннан кейін тартудың түпкі мәнінде мал басының бүтіндігін меңзеу жатыр.
Мағжан Жұмабаевтың «Жаңа мектеп» журналында жариялаған «Наурыз» жазбасынан Наурыз көже ғұрыптық асының байырғы қоғамдағы ерекшелігін, яғни көжеге бас салу ғұрпының мәнін білеміз. Мағжан: «Жаңа жыл күні қазақ әдетінше әр үйде қазан-қазан көже пісіреді. Көженің ішіне қысқы соғым­ның тек басы салынады. Көжеге көп сүт құйылады. Басты шекені қарттар мүжіп, құлақты балаларға кесіп беріп, басқа жұрттар көжені талап ішеді... Бұл көже ішу (сүт құйған) – келе жатқан жазбен ұшырасып, қарсы алып, ас ішу ретінен аққа (сүтке) көшу. Көжеге тек бас салып асып жеу – қарлы қыспен, қыс тамағы етпен (қызылмен) қоштасу», – деп түсіндіріп кеткен.

Ас бергенше, бала оқыт!

Қысқасы, алаш қайраткерлері «Наурыз» һақындағы жазбаларында оны діни мейрам деп тыйым салудан құтқарып қалуды көздейді. Ал Наурызды қорғау дегеніміз – тұтас алашқа ара түсу деген сөз. Ал алаш қайраткерлері қазақтың салт-дәстүрлерін сынап-мінеп, архаизмге балаған дейтіндерге қарсы айтар уәжіміз бар. Иә, қазақтың бір топ оқыған көзі ашық азаматтары кей әдет-ғұрыптарға қарсы болды. Ол ең бірінші «байдың тасуы», «шүлен тарату», «ас беру» секілді ысырапшылдыққа жол беретін салт-дәстүрлер. Мысалы, «Қазақ» газетінің 1914 жылдың 10 желтоқсанындағы №89 санына шыққан «Ақмешіт» хабарламасында: «Ақмешіт уезіне қараған Шашты Қыпшақ марқұм Шоқай Торғай баласына ас берілді. Шақырған елдің бір шеті Қазалы, бір шеті Ташкент болды, үйге мыңға жақын жұрт жиылды. Астың бар расходы 5 мың сомнан асты. Бәйгеге 57 ат шауып, 17-не бәйге тігілді. Бас бәйгеге 80 сом ақша, екі қара тігілді», – дейді.
Алаш зиялылар одан да бұл мал-мүлікті жетім-жесірдің баласын оқытып, соларға стипендия тағайындауға шақырады. Қала берді, газет-журнал шығару секілді халықты өркениетке сүйрейтін іске жұмсауды үндейді. 
 Сондай-ақ Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған зиялылар «қалыңмал», жалпы қыз баланы жастай еркінен тыс тұрмысқа беруге қатысты дәстүр-салтқа қарсылық танытады. Неге? Себебі ол жерде адам құқығын таптау, қызды адам құрлы көрмей, еркімен санаспау деген надандыққа тән кері ғадеттер жатыр. Тіпті бұл мәселеге жалаң қолмен қарсы шықпай, біліммен қаруланып, газетке қайта-қайта мақала жазып, тіпті осы әйел теңдігі мәселесін әдебиетке де алып келген. Оған Спандияр Көбеевтің «Қалын мал», Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романдары дәлел. 

Мариям Әбсаттар

491 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №7

22 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы